Адамдарға жасалған 6 психологиялық эксперимент

Адамдарға жасалған психологиялық эксперименттер үнемі дау тудырады. Бір жағынан олар адамның санасы, ағзасы туралы көбірек ақпарат беретін болса, екінші жағынан этикалық мәселесі де бар. Ешбір эксперимент адам өміріне зиян тигізбеуі тиіс. Төмендегі эксперименттер ғылымға қосқан үлесімен емес, адамға келтірілген зиянымен есте қалды. 

«Жан түршіктірер эксперимент»

1939 жылы Айова университетінің (АҚШ) оқытушысы Уэнделл Джонсон және оның аспиранты Мэри Тюдор Давенпорттық 22 жетім балаға эксперимент жасайды.

Балаларды екі топқа бөледі. Бірінші топтың балаларын таза әрі дұрыс сөйлегені, әр дыбысты дұрыс айтқаны үшін мақтап, алғыс айтады. Ал екінші топтың балалары әр айтқан сөзі үшін кекесін, ұрыс естіп, мазаққа ұшырайды. Екінші топ балаларын мұқатқанда тіпті эпитеттерді аямай, ақырында оларды түкке тұрғысыз кекеш деп атаған. Эксперимент нәтижесі: бұрын сөйлеу техникасымен проблемасы болмаған балалардың өздері кекештеніп, сақауланып қалған. Айта кетерлігі бұл тіл дефектілері олардың өмірінің соңына дейін қалып қойған. Кейінірек «жан түршіктірер» деп атаған бұл экспериментті Джонсон беделіне нұқсан келмесін деп көп уақыт бойы қоғамнан жасырып келген. 2001 жылы Айова штатының университеті қатігез эксперименттің барлық құрбандарынан кешірім сұрады.    

     

«Аверсия» жобасы

Бұл эксперимент Оңтүстік Африка Республикасының армиясында жасалды. 1970-1989 жылдар аралығында әскерлер сапын  дәстүрлі емес жыныстылардан «тазарту» бойынша құпия бағдарлама жүргізілді. Эксперимент барысында қолданылған әдістер «жаға ұстатады»: электр шоктан, химиялық кастрацияға дейін. Бұл эксперимент барысында 1000 жуық әскерилер қатыстырылған. Әскер психиатрлары басшылықтың бұйрығымен гомосексуалистерді «емдеген». Ал емделуге қарсылық білдіргендерді шок терапиясына жіберген, гормоналды препараттар қабылдауға мәжбүрлеген, тіпті жынысын өзгерту операциялары күштеп жасалған. Пациенттердің дені 16-24 жас аралығындағы ақ нәсілді еркектер болған. Зерттеудің жетекшісі доктор Обри Левин соңғы жылдарға дейін Калгари (Канада) университетінің психиатрия профессоры болған, жеке практикамен айналысқан. 2010 жылы оның пациенттерінің бірі доктордың терапия барысында зорлық әрекеттерін видеоға түсіріп сотқа береді. Сот істі қарау кезінде психиатрға осы тектес тағы 30 шағым түседі.  Сөйтіп 2013 жылы Обри Левин 74 жасқа келгенде канадалық сот оны пациенттерге жасаған зорлығы үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.  Айтпақшы, садист доктордың өзі де гомосексуал болып шыққан.

Стэнфордтық түрме эксперименті

1971 жылы «жасанды түрме» экспериментін жасаушы бастапқыда оның этикаға тыс немесе қатысушылар психикасына кері әсер ететінін білмеді. Танымал психолог Филипп Зимбардо индивидтердің өздеріне тән емес ортада, яғни түрмеде мінез-құлқын зерттеуге бел байлайды. Қолдан түрме жасап, 24 ерікті студентті «тұтқындар» мен «бақылаушыларға» бөледі. «Тұтқындарға» эксперимент барысында тұлғалық дезориентация мен деградацияны, тіпті деперсонализацияны бастан өткеретін жағдайда болатыны ескертілді. Ал «бақылаушыларға» олардың рөлдеріне қатысты ешқандай нұсқау да, ескерту де жасалмайды.

Алғашқы күні студенттер өз рөлдерін қалай ойнайтынын білмей, салғырт жүрді. Бірақ, екінші күні барлығы орнына келе бастады: «тұтқындардың» наразылығы қатаң жазаланды. Осы сәттен бастап бәрі өзгерді. «Бақылаушылар» «тұтқындардың» өзара тұтастығын бұзатын және бір-біріне сенімсіздікті арттыратын арнайы артықшылықтар жүйесін жасады. Олар жеке-жеке «тұтқындарды» қадағалау да, басқару да оңайға түсетінін ұқты. «Бақылаушылар» экспериментке шындап кірісіп кеткені соншалық, «тұтқындарға» қысым көрсетіп, жазалау шараларында бар қиялдарын жүзеге асырды. Ал «тұтқындар» бейшара күйге түскені соншалық, тіпті дәретханаға да еркін бара алмады. Біраз уақыттан соң «тұтқындар» жағдайымен танысу үшін «дін қызметшісі» (экспериментатор) келеді. Әкей «тұтқындардың» аты-жөнін сұрағанда олар өз номерлерін айтқан, ал қашан түрмеден шығу мерзімі туралы сұрақ оларды мүлдем тығырыққа тіреген. «Тұтқындар» өз рөлдеріне енгені соншалық, экспериментті тоқтатуды сұраудың орнына күйзеліске түсіп, өмірден түңіліп кеткен. Ал бұрын-соңды шынайы өмірде мейірбан кейіпте жүретін «бақылаушылар» өзінің нағыз садистік қырын ашқан. Екі аптаға жоспарланған эксперимент этикалық көзқарастар бойынша алты күннен соң мерзімінен бұрын тоқтатылған.      

Лэндис эксперименттері: бәт әлпеті мен бағыныштылық 

1924 жылы Миннесота университетінің ғалымы Карини Лэндис адам мимикасын зерттей бастады. Бұл эксперимент жекелеген эмоцияларды білдіретін бет бұлшықеттері жұмысының заңдылығын анықтап, үрей, ұялу немесе басқа эмоцияларға тән мимиканы (егер көптеген адамдарға тән ортақ мимика болса) табуы тиіс еді. Эксперимент қатысушылары – өзінің студенттері. Мимиканы айқынырақ көрсету үшін адамдардың бетіне күйемен линиялар салды. Содан соң күшті эмоциялар сезіндіретін әрекеттер жасады: аммиакты иіскетті, джаз тыңдатты, порнографиялық суреттер көрсетіп, бақа-шаян толы шелекке қолын малғызды. Өзі студенттердің бет әлпетін суретке түсірді. Соңғы сынақ болмаса, мүмкін бұл сынақ есте де қалмас еді. Лэндис әр қатысушыға ақ тышқанның басын бұрап өлтіруді тапсырды. Экспериментке қатысушылардың барлығы бастапқыда айқайлап, жылап, мұны жасаудан бас тартты. Алайда, кейіннен олардың дені эксперимент талабын орындады. Таң қалдыратыны, олардың көпшілігі шыбынға да зияны жоқ, момын адамдар. Эксперимент нәтижесі оның өзінен де маңызды болып шықты. Ғалымдар адамдарға ортақ эмоция сипатын таппады. Алайда психологтардың айтуынша, адамдар авторитетті тұлғалардың командаларын өз қағидаларына қайшы келсе де орындайтынына көз жеткізді.

Милгрэм эксперименті

Йель университетінің ғалымы Стэнли Милгрэм 1974 жылы жүргізген эксперименті «Авторитетке бағыну: эксперименттік зерттеу» кітабында сипатталған. Сынаққа эксперимент өткізуші, сынақтан өтетін адам және актер қатысады. Эксперимент басында «мұғалім» мен «оқушы» рөлдері жеребеге тасталады. Алайда сынақтан өтетін адамға үнемі «мұғалім» ролі түседі. Ал актер әрқашан «оқушы» рөлін сомдайды. «Мұғалімге» эксперимент мағынасы - жаңа ақпаратты есте сақтау әдістерін анықтау деп түсіндіреді. Ал шын мәнсінде бұл сынақ авторитетті тұлғадан өз қағидалары мен нормаларына қайшы команда алу және оны орындауға қатысты болды. Алдымен «мұғалімді» де, «оқушыны» да демонстрациялық мақсатта 45 вольттық тоқпен соғады. Ары қарай «мұғалім» басқа бөлмеге барып «оқушыға» ақпаратты жеткізеді. Егер «оқушы» қарапайым тапсырманы дұрыс орындамаса «мұғалім» оны 45 вольтпен жазалап отырады. Қате жауаптар көбейген сайын тоқтың қуаты да үдей түседі. «Оқушының» актер екенін экспериментке қатысушы «мұғалім» білмейді. Оның қиналған дауысын естіп отырады. Бір мезетте «оқушы» экспериментті тоқтатуды сұрайды. «Мұғалім» тосырқап қалғанда экспериментатор: «Эксперимент сіздің жалғастыруыңызды қажет етеді. Тоқтамаңыз» деп жауап береді. Кернеу ұлғайған сайын актердің қинаған дауысы да күшейіп, айқайға ұласады. Эксперимент 450 вольтқа дейін жалғасады. «Мұғалім» тосылып, кібіртіктегенде экспериментатор барлық жауапкершілікті өз мойнына алатынын, экспериментті жалғастыру қажеттігін айтады. Эксперимент нәтижесі «жаға ұстатады» - «мұғалімдердің» 65%-ы «оқушының» қиналғанын біле тұра 450 вольт разрядты берген. Экспериментаторлардың өздері мұндай нәтижені күтпеген еді. Экспериментке қатысқан 40 адамның бір де бірі 300 вольтқа дейін шығып кетпеген, 5 адам осы деңгейден кейін бас тартқан, ал 26 «мұғалім» соңғы шәкілге дейін барған. Экспериментті сынаушылар қатысқан адамдар Йель университетінің беделі мысын басқан деді. Бұған жауап ретінде Милгрэм бұл экспериментті шағын Бриджпорт қаласындағы ескі ғимараттардың бірінде қайталады. Кеңсе сыртына «Бриджпорт зерттеу қауымдастығы» деген жазуы бар тақтайшаны іліп қойды. Нәтижелер айтарлықтай өзгермеді: қатысушылардың 48% соңғы 450 вольтке дейін барды. Осы эксперимент 2002 жылы қайта жүргізілгенде шегіне дейін барған «мұғалімдер» саны 61-ден 66%-ға дейін жетті. Кей «мұғалімдер» жазалау түймешігін баса отырып, өз үстемдігінен ләззат алған және "оқушын" бұл жазаға лайық деп санаған. Эксперимент тұжырымдамасы: адамдар авторитетке санасыз түрде бағынып, қатігез әрекеттерге барғанымен қоймай, өз әрекеттерін «бұйрықпен» ақтауға бейім.                     

Қыз ретінде тәрбиеленген ұл

1965 жылы Канаданың Виннипег қаласында дүниеге келген сегіз айлық сәби Брюс Реймер дәрігерлер кеңесі бойынша сүндеттеледі. Алайда хирург қателігінен баланың жыныс мүшесі зақымдалады. Сәбидің ата-анасы Балтимордағы Джон Хопкинс университетінің (АҚШ) психологы Джон Маниге кеңес алуға келеді. Джон Мани баланың ата-анасына проблеманы шешу жолын ұсынады: бала есейіп өзін қор санамай тұрғанда оның жыныс мүшесін ауыстырып, қыз балаша тәрбиелеу керек. Ата-анасы психолог кеңесіне құлақ түреді. Нәтижесінде Брюс Брендаға айналады. Байғұс ата-аналар қатал эксперимент құрбандарына айналғанын түсінбеді: Джон Мани баяғыдан бері адамның жыныстық бейімділігі табиғатпен емес, тәрбиемен келеді деген тұжырымын дәлелдеу объектісін іздеп жүрген еді. Брюс орайы келген зерттеу нысаны болды. Сәбидің еркектің бездері алынып тасталды. Мани болса ғылыми журналдарда бірнеше жыл бойы өз «сәтті экспериментінің» есептерін жариялап жүрді. «Бала ойнақы қыз ретінде өсіп келеді, оның мінез-құлқы егіз ағасынан ерекшеленеді» деп сендірді ғалым. Алайда үйдегі туған-туыстары мен мектептегі мұғалімдер оның ойынша ұлға тән қасиеттерді байқады. Ата-анасы «қызға айналған ұлына» шындықты жасырғандықтан қатты эмоционалды күйзеліске ұшырайды. Анасынан суидцидке бейімділік анықталды, ал әкесі маскүнемге айналды, ал егіз ағасы үнемі депрессияда жүрген. Брюс-Бренда жасөспірім шаққа жеткенде кеудесін өсіру үшін оған эстраген бере бастайды. Психолог Джон Мани болса Брендаға әйелдік жыныс органдарын қалыптастыратын операция қажет дейді. Алайда осы кезде Брюс-Бренда мінез көрсетеді. Ол операциядан үзілді-кесілді бас тартып, Манидің қабылдауына бармай қояды. Бірнеше рет өзіне қол жұмсамақ болады. Соңғысында комаға түсіп, ажалдан әзер аман қалады. Бірақ осы кезден бастап қалыпты өмірге еркек ретінде оралу үшін күреседі. Бренда атын Девидке өзгертіп, шашын қысқа қияды, еркектің киімдерін кие бастайды. 1997 жылы ол еркек жынысын қайтару операциялар сериясын өтеді. Бір әйелге үйленіп, оның үш баласын асырап алады. Алайда бұл оқиғаның хеппи-энді жоқ: 2004 жылы жылы әйелімен ажырасқан соң Девид Реймер 38 жасында өзіне қол жұмсап қайтыс болады.

#психология #психологиялық эксперименттер

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер