EXPO-2017 көрмесінің арқасында Астана қалай түрленді?

12.06.2017

«Тойдың болғанынан, боладысы қызық» демекші, әлемнің назарын аудартқан EXPO-2017 көрмесі ресми түрде ашылып, алғашқы меймандарын құшақ жая қарсы алуда. Үлкен еңбек пен қомақты қаражат жұмсалған жобаның жемісі қандай болмақ? El.kz редакциясы елімізді бас шаһары EXPO-2017 көрмесінің арқасында қалай түрленді деген сауалдарға жауап іздеп көрді. 

Астанаға ат басын тіреген меймандардың назары қайда ауады? Әрине алдымен теміржол бекетінің сәулеті, инфраструктурасы, вокзал қызметкерлерінің қарым-қатынасы, қызмет көрсету сапасы деп тізе берсек көп. EXPO-2017 көрмесі қарсаңында пайдалануға берілген жаңа теміржол бекетінің сәулеті ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. ТМД елдерінде баламасы жоқ, соңғы үлгіде салынған «Нұрлы Жол» жаңа вокзалы тәулігіне 35 мың жолаушыны өткізе алатындығымен ерекше. 

Вокзал ғимаратының аумағы 120 мың шаршы метр. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған такилдік жолдар, Брайл әліпбиімен ақпаратты табло, арнайы касса қызмет көрсетеді. Негізгі күту залынан бөлек әлемдік талаптарға сай қонақүй бөлмелері, қолайлы сақтау қоймалары, ана мен бала бөлмесі, медициналық кеңселер, фудкортттар, мейрамханалар, 1500 орындық ішкі және сыртқы паркингтер қамтылған. Ғимарат қуат үнемдегіш лифтілермен эскалаторлармен қамтылып, жылу жүйелері қыста ауаны жылытса, жазда салқындатады. Жаңбыр суын жинап, оны қасбетті жууға пайдаланып, жақын аумақты көгалдандыруға жұмсалады. Жолаушылардың кезек күтіп қалмауын болдырмау үшін кезекті басқарудың замануи қондырғысы, билетті электронды сату жүйесі, Интернетке шығу мүмкіндігі жасалады.

Астанаға пойызбен емес, ұшақпен келген қонақтарды да тосын сый күтіп тұр. ЭКСПО көрмесіне орайластырып «Нұрлы Жол» бағдарламасының аясында Астана Халықаралық әуежайын кеңейтуге шешім қабылдаған болатын. Егер осыған дейін әуежай жылына 3 млн адамға қызмет ететін болса, жаңа терминалмен бұл цифр 7,5 миллионға көтерілді. Жаңа әуежайдың арқасында ЭКСПО көрмесіне келушілерде кептеліс, кезекке тұру секілді қиындықтар туындамайды. 

EXPO-2017 павильонына жақын қашықтықта орналасқан «Мега Silk Way» сауда ойын-сауық кешені бой көтерді. Кешен жаңа вокзал секілді Қазақстандағы ең үлкен ойын-сауық кешені болып табылады. Кешен бір айдың ішінде 1 млн адамды қабылдай алады. Ал EXPO-2017 кезінде келушілер саны екі есеге дейін өседі деп жоспарлануда.  Ғимарат әлемдік Building Research Establishment Environmental Assessment Method стандартына сай салынған. Бұл дегеніміз, ғимарат барлық экологиялық стандарттарға сақталған. Бұл да әуел бастан Әлемдік көрменің бір жоспарына енген. Жаңа ғимараттағы дүкендердің бірінші қабатының биіктігі 5 метр болса, екінші қабаты 7,5 метрге жетеді. 

EXPO-2017 көрмесінің қарсаңында Астанада «жасыл энергия» талаптарына сай келетін тұңғыш ғимарат тұрғызылды. «Талан Towers» деп аталатын алып ғимараттың құрылысы бес жыл бұрын, нақтырақ айтсақ 2003 жылы басталған еді.  Әлемге әйгілі «The Ritz-Carlton» бес жұлдызды қонақ үйі бар бұл ғимарат Астананың көркіне – көрік қосып тұрғаны анық.

1893 жыл. Джордж Вашингтон Гейл Феррис есімді инженер Бүкіләлемдік көрмеде айналаны шолу дөңгелегін таныстырды. Бұл Америкалықтардың Париждегі Эйфель мұнарасына жауап ретінде ойлап тапқан өнертабысы еді. ЭКСПО көрмесінде таныстырылған айналаны шолу дөңгелегі Астанада да бой көтерді. Биіктігі 22 қабатты үймен теңесетін айналаны шолу дөңгелегі Астана күні қарсаңында қала тұрғындарына сыйлық ретінде ұсынылмақ.

Қала тұрғындары мен келген қонақтардың жүріп-тұруына барынша жағдай жасау мақсатында маңызды көшелер мен даңғылдарға автобус жолақтарын енгізді. Сондай-ақ, қала әкімшілігі экологиялық таза есептелетін 300 автобусты көпшілік қолданысқа жіберді. Жаңа жолақтармен автобустар ғана жүре алады. Мұндай өзгерістер көлік иелерінің ашуын туғызғанымен, автобуспен жүретін халыққа өте ыңғайлы болмақ.

Үлкен ғимараттармен қатар қаланы безендіруге де үлкен көңіл бөлінді. Мысалы: Есіл өзенінің жағалауында қоладан құйылған түрлі ескерткіштер пайда болса, сулы-жасыл бульвар бұрын-соңды болмаған әсем гүлдермен безендірілді. 

 

Мақала авторы - Рүстем Әлпи
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз