Алтын құрсақты ана

«Алтын алқа» иегері Амандық Қасымбекқызымен сұхбат

- Амандық апа, келін болып түскен алғашқы жылдарыңыз жайлы айтып берсеңіз. Себебі, сіздер келін соғыс кезінде тылда еңбек еткен аналардың тәрлім-тәрбиесін көрген буынсыздар.

- Дұрыс айтасың. Бір қараған адамға біз Кеңес өкіметінің әбден орныққан, соғыстан кейінгі еңсесі көтерілген мамыражай жылдары өмір сүрген  секілді көрінетініміз рас. Әлгінде өзің де айтып өттің. Біздің алдымыздағы аналар соғыстың салдарынан тылда еркек істейтін шаруаларды атқарған, ер мінезді адамдар болды. Тағдыр оларды аямады. Көбінің жүректері қатайып кеткен болатын. Менің енем Үкіш Әлібекқызы отызға толмай жесір қалған, үш баласын ешкімнен кем қылмай жеткізген адам. Отбасымызда ол кісінің айтқаны заң болатын. Артық әңгіме де айта қоймаушы еді жарықтық. Бізге ол кісінің ызбарлана бір қарағанынан өткен ауыр жаза жоқ болатын.  Жолдыбай екеуміз бас қосып, отбасын құрамыз деген шешімге келгенімізде Жөкең «Маған сыйлы болғың келсе, анамды сыйла. Сол кісі не айтса, соны орындайсың» деген болатын. Ер азамат айтқан соң мен көндім. Енемнің айтқан әрбір сөзін жерге тастамадым. Енем марқұм біздің қолымызда ақтық сапарға аттанды. Өле-өлгенше адал қызмет еттім. Қайтарында  жұрттың көзінше мені шақырып алып «Е, қарағым-ай... Атанның жүгі тайлаққа қалды» дегені бар еді. Бұл 1983 жыл болатын. Енемді әлі күнге сағынамын...

- «Абысын тату болса ас көп» деген сөз бекер айтылмаса керек. Бұл жағы қалай болды?

- Енем марқұм алтын адам еді. Бізді бір үйдің балаларындай тәрбиеледі. Үш келінінің балаларын бір-бірінің үйіне жиі қондыратын. Келіндерінің де осы қағиданы ұстануын қадағалайтын еді. Тіпті, келіндеріне  бірінің баласын бірінің бауырына салғызған. Осындай тәрбиеден соң, балаларымыз бір-бірімен құшақтасып өсіп жатқан соң біздің араз болуға хақымыз жоқ болатын.

- Өз шаңырағыңыз, бала-шағаңыз жайлы айта кетсеңіз?

- Біздің отасқанымызға 58 жыл болды. Аллаға тәубе, алтын асықтай ұлдарымыз, күміс қасықтай қыздарымыз бар. 7 баладан 28 немере, 12 шөбере сүйіп отырмыз. «Қыз бала өріс» деген ғой баяғының қазақтары. Қыздарымыз өрісімізді кеңейтіп жан-жаққа кетті. Ал, ұлдарымыздың барлығы осы маңайда. Өз жанымызда. Жолдыбайдың бір көрегендігі өзі алпысқа толысымен мал-мүлкін, шаруашылығын бала-шағасына бөліп берді. Толығырақ тарқатар болсам, мал да, басқасы да олар үшін ортақ. Бірақ, біреуіне мал керек болса қалғандарымен ақылдасып, қалағанынша жұмсай алады. Бір ұлы мал шаруашылығына ие. Қалғандарының соғымы осы баланың мойнында.  Біреуі техникаларға ие болды. Шөп шабу, егін егу осы ұлдың мойнында дегендей. Әр қайсысы осылай өздеріне тиесілі міндеттерді бөліп алып тату-тәтті тұрып жатыр.

Ал, келіндеріме келсем, «Келін қайын ененің топырағынан жаралған» деген сөз бар ғой. Келіндерім жаман емес. Өзім ризамын. Мүмкін, біздің тәрбиеміз жұққан болар. Ың-шыңсыз тату тұрып жатыр. Өзіміз қазір Айтжан деген ұлымызбен тұрамыз. Тазагүл есімді келінім бар. Кеудеме «Алтын алқа» таққан кезімде ырымдап, сол Тазагүлдің кеудесіне «Мен секілді алтын құрсақты ана бол» деп таққан едім. Қазір сол келінімнің өзінің келіндері бар. Жалпы, немере-шөберелеріміз бір үйдің балаларындай бір-бірімен ұмар-жұмар құшақтасып ойнап, бір көрпенің астында ұйықтап жүр.

- Амандық апа, өзіңіз шөбере тәрбиелеп отырған әжесіз. Өмірдің ащы-тұщысын таттыңыз. Елге айтар өсиет, ақыл-кеңесіңіз аз емес. Айтыңызшы, абысындардың алауыздығы қайдан туындайды?

- «Төртеу түгел болса төбедегі келеді. Алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген мақал бар ғой. Осы сөзді  туыстық қарым-қатынас кезінде басты ұстаным етіп алу керек. Қазіргі келіндер бір-бірімен дүние-мүлік жарыстырады. «Ана бауырыңның баласы бүйтіпті, біз де баламызды бүйтейік», «Анау абысыным ауызына алтын тіс салғызыпты. Мен де тіс саламын» деп сау тістерінің орнына алтын тіс салғызатындар да бар. Жалпы, жаман келін болмайды. Нашар ұл болады. Бұның барлығы түптеп келген кезде жәй ғана ұсақ шаруалар ғой. Осындай ұсақ шаруаларға бола араласпай кеткен ағайындар жетерлік. Оны осы өмірімізде көріп, зерделеп отырмыз. Балаларыма, келіндеріме үнемі айтып отыратын ақылымның бірі «Сендер тату болсаңдар мына ағайындылар бір-бірінен ашқашан алыстамайды». Қазақта тек деген дүние бар ғой. Текті жердің балалары ата-анасына жаман сөз келтірмеуге тырысады ғой.

- «Өз балаң өскенше, немерең өлгенше» деген сөз бар қазақта. Бауырыңызға салған немерелеріңіз бар шығар?

- «Бала балдан тәтті. Немере одан да тәтті» дейді ғой атам қазақ. Немерелердің үлкендері әуелгіде біздің бауырымызда болды. Балалардың жасырақ кезінде ештеңе біліне қоймайды екен. Балаларың ер жетіп, олардың да немере сүйетін жасқа жеткен кезінде білінетін дүние екен бұл. Ата-әженің қолында өскен немере өз әке-шешесін тыңдағысы келмей, мойындамай, бұлтақтайтын әдет пайда болады екен. Қазір өзімізге жақын өскен немерелерімізге «әй, әке-шешеңді тыңда. Ертең біз ана жаққа кеткен  соң солардың жанында қаласыңдар. Соларға тірек болуларың керек» деп ақылымызды айтып отырамыз.

- Қазіргі жастардың бала тәрбиелеуіне көңіліңіз тола ма?

- Көп балалы отбасыда өскен балалар бауырмал, еңбекқор болады. Оны мен айтпасам да барлығы біледі ғой. Қазіргі жастар екі баламен шектелуді әдетке айналдырып алды. Біреудің жалғыз қызы мен жалғыз ұлы өсіп келе жатыр айналамызда. Жалғыз болған соң әрине өбектей береді. Ертең олардың ер жететіндігі, бір-бір отбасыға иелік ететіндігі ата-анасының ойына кіріп те шықпайды. Еркіндік пен еркелікті шатастырып алдық. Қазақта  «Балаңды бес жасына дейін патшадай күт, он үшіне дейін құлыңдай жұмса, он үшінен кейін досыңдай сырлас» деген ұғым бар ғой. Сол қағидадан ауытқымасақ көп дүниеге қол жеткізер едік.

- Отбасындағы лидерлікке таласу деген дүниеге қалай қарайсыз?

- Мен мүмкін ескінің адамы шығармын. Бірақ, бізді «Ер азаматты сыйла. Әйел адам ерінен бір саты төмен тұруы тиіс» деп өсірді ғой. Мақалға сүйенсек «Алтын басты қатыннан, бақыр басты еркек артық» деген екен баяғылар. Отбасында әйел адамның рөлі зор. Үйдің ырысы осы әйел адамның ақылына тікелей байланысты. Өзімізге келсек Жөкең даладағы шаруаларды қамдап, атын баптап, ат жүгіртіп жүрді ғой. Мен үйдің шаруасына қарадым. Жөкеңді ел-жұрттың алдында ұялмай жүретіндей  баптап ұстадым.

Қазіргі жастардың осы рөлге не үшін таласатындығын түсінбей өтетін шығармын. Бұл бәлкім қала жастарына тән құбылыс болар. Негізі, әйел адам үшін еркектен жоғары боламын деу бекершілік деп ойлаймын.

- Келін мен ене арасындағы қарым-қатынасқа тоқтала кетсек.

- Қазір тойға барсаңыз жиі еститінің сөзіңіз «Келінімді қызымдай көремін» деп енелер құдалар тарапына уәде беріп жатады. Осы жерде ара-жігін анықтап алатын бір дүние бар. Келінімді қызымдай көремін деп оны тым еркінсітіп жіберуге де болмайды. Әрине, сыйлап, еркелету керек. Тек, келіндіктің шекарасынан асып кетпеуі керек. Келін мен ене ешқашан да бір-біріне жау болмауы керек. Қазақта ене мен келін арасында ешқашан да жаулық болмаған. Бұл Кеңес заманынан қалған үрдіс болса керек. Әйтпесе, біреуі жаққан отты екіншісі әрі қарай түтетіп отыратын жандар ғой. Бұл екеуінің ортасында сабақтастық, түсіністік болуы керек. Менің ұғымымда жастар шаңырақ көтерген соң кемінде екі жылдай ата-енесімен тұруы тиіс. Ене тәрбиесін көрген келін жаман болмайды. Туған шешеміз үйретіп үлгермеген дүниені енемізден үйренген болатынбыз. Одан еш кем болғанымыз жоқ.

- Рахмет, отбасыңыз аман болсын! Шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін.

#өнегелі отбасы

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер