"Өз болашағымды өзім шешемін"...

Қазақтың талантты әнші қызы Данэлия Төлешеваның айтқандары 

Украинада өткен «Голос.Діти» байқауында талайды тамаша өнерімен таң қалдырған қазақтың қаршадай қызы анасымен Темірлан Төлегеновтың «Камертон» бағдарламасында болып, өнері мен болашағы жайлы толық айтып берді. Сонымен, Данэлия не дейді?

Таланты жайында

«Маған ән айтқан қатты ұнайды. Сол үшін сахнада жүрген шығармын. Талант ол кез келген адамда болатын нәрсе деп ойлаймын. Әр адамды өзінің талантына қарай бағыттай алу керек. Анам ән айтуға қабілетім барын ескере отырып, осы үйірмеге берген. «Голос.Дітидің» көрмей тыңдалым кезеңінде менен «қалай ән айтасың?» деп сұрады. Шынымды айтсам, оларға не деп жауап берерімді білмей қалдым. Қалай бар, солай айтамын! Жалпы, кәсіби әншілікке көтерілу үшін тынбай еңбектену керек. Кәсіби әнші деп, кез келген келеңсіз сәттерде де орындап тұрған әнін керемет алып шығатын адамды айтады. Алдымен, сондай деңгейге көтере алу керек».

Болашақ мамандығы жайлы

«Балабақшада біз «болашақта кім боламыз?» деген тақырыпта ролик түсірген болатынбыз. Мені барлығы да «әнші болғысы келеді» деді. Ал менің мүлде  әнші болғым келген жоқ. Кім болғым келгенін айтайын ба? Даяшы! Иә, иә даяшы... Ал барлығы кеп күлсін. Бұл мамандықты неге бәрі мазақ ететін түсіне алмадым. Одан кейін, әрине әнші болғым келді. Сосын үйірмеге үзбей қатыса бастадым. Жалпы, мектеп аяқтаған соң, қандай мамандыққа баратынымды ойластырған жоқпын. Әнші болмауым да мүмкін ғой. Әлі ол туралы ойланатын жасқа келген жоқпын. Уақыт өте келе жақсылап ойланып, нақты шешім шығаратын болам».

Ақша туралы

«Шығармашылықты ақшамен өлшеуге болмайды. Мәселен мен әнді өзім үшін айтамын. Мақсатым – осы өнерім арқылы ақша табу емес. Кім болғым келеді, болашақта кім боламын? Оның барлығын тек өзім шешемін».  

Данэлияның анасы: «Мен өз баламның арқасында қаржыға кенелуді ешқашан ойлаған емеспін. Қызым қазір аздап ақша тауып жүр. Бірақ, біз оны тойларға ешқашан алып шықпаймыз. Қазір бізге көптеген компаниялар бірлесіп жұмыс жасауды ұсынып жатыр. Болашақта барлығын қарастыратын боламыз. Мұндай жаста біреудің қарамағында жұмыс жасау дұрыс емес деп есептеймін. Бастысы, Данэлияның ән өнеріне зияны тимесе болды».

Атақ жайында

«Күшті өмір сүру үшін атақты болу керек деген пікірді жоққа шығарамын. Күшті өмір – бақытты отбасыда өмір сүріп, айналаңдағы адамдардың да жақсы болуы. Мен үшін атақ – еңбегімнің бір бөлігі ғана. Қаншалықты еңбекетене білсең, соншалықты атаққа кенелесің. Солай емес пе?»

Шығармашылық жоспарлар жайында

«Димашпен, Монатикпен ән айтқым келетін арманым орындалды. Енді Бейонс, Дженнифер Лопеспен бір сахнада ән шырқағым келеді. Сонымен қатар, АҚШ-қа баруды да армандаймын. Жақында осы туралы түс көрдім».

Фонограмма туралы

«Фонограммамен ән айтуды түсінбеймін. Ол көрермендерге деген құрметсіздігіңнің белгісі емес пе? Билет алып, арнайы концертіңе келіп тұрған адамдарға ондай опасыздық жасауға болмайды».

Ән жайлы

«Ағылшын тілінде көп ән айтатынымды мойындаймын. Олардың барлығы ересек адамдарға арналған. Олардың сөздерінен бұрын әуеніне қаттырақ мән беремін». Данэлияның анасы: «Әннің әуені ұнаса, мәтініне үңілеміз. Егер айтуға келетін болса ғана орындайтын болады. Десе де, шешімді қызымның өзі қабылдайды. Әлбетте, тәлімгерімен ақылдасып шешеді».

 

Оқу және сыныптастары жайлы

Данэлияның анасы: «Мен ән айтуына қарсы болдым. Бұл жолды Данэлияның өзі таңдады. Менің арманым балаларыма барынша білім беру. Оқыту, жетілдіру. Қызым екеуміздің арамызда келісімшарт болды: «Ән айтқың келе ме? Алдымен, оқу керек». Данэлия: «Мен үшін бастысы – оқу үлгерімім. Сыныптастарым барынша қолдау көрсетеді, олардың мені көре алмай жасаған іс-әрекеттерін кездестірген жоқпын. Адамдарға қандай қарым-қатынас жасасаң, оның қайтарымы міндетті түрде болады».

Ұлдар жайлы

Данэлияның анасы: «Ешқандай ұл жоқ, 11 жастағы қызға қандай жігіт?» Данэлия: «Мұндай анамен 18 жаста да қандай жігіт? Оларға қатысты өз ойым бар: ақылды болуы керек, сосын мені әр балаларды құрметтеп, сүюі керек. Жақсы жұмыс жасайтындығы да маңызды». 

Сұхбат соңында:

«Ең бастысы – анам мен әкем бірін-бірі сүйіп, құрметтесе деймін... Бізді, барлық балаларын жақсы көргені де маңызды. Ата-аналарыңызға мейірімді болыңыздар. Оларды құрметтеңіздер! Өміріңізде кезіккен, кез келген адамды сыйлай білу керек!».

 

#данэлия төлешова

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер