Мақпал Жүнісова

Қазақтың ерке қызы

  • Алғаш 4 жасымда ауылдың сахнасына шыққанмын. Сол кезде шешем маған «ән айтып болған соң, халықтың алдында басыңды иіп, рахмет айт!» деп үйреткен. Ал жерге отыра қалып сәлем беруді өзім ойлап тапсам керек. Қазір кейбір кісілер маған «сіз Халық әртісісіз, сонша иіліп сәлем салмасаңыз да болады ғой» дейді. Сонда да бұл әдет қалмады, сахнаға шыққанда иілуге бейім тұрамын. Бірақ, бұдан жапа шегіп жүргенім жоқ.
  • Кейде кейбір кісілер: «Мақпал, сіз «идеальный» адамсыз» деп жатады. Әрине, ықыластарына рахмет, бірақ мен өзімді ол санаттағы адамдардың қатарына қоспаймын. Менің де өзіме тән кемшіліктерім бар. Білгенімнен білмегенім, көргенімнен көрмегенім көп. Әйткенмен, бойымдағы сол кем-кетікті жою үшін күш салып жатқаным рас...
  • Мен жұбанышты тек қана Мұқағалидың поэзиясынан тапқандаймын. Қиналған кезде ақиық ақынның өлеңдерін оқып, бір тұшынып алатыным бар.
  • Өнер адамына төзімділік керек дер едім. Қай жағынан болсын, шыдамды адам түбінде биік белестен көрінеді.
  • Өзім өмірден бұрын өнерде жолы болған адам сияқтымын.
  •  Мен сахнада ерке қыздың рөлін ойнап жүрмін десем, артық айтпаймын. Әртіс болған соң сахналық бейнең болу керек. Жеке басыңдағы қайғы-мұңды ысырып тастап, халық сені қандай бейнеде көргісі келеді – сол бейнені сомдауға міндеттісің. Жылап-сықтадым, қайғырдым. Шын мәнінде әлі де ішім қан жылайды…

  • Әдемі болып жүргің келсе, тойда ән айтуға тура келеді. Негізгі табыс көзіміз сол ғой. Әсіресе, жаңадан көйлек кигім келген кезде, тойшы қауыммен кездесетінім бар. Десек те, ақшаның түбіне ешкімнің де жетпегені белгілі, шектен шығып, той қуып кетуге тағы болмайды.
  • Мен ешқашан біреумен дуэт айтам деп талпынған адам емеспін. Әншілер «апай, сізбен ән айтқымыз келеді» деп өздері іздеп келеді. Мен оларға «жақсы ән тапсаңдар, бірігіп орындайық» деймін. Осы уақытқа дейін «Нұр-Мұқасан», «Серілер» тобы, Жұбаныш Жексенұлы, Әлішер Кәрімов, Ақбота Керімбекова және тағы басқа әншілермен дуэт айтқан екенмін.
  • Еңсені басқан зіл қара батпан ойлармен жеке арпалысқан кездер аз болған жоқ, талай күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндер өтті. Ай-күннің аманында Зәкеңдей арысымнан қапыда айырылып қалғанымда жаным шырылдап, өзімді қоярға жер таппадым. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, сондай ғаламат қайғыны көтере алмай, есімді жия алмай жүргенде Зәкеңнің қазасына мені кінәлап, қара күйе жаққанын білесіз. Екі-үш ай тергеуге сүйреледі. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен тартқан» заман болды. Сынып кетуге аз-ақ қалдым. Тіпті, мен үшін өмірде еш қызық қалмады, осы өмірмен қоштасуға іштей дайындалған кездерім болды.
  • Мен жаңаруға түпкілікті қарсы адам емеспін, бірақ асыра сілтеп жіберуге еш болмайды. Мәселен, рэп айтып отырған жігіт қазақтың халқының музыкасы қандай болуы керектігін және тарихын біле ме? Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова, Ғарифолла Құрманғалиев, тіпті ары Мәди, Тәттімбет, Құрманғазылардың өмірден өткенін біле ме? Міне, әңгіме қайда жатыр. Оны рэп айтқан жігітіміз білмейді де. 

  • Бірде Роза Бағланова апамыздың еске алу кешіне залды толтыру үшін жастарды алып келіпті. Сонда жастарымыздың көбі орындығында шалқая жатып алып, телефонмен «Да не знаю, какой то день памяти что ли?» деп сөйлесіп отырғанын қалай түсінуге болады. Бұл өмірде болған оқиға. Біз мұнда мәдениет деп қазақ әнін әуелетіп жүрсек те, ертең мені де жастар осылай айтып отырмасына кім кепіл? Менің ғана емес, бәрінің де жүрегі ауырады бұл жәйтқа.
  •  «Инстаграмда» өзім отырамын. Қызым Мерей жақында маған «инстаграмнан» жеке аккаунт ашып беріп, оған қалай кіру керектігін, сурет пен видео жүктеу жолдарын үйреткен еді. Алғашында еш нәрсе жазбайтынмын, тек суреттерді жүктеп отырдым. Бұл өзі кәдімгідей  уақытты алатын дүние екен. Қайсыгүні «өлең жаттауым керек» деп «инстаграмды» 10-15 күн жауып тастағанмын. Сөйтсем, жұрттың бәрі «қайда жоқ болып кеттіңіз, біз сізді сағынып қалдық!» деп хат жазыпты. Байқағаным, әлеуметтік желі халыққа күнделікті өзіңнің қандай шаруа бітіргеніңді, қайда барғаныңды айтып, есеп бергенге жақсы екен.
  • Мен қызыма үнемі «білімді болсаң, мыңды жығасың! Жақсы оқығаның өзіңе жақсы!» деп айтып отырамын.
  • Өзім жақсы сыйласатын кісілерден, маған шын көңілімен қалтқысыз қызмет көрсететін жандардан барымды аямаймын.
  • Той мен концерттің еш айырмашылығы жоқ. Тіпті, тойдың жауапкершілігі көптеу, сол жердегі адамдардың бәрімен суретке түсесің. Ал сахнада саған ешкім жоламайды, көрерменнен алыста тұрасың. Тойға келген ағайын менің жаныма жетіп келіп, қолымнан алады, суретке түседі. Бұл – халқымның маған деген құрметі. Қасыңа ентелеп келіп тұрған тыңдарманға «қолтаңба бермеймін, суретке түспеймін» деп айту ұят нәрсе деп ойлаймын. Бала-шаға, кемпір-шал демеймін, жиналған жұрттың алдында жанымды салып ән шырқаймын.
  • Жалпы, менің тағдырыма қызығудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Кейде тілек айтқанда «жастарға менің тағдырымды емес, маған деген құрметті, абыройымды берсін!» деймін. Әйтпесе, қайдан оңай болды дейсің? Саясат дегеннің өзі құйтырқы нәрсе ғой. Ал саясаткердің жары болу тіпті қиын. Зәкең маған өмірде мықты болуды, өз-өзіңді қорғай білуді үйретіп кетті. Ол кісінің атын адам ретінде де, азамат ретінде де биік қоямын. 

Материал ҚР Халық әртісі Мақпал Жүнісованың әр жылдары баспасөзге берген сұхбаттарының негізінде әзірленді

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер