Кореядағы жұмыс. Аңыз бен ақиқат

Оңтүстік Корея еліне барып табыс тауып келген жігітпен сұхбат

Әлеуметтік желілерде болмаса әлдебір отырыстарда «Басқа елге барып табыс тауып келуім керек» деп отырған талай адамды көрген боларсыз. Тек, солардың бәрі тәуекелге басын тігіп, қоржынын иығына аса салып, қалаған жағына тартып кете алмайды. Жоғары білімің, кәсіби білігің болмаса жоғары жалақыдан дәметпейтінің де рас. Дегенмен, күнкөріс қамымен ел шекарасынан  әрі асушылар күн санап артуда. Біреулер қоржынын асынып Канадаға кетіп жатса, келесі біреулер АҚШ немесе Норвегияға кетіп жатыр. Біздің елден Оңтүстік Кореяға турист ретінде барып, әрі қарай жұмыс істеуге қалып қоюшылар санын санап жатқан ешкім жоқ. Бірақ, дәп осылай табыс тауып жүрген таныстарымыз жетерлік.

Интернетті ашып жіберіп, іздеу жүйесіне «Работа в Корее» немесе «Кореяға» деп толық жазбастан тере салсаңыз, сізге небір жұмыстарды ұсынушылар атып шыға келеді. "OLX" сайтының жұмыс іздеу бөлімінде бұл ұсыныстың жеті атасы тұр. Айына 500 000-700 000 мың теңге ұсынатын бұл жарнамалар адамды еріксіз қол бұлғап шақыратындай. Әрине, бірнеше тілді қатар меңгерген, заманауи технологияларды «шағып» тұрған маман болсаңыз өз елімізден де, басқа жақтан да жақсы жұмыс табатыныңыз анық. Бізді толғандыратын мәселе басқа. Қара жұмыс іздеген қара халықтың сыртқа ағылуы. Бұлардың барлығын «Алатаудай арманын арқалап кеткендерге» жатқыза алмаймыз. Көзімізді ашып, зерделеп қарар болсақ күнкөріс қамымен кебіс сүйретіп кеткендерін байқаймыз.

Жалпы, шетелден жұмыс іздесеңіз елшілік арқылы «Жұмыс визасын» алып, барған жағыңызда алаңсыз жүруге болады. Ал, Қазақстан мен Оңтүстік Корея елі арасында  еңбек келісімі жайлы шарт жасалмаған. Рас-өтірігін кім білсін, ол жаққа жұмыс визасын тек корей қаны бар азаматтар және корей ұлтына тұрмысқа шыққан немесе үйленген адамдар ғана ала алады екен. Басқа елдерге құжат жинағанның өзінде  ол қаншама құжатты талап етеді. Тек, жұмыс іздеушіні ғана емес, жұмыс беруші компанияны да мазалайды. Сырттан  тоқтаусыз келіп жатқан заңсыз күштер тұрғанда сіздің қағазыңызбен кім шабылып жүргісі келсін?  

Сырттан ағылған жұмысшы топ деген кезде мен елімізден барған гастарбайтерлерді ғана меңзегенім жоқ. Оңтүстік Кореяны жұмыспен жаулауға бізден бұрын көршілес Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанның азаматтары барған еді. Бұл мемлекеттердің жұмыс іздеушілерінің қалыптасып алғаны соншалықты, бір-бірін күтіп алу, оны әуежайдан қарсы алу мәселелері өзіндік жолға қойылған. Заңсыз жүрген жұмысшыларды депортациялау кезінде мұндай «алдын-ала ыңғайланған» қатынастар арқасында азамат өз еліне қайтпай, әрі қарай жұмысын істей береді. Жалпы, ол жақта заң бұзбай, тыныш жүрсеңіз полиция қызметкерлері сізді беталды  тексере бермейді екен.

Мың рет естігенше бір рет көзбен көрген дұрыс қой. Қазекем «Естігенің өтірік болар, көргеніңді айт» деп бекер айтпаса керек-ті.  Сіздерді жұрттың алып-қашпа әңгімелерімен емес, өз сыныптасым Серғалым Кейковтың оқиғасымен таныстырмақпын. Серғалым қазір Алматыда тұрады. Ол Оңтүстік Кореяға бармай тұрып та шағын бизнесін дөңгелетіп жүрген жігіт.

- Серғалым, өз шаруаңды дөңгелетіп жүрген жігіт едің. Тап сені шекара асып, басқа елге табыс табуға кетеді деп ешкім ойламаған болар. Оңтүстік Кореяға кетуіңіе не түрткі болды?

- Кореяға бару үш ұйықтасам да түсіме кірмеген дүние.  Алдында мен Қырғызстан жақтан көлік тасымалдаумен айналысқан болатынмын. Сол кезде мен қырғызстандық жігіттермен танысып, олармен қарым-қатынасымды нығайтып алған болатынмын. Әуелі солар кетті Кореяға. Менің шаруам бір қалыпты дөңгелеп жатты. Содан, уақыт өте бізде доллар аяқ асты көтерілді ғой. Сол мезгілде  жұмыс екі-үш ай дұрыс жүрмей қалды. Сол кезде қырғыз таныстарым тағы бір рет «бізге қарай келсеңші» деп хабарласқан болатын. Осылайша аяқ асты шешім қабылдап Оңтүстік Кореядан бірақ шықтым.

- Бұған ата-анаңыз, келіншегіңіз қалай қарады? Олардың тарапынан қарсылық болды ма?

- Әрине, ол кісілер бірден қол шапалақтап, «Алға, қарағым» деп арқамнан қаққан жоқ. Қанша дегенмен бөтен ел, бөтен ортаға кеткелі жатырмын ғой. Оңтүстік Корея дегеніңіз мына тұрған Қырғызстан, Өзбекстан немесе Ресей емес қой. Дегенмен, ол кісілердің аптығын басып, ептеген қарсылықтарына қарамай Кореяға тартып кеттім. Бар-жоғы екі-үш күнде қабылдаған шешім болатын бұл...

- Ол жаққа визасыз ұзақ мерзімге өте беру оңай шаруа емес шығар...

- Виза деген дүниені алған жоқпын. Қазақстаннан  барып Оңтүстік Кореяда бір ай мерзім ішінде  визасыз жүре аласыз. Аэропорттан қырғызстандық достарым күтіп алды. Өйткені мен оларға алдын ала қандай жұмыс істегім келетіндігін айтқан болатынмын. Өзімнің көлік жөндеуге ептілігімді пайдаланып, дәнекерлеуші секілді жұмыс іздегенмін. Олар мені әлдебір заводына жұмысқа тұрғызды.

- Кореяда күнкөріс қамымен жүрген отандастарымыз көп пе екен?

- Мен ол жаққа барған кезде Қазақстаннан жұмыс іздеп келушілер аз болатын. Жұмыс іздеп барушылардың негізгі массасы Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан жақтың азаматтары. Кореяда  үшінші ай жұмыс істей бастаған кезімде біздің заводқа Қазақстаннан балалар келе бастады. Нақтыласам Шымкенттің бір жігіті келді. Сол жақта жүріп түсінгенім, жұмыс іздеушілердің ең аз мөлшері біздің елдің азаматтары. Бұл бәлкім біздің елдегі жағдайдың көршілерімізге қарағанда тұрақтылығы шығар.

- Сіз ол жақта алдын ала үйрену курсынан ө ттіңіз бе?

- Бағана айтып өттім ғой. Мені қырғыз достарым жұмысқа тұрғызды деп. Сол жігіттердің бірі корей тілінде емін-еркін сөйлейтін. Ол мені  жарнама арқылы көліктердің  бөлшектерін дәнекерлейтін жұмысқа тұрғызды. Орысша айтқанда «Аргонная сварка» деген жұмыспен айналыстым.

- Тіл  барьерінен қалай өттіңіз?

- Ол жағынан көп кедергілер болған жоқ. Дәп сол заводта өзбекстандық және қазақстандық  2-3  жұмысшы   болды. Солар қажетті дүниелерді аударып беріп, керек болса көрсетіп отырды. Бүгін істеген жұмысыңды ертеңіне де, одан арғы күні де істейсің. Сол тұрғысынан алғанда тілдің қажеті де болмай қалды.  Осылай-осылай тіл үйрене бастағанымды жасырмаймын. Кейбір корей сөздерін түсінетін дәрежеге жеттім. Мектептегі шала ағылшыншамыз еске түсе бастады. Жалпы, кәрістердің тоқсан пайызы ағылшын тілін біледі ме деп қалдым. Барлығы өз тілінде сөйлейді. Ағылшынша сұрақ қойсаң жауап береді.

- Жат жұртқа жұмыс іздеп барып барлық құжаттарынан айрылып қалатындар кездеседі. Бұл жағынан не айтасыз?

- Өзіме жекелей келер болсам ондай мәселе туындамады. Ондай оқиғаларды естіп те, көріп те үлгердім. Бір дәмханада тамақ ішіп отырғанбыз. Сол жерде тамақтанып отырған өзбек азаматын көрдім. Көршілес ел болған соң жақын тартып, әңгімегелесіп кеттім. Ол өзінің Өзбекстаннан келгенін, күніне елу доллар табатынын айтты. Ал, біз күніне жүз доллар тауып жүрген адамдармыз. Неге осынша төмен айлық алатынын сұрастырсам Кореяға делдалдар арқылы келген екен. Делдалдарына үш мың доллар берсе ғана құжаты қолына тиіп, жақсы табыс табатын жұмысқа кете алады.  Бұл жерде оған делдал болып отырған кәріс азаматтары емес, өздерінің өзбектері екенін де айта кетуім керек. Мінекей, ол жаққа әбден көзің жеткен таныстар арқылы бармасаң сорлап қалуың ықтимал.

- Ол жақтағы жұмыс сағаттарыңыз қанша болды?

- Заводтағы жұмыс сағатымыз таңғы сегізден кешкі беске дейін еді. Ал, кешкі бестен кейін қалып істер болсаңыз сол уақыт аралығында ақшаңды екі есеге артық төлейді. Біздің елден безіп, жат жерге барғандағы мақсатымыз да ақша табу ғой. Сондықтан да бестен сегізге дейін қосымша жұмыс істеп жүрдік. Табысымыз да соған сәйкес төленіп тұрды. Орта есеппен ол жақта айына екі жарым-үш мың доллар табуға болады.  Заводтарда айына  мың сегіз жүз-екі мың доллар төлейді. Ал, егіс алқаптарында одан көбірек айлық төленеді. Орта есепті айға емес күнге шағар болсақ 90-100 доллар алып отырасыз.

- Көшеде тексерістер болып тұрды ма? Депортация қауіпі дегендей тәуекелдер бар ғой.

- Негізі ол жақта ешкімге соқтықпай тыныш жүрсең саған ешкім тиіспейді. Полиция қызметкерлері де бұрыш-бұрышта ұстап алып, әй-шәй жоқ тексере беру дегенді білмейді. Бірақ, Кореядан шығар кезде миграция бөліміне барып, қалып қойған себебіңізді жазып, түсініктеме беріп кетесіз.

- Мәселен, сол жақта тапқан табысыңызды дәл сондай уақыт аралығында өз елімізде табуға болады ма?

- Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның жалақысы екі түрлі ғой. Өмір сүру деңгейлері екі түрлі. Ол жақта айына шамамен жоқ дегенде жеті жүз мың теңге табасың. Ал, ондай ақшаны бізде дәп сол жұмыспен өмірі таба алмайсың ғой. Иә, табуға болады. Бірақ, басқаша жолдармен табу керек. Ал, ол біздің деңгейдегі шаруа емес қой. Әйтпесе, ұйықтап отырып та ақша табуға болатын елдің азаматы екенімізді өзің де біліп отырсың ғой.

- Бардыңыз. Жұмыс таптыңыз. Жатар орын, ас-ауқат деген мәселелер қалай шешілді?

- Мен жұмыс істеген завод ас-суымызды, жатар орнымызды өздері қарастырды. Яғни, таңғы, түскі, кешкі ас дегендерді тегін береді. Жатақханаңыз тегін. Сіздің міндетіңіз тек қана, бас көтермей адал жұмыс істеу.

- Ол жақтың тамақтану мәдениеті бізден тіпті бөлек қой. Кәріс асханасына  тез үйреніп кеттіңіз бе?

- Ол жақтың тамақтары мүлде басқаша. Күріш тағамдары, майсыз, тұзы ас тағамдар және ащы тағамдар көп қолданылады. Бұл біз үшін тез үйреніп кететін дүние емес. Ол жақта нанды біздегідей жемейді екен. Теңіз өнімдерін көп тұтынады. Біздің заводта мұсылман елдерінің азаматтары көп еді. Индонезия, Өзбекстан, Қырғызстан және өзіміздің Қазақстанның азамататрына арнап жеке ас пісіретін. Біздің ұтқан тұсымыз осы болды.

- Завод-завод деп отырмыз ғой. Жұмыс істеген заводыңыз қай қалада еді? Жалпы, қанша ай жұмыс істеп келдіңіз?

- Ол завод Чонан деген қалада орналасқан болатын. Мен ол жерде бес ай жұмыс істедім. Соңғы бір айымда Кореяның оңтүстігіндегі Чаньен деген  кішкентай қалада жұмыс істедім.

- Қоғамның біздің қоғамнан айырмашылығы көзге ұрып тұрады ма?

- Ол жақта тәртіп бірінші орында. Көшелері тап-таза. Ұрлық деген атымен жоқ. Әлдебір дүкенге бір затыңызды тастап кетсеңіз ертесіне барсаңыз сізге сол затыңызды қайтарып беріп тұрады. Көшенің барлығы видео бақылауда. Жан-жағыңнан үңіліп тұратын камералар әуелгіде біртүрлі көрінеді. Жүргізушілері де өте мәдениетті. Сол жақта болған жарты жыл уақытымда көлік апатын көрген кезім есімде жоқ. Дегенмен, «адам үш күннен соң тозаққа да үйренеді» деген  сөз бар ғой.  Ол жақтың «БОМЖдарының» өзі мәдениетті. Көшеде қайыр сұрап отырған адамды көруіңіз некен-саяқ дүние. Үйрендік. Бірақ, бұл сөзім Кореяны тозаққа теңегенім емес. Елімізге келген соң көшедегі бей-берекет әрекетер, адамдардың мәдениетсіздігі бірден сезілді. Мынаны ескеру керек. Мен ол жаққа барғанша аса бір мәдениетті өмір салтын ұстанған адам есетінмін. Ақсүйектік, сырбаздық деген сөздер тап мен үшін айтылмаған болатын. Айналасы жарты жылдың ішінде мен сондай тазалыққа,  адамдардың ішкі мәдениетіне үйреніп қалыппын. Айтпақшы, ол жақтың адамдарының түрі бізден жас көрінетін секілді. «Мынау қырса 45-50 жастағы адам ғой» деп шамалап тұрған адамың жетпістегі қария болуы да мүмкін. Бірақ, сол жетпістен шамалы асысымен адамдары бірден мыж-мыж қартайып кететіндей көрінді. Бұның барлығы тамақтану мәдениетіне байланысты дүниелер шығар.

- Кореяға барып табыс табам деушілерге қандай кеңес бересіз?

- Ол жаққа барам деушілер бар болса, айтарым бір ғана сөз. Корея біздің Қазақстан емес. Еркелігіңді көтермейді. Барып тыныш қана жұмысыңды істеп жүрсең саған ешкім тиіспейді. Басқа елдерден келіп, көлік айдап табыс тауып жүргендер де көп. Полиция қызметкерлері оларды жөнсіз тексеріп жатқанын көзім шалмапты.

- Кореяға барып-қайту үшін қанша қаржы керек? Жалпы, қанша соммамен барған дұрыс?

- Ол жаққа бір айға визасыз баруға болады. Билетті екі бағытқа алуыңыз керек. Бұл дегеніңіз шамамен екі жүз мың теңге көлеміндегі қаражат. Оған қоса қалтаңызда алғашқы айлығыңызға дейін өмір сүре тұру үшін кемі 200-300 доллардай ақшаңыз болуы керек.

- Біреудің қалтасындағы ақшаны санау дұрыс емес. Дегенмен, ол жаққа табыс табуға барғаның жасырын емес. Әкелген табысың бизнесіңді әрі дөңгелетуге жеткілікті ме?

- Кореядан әкелген қаражатым тоқтап қалған бизнесімді әрі жетілдіру үшін  жеткілікті. Көлік жөндеу орталығын ашуды жоспарлап, бастап қойған болатынмын. Маңдай термен тапқан ақшамды осындай игіліктерге жұмсап жатырмын. Ол жақтан табыс тауып келіп, өз еліңде бір бизнесті дөңгелетіп кетуге әбден болады. Қанша жақсы табыс тапқаныңмен ол жақта жүріп елді сағынады екенсің. 

- Кореяда не арзан не қымбат?

- Ол жақта киім-кешек, техникалық тауарлар арзан. Ал, азық-түлік қымбат екен. Бағана бір сөзімде айтып өттім ғой. Бұл жақта нан көп желінбейді. Нанның бағасы біздің теңгеге шаққанда әжептеуір сомма.

- Рахмет, Серғалым! "Кореяға барып табыс табамын" деп жүрген азаматтар үшін көп ақпарат бердің.

"Ер туған жеріне, ит тойған жеріне" деген мақал осыдан шықсы керек. Шекара асып, қомақты қаржы тапсаңыз да соңы ел игілігі үшін жұмсалса  екен дейміз.  Себебі, осынау ұлан-ғайыр дала тек сіз бен бізге ғана керек. 

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер