Тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратқан ғалым

20.04.2017

Күнделікті тұрмысымыздағы полимер ыдыстары мен полиэтилен қаптамалары қолданыстан шыққаннан кейін қоқысқа тасталады. Мұндай заттар топырақта жүз жыл бойы шірімей жатады. Қызылордалық ізденуші Нәзігүл Сәтбаева сондай тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратудың жолын тауыпты. Жас инженер химиялық реакциялар арқылы көлік дөңгелегінің желімін және жиһаздың беткі қабатын сырлайтын бояу жасауға болатынын айтады.


­

– Біз бүгінде эпоксидтеу процесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл процесс 75-95 градус аралығында жасалады. Тәжірибе үшін қарапайым пластмасса бөтелкелері, полиэтилен пакеттері қолданылады. Химиялық тәсілдерді негізге ала отырып, қалдық заттарды қайнатамыз. Процесс 4 сағат ішінде жүргізіледі. Соның нәтижесінде эпоксид шайырын аламыз. Аталған өнім тұрмыста көп қолданылады. Мысалы, оны желім, бояу, лак ретінде де қолдануға әбден болады. Осы тәжірибе арқылы алынған бояулармен жиһаздарды сырлау өте ыңғайлы. Автокөліктердің дөңгелегіне қажетті желімдерді де өзімізден шығаруға мүмкіндік зор, - дейді инженер Нәзігүл Сәтбаева.

Қызылордадағы «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана 2009 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ғылым мен жоғары білімді интеграциялау мақсатында құрылған болатын. Аймақтық зертхана мамандары табиғи және техногенді шикізатты өңдеу аймағындағы ғылыми зерттеулердің деңгейін жоғарылату жолында аянбай еңбек етіп келеді.  Ғылым саласына ерекше жаңалықтар енгізуге белсене кіріскен Сырбойылық ғалымдар  ел экономикасына да үлкен үлес қосуды мақсат етеді. Тың дүниелері арқылы отандық өнімдер қатарын толықтыруды көздейді.

Тағы да оқитындарыңыз