Жаныңда жүр жақсы адам

АЛЖИР  мемориалды-мұражай кешенінің маманы Рахима Жақсыбаева туралы очерк  

2007 жылы Елордамыз Астананың жанындағы Ақмол кентінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен «Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені ашылған еді. Ол саяси репрессия құрбандарының отбасы мүшелеріне арналған АЛЖИР лагерінің тарихи орнында орналасқан.

АЛЖИР лагері 1938 жылдың басында ашылып, 6 қаңтардан бастап бірінші әйелдер легін қабылдай бастайды. Мұнда көбіне мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, республика басшылары мен танымал зиялы қауым өкілдерінің жұбайлары жазасын өтеген. Отанын сатқандардың отбасы мүшелері ретінде олардың әйелдері ғана емес, ата-аналары мен балалары да қамалған. Суық вагондармен жеткізіліп, барактарға тоғытылған әйелдер мен балалардың бастан кешкен азаптарын елестетудің өзі өте қиын. АЛЖИР лагерінде Ж.Сәдуақасовтың жары Елизавета Садвакасова, Т.Рысқұловтың жары Әзиза Рысқұлова, Б.Майлиннің жары Күнжамал Майлина, Т.Жүргеновтің жары Дәмеш Жүргенова секілді көптеген қазақ зиялыларының жұбайлары да отырған. Лагерь тек 1953 жылы И.Сталин қайтыс болған соң жабылған. Жабылған лагерь базасында Ақмола совхозы ашылған. Мұнда қалған әйелдер өз қолдарымен ағаш отырғызып, жеміс-жидек бақтары мен ауылшаруашылық алқаптарын егеді, аурухана мен клуб, мал фермасын салған екен.

Мен саяси репрессия құрбаны Ж.Сәдуақасовтың ұрпағы және тарихшы ретінде осы «АЛЖИР» мұражайына жиі бас сұғамын. Алаштың арманын айтып, Қазақтың болашағы үшін күрескен арыстарымыздың асыл жарлары азап шегіп, арулары ажал құшқан жерге тағзым етемін. Мұражайға әр кірген сайын бойым тітіркеніп, жаным құлазиды. Әрбір суреті мен жәдігері азап пен қасіретке толы, ауасы зілден де ауыр осы мұражайда жұмысына жан-тәнімен берілген, өз ісін шексіз сүйетін білікті мамандар жұмыс істейді.

 Менің мақалама түрткі болған адам — АЛЖИР  мемориалды-мұражай кешенінің жоғары білікті маманы Жақсыбаева Рахима Рамазанқызы. Мен аузын ашса жүрегі көрінетін ақжарқын, қызметіне қалтқысыз берілген Рахима Рамазанқызын 2008 жылдан бері танимын. Ол АЛЖИР лагерінің тарихын зерттеу мен зерделеуді қоғамда әлі саяси қуғын-сүргін тақырыбы талқыланбаған, тіпті тарихшылар да қалам тартпаған тұста - 1989 жылдан бастап қолға алған нағыз ержүрек жан. 1989 жылы қазан айында «АЛЖИР» тарихы мәңгі есте» атты тұтқын-әйелдермен алғашқы кездесуді белсенді ұйымдастырушының бірі. Ақмол кентінде өткен осы кездесуге КСРО-ның барлық түкпірінен баршасын бір тағдыр біріктірген АЛЖИР лагерінің бұрынғы тұтқын-әйелдері келіп, алғаш рет осы нәубетке арнап ескерткіш қойылады. Ең бастысы, осы кездесуде тұтқын-әйелдер Рахима Рамазанқызына мәйіттер жерленген орынды көрсетеді. Сол кезде ол көп адамның мүрдесі табылған осы қасіретті жерді қоршатып, имам мен шіркеу қызметкері дұға бағыштапты. Мұнда гүл-ағаштар отырғызып, әлі күнге дейін сенбілік жасап, ескерткішті сырлап, тазартып отырады екен.

Репрессия құрбанының ұрпағы, «Ақмола-Феникс» ААҚ директоры И.И.Шарфтың бастамасымен ұйымдастырылған осы кездесу 1997 жылы Малиновка ауылында «АЛЖИР» лагерінің тарихы» мұражайының ашылуына түрткі болады. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың 1997 жылды «Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялап, осы жылы 31 мамырды «Саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алу Күні» ретінде ресми бекітуімен тұспа-тұс келеді.

Осылайша, Ақмол кентінде (ол кезде Малиновка) «АЛЖИР лагерінің тарихы» мұражайы ашылып, Рахима Рамазанқызы мұражай меңгерушісі әрі әдіскері болып жаңа жұмысын бастайды. Терезе алдына жиналған қағаздардан басқа ештемесі жоқ қаңыраған бос бөлмені Рахима біртіндеп тарихи мазмұнға толы мұражайға айналдырады. Әрине, ол алпауыт егістік алқабынан біртіндеп масақ тергендей машақатты, тиянақты еңбекті және үздіксіз ізденісті талап еткен еді. Алайда, АЛЖИР туралы сан жылғы ауыр үнсіздікті бұзған білімді педагог қаржылық қиындықтар мен өзге де кедергілерге қарамастан, АЛЖИР лагерінің тарихын түгендеуге, оның бұрынғы тұтқын әйелдерін іздеуге құлшыныспен кіріседі. Осы тарихи шешімі туралы сыр шерткен Рахима Рамазанқызы өзін бір сәтке азаптанған әйелдердің орнына қойғанда, жан-дүниесінде рухани сілкініс болып, бірден келісім бергенін айтты. Осы игілікті ісі арқылы ұлт зердесін жаңғыртуға және азалы тарихты ақтаңдақтардан ашуға бекінген жанкешті жан әлемнің әр түкпіріндегі АЛЖИР-дің бұрынғы тұтқындарымен хат алмасып, олардан түрлі теңдессіз құжаттар жинайды.

Жан-жүрегіңмен жасаған жұмыс әрқашан жемісті. Рахима Рамазанқызы өзінің тынымсыз ізденісі арқылы тылсымға толы тұтас тарихты түгендеп қана қоймай, әр тұтқын әйелдің мұңдас, сырлас досына айналады. Ол туралы: «Бірнеше жылғы үздіксіз жұмыстан кейін ол әйелдердің барлығы менің құрбы-досым сияқты болып кетті. Кейде мен тізімге қарамай-ақ оның кім екенін, қайда туғанын, ұрпағы кім екенін жатқа айта аламын. Мен оларды өзімнің туыстарымнан артық танитын сияқтымын. Бәрі жаныма жақын жандар. Ал, қазір өкінішке орай кейбірі өмірден өтті. Енді олардың балаларымен, немерелерімен доспын», - дейді.

Мұражай жәдігерлер мен құжаттарға толығып, тарихы тереңдей бастаған тұста, 2006 жылы қыста қаржы тапшылығын желеу етіп, мұражайды жаппақ болады. 10 жылғы еселі еңбегі мен тұтқын-әйелдердің алдындағы тарихи жауапкершілігін сезінген Рахима Рамазанқызы мұражайды жабуға жол бермеуге бекінеді. АЛЖИР әйелдерінің рухына деген ерекше құрметпен және шексіз сүйіспеншілікпен барлық құзіретті мемлекеттік мекемелер мен депутаттардың қабылдауына барып, мұражайдың тарихи маңыздылығын түсіндірумен болады. Тіпті жұмысын жанқиярлықпен жақсы көретін мұражай меңгерушісіне кейбір кеңсе қызметкерлері есі ауысқан әйел ретінде қараған екен. Тіпті «Мына әйелге не керек? Тіпті картада жоқ қандай АЛЖИР, қайдағы Малиновка?» деп мұқатқандар да кездесіпті. Сол кезде Раиса Рамазанқызы АЛЖИР тарихы мен оның әйел-тұтқындары туралы баяндай келіп: «Сендердің кеуделеріңде темірдің кесегі ме, әлде жүрек пе?» деген екен. Осындай қажырлы күрес пен темірдей табандылықтың арқасында бұл мұражай АЛЖИР мемориалды-мұражай кешені ашылғанға дейін тағы бір жыл (жалпы 10 жыл) жұмыс істейді.    

2007 жылы 31 мамырда Елбасының Жарлығымен «Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені ашылады. Он жылдың ішінде Рахима Рамазанқызының бастамасымен жиналған  бірегей жәдігерлер мен құнды құжаттар жаңа мұражайға табысталады. Осы мұражайға қызметке орналасқан Рахима Рамазанқызы Ақмол кентінде бірнеше жылғы еселі еңбегінің тұтас мемлекеттік деңгейдегі мұражайға ұласқанына, арманының ақиқатқа айналғанына қатты қуанышты. Мұражайдың тура Ақмолда, АЛЖИР лагерінің орнында ашылуын үнемі, риясыз тілеген Рахима Рамазанқызы тілегінің қабыл болғанына дән риза. Бәлкім, бұл бақилық болған АЛЖИР аруларының орындалған арманы болар деп те топшылайды.

Осылайша, АЛЖИР мұражайында 10 жылдан аса жұмысын жалғастырып келе жатқан Рахима Рамазанқызы оны қасиетті орынға балап, зор құрметпен қарайды. Ол кез-келген адамға әр тұтқын тағдырының тұтас тарих екенін тоқтаусыз түсіндіруге даяр жан. Жұмысына жан-тәнімен берілген маман әйелдер тұтынған әр бұйымға немесе жәдігерге баға жетпес құндылық ретінде қарап, көзінің қарашығындай қорғайды. Оған мұражайға әр барған сайын көз жеткізіп келемін.   Бүгінде ол мұражайдың дамуына үлесін қосып жүрген жас мамандарды тәрбиелеуде.

Ақмол мектебінде Рахима Рамазанқызы лагерь базасында ашылған Ақмола совхозында қалып қойған әйелдердің ұрпақтарын, оларға тиесілі тарихи құжаттар мен бұйымдарды, жәдігерлерді іздейтін іздеу жасақтарына жетекшілік жасайды. 2010 жылдан бастап Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, Ақмол кентінде Сайлау комиссиясының төрағасы.

Сондай-ақ, «АЛЖИР»-дің тұтқын әйелдері туралы көптеген мақалалардың авторы: «Драгоценный кусочек хлеба», «АЛЖИР» – наша память и боль», «Равнина русская – опыт духовного сопротивления», мұражай мен Қазақстан халқы ассамблеясы бірігіп шығарған «Тағдырларды біріктірген Қазақстан» және мұражайдың «АЛЖИР» тұтқындары мен олардың балаларының "ALJПR. Qorqiniєti tustey… Kak strashnyi son…", «Ұрпақтар ұмытпайды» кітаптарының құрастырушысы, сондай-ақ, «Память сердца», Дольше жизни», «Мы будем жить», «5 стаканов табака», «Тайны и судьбы великих казахов», «Қан мен жазылған хат», «АЛЖИР». «Оралған естелік» және т.б. деректі фильмдер мен бағдарламалардың кеңесшісі болды. Мұражайдың 10 жылдығына арналған «Ұрпақтар ұмытпайды» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының белсенді  ұйымдастырушыларының  бірі. Халықаралық және республикалық конференцияларға, семинарлар мен дөңгелек үстелдерге белсене қатысып, баяндамалар жасайды. Сондай-ақ, 2015 жылдан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің кейбір мәдениет заңдары нормативтік актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс тобының мүшесі.

Үнемі іргелі істердің қасынан табылатын Раиса Рамазанқызы былтыр саяси қуғын-сүргін тарихын зерделеуге арналған «Аманат-АЛЖИР» қоғамдық қорын құруға мұрындық болды. Мен Рахима Рамазанқызының АЛЖИР мұражайын қысылтаяң кезеңде қорғаған, қыспақтан құтқарған өр мінезі мен қайсарлығын ерлікке теңеймін. Ал, өрелі өскелең ұрпақты тарих тағылымымен тәрбиелеудегі риясыз еңбегі үшін Раиса Рамазанқызына барша саяси репрессия құрбандарының ұрпақтары атынан алғыс айтып, еңбегіне табыс тілеймін.  

Дайындаған: Перизат Сәдуақас

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер