Дәнекерлеуші әйел

Сүйікті ісіңмен айналысуға стереотип кедергі бола алмайды

Айжан Исаева бала күнінен қуыршақпен емес, темір-терсекпен дос боп өсті. Ағасының бұзылып қалған велосипедін шашып-жинап, жөндеп беріп, үй ішін таң-тамаша қалдырғаны бар. Электр тогын бір-біріне жалғап, істен шыққан тұрмыстық техникаларға қайта «жан бітіру» оның сүйікті ісі еді. Бірақ мектеп бітірген соң ата-анасы медицина мамандығына жол сілтеді. Үлкендердің тілегінен аттап кете алмады, қаламаса да құжат тапсырды, түсті. Бірақ бір жылдан соң жан қалауы болмаған соң оқуын жалғастыра алмайтынын түсініп, тастап кетті. Қазір өзінің сүйікті ісімен айналысады. Ол – дәнекерлеуші. Ол бұзылып қалған тұрмыстық техникалар мен жүрмей тұрған темір тұлпарды жөндеп, елдің алғысына бөленіп жүр.

- Құрбыларым қуыршақ ойнап, оларға киім тігіп жүргенде мен темір-терсектің қасынан шықпайтынмын. Бала кезімнен-ақ ер-азаматтардың өзі жүрегі дауалай бермейтін жұмыстарға қызығып өстім. Үйдің шаруаларынан гөрі түздің тірлігін жасау ұнайтын. Жақсы көретін ісіңмен айналысу да бақыт ғой. Мен қазір шексіз бақыттымын, – дейді Айжан.

Айжан бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласында тұрады. Жасы отызда. Ол екі жыл бұрын Алланазар Молдасламовпен бас құрап, шаңырақ көтереді. Күйеуі он бес жылдан бері дәнекерлеу ісімен айналысады екен. Жарының да осы іске ебі барын байқаған ол бар білгенін жалықпай үйрете бастайды. Аз уақыттың ішінде Айжан қыр-сырына қанығып, меңгеріп алады.

 - Күйеуімнің негізгі мамандығы музыкант. Кәсіби білім алған. Барлық музыкалық аспаптарда шебер ойнайды. Ара-арасында той-томалақтарға шығып, ән салып та, нәпақа табады. Үйде үтік, тоңазытқыш, теледидар секілді тұрмыстық бұйымдар бұзылып қалса, дереу керек-жарағымды алып, жөндей беретінімді көрді. Темір-терсекке қызығатынымы байқады. Сосын өзі қасына ертіп алып, үйретуге кірісті. Күйеуімді дәнекерлеу ісіндегі ұстазым деп санаймын. Алдымен құрал-саймандардың атын жаттадым. Отты жарқ-жұрқ шашыратып, темірді темірге жалғау алғашында қиын көрінген. Қазір төселіп кеттім. Бала күнгі арманыма тұрмысқа шыққан соң ғана қол жеткіздім, – дейді Айжан күліп.

Бүгінде Алланазар мен Айжан Жетісайдағы жекеменшік мекемелердің бірінде штаттан тыс дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындар арасында танылып үлгерген. Жетісай мен айналадағы ауыл адамдары темір қақпа, сәкі жасатуға қолы алтын шеберлерді жиі іздеп келеді. Одан бөлек, көлік тағы басқа ұсақ-түйек темірдің сынған бөлігін де келіп дәнекерлетіп алатындар көп. Дәнекерлеу жұмысына көктем мен жаз мезгілінде сұраныс артады дейді олар.

- Басында ауыл тұрғындары қауіпсіздікке арналған киімімді киіп, темірді дәнекерлеуге кіріскен түрімді көріп, таңғалып қарайтын. Бірте-бірте көздері үйренді. Қақпа жасаймыз. Темірді қиып, ою оямыз. Қазір жанар-жағармай бекетіне арналған газ құятын темір дөңгелекті дәнекерлеп жатырмыз. Дәнекерлеу ісі еркелік­ пен епсіздікті кешірмейді. Сосын темірді темірге жалғағанда иненің саңылауындай титтей де сызат қалмауы тиіс. Табандылық танытсаң ғана табысқа жеткізеді. Қандай істі, мамандықты болмасын, сүйіп, жақсы көріп жасау керек. Басқалардың қалауымен жүруге болмайды екен. Бұл кәсіпке жүрек қалауыммен келдім. Енді қандай қиындықтар кез болса да шыдаймын, – дейді Айжан.

Ол үйге келген соң білегін түріп тастап, үй шаруасына кіріседі. Темір-терсек, керек-жарақ аспаптарын, ас үйдің аспаптарына айырбастайды. Дәмді тағам жасайды. Отбасының берекесін арттырып, жылулық сыйлайды. Шаңырақтарына қонақ болып бара қалсаңыз, мүлдем басқа Айжанға кез боласыз. Қайсар қазақтың қызы Айжан осындай.

#қазақ әйелдері #кәсіпкер әйелдер

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер