Роза Рымбаеваның өмірлік ұстанымдары

Алдымен мен – анамын

  • Сахнада жүрген 36 жылдың ішінде өз басым ешкімге еліктеген емес­пін.

  • Бізде қазір кім көрінген сахнада жүр. Ән айтып жүргендердің бәрін жа­ман десем, көпке топырақ шашқандай болармын, бірақ сахнада әншілердің санын көбейтіп жүргендердің тең жарты­сы музыкаға қатысы жоқ адамдар. 

  • Жалпы, біз, қазақ хал­қы, басқаларға еліктеуден ешкімге жол бермейміз. Өнерден пайда табамын деп продюсерлікпен айналысып жүргендер бар. Бірақ осылардың ішінен нағыз өнер адамдарын тәрбиелеуге, әншілердің дең­гейін көтеруге қаржы салып, күш жұмсап жатқан бір продюсер көрдіңіз бе? 

  • Балалар ата-анасына қарап өседі. Балаларымыз жақсы болсын десек, өзімізден бастау керек. 

  • Өз басым телевизияда өтіп жататын шоу-бағдарламаларға қаты­судан бас тартамын, себебі, біріншіден, қолым тимейді. Екіншіден, телеарналарда ұйымдастырылып жатқан дүниелерге күлкім келеді. Бағдарламалардың дең­гейін айтпағанда, ойлап табылған шоулардың, байқаулардың шарттары да көңілге қонымсыз.

  • Өнерде менің қалыптасуыма, осындай биік белеске жетуіме атсалысқан адам болса, ол – Тасқын. Басқасын айтпағанның өзінде, маған әйел бақытын сыйлаған – екі ұлдың анасы атануыма себепші болғаны үшін оған ризамын.

  • Адам заманның құлы болмауға тиіс деп ойлаймын. Керісінше, әр дәуір, әр заман, әр кезең, яғни уақыт адамзат үшін «қызмет» етуі тиіс. Заман адамды бұзбайды, керісінше, біз тұнық өмірді лайландырамыз. 

  • 1999 жылдың күзі болатын. Кешкісін ұйықтаған адам – таңертең оянбай қалды. Түнгі сағат 3-те «ана жаққа» аттанып кеткен жанды мен 8-де «шай қойдым, тұр» деп оятыппын… Ондайға ұшырайды деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмегенін мойындаймын. Соңында дәрігерлер «жүрек талмасынан көз жұмды» деген қорытынды шығарды…

  • Бір көзімнің жеткені, бала – адамның бақытты болуына ұмтылдырады екен. Сіз білесіз бе, ішімде 7 айлық балам болғанда мен 43 жаста едім, яғни айтарлықтай жас емеспін. Әйтсе де, бойыма біткен тіршілік иесі мені өмір сүруге, жасып қалмауыма сеп болды. Бәлкім, Мәдиім болмағанда, мен мұндай жетістікке жетпес те едім, кім білсін?!

  • Жалпы, алдымен мен – анамын. Содан соң ғана әнші Роза Рымбаевамын… Соны әрқашан ұмытпауға тырысамын.

  • Саясаткер болсам жұмыссыздықпен күресер едім.

Материал ҚР Халық әртісі Роза Рымбаеваның әр жылдары баспасөзге берген сұхбаттарының негізінде әзірленді

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер