Жылқының тілін білген Жолдыбай...

Арқа жұртына аты мәлім атбегі, сыншы Жолдыбай Кенжеғұлов ақсақалдың өмір жолы.

Қазақ халқы алдына төрт түлік малын салып, көшпенді өмір салтын ұстаған. Дегенмен, осы төрт түліктің ішінен Қамбар ата тұқымына көңіліміз ерекше, оларды жанымызға жақын тұтып, өзімізді «жылқы  мінезді халық» дейміз.  Иә, жылқының біздің  кешегі өткен өмір салтымызда алар орыны ерекше. Жаугершілік замандарда астына мінген аты сенімді серігіне айналған соң, жылқыны  қазақ әспеттемегенде кім әспеттесін?

Қазақта мың жылқының ішінен сәйгүлікті жазбай танитын атбегілер көп болған. Еліміздің кей бөлігінде мұндай кісілерді атсейістер деп те атайды. Тіпті, кейбір атбегілер буаз биенің құрсағындағы құлынның болашағын да болжай алған деседі. Мәселен, Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасын алайық. Көкшеден үкілеп әкелген Құлагерді жұрт пошымына қарап:

-Сүйегі сиыр-сүйек, қиқы-жиқы

Сал бөксе, жазық бауыр, ұзын тұрқы

-Осы ма, даңқы шыққан Құлагар?- деп,

Ас тегіс Ақан атын күлкі қылды – деген жолдар бар. Тіпті, қызды-қыздымен:

-Құлаға мініп қоян атар едім,

Мен мұны жүргіншіге сатар едім

Болғанша асқа күлкі «ат қостым» деп

Үйімде тыныш қана жатар едім- деушілер де табылған екен. Мінекей, қалың жұрт осылай кәукілдесіп тұрғанда Күреңбай сыншы келіп :

Сүйегі жануардың жылқыдан жат

Бұл емес текежәуміт, не қазанат

Қоқиып көзге қораш көрінсе де

Шапқанда  шалдырмастай бітер қанат – деп оң бағасын береді. Оқиғаның арғы жағы қалың қазаққа белгілі ғой...

Мінекей, кешегі өткен Күреңбайлардың жолын бүгінде Жолдыбай ақсақалдар жалғап отыр.  Арқа өңіріне атағы ертеден жайылған Жолдыбай Кенжеғұловты бұл күні еліміздегі ат ұстаған қалың жұртшылықтың барлығы таниды, сыйлайды әрі мойындайды.  Ат жаратып, бәйгеге қосып жүрген атбегілердің арманы  кейінгі жылдары тұрақты түрде өтіп жүрген «Алтын тұлпар» бәйгесінде топ жару, мәреден бірінші өту. Апта сайын аламаннан көлік ұтып отырсаң да «Алтын тұлпардың» орыны ерекше. Жолдекең осы бәйге елімізде ең бірінші рет өткен кезде қалың аттың ішінен топ жарып келетін тұлпарды жазбай таныған сыншы. Бәйге басталмас бұрын бес сыншыны іріктеп алып, қай аттың бәйгеден келетіндігі жайлы болжамдарын сұрайды. Сөзімді өтірік десеңіздер сол жылғы «Алтын тұлпардың» таспасын қараңыздар. Басқа сыншылардың не айтқаны дәл қазір есімде жоқ. Жолдекең мәреден бірінші келетін атты жазбай танып, «Күреңбай сыншы» атындағы дипломға ие болған еді.

Хош, сонымен әңгімемізді Жолдыбай ақсақалға бұрайық. Жолдыбайдың балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келген. Жас кезінен еңбекке араласып, оң-солын ерте таныған буын өкілі. Жөкең жасында палуан болған. Күрестен әжептеуір нәтиже көрсетіп, жауырыны жер иіскемей кеткен санаулы палуандардың бірі.

«Өспен ауылында 5-6 сынып оқитын кезім. Оныншы сыныпта оқитын еңгезердей орыс баласы әрлі-берлі өткен сайын қазақ балаларын аяқтан шалып, әлімжеттік көрсетіп қалуға құмар-тын. Бір күні әлгі бала «Кім менімен күреседі?» деп бізді күреске шақырды. Ортамыздан суырылып ешкім шыға қоймады. Себебі, бойшаң, еңгезердей, кеуделі баланы жеңемін деп шығудың өзі ақымақтық секілді. Ешкім шыға қоймаған соң мен шықтым. Абырой болғанда әлгінің екі аяғын көктен келтірдім. Осы жеңісім маған ерекше шабыт сыйлап, күреске деген құлшынысымды оятты.

Менің палуандық өнерімнің шыңдалуына жол ашқан еркін күрестен КСРО  спорт шебері, облыстың түйе балуаны Жәкен Тәтиев. Қарқаралы зооветтехникумының «мал дәрігері» бөлімінде сырттай оқып жүргенімде осы кісіден тәлім алған едім.

Ауыларалық күрестерде қарсыластарымды атып ұрып жүргенімді көрген Дүйсенбай Бөкенайұылы мені Жаңаарқаға алдырып, аудан намысын қорғау үшін өз білгенін үйретіп, әрі қарай шыңдады.  Сол кісінің жетекшілігімен облыстық, республикалық күрестерден жеңіспен қайтып жүрдім» деп палуандық жылдарын еске алады Жолдекең.

«Мен ат жаратуды 28 жасымнан бастадым. Менің түсінігімдегі қазақы аттар 3 түрлі болады. Мініске берік, мықты ат. Мұндай аттарды кемінде 2 ай жаратасың. Себебі, бұл аттың бойындағы ащы терді кетіру оңай емес.

Орташа мықты аттар болады. Бұларды бір айдың көлемінде жаратып шығуға болады.

Ал, дегбірсіз, жеңілтек аттар бойында артық ет ұстамайды. Мұндай аттар  үнемі жарау жүреді. Бұларды 10-15 күнде жаратып, жарысқа әзірлеуге болады.

Жүйріктің белгілеріне тоқталсам: пішіні жеңіл, ешкі бас, жақ еттері жұқа, артық тілім еті жоқ, қаз мойын, майда жал, құс төсті, шоқтығы биік, кеудесі кең, белі қысқа, арқасы бүкіш, бауыры жазық, саны жуан, артқы аяқтың сырт жағы доғал, садақша иілген, етсіз сіңір аяқты, құйма тұяқ, көтеншегі салыңқы, құйымшағын көтергенде қолыңа салмағы білінетіндей ауыр болуы керек.

Менің атымды шығарған Торы атым ғой. «Торы атым, менің Торы атым, Торы атым – менің қанатым» деп желпінуімнің де себебі бар. Мен сол Торыны 22 жасына дейін қостым. Әрине, мұным тым асыра сілтеп жібергендік еді. Аттың осынша жыл бәйгеге шабуы сирек құбылыс. Көбіне атты 12 жасқа дейін ғана қосады.

Торы ат ең алғашқы бәйгесін 1968 жылы алып берді. Өспен кентінің тұрғыны Сарбас ақсақал тұңғыш немересінің құрметіне той жасап, сол аламанда бас жүлдені жеңіп алған едім. Ең бірінші атыммен ұтып алған ең бірінші жеңісім болған соң әлі күнге есімде.

1980 жылы Жезқазған қаласында Қазақстанның 60 жылдығына орай облыстық ат жарысы өтеді. Аламан бәйгеде бас жүлдеге тігілген кілемді Торы ат жеңіп алады. Сол сәтті жаңаарқалық ақын Еркін Игенберлин былай суреттейді:

«Сынады бестісінде бағын торы,

Атағы сонда шыққан дабыл торы,

Облыста ат жарыс фестивалінде,

Атанған бұлдыраған сағым торы.

Бәйгеде дәл он бес жыл  шапты торы,

Қошамет, атақ, олжа, қақты торы

Өгей-өмір өлтірген Құлагерді,

Бұл өзі бабы келген Бақты торы»

Біз ат қоса бастаған тұстарда бас жүлдеге радио, сағат, кілемдер берілетін. Бұл аттың теріне татымайтын дүниелер ғой. Бірақ, қызығын қызықтап, ләззатын сезіну үшін бәйгеге қосатынбыз. Біздің өңірде үш аяқты «Урал» мотоциклдерін бәйгеге тігу сексенінші жылдардың орта шенінен аса бере пайда болды. Мен алғашқы мотоциклімді Баянауылда өткен Қаныш Сәтбаевтың 90 жылдық мерейтойында ұтып алдым.

Шатаспасам 1999 жылы Қызылорда жақтан  Брек атты айғырды сатып алдым. Сол айғырдан және өзімнің биемнен түскен бір құлынды мәпелеп бақтым. Оған Балабрек деген ат қойдым.  Ең алғашқы  темір көлігімді 2005 жылы Тарақты Байғозы батырдың 300 жылдығында сол Балабрекпен алған болатынмын. Осылайша менің қанжығама су жаңа ВАЗ 2106 автокөлігі байланды.

Мен бұл кезде қазақы аттарды қойып, таза қанды жылқыларға көңіл бөле бастағанмын. Балабрек көлік ұтып алған жарыстан соң  әрі кетсе бір аптадай уақыт өткенде «Нарторы» деген таза қанды сәйгүлігім шаңырағыма екінші көлікті алып келді.

Ең бірінші шетелдік көлігімді де осы «Нарторымен» алдым. 2006 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Ескене ауылында Төлеу Тотай ұрпақтары ата-анасына ас беріп,  30 шақырымдық аламан бәйге ұйымдастырды. Сол жолы мен «Volkswagen Passat» автокөлігіне ие болдым.

Қазір бала-шағамның ортасында, алаңсыз өмір кешіп жатырмын. Мына Жалғас атты немере туғанда менің атбегілік ісімді осы жалғастырсын деп есімін ырымдап қойған едім. Үйлену тойында ендігі аттар да, атбегілікте сенікі деп қамшымды табыс еткенмін. Қазір бұл бала аттарын менің атымнан қосып жүр. Шүкір, нәтижелері жаман емес. Барған жарысынан бәйгесіз оралып жүрген жоқ. «Кімнің аты келді?» деген кезде, немерем баптап қосқан тұлпарларға таңылған  «Жолдыбайдың аты» деген сөзді  естудің өзі мен үшін бір мәртебе. Келесі жылы Алла қаласа 80 жасқа толамын. Кемпірім екеуміз осылардың қызығын қызықтасақ болғаны» деп Жолдыбай ақсақал сөзін аяқтады.

Сөз соңында айта кету керек, Жолдыбай ақсақалдың үйіндегі Қасымбекқызы Амандық анамыз да алтын адам. Жолдыбай қарияның үйінен қысы-жазы келімді кетімді кісі үзілмейді. Сондай қонақтардың барлығын самаурыны қайнап, дастарханы жайнап қарсы алып отырған жан. Бүгінде бұл міндетін немере келіндеріне табыс еткен екен. Амандық анамыздың айта кетерлік тағы бір ісі бар. Ол кісі Жөкең жайлы шыққан материалдарды, әр жылдардағы суреттерін сақтап отырады екен. Тіпті, қай жылдары қандай бәйгеден қай аттың келгендігін жазып отыратын арнайы  журналы да бар. «Суреттер мен мәліметтер бұдан да көп еді. Өзің тәрізді келген тілшілер басқа да қонақтар бір-екіден әкетіп тауысуға айналды» дейді әр қағазына ықтиятты анамыз.

Жөкең ақсақал мен Амандық анамыздың жеті баласынан тараған ұрпақ бүгінде бір рулы елге айналуға шақ қалып отыр.  28 немере мен 12 шөберенің ортасында балқып-шалқып отырған қарияларға жүз жастан басқа тілеріміз жоқ.

 

 

 

#атбегі #жылқы

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер