Ауылға қайт қарағым, білегіңді сыбанып...

Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Алғабас ауылының бүгінгі жай-күйі

«Ел болдық, етек-жеңімізді жинадық» деп лепіргенімізбен тоқсаныншы жылдардың шекпенінен шыға алмай қалған ауылдар әлі де бар. Бұрындары дүрілдеп тұрған мұндай елді мекендердің тарап кетуінің басты себептерінің бірі тәуелсіздік алған жылдары совхоз, колхоздардың мал-мүлкінің дұрыс бөлінбеуі, санаулы адамдардың қолында кетуі. Бұдан бөлек ауыз су, жарық мәселесі секілді дүниелер қос қапталдан қысатыны және бар.

Қарағанды облысында  Жаңаарқа ауданын жұрттың көбі жағдайы түзу, бақуатты тұрғындар тұратын аудан ретінде біледі. Расымен де солай. Аудан халқы теміржол, маңайдағы ашық көмір шахталарында жұмыс істейді. Қазақстан мен Қытай арасындағы «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры осы ауданның үстінен басып өтуде. Бұл жобаның өзі қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ал, осы аудандағы  Алғабас ауылының бүгінгі жай-күйі мәз емес. Кезінде Сәкен ауылының бөлімшесі болған, 96 үйлі үлкен ауылдың тарау себебі жоғарыдағы айтылған мысалдардан мүлде бөлек. Бұл ауылда біздің ұлы нағашыларымыз мекен етуші еді. Бала кезімізде әжемізбен еріп келгенімізде 50-60 үйлі ауыл болатын.  Ауыз су мәселесі бұл ауылда атымен жоқ. Екі метр жер қазсаңыз, тұщы суы бұрқ ете қалатын мекен. Тоқсаныншы жылдары  жарықтың айлап сөнуі еліміздің әр ауылында болды ғой. Алғабаста бұл жағынан да мәселе жоқ. «Бәлкім аудан орталығынан қашықта жатқан соң ел үдере көшкен шығар?» дерсіздер. Мен сіздерге «Жоқ, аудан орталығынан шалғайда жатқан талай ауылды көрдім. Олар хал-қадірінше өмір сүріп отыр. «Алғабас» аудан орталығынан 6 шақырым жерде ғана орналасқан» дер едім. Расында, бұл ауылдың ауданға жақын орналасуы өз соры болған тәрізді.

Сөз басында айтып өткеніміздей кезінде дүрілдеген «Алғабасқа» тоқтала кетсек. Жері шұрайлы бұл ауыл Кеңес үкіметі заманында отан қамбасына миллион тонна бидай тапсырған деп еститінбіз. Бірнеше комбайнерлері марапаттарға ие болып, астарына «Волга» мінген екен. Тіпті, біразы 1971 жылғы Москвада өткен съезге де барған екен.

Сол «Алғабасқа» ат басын тіреп, ауыл аралағанымызда алдымыздан екі-ақ адам шықты. Біреуі жетпістен асқан Бақтияр деген ақсақал, екіншісі алпысты алқымдаған Түлкібай ағамыз.

«Сен миллион тонна астық деп отырсың ғой. Мен саған миллиард тонна астық дер едім. Біздің ауылдың еккен егінін жинауға ауданның мәшинелері жетпей қалатын. Ол кезде біз Жезқазған облысына қараймыз ғой. Бізге Сәтбаев қаласынан бірнеше комбайнер мен астық таситын мәшинелер көмекке келетін. Әнебір жерде асхана бар болатын. Сол асханадан бір мезгілде 80 жұмысшы тамақ ішіп отыратын замандарды көз көрді.

Ауыл неге тарап кетті дейсің ғой. Ауылда жастар қалмады. Ауылдың ең жас тұрғыны  қырықтың қырқасындағы Азамат деген жігіт. Жастар жұмыс іздеп ауданға, қалаға жаппай көшіп кеткен. Бірен-саран жастар қалған болатын.

Айналдырған 5-6 келіншектен туған бала ауылды қайдан көбейтсін? 6-7 бала үшін мектепті ұстап тұру мемлекетке тиімсіз болды. Қазіргі жастар баланы да көп тумайды ғой. Осылайша мектеп жасындағы балалар азайып кетті. Әуелгіде біразға дейін бастауыш сыныптар ауылда оқып жүрді. Келе-келе бүкіл ауыл бойынша 3-4 бала ғана қалды.

Мектеп жасындағы балалары бар үйлерге аудан орталығынан мемлекеттік бағдарлама бойынша үйлер берілді. Ауыл балаларының мектепсіз қалмағанына, баспанасыз қалмағанына, мемлекеттің бізді ұмытпағанына қуанамыз. Тек, кезіндегі үлкен ауылдың қазіргі күйі ептеп ішті ашытатыны рас. Кеңес үкіметі тарқар тұста ауылдан ел көше бастады ғой. Сонда Алғабасқа жаңа дем береміз деп бізден екі-үш шақырым жерге «Жаңа Алғабас» деп тағы бір ауыл сала бастады ғой. Бірақ, ол ауылдың да жай-күйі мәз емес. Ол ауылда қазір 8 үй ғана бар.

Осы 2018 жылдың 6 қаңтарында біздің ауылды көршілес «Талдыбұлақ» ауылының әкімшілігіне қосты. Ол ауыл бізден әріректе 20 шақырымдай жерде орналасқан ауыл. Барсаң қайтқың келмейтін жайнап тұрған ауыл. Ауыл әкімі де іскер, бойында қуаты тасыған жас жігіт қой. Үмітіміз мол. Бірақ, ауылдың баяғы күйіне түспейтіндігі анық»

- «Алғабас» ауылы жыл басында бізге қосылды. Біздің өзіміз «Байдалы би» ауылынан бөлініп шыққан, жеке әкімдік ретінде тарихы жас ауылмыз ғой. Ауыл тұрғындары жеке шыққалы ерекше шабыттанып, қызу жұмыс істеуде. Ал, манағы «Алғабас» ауылының жай-күйіне келсек. Бұл ауылдың жастары толықтай мемлекет есебінен баспана алып, Жаңаарқа ауданының басында тұрып жатыр. Қазір ауылда 18 отбасы қалды. Осы он сегіздің  он үші үйлі болды. Қалған бесеуіне үй бекітілген тәртіп бойынша берілмейді. Мәселен, біреулерінің аудан орталығында баспаналары бар болса, біреулерінің үйінде мектеп жасындағы бала жоқ дегендей себептер.

Жалпы, бұл ауыл қазір жайлау іспеттес кейіпке енген ауыл. Бұл ауылды бес-алты жылда гүлдендіріп, мектебін қайта ашамыз деп құрғақ уәде бермеймін. Ол мүмкін емес шаруа.  Малы, техникасы бар адамдар ауылда жаздай еңбек етуде. Өзіңіз де аралаған кезде байқаған шығарсыз. Ауылда күндіз адамның жүруі некен-саяқ. Барлығы қазіргі науқан кезінде шөпте, егінде жүр. Ал, ауыл тұрғындарының қағазбасты шаруаларын, басқа да шаруаларын уақытылы шешіп отырмыз, - дейді Талдыбұлақ ауылының әкімі Ғанибет Қамиев. 

1971 жылы Москвада өткен съездге «Алғабас» ауылының комбайнерларының атынан барған Бақтияр ағамызды әңгімеге тартқан едік. «Мен саған не айта берейін. Басымыздан небір дәурен өтті ғой. Қазір тағдырға мойынсынып, осы жерде өлсек деп отырмыз. Әйтпесе, мынау төмпешіктердің бәрі үй еді ғой шіркін...

Жетпісінші жылы егін бітік шықты. Қазір ауыл маңындағы егіндері 5-6 дан айналса, ол замандарда бидай бір центнерге 25-30-дан келетін. Комбайнның бункері 300-400 метр жер жүрген кезде-ақ толып қалатын. Мен саған бір қызық оқиғамды айтып берейін. Содан, 1971 жылы көктемде бізді Москваға апармақ болды. «Бақтияр Москваға барады екен» дегенді естіген Серікбай атты жиенім келді үйге. «Ойбай, Бақа, ертең Москвада еліміздің түкпір-түкпірінен жұрт жиналады. Өркөкірек кавказдықтар, виносын алып армяндар келеді. Сен солардың жанында басылып қалма. Міне саған 25 сом, міне саған махорка. Осы махорканы 25 сомға орап тарт. Аналардың мысын бас".

Не керек, бәрі Серікбай айтқандай болды. Одақтас республикалардан келген делегациялар. Бәрі өздерінше сұмдық. Өз жерін мақтап әуре. Бір дамылдап отырғанымызда жиенім айтқан әдісті жасауға бекіндім. Бірақ, жиырма бес сомды темекі қылып тартуға қимай отырмын. Қалтамда ақша жоқ емес, бар. Дегенмен, анау қып-қызыл ақша. Қайдан шықсаң одан шық дедім де қалтамнан он сомдықты алып шықтым. Оған махорканы әдемілеп септім. Асықпай отырып орадым. Баппен істеп отырып, көзімнің астымен аналарды барлап қоямын. Кәукілдесіп әңгіме айтып отырған жұрт тынышталып қалған. Бәрі дайын болған кезде айқастырып отырған оң аяғымды сол аяғыма ауыстырып алдым да жұртан сіріңке сұрадым. Біреуі қолы дірілдеп тұрып тұтатып бергені әлі есімде. Шалқайып отырып, темекімді асықпай тартуға кірістім. Мен темекі шегіп болғанымша ешкім үн қатпай отырды ғой. Осылайша әлгілердің мысын басып едім» деп шалқыған дәурендерден естелігімен бөлісті.

Қазір мемлекет ауылдық жерлерге субсидиялар бөлуде. Қалада күзетші болғанша, пәтерден пәтерге көшіп жүргенше ауылға келіп, шаруашылығыңды дөңгелетіп алған дұрыс болар. Ауылдан қалаға қашатын замандар артта қалып, қаладан ауылға көшетін күн келді. Ойлан, замандас...

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер