Тұтынушы өз құқығын қорғау үшін нені білуі тиіс?

12.07.2017

Күнделікті сауда-саттық барысында құқығыңыздың бұзылмайтынына сенімдісіз бе? Дәл осы тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесіне келгенде сан түрлі сауалдардың туындауы заңдылық. Олай болса, тұтынушы өз құқығын қорғау үшін нені білуі тиіс? 

2016 жылдың 22 сәуірі күні ҚР Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын  қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылды.

ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексіне, «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне, «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» заңдарға тиісті өзгертулер енгізілді.

Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасы 1997 жылдан бері жұмыс істейді.

Енді  тиісті талаптарға сәйкес келмейтін әрі сақтау мерзімі өтіп кеткен және қолданылмаған тауарды ауыстырып алу немесе қайтарып беру мерзімі сатып алғаннан бастап 14 күнтізбелік күннен 30 күнге ұзартылды.

Сатушы тауарды сыртқы немесе ішкі витринада көрсетілген құны бойынша сатуға міндетті.

Кез келген қызмет көрсету барысында сатушы тұтынушыға ұсынылған тауар жөнінде ақпарат беріп, өнімінің сапасы туралы хабардар етуге міндетті. Олай  болмаған жағдайда тұтынушы жедел арызданып, тиісті органға шағымдана алады.  

Тұтынушыда тауарды иелену фактісін растайтын құжат  (чек) болмаған жағдайда тауарды дәл сол дүкеннен сатып алғаныңызды куәгерлердің айғағымен дәлелдеуге құқылысыз. Сонымен қатар фото немесе бейне жазба жасауға рұқсат етілді. Болашақта чекті жоғалтып алған жағдайда фото, бейне айғақ арқылы дәлелдей аласыз.

Заң бойынша сіздің сатып алған дүниеңіз мейлі сапалы болсын, мейлі сапасыз болсын, көңіліңізден шықпай қалса, оның тауарлық өңінің, пайдалану қасиеттерінің, пломбалары, түрлі заттаңбаларының, сыртқы мұқабасының сақталу-сақталмауына тәуелсіз, оны дүкеннен сатып алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде ауыстыруға не болмаса төленген құнын қайтарып алуға толық құқыңыз бар. Егер сіз ауыстыруды талап етіп келген сәтте сатушыда (өндірушіде) ауыстырып беретін тауары қол астында болмай қалса, ауыстыру процессін күнтізбелік 10 күннен асырмай орындауы тиіс. 

Тауардың сапасы күмәнді болып сараптаманы қажет ететін болса, оны тексеруге (сараптама жасауға) төленетін ақы сатушы (өндіруші) есебінен өндіріледі. Ал егер сараптама нәтижесі бойынша тауардың кемшілігі жоқ, сапасы мінсіз не болмаса тауар ақаулығы тұтынушының пайдалану нұсқамасын орындамауы немесе дұрыс пайдаланбауы салдарынан туындаған болса немесе тауар тұтынушыға жеткеннен кейін басқа да себептермен бұзылған болса, сараптамаға жұмсалған төлемді тұтынушы төлейді. Тұтынушы сараптамаға өзі немесе өзінің сенімді тұлғаларын қатыстырып процедураның айқындылығына, әділдігіне көз жеткізе алады. Сонымен қатар тауар сапасын тексеруді өз есебінен жүргізе алады. 

Тауарларды айырбастау немесе оған кеткен қаржыны қайтарып алу уақытына келетін болсақ,  тауарда табылған кемшіліктерді тұтынушының келісімімен сатушы (дайындаушы), егер шартта өзгеше мерзім белгіленбесе, тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде жоюға тиіс. 

Әрбір тұтынушы аталған Заңдағы өзгерістер мен толықтыруларды біліп жүргені абзал. Құқықтық сауаттылық тұтынушыға өз құқықығын қорғап қана қоймай, сапалы тауар алып, сапалы қызметке жүгінуіне жол ашады.

Құқығыңыз бұзылған жағдайда «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Астана қаласы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне шағым түсіре аласыз.

Мекен-жайы: Астана қаласы, Желтоқсан көшесі 46 үй. Байланыс тел: +7 (7172) 31–61–81

Мақала авторы - Бақытгүл Абайқызы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз