Марат Жыланбаев

Жер бетіндегі барлық шөлдерден жүгіріп өткен жалғыз адам

  • Мен көп жетістікке өз күшіммен жеткен адаммын. Адам алдына мақсат қойса, соған жету жолында еш аянбауы керек деп есептеймін.

  • Кішкентай кезімде сурет салуға икемім болғандықтан, суретші болам деп шештім. Осы мақсатқа жету үшін күніне 8-9 сағаттап отырып, сурет салатынмын. Сенесіз бе, кейін мен кез келген нәрсені сала алатындай дәрежеге жеттім. Қоршаған ортаны тек сызықтармен көре бастадым. Ең қызығы, адамдар маған өздерінің портреттерін салдыру үшін кезекке тұратын болды! Негізі, Алматыдағы көркемсурет училищесіне түскім келген еді. Бірақ, ол жерде жатақхана жоқ болғандықтан, мені қабылдамады.

  • Бала күнімде мен турникке көп тартыла алмайтын едім. Ал Ренат деген досым үшін бұл оңай нәрсе болатын. «Мен неге бұл жаттығуды Ренат сияқты жасай алмаймын?» деп ойландым. Сонымен не керек, күндіз-түні жаттығуды қолға алдық. Үш күннен кейін қолымыз қанап, тіпті мүйізгектеніп кетті. Досым одан әрі жаттықпады, ал мен шыдадым. Бір ай дайындықтан кейін турникке 8-ақ рет тартылғанымды көріп, қатты көңілім қалды. Сәл уақыт өткен соң, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мені шақырып алды. Сонда басқа балалардың көзінше турникке 50 рет тартылдым. Балалардың бәрі таңғалды, өзім де мұндай нәтиже күтпегенмін. Мұғалім «мектептің жаңа рекорды!» деп таңдай қақты.

  • Кейінірек «дәл осындай әдісті жүгіргенде қолданып көрсе қайтеді?» деп ойладым. Яғни, көп күш жұмсап, үздіксіз жаттығу әдісі. Өзім ашқан «әуесқой жүгірушілер клубында» осы әдісті қолданып көргім келді. Бұл клубымыз бүкілодақтық «Бег и мы» журналының рейтингісінде үздіктер қатарында болатын. Сонымен, мен осы әдісті «Советский спорт» газетінде жарияладым. Өзім танитын барлық марафоншылар «бұл әдіс тиімсіз. Спортшы мұндай ауыр жаттығуды көтере алмайды» деді. Бірақ, мен ойымның дұрыстығын көпке дәлелдегім келді. Таңғы төртте тұрып, күніне 80-85 шақырымға жүгіре бастадым. Ауа райының қолайсыздығы маған әсер етпейтін. Ағзамды ыстыққа да, суыққа да, шөлге де үйреттім. Үлкен спортқа келгеніме 1 жыл толмай жатып, әлемдік рекорд жаңарттым.

  • Ең алдымен, өзіме, сосын, өзгелерге адам мүмкіндігінің шектеусіз екенін көрсеткім келді. Біз өз ағзамыздың көп мүмкіндіктерін біле тұра, пайдаланбаймыз. Алғашында айналамдағылар мені миға сыймайтын нәрсе істеп жүр деп ойлады. Бірақ, өзім ешқашан дене жарақатын алмаған адаммын. Ал бұл көрсеткіш менің ойлап тапқан әдісімнің дұрыс екенін дәлелдейді.

  • Айналамдағылар менің әрекетіме қашанда күмәнмен қарайтын. Бәрі мені «біртүрлі адам» деп санады. Ал, мен, керісінше, көпшіліктің пікіріне қарсы шығатынмын.

Марат Жыланбаев – «Гиннестің рекордтар кітабына» 7 рет енген марафоншы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Оның есімі төмендегі жетістіктері үшін «Гиннестің рекордтар кітабына» енген:

Бір жыл ішінде (1990 жыл, қазан –1991 жыл, қазан) 226 классикалық марафон жүгірді;

1991 жылы наурызда 23 күн қатарынан 23 классикалық марафон жүгірді;

1991 жылы маусымда 15 күн ішінде (күніне екі марафоннан) 30 классикалық марафон жүгірді;

1992 жылы сәуірде Қарақұм шөлінде 20 күнде 1200 шақырымға жүгірді;

1993 жылы 24 күн ішінде Сахара шөлін кесіп өтті (1700 шақырым);

1993 жылыҮлкен Виктория (Австралия) шөлінде 22 күнде 1600 шақырымға жүгірді;

1994 жылы 17 күн ішінде Невада (АҚШ) шөлінен жүгіріп өтті (1218 шақырым).

  • Жүгірген кезде мүлдем су ішпейтін жалғыз марафоншы болғандықтан, шетелдік спортшылар мені «camel» (түйе) деп атап кетті. Су арқалап жүруді қиынсынғандықтан, ағзамды сусыз жүруге дағдыландырған едім.

  • «Шыңғыс хан» деген атымның тарихы мынадай: жарыстарға барғанда Қазақстанды ешкім білмейтін. Сосын оларға «Моңғолияның жанындағы ел» деп түсіндіруге тура келетін. Осылайша, «Шыңғыс хан» атандым.

  • «Саяхаттар аяқталмайды» кітабының әсерінен соң, бір жылдан кейін Қарақұмды кесіп өттім. Ол үшін алдымен, кітапханаға барып, шөл туралы кітаптар оқыдым. Ашхабадтағы шөл институтының ғалымдармен сөйлестім. Серпентарийге барып, улы жылан, шаян, өрмекшілерге қатысты көп мәліметке қанықтым. Әскери қызметкерлерден құпия карталар сатып алдым. Осының бәрі дайын болған кезде «Гиннестің рекордтар кітабына» өтініш жаздым. Мен жүгірген жерлерге көлік бармайтын, тіпті ұшақ та ұшпайтын. Сол себепті, жүгіріп өткен жерлерімнің атын қағазға жазып, тау-тастың арасына жасырып кетуім керек болды. Ал, рекордтар кітабына тіркеушілер бір айдан кейін артымнан келіп, барлығын тексерді. Жол бойы күнделік жазып, оны кейін қазылар алқасына бердім.

  • Бір жолы түнде жүгіріп келе жатқанымда, әлдекім маған қарай мылтық кезеді. «Мен – адаммын. Атпаңыз!» деп жанұшыра айғайладым. Даусымды естіген соң, бірден қоя қойды. Айдың жарығында әппақ киінген мені елес деп ойлапты.

  • Екібастұздан Алматыға дейін қарлы боранда жүгіріп барғаным бар. Осы әрекетіммен қыста да жүгіруге болатынын дәлелдегім келді. Балқашқа жете бергенде, қасқырдың ізін көрдім. Жолда кездейсоқ ұшырасқан МАИ қызметкерлері артымнан көлікпен ілесіп отырды. Кейін олар айтады, «боранда жүгіріп бара жатқан адамды, оның артынан аңдыған қасқырларды бақылаудың өзі қорқынышты екен» деп.

  • Невададағы «Өлі далада» өткен жарыста басымнан күн өтіп кетті. Сол жыл ең ыстық жыл болған еді. Әлгінде сізге марафонда мүлдем су ішпейтінімді айттым ғой. Аптап ыстыққа шыдамай, жерге гүрс етіп құладым. Елдің бәрі «бітті. «Түйе» («camel») енді тұрмайды» деп күдер үзіпті. Жарты сағат бойы ес-түссіз жатыппын. Ояна сала, жарысты жалғастырдым. Барлық спортшыны қуып жеткенімді қайтейін, сәлден соң қайта құладым. Ол кезде мен бір сағат бойы орнымнан тұра алмай жаттым. Сонда да алған бетімнен қайтпай, басқаларды тағы басып оздым. Мәре сызығына жақындағанда, аяғымның сіңірі тартылып қалды. Соның кесірінен, екінші орын алып қалдым. Әрине, жеңілісіме қатты өкіндім. Қазір ойласам, менің екі мәрте құлап, орнымнан қайта тұрып, басқаларды қуып жеткенімнің өзі үлкен жетістік екен. Басынан күн өтіп құлап, сосын жарысты қайта жалғастырған басқа спортшыларды білмейді екенмін.

  • Әрқашан бірінші болуға ұмтыламын. Әйелім тіпті менімен нарды ойнауға қорқады. Себебі, мен жеңіліп қалсам, қатты ашуланамын.

  • Алғаш көлік сатып алғанда, жылдамдықты асырып айдайтынмын. Өйткені, өзге көліктердің менен озып кеткеніне төзе алмайтынмын. Жарты жыл ішінде 5 рет жол апатына түстім. Бүйте берсем, бір күні жамандық боларын сездім. Қазір көлікті баяу жүргіземін.

  • Кезінде мені АҚШ-тың, Ресейдің атынан жарысқа қатысуға шақырды. Бұл ұсыныстардан бас тарттым. Патриоттық сезім ғой мені тоқтатқан. Кейде сол шешімім дұрыс болды ма, әлде, бұрыс болды ма деп ойланамын. Өйткені, менің жүзеге аспай қалған мақсаттарым көп. Мемлекеттен мақтау қағазын да алған адам емеспін. Қазір деңгейі менен төмен спортшылардың медалі көп. Мұндай жерде спортшының насихаты да үлкен рөл ойнайтынын мойындау керек. Мәселен, 1995 жылы үлкен спортпен қош айтысқан кезде мені Қазақстанда ешкім білмейтін.

  • 1994 жылы мен «әлемнің ең үздік ультрамарафоншыларының үштігіне» кірдім. Маған шетелден көптеген шақыртулар келетін. Бірақ, қаржы тапшылығының кесірінен үйде отырып қалдым. Министрліктерді жағаладым, барлығы бір ауыздан «қаржы жоқ» дейді.

  • Психологиялық күйзеліске ұшырадым. Соның нәтижесінде, «амнезия» ауруына шалдығып, бәрін ұмытып қалдым. Мені емдеген мәскеулік дәрігерлер «сен тіпті жынданып кетуің де мүмкін еді» деді. Содан кейін 17 жыл бойы мүлде жүгірмедім.

  • Әлемді шарлаймын деген арманым орындалмай қалды… Әлемді айналып өтетініме, тіпті рекорд жаңартатыныма да нық сенімді болдым. Әттең, қаражат тапшылығы қол байламағанда, жаһанды шарлап шыққан тұңғыш рекордшы болар едім…

  • Спортпен қоштасқан соң, Екібастұз қаласынан фотосалон, мейрамхана және түнгі клуб аштым.

  • Менің 1 ұл, 4 қызым бар. 2011 жылы Азиада ойындарын тамашалауға келген кезімізде, балаларыма Астана ұнап қалыпты. 4 жыл бұрын отбасымның қалауымен осында көшіп келдім.

  • Әрбір көпқабатты үйдің техникалық қабатын жүгіру алаңына айналдыруға болады. Сонда суық ауа райына қарамастан, тұрғындар жеңіл киініп, спортпен шұғылданар еді. Өз алдына бөлек-бөлек спорт залдарын салғаннан гөрі, үйдің техникалық қабатын жүгіру алаңына айналдыру экономикалық жағынан да тиімді болады. Астаналық сәулетшілер де бұл идеямның ұтымды екенін айтты.

  • Бүгінде бақилық болған тәлімгерім Павел Сиротин үш жыл бұрын өзінің 75 жылдық мерейтойына орай марафон ұйымдастырған болатын. Мен марафонда жүгіруден бас тартқан едім. Ол сонда да қоймай, қалалық газетке «марафонға Марат Жыланбаев қатысады» деп жазып жіберіпті. Қатыспасқа шарам қалмады.

  •  Ғаламтордағы марафоншылар форумына «17 жыл үзілістен соң жүгіре алам ба?» деп жаздым. Барлығы бір ауыздан «бұл мүмкін емес!» деп жауап берді. Мұны оқыған соң, әдеттегіше мүмкін емес нәрсе жоқ екенін дәлелдеуге бел будым.

  • 20 жыл бұрын мен туралы «Человек, бегущий по планете» деген кітап жарық көрген. Енді өзім де бір кітап жазсам деп жүрмін.

  • Меніңше, қазақтар тек бокс пен күрестен ғана емес, жеңіл атлетикадан да чемпион бола алады. Біздің елімізде де мықты-мықты желаяқтар бар екенін бүкіл әлем білсе екен деймін.

  • Жаттықтырушы болсам, бірден чемпиондарды тәрбиелегім келеді. Өкініштісі, ол үшін бізде қалыптасқан база жоқ.

  • Ең алдымен, балаларға арналған мектеп-интернаттар ашуымыз қажет. Қазақстанның түкпір-түкпірінен желаяқ балаларды жинап, өзімнің азды-көпті тәжірибеммен бөліскім келеді. Бұл ойымды біраз адамға айтқанымда, «әзірше ақша жоқ» деген жауап алдым.

  • Спортқа деген көзқарас өзгермей, бұл салада алға жылжу болмайды. Мәселен, қазір белгілі қазақстандық триатлоншы Дмитрий Гааг Ресей құрамасын жаттықтырады. Біз неге осындай тәжірибелі жаттықтырушыларымыздың басқа елге кетуіне жол береміз? Ел спортына еңбегі сіңген азаматтарды бағалауымыз керек қой!..

(Материал Марат Жыланбаевтың "Астана ақшамы" газетіне берген сұхбаты (сұхбаттасқан – Роза Әрен) негізінде әзірленді. Суреттер Каспий банкке тиесілі) 

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер