Қызылжардың қыраны

Қ.Р Парламенті мәжілісінің депутаты,жазушы Жарасбай Сүлейменов жайлы бір үзік сыр

Өз халқына рухани тәлім-тәрбие беретін өнер адамының, әдебиетке елеулі үлес қосқан қаламгердің, қоғамдық өмірде жеке басы биіктен танылған азаматтың жылдар бойы жүріп өткен жолындағы асулары, бел-белестері жұртшылықтың көз алдында болады да сол белесті алған айтулы күндерін елі атап өтуді қалайды. Бұл ежелден қалыптасқан қағида. Әрине, өркениетті елдерде «юбилей» деп аталатын сол қадірлі күнді бүгінде әркім-ақ әспеттеуде. Жоғарыда көрсетілгендей халқының рухани қазынасына қосар үлесі болмаса да «еліктегенге солықтаған» дегендей, немесе «мен солардан кеммін бе» дерлік мерейтойларын өнер иелерінен асыра, алпыс жасты алпыс дүркін отшашумен жарқылдатып, байлықтың қызуын, ақшаның қызығымен жуып жататындар ересен етек алып кетті.

Дегенмен өнердің, әдебиеттің өкілдері олардан жеке-дара тұратындары сөзсіз. Өйткені олар халқына рухани қызмет еткендіктен елі де оларды ерекше құрметтеп, шығармашылықтарына қуаныштан шашу шашып жататыны белгілі. Бұл құрмет елдің елдігін танытатын мәдениеттілік.

Біз де сондай елі қадірлеген қаламгердің бірін алпыстай асуды алуымен құттықтағалы ой тербедік. Ол – өзінің саналы өмірін халқымыздың асыл қасиеті – ана тілін ардақтауға, сол асылды тыңгерлердің шаң-тозаңы басудан сақтап қалуға азаматтық күш қуатын барынша аянбай жұмсаған, сондай қадір-қасиетін ел-жұрты, Елбасы тану арқылы бүгінде мемлекетіміздің ең жоғары басқару орыны – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты дәрежесіне көтерілген Жарасбай Қабдоллаұлы Сүлейменов еді.

Жарасбайдың әдебиет саласындағы, әсіресе жазу өнерінің жауынгер жанры журналистика саласындағы осы жасқа дейінгі еткен еңбегі біздің жоғарыдағы ойды айтуымыздың айғағы. Ол өмірдің ауылдағы еңбек жолын мектептен кейін-ақ таңдап алды да, сол ерен еңбекпен қайнап өсті. Бұл оның болашағында жазу өміріне берік бағдарлама еді. Мемлекет алдындағы азаматтық міндеті – әскер қатарында болу мерзімін өтеп оралған соң-ақ өзі туып-өскен Солтүстік Қазақстан облысындағы облыстық газеттен орын алды. Содан бүгінге дейінгі барша уақытын сол аймақтағы болып жатқан қоғамдық құбылыстарды ел алдында айқындау, айғақтау жолына арнады. Несін жасырамыз, бұл облыстың жерінің асылдығы «тың игеру» деп аталатын жылдарда сырттан келгендердің санын қаптатып, жергілікті халық бестің біріне де жетпей қалғанда (17 пайыз) қазақ тілінің тағдыры таразы басынан төмендеп кеткен еді. Сондай ел аймағында қазақ тілін сақтап қалу ел азаматтарына оңайға түскен жоқ. Бірақ Жарасбай сынды намыс отына суарылған қазақ тілінің қорғаушылары қиындықты белшесінен кешіп жүріп аянбай еңбек етті. Облыстық газеттің таралуы мол болуы үшін татымды, тартымды мақалалар жазды, елдің еңсесін көтеретін ерлік иелерін қадірледі, сондай тартысқа толы өмірге көлеңке түсіретіндерді әшкереледі – әйтеуір жұртты жадыратар мақалалар, очерктер, әңгімелер жазып, қазақ тілінің қадір-қасиетін асқақтатуға тырысты.

Жарасбай Қабдоллаұлы осындай тайталас өмірдің ішінде жүріп көркем әдебиеттің қуат-күшін пайдалануға да жол тапты. Газет-жорнал беттерінде оның қаламынан туған татымды да тартымды әңгімелері оқырмандарын елең еткізді. Ол өз алдына бір әңгіме. Туған жер топырағында түлеген ілгері-кейін өткен ақын жазушылардың еңбектерін жинастырып, оларды бағалайтын әдеби пікірлер, зерттемелер де жазды.  Солардың біреуі – өткен жылы Алматыда жарық көрген «Шал ақын» кітабы. Бұл асыл мұраға енген Шал ақынның өлеңдерін жинап, ертелі-кеш ол туралы жазылған ғалымдар еңбектерінің басын құрастырып кітапқа енгізу өз алдына. Жарасбай сол ғасырларды көктеп өтіп, бүгінгі ұрпаққа асыл мұрасы жетіп отырған ұлы ақын жайлы зерделі зерттемесін жазған. Бұл зерттеуде автор тарих қойнауында алысырақ қалған дәуірді шола отырып, ол туралы әр деңгейдегі зерттеушілер мен пікір айтушы жанашырлар жазған деректерді салыстырады, солардың логикалық шындыққа келетіндерін діттейді.

Осы зерттеменің бір ерекшелігі – біз жоғарыда айтқандай автордың туған жерін, өскен елін жастай араласа жүріп айқын да анық білетіндігі көрініп тұр. Шал ақынның өмірін салыстыра-салалай келіп, ақынның ел-жұрты жайлаған жерді шолғыштап кетеді. Ел мен жер егіз десек, ұлы ақынның ұрпағы жайлап отырған жерді кейінгі ұрпақ та, өзге аймақтағы жұртшылық та білулері керек қой. Бұл тұста Аютас маңындағы әңгімесі тартымды да қызық. Кеңес кезінде шеттен келген қадірлі қонақтарын – өнер адамдарын Есіл өңіріндегі ерекше көрініс – сол Аютас аңғарына (каньон) апарып қызықтататын. Бірақ ол кезде Шал ақынның елі осы дегенді  еш адам айтпайтын. Сондықтан да болар сол жердегі аудан атын қазақшалау кезінде «Аютас деп атау керек» деген ұсыныс Шал ақынмен жарыса алға шықты. Бірақ ежелден ақындықты асқақ сезінетін қазақ ұлы ақынға аудан атын берді. Біз Жарасбайға осы ұлы атасының еңбегін бүгінгі ұрпаққа кеңінен таныстыратын кітапты құрастырып шығарғаны үшін және сол тарихтағы жырау ақындар ішінен адақтап ерекшеленіп тұратын өлеңдік стилі бөлек, ол заманнан гөрі бүгінгі жазба әдебиет поэзиясына жақын Шал ақынды тағы да молынан көрсете білгені үшін рахмет айтуымыз керек.

Ж. Сүлейменовтың жазушылық дарындылығына келсек оның «Көмескі із», «Еменнің иір бұтағы», «Сөнбейтін шырақ», «Дала – бесік» және басқа кітаптары мен әңгімелерін атап өтер едік. Әрине, мұндай мерейтой кезінде жазушының барлық еңбектеріне зер салып, әдеби талдаудан өткізетін ғылыми еңбек артық емес. Бірақ қандай бір жазушы болса да оның стилі, жазушылық мәнері, сөз саптасы, шығармаға қойылатын әрқилы әдеби талаптар оның бір ғана туындысын талдау арқылы да көрінетіні бар. Яғни, жазушының қадір-қасиеті, әдебиеттегі бет-бағдары, алымы сол шығармасы арқылы да танылады.

Осы ойды ұстанған біз Жарасбайдың «Жаңа Сарыарқа» жорналының 2005-06 жылдарда бірнеше санында жарияланған «Қисық қайың» атты әңгімесіне ат басын тіредік. Бұл таңдауымыздың терең сыры бар. Соңғы жылдарда бізге – ақын-жазушыларға оқырмандармен кездесу кезінде, белгілі бір газет-жорналдардың журналистері сұхбат өткізу кезінде көп қойылатын сұрақтар – «қандай ақын-жазушылар бүгінгі тақырыпқа қалам тартты, олардың қандай шығармалары бар?» «Қоғам алмасу кезі, тәуелсіздіктің келу кезі жайлы қандай шығармалар бар?».

Бұл сұрақтарға біз әрқилы жауап беріп, жалтаруымызға тура келеді. Әрине, әдебиеттің жауынгер жанры – Ахмет Байтұрсынов «Көсемсөз» атандырған публицистика қоғамдағы аласапыран кезде алға шығады. Ол мәселені әлгі сұрақ қоюшылар да көріп, біліп отыр. Қоғам көшінің алдыңғы сапында халықпен бірге адымдайтын  поэзияны  айтуға болады. Ал проза, оның ішінде повесть, роман әскери саптағы негізгі күш арвергард сияқты асықпай қозғалады. Өйткені, жазушы қоғамдық құбылысты айқын зерттеуі керек, оның тұрақтар орынын анықтау қажет. Олай болмаса бүгін асығыс жаза салған дүние ертең қоғамдағы құбылыс басқа бағыт алса далада қалады, ұят та болады. Бұл бір қыры, ал екінші жағынан өмірдегі бір көріністі көре салысымен жазылып кеткен эпикалық туынды қоғамның бағытына кедергі келтіретін ыңғайсыздыққа ұшырауы даусыз. Оған сол қоғамды бастап бара жатқан топ қалай қарайды, қандай баға береді? Міне, осы жайлар әдебиеттің орынсыз белсенділігіне тосқауыл.

Осындай әдебиеттегі негізгі жанр – проза кешеуілдеп тұрғанда Жарасбай «Қисық қайың» атты әңгімесімен тәуекел қайығының желкенін көтеріпті. Біздің бұл әңгімеге тоқталуымыздың сыры да осында еді. Тақырыптың тарпаңдығынан именбей, қайыспай қалам тарту жазушыға зор міндет жүктейтіні анық. Сол үшін де Жарасбай творчествосының ішінен таңдауға ілігіп тұрған бұл әңгіме аталмыш дәуірден мол хабар әкелген жаушысындай.

Енді осы әңгімеге үңіліп көрелік. «Сыртта боран ұйытқып тұр. Бүгін төртінші күн. Боран болғанда да кәдімгі жынды боран – аш қасқырдай ұлып, ышқына соғып терезені сабалағанда  жанды қоярға жер таппайсың». Осы сөйлемдер қарапайым да жатық. Әлде бір әсіре қызыл қалам ұстағандардың сөйлемді күрделілендіремін деп қойыртпаққа  ұрынатынындай емес, не бір авторлардың суреткерлік танытамын деп ұзын сонар шұбалаңға салатынындай да емес, нақты, айқын сурет. Осы бастауды оқығаннан-ақ денең тоңазып, құлағыңа долы боранның ышқына соққан дауысы естілгендей болады. Тап осылай автордың алғашқы салған табиғат суретінен-ақ оқырман түйткіл тауып болашақ оқиғаға сұстана қарайды, келе жатқан қандай пәле деп алға ынтығады.

Сөйтіп біртіндеп оқиғаның ішіне кіресің. Мұнда әлде бір жазушылардай кейіпкерлерін алдын ала таныстырып жатпайды, олар оқиғаның ішінде                                                                                 кезегімен көріне бастайды. Әлгі боран суреті тәрізді табиғат та қоғамдағы астан-кестен қарбалас көрініске қабаттаса үндесе келгендей. Сол бір ескінің талқан болып, жаңаның төбе көрсете қоймаған кезіндегі тұтасқан өмір көрінісі.

Ие, халық қалаған бостандық, егеменді ел болу барша бітім болмысымен бір сәтте келе қалмағаны анық. Қазақ халқына қырғидай тиген социализм қоғамы өзінің өзегі шіріп, коммунистердің «барша жұртты бірдей қыламыз» деген бос қиялы талқан болды. Жалқау мен еңбекқор, аңқау мен арамы, момын мен  мансапқор, бұзық пен дүзік – бәр-бәрісін теңгеремін деу – бес саусақты теңеймін деумен бірдей еді. Сондықтан да кеңес үкіметінің кері саясаты өзінің құлар шағын тездетті.

Сол қоғамның қираған орнында отырған басты кейіпкер Алтай дүниеде не болып жатқанына түсіне алмай басы дал болады. Даладағы ұлыған боран оның ішінде де солай ұлыған күйде. Алдыңғы қатарлы дейтін кеңшардың кәсіподақ комитетінің  төрағасы, жасы едәуірге келген, өмірінің барлық болмысы сол дәуірдің еншісінде қалған адам үйде жалғыз отырып ақыл-ойының ашыған уын ішкендей күйде. Ауылындағы көз тартар құрылыстар талқан болып адыра қалған. Оны жоқтап жатқан да адам жоқ. Кеше ғана өзі басқарып отырған кәсіподақ ұйымын «кәсіподақ – коммунизм мектебі» десе, бүгін оның бір тиындық құны жоқ. Кейіпкері кездесетін осындай трагедиялық халді автор жиналыс үстінде анықтай түседі. Социализмнің мемлекеттік жүйесі қандарына сіңіп, жандары содан жаратылғандай болып кеткен жұрт одан өзге қоғамдық құрылыстың бәрін халыққа қарсы деп білетінін сол айтыста анықтайды. Яғни кеңес кезінде өзге шет елдермен аралыққа құрылған темір тордың арғы жағында қандай өмір бар екендігінен бейхабар Алтай сияқтыларға жаңалық біткеннің бәрі құбыжық, қабылдауға болмайтын өмір.

Автор социализм тұсындағы ішіп-жемі мол, өзге өмірде шаруасы жоқ емін-еркін, уайым-қайғысы жоқ жүрген еркетотайлардың өз беттерімен күнелтудің не екенін білмейтін томаға-тұйық қалпын ашып көрсетеді. Ол дәуірдегі мемелекеттік монополия қоғам мүшелерін ештеме ойламайтындай етіп, ешбір жаңаша өмір сүрудің қажеті жоқ сияқты халге келтірген. Сондықтан да жаңалықты жанымен сезетін, іскер, дүниеде не болып жатқанынан мол хабары бар ізденгіш Ерлік Бәйкенұлы сияқты директордың соңына түсіп, кеңшардан қуғызатында осы Алтай.

Бұл әңгіменің шындығы сол – алда келе жатқан нарықтық экономика қоғамы жайлы ел адамдарына түсіндіретін жұмыс жүргізілмеді, қазақ ауылы түгіл әлемнің түпкір- түкпірін жайлап алатын бейнесі беймәлім қоғамдық құрылыс елге нендей өзгеріс әкеле жатыр – осы арасы белгісіздігімен көп елді тұралатып кетті. Кеше ғана бар мүмкіндіктерімен тырмысып тұрғызған кеңшар ғимараттары қирап, оның кірпішіне дейін талап әкетіп жатыр, еш адам оған селт етпейді, тыйым жоқ, иесі жоқ. Міне Алтайды түңілдірген ұйқы-күлкісіз халге жеткізген ауыл көрінісі осындай. Сондай ауыл күйзелісін бәріміз де көрдік. Қабырғамызға аяздай батты. «Қисық қайың» сол бір ауыр кезеңді қаз қалпында діттеп көрсеткен.

Дегенмен әңгіме кейіпкерлерінің ішінде Сайлау сияқты адам тани білетін адалдықты жақтайтын жандар да бар. Ол Ерліктің елге жаны ашитындығына сенеді, соның жаңалыққа бастайтын жолын қолдайды. Бірақ Алтай еліртіп қойған өзге жұрт «көтеріліс» басшысының, яғни Алтайдың айқайына қызынып, директорды қууға құштар. Сайлау жалғыз, әрі-сәрідегілер оған сүйеу бола алмайды. Бұл тұста аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы Олжай да Ерлікке деген ішіндегі қыжылын іске асырмақ болып, дұрыс жолдан адасқандарды қолдайды.

Осындай тартыс үстінде ел басына күн туып тұрғанына қарамастан ішкі есебін іске асыруды баққан партия басшысы кеңес үкіметінің сиқын танытады. «Апыр-ау осындай партия басқарған ел не болғандағысы! Халықтың тағдырын көзге ілмей, өз үстемдігін ардақтаған адамдарды да азамат деп жүріппіз-ау!» деген ойға қамалады оқырман қауым.

Ерліктің орнына сол аудан басшысы қолдап директор болып келген Алғабай нағыз әбжылан болып шығады. Астан-кестен бүлінген жерден жем табатын құзғынның өзі. Бірлік кеңшарының мал-мүлігін, дүниесін жұрттың көз алдында талан-таражға салып әкетіп жатыр. Әңгіменің бұл жері де шындықтан туған. Дәл сондай күйді бәріміз де көрдік, көре тұра еш қимыл жасай алмадық. Қираған қоғамнан қалған мемлекеттік монополияның дүниелері – иесіз қалған қазына. Соны өз қолдарымен жасаған жандар дәрменсіз, заңның ешбір тармағында ондай қожалық жоқ.

Алтай әбден сарыла ойланады, түктің мәнісіне түсінбеді. Ақыры өзі таба алмаған заман жүйесін, өмір бағытын білу үшін әркіммен ақылдаса келіп көрші аудандағы өздеріне іргелес ауылда тұратын нағашысына жолығып бір тескіндіктің жобасын байқайды. Баяғы өздері қарсы болып қуып жіберген Ерлік осы жерде директор болып қабылданған екен. Соның жаңалығы арқасында, жанталаса ізденіп, жөн табуы арқасында бұл ел берекелі бағыт алыпты. Яғни нарықтық қоғамның құйтырқысын зерделеп, жан-жақты түсіне білген жандар, өмірдің өр биігіне көтерілуге бет алған Алтай сол күннен бастап Тәуелсіздік заман әкелген жаңалықтың мәнісіне түсінеді.

Әңгіменің жүгі романға бергісіз. Халқымыздың қиналған шағынан кең полотнолы сурет бар. Оқырманын кейіпкерлерімен бірге толғантып, бірге толқытып отырады. Кейіпкерлерді даралауы ойдағыдай – әрқайсының ішкі дүниесі әрқилы, іс-әрекеттері де өзді-өзіне сәйкес, бір-біріне ұқсамайды. Бұл туындының тілі жайлы мақаланың басында айттық, сөйлем құрылысы жатық, төселген қаламгердің стилін танытады.

Біздің биллитристикамен айналысатын көптеген қаламгерлеріміз жағымды кейіпкерлерге жаны ашып, тәуір сөздерді оның бойына жаудыртады да, жағымсыз кейіпкерлерді жексұрын сөздермен жерлеп отырады ғой. Ал мына «Қисық қайыңның» авторы жағымды кейіпкерлерге іш бұрмайды, жағымсыз кейіпкерлерді қараламайды – кәдуілгі өмір өрісі бойынша оқиға жылжиды. Оқырман кімнің кім екенін өзі ажыратып, өзі танып алсын дегендей нанымды, сенімді оқиғаны жұртшылықтың алдына тартады.

Бізді бір елең еткізіп, дәтке қуат дегендей ой тастаған қалпы – бұл әңгіме сол өткелең кезге, ескі мен жаңаның алмасу кезіне батыл барлау және өзінің алдына қойған мақсатын орындаған сәтті қадам. Лайымда Жарасбай Сүлейменовтың шығармашылығы осылай шалқи берсін!

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер