Әлия Жүсіпова жайлы 10 сыр

18.05.2017

Көркем гимнастшы Әлия Жүсіпова ҚР-ның он рет жеңімпазы атанған, Азия ойындарының абсалютті чемпионы, әлем кубогының күміс жүлдегері, дүниежүзілік кластағы гимнаст, «Құрмет» ордені мен «ерен еңбегі үшін» медальдарімен марапатталған.

 – Менің ең алғаш қатысқан Олимпиадам 2004 жылы Афины қаласында өткен жазғы ойындары еді. Қазақстанның көркем гимнастикасын бірінші рет осындай аренаға алып шықтым. Бұл ойындарға қатысуыма септігін тигізген екі адамды ерекше атап өткім келеді, олар – бапкерім Екатерина Панченко және осы спорттың қайраткері Ирина Винер. Грек жерінде өткен айтулы сында төртінші орынға табан тіредім, ал 2008 жылы өткен Бейжіңдегі Олимпиадада 5-ші сатыға жайғастым.

 – 1998 жылы Мәскеу қаласында бірінші рет әлемдік жасөспірімдер Олимпиадасы ұйымдастырылды. Осы додадағы өнерімді Ирина Винердің өзі  тамашалап, тегімді есінде сақтап қалыпты. Жарыс аяқталған соң, оған барып «сізбен суретке түсуге бола ма?» деп сұрадым. Ол болса «әрине, Жүсіпова, болады», – деп жауап қатты. Финалда секірмекпен бесінші орынды иелендім, бұл Қазақстан үшін өте жоғары көрсеткіш болатын. Ирина Винер мені 2000 жылы Ресей астанасында өткен Гран-приде тағы көріпті. Бапкерлеріммен сөйлесіп, Мәскеуде дайындалуды ұсыныпты. Ресейде жаттықсам да өз елімнің атынан өнер көрсете беретін болып келістік.

 – Ирина Винердің мектебінде спорттық ережені бұзу мүмкін емес еді. 16 жасымда мынандай екі жол тұрды: ең жоғары деңгейде жаттығуды жалғастыру немесе жәй өзің үшін күніне бір рет қана спорт залына келу. Мен спортта үлкен жетістіктерге жету үшін бірінші жолды таңдадым.

 – Бұрынғы қарсыластарымның барлығымен жақсы қарым-қатынастамын. Олар да мен секілді – жаттықтырушылыққа бет бұрды. Алина Кабаева, Ирина Чащина, сол секілді Ольга Капрановамен де тілдесіп отырамын. Ольга менің құрметіме өткізіліп тұратын турнирге жыл сайын қатысып отырады.

 – Біздің Шымкенттегі мектепке еліміздің түкпір-түкпірінен жас спортшылар келеді. Мәселен, Қарағанды, Қызылорда, Өскемен, Астана және Алматыдан спортшылар жаттығады. Оларға ыңғайлы болу үшін қонақүй кешені де бой көтерген. Мен Мәскеуде жаттыққан кезде дәл осындай жағдай жасалған еді. Бақытымызға орай, шымкенттіктер үшін де заманауи спорт кешені салынды.

 – Болашақ жарыммен 2007 жылы таныстым. Маған Нұржан есімді жас жігіт хабарласып, Шымкенттегі бір университетте оқығанымызды айтты. Оның өмірде үлкен жетістіктерге ұмтылғыштығы ұнады. Нұржан жарыстарда жүрсем де, гүл мен жеміс жібереп тұрды. Ол Астанада ІІД-де жұмыс жасайтын еді, кейін Шымкентке ауысып келді. 2009 жылдың 12 желтоқсанында оңтүстікте тойымыз өтті. Ұлымыз 2012 жылдың біз үйленген күні дүниеге келді.   

 – Көп уақытым жұмыста өтеді... Балаларымды тәрбиелеуде ата-анам қолғабыс етуде. Оларға алғысым шексіз. Қызымның гимнастикаға икемі жоқ болса да, осы спортпен айналысып жүр. Ұлымның қабілеті бар. Маған ұқсаған. Оны қай спорт түріне беретінімізді уақыт шешеді. 

 – Үй жұмыстарына көбірек араласуыма уақыт тапшылық етеді. Отбасымдағыларды керемет ас мәзірімен қуантып жүргенім аз шығар. Егер қолым тие қалып, тамақ жасасам дәмді шығады. Балаларым ас тәтті болмаса, дәм татпай қоюы мүмкін. 

 – Маған ресейлік жазушы Борис Акуниннің шығармалары өте ұнайды. Оның барлық кітаптарын оқып шыққанмын. Сол секілді Дэн Браунның «Код да Винчи» атты кітабы қатты ұнады. Жақсы көріп қалғаным соншалық, осы шығармаға түсірілген кинодағы музыкамен мұз айдынында өнер көрсеткенім бар. 

 – Менің арманым – Олимпиадада өнер көрсету болатын. Мен оны екі рет орындадым.

Мақала авторы - Мөлдір Қайнар
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады