Жүсіпбек Қорғасбек – публицист

06.10.2017

Әдетте қаламгердің қолынан шыққан кез-келген туынды публицистика бола бермейді. Сол сияқты кез-келген журналист те публицист бола алмайды. Журналист – ақпаратты еш қоспасыз сол қалпында жеткізуші ғана. Ал қоғамдық пікір туғызатын, сараптамалық, сыни мақала жазатын адамдарды  публицист деп атау керек. Латын тілінде публицистика қоғамдық, халықтық деген мағынаны білдіреді екен. Яғни әлеуметтік мәселелер қамтылатын туындылар публицистика болып саналады. Осының негізінде қоғамдық пікірлер айтылуы тиіс.

Қоғамдық мәселелерді көтергенде ғана, публицистиканың әсер-ықпалы зор болады.  Орыстың белгілі журналисі А.Аграновскийдың айтуынша, қай жерде ой болса, сол жерде публицистика болады. Жақсы жазатын адам жақсы дүние жазбайды, жақсы ойлайтын адам жақсы дүние жаза алады,  дейді.  «Әдебиеттану терминдерінің сөздігінде» публицистикаға біршама жинақы анықтама берген:  Көсем сөз – әдебиет пен журналистиканың қоғамдағы көкейтесті, өткір мәселелерді қозғайтын саласы. Көсем сөздің мақсаты – нақты саяси, экономикалық, әлеуметтік, философиялық мәселелерді көтере отырып, өз кезеңіндегі қоғамдық ойға ықпал ету. Көсем сөз – мерзімді баспасөз бетіндегі көптеген жанрға бірдей қатысты ұғым. Сондықтан, көсемсөзшілер айтпақ ойын жеткізу ыңғайына қарай, кейде памфлет, кейде эссе, мақала, ашық хат, кейде фельетон жазып жариялайды». Демек, өз ойын оқырманмен еркін бөлісетін, саясаттан да, әдебиеттен де бірашама хабары бар, біршама әлеуметтік мақалалары жарық көрген, өзіндік жеке пікірі қалыптасқан Жүсіпбек Қорғасбекті публицист деуге  толық негіз бар және бүгін оның публицистикасына талдау жасайтын боламыз.

Қай заманда да, халыққа көзінің ағы мен қарасындай болған, халықтың жоқ-жітігін түгендеп, халықтың жадында мәңгі жатталып қалатын тұлғалар болады. Өткен ғасырдың басында Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, Ж.Аймауытов секілді тұлғалардың үлкен шоғыры болды. Одан кейінгі жылдарды әдеби-мәдени өмірде М.Әуезов, соғыс жылдары Б.Момышұлы, ғылыми ортада Қ.Сәтбаев, өнерде Ш.Аймановтай аты аңызға айналған тұлғалар болды. Олардың ел рухын көтерудегі атқарған қызметтері аңызға ұласып кетіп жатты. Жүсіпбек Қорғасбек 1995 жылдары өзінің «Тұлға тұтар кімің бар, елдің айтар мұңы бар» мақаласында нарық заманындағы халықтың рухани байлығы, рухани күш-қуаты қай деңгейде деген сауал тастап, осындай өтпелі заманда халық үлгі тұтатын, рухани кемел тұлғалар бар ма, бар болса неге үнсіз?-, деген ойды айтады. Тұлғаға да өсіп-жетілетін орта керек, ол үшін әдеби-мәдени, рухани ортамыздың жағдайын жақсартуымыз керек дейді.  Ж. Қорғасбек публицистикасында тарихи тұлғалар жайлы жазылған материалдар аз емес. Әсіресе,  бас редактор ретінде Ж.Қорғасбектің көтерген үлкен тақырыбы – Шыңғысхан, осы Шыңғысхан тақырыбын алғаш «Қазақ әдебиетінде» көтеріп, үлкен пікірталасқа айналдырған және әлі күнге дейін жалғастырып келе жатыр. «Қазақ әдебиетінде», «Жас Алашта», «Алқа» журналында сұхбаттар өтіп, «Білім және мәдениет» телеарнасында 6-7 хабар түсірілді.

Ең алғаш «Қазақ әдебиетінде» Әмірхан Балқыбектің «Шыңғысхан жайлы шындық неге біржақты бейнеленуге тиіс?» атты көлемді мақаласы жарық көрді. Автор М.Шахановтың «Жазагер жады космоформуласы» шығармасындағы Шыңғысханның қатыгез бейнесін сынға алады. Л.Гумилевтің «Құпия патшалықты іздеу» кітабына сүйене отырып, Темучиннің өз бауыры Бектерді өлтіруін жеке басының мүддесі үшін емес, елді қайта біріктіру мақсатында сатқындыққа жол берілмейтіндігін, сатқындық жасаған бауырды да аяуға болмайтынын көрсету үшін деп түсіндіреді. Адамзат тарихында өшпес орнын қалдырған Шыңғысханды қалай зерделеп жүрміз, Шыңғысхан Шаханов бейнелегендей рухани құбыжық па деген сауал тастайды. Бүгінгі Қазақстанның алып жатқан территориясы Шыңғысханнан қалған мирас. Жаулап барған жеріндегі халықтың діни сеніміне қиянат жасамау да Шыңғысханнан қалған өнеге. Тіпті Шыңғысханның әйелі Бөртеге шексіз құрметпен қарауының өзін  автор бүгінгі азаматтарға үлгі етіп көрсетеді. Компас, қағаз, оптика секілді өркениет үлгілері де Батысқа Шыңғысхан жорығы арқылы жеткен.  Осындай тарихи деректер арқылы автор Шыңғысханның Шаханов романындағы әдеби кейіпкерден тіпті басқа екендігін дәлелдеп шыққан. 

Ә.Балқыбекпен тұспа-тұс «Қазақ әдебиетінде» Қалтай Мұхамеджановтың сұхбаты шыққан еді. Онда белгілі драматург отыз жыл бойы архивті ақтарып, Шыңғысхан туралы дерек жинап, жіті зерттеу жүргізсе де Шыңғысхан туралы жазуға шамам жетпеді деп өкінеді. Талантты актер Нұрмұхан Жантөрин де өмір бойы Шыңғысханның рөлін сомдауды армандаған. Ж.Қорғасбектің  Шыңғысханға қызығуышылық танытуы соншалық, «Жас Алашқа» редактор болып келгенде де оны есінен шығарған жоқ. 2002 жылы «Жас Алашқа» Бабақұмар Қадыртегі жазған «Шыңғысхан неге Шыңғыс аталды?» мақала  шықты. Мұнда автор Темучиннің қалай Шыңғысхан аталғанын Рашид ад Дин, Д.Оссон, Дж.Банзаров, Б.Владимирцев т.б.  ғалымдардың еңбектерін келтіреді. Қалай дегенмен де, Шыңғысханның есімінде бір құдіреттің жатқаны рас деп түйіндейді. Шыңғысханға байланысты «Жас Алашқа» тағы бір материал – Айгүл Халық пен Асанәлі Әшімовтың блиц-сұхбаты шықты. Белгілі режиссер Болат Мансуровтың «Саага древних бульгар» атты 8 сериялы фильмінде А.Әшімов Шыңғысханның рөлін сомдаған болатын. Сұхбатта ол «Шыңғыс хан қатал болса да, қанішер етіп көрсеткім келген жоқ» деп ағынан жарылады. «Шыңғысханның басты идеясы – бүкіл әлемді бір шаңырақтың астына біріктіру. Осы уақытқа дейін қатал адамды қанішер етіп көрсеткісі келетін қатып қалған бір дағды бар. Мен олай еткім келген жоқ. Фильмде Шыңғысханның «Әттеген-ай, соғыссыз болмайды екен-ау» деп өкінетін тұсы да бар» деп, Шыңғысхан туралы теріс пікір айтуды қолдамайтындығын білдіреді актер.  

Кейінірек «Халық сөзі» газеті мен «Мәдениет» телеарнасының біріккен жобасында бір ғана Шыңғысханға арнап 6-7 хабар түсірілді. Алғашқы хабар «Шыңғысханды Джон Мэнше талдасақ» [4] деп аталады. Мұнда Жұлдыз Әбілдә, Талас Омарбеков және Жүсіпбек Қорғасбек ағылшын зерттеушісі Джон Мэннің «Шыңғыс ханның көшбасшылық құпиясы» деген кітабын талқылайды.  Дәл мұндай терең бойлаған материалдар әлі күнге дейін некен-саяқ. Әдетте Шыңғысхан туралы  «қазақ па, қазақ емес пе, жауыз ба, жауыз емес пе» деген сыңайда ғана жазылып жүрді. Моңғолдың ұлт болып қалыптасуы  Шыңғысханнан бастау алады деп жазған Джон Мэн.  Ал қазақ атауы ХV ғасырда шыққандықтан, Шыңғыс ханды бүкіл түркі халқына да, моңғол ру-тайпаларына да ортақ тарихи тұлға деп қарауымыз керек.  Және осы кітаптан Дж.Мэннің көп іздегенгенін байқаймыз. Шыңғысханның қабіріне дейін іздеп, тіпті Шыңғысханның бала күнінде иттен қорыққанын да жазған. Кейбір жұртшылық Шыңғысханды Гитлерге теңеп жатқанда, Джон Мэн Шыңғысхан мен Гитлерді салыстырып, екеуінің үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын дәйектеп жазды. Одан бөлек, Шыңғысханның 21 көшбасшылық қасиетін тізіп жазған. Осы орайда Ж.Қорғасбек автор осы 21 қасиетті тәуелсіз көзқараста жазған ба, фанатизм орын алмады ма деген сауал тастайды. Дж. Мэн Шыңғысханның байсалды болғанын, кез-келген жауына құрметпен қарап, күшін бағалайтынын, әйел баласына ешқашан дөрекілік танытпағанын нақты деректер арқылы келтірген, сондықтан обьективті түрде жазылған кітап екеніне күмән жоқ деп авторлар сырттан әкелінетін баспа өнімдерден  шошынбай, қазақ оқырманының дүниетанымына қажет, көзқарасымызды кеңейтуге керек кітаптарды көптеп аудару керек деген тұжырым жасайды.  

Қазіргі кезде Шыңғысхан тақырыбына қалам тартатындар көбейіп жатыр. Біреу біліп жазады, біреу білмей жазады. Қалтай Мұхамеджанов отыз жыл бойы зерттесе де, шамасы жетпеген Шыңғысхан туралы ерінбеген екі адамның бірі жазатын болды. Әсіресе Шыңғысхан туралы жазылған көркем шығармаларда шындыққа жанаспайтын жөн-жосықсыз пікірлер қаптап кетті. Дәл сол сәтте Ж.Қорғасбек тарихшы Зейнолла Сәнік пен түркітанушы, моңғолтанушы Нәпіл Базылханды шақырып, М.Мағауиннің бірнеше кітаптан тұратын «Шыңғысхан» деректі хикаясын талдады М.Мағауиннің ғылыми деректерді жақсы пайдаланғанын, көшпенділердің киген киімі мен жеген тағамына дейін жазғанын атап өтеді. Ал Шыңғысханды түркі деп, «бабамыз» деп іштартып жазғаны – тарихты жаңа көзқараспен жазғаны деп бағалайды. Кенесарының, Қасым ханның, Абылай ханның атасы – Шыңғысхан, Алтынорданың негізін қалаған да сол. «Құпия шежіредегі» моңғолдарға таңсық болған 700 сөз түгел қазақша болып шыққан. Шыңғысхан көне түрік дәуірінің, Күлтегін заманының, Ғұн империясының дәстүрін жалғастырды, моңғолдар да түркі әлемінің бір бөлшегі. Тек Ресей мен Қытайдың «Көшпенділерді көшпенділермен» саясатының кесірінен бізден алшақтап кетті деген пікір білдірді тарихшылар.

Мақалада Мағауинның кітабынан бөлек,  Шыңғысханның туған жері, оның қай тілде сөйлегені, ұстанған діні, Заң шығаруы жайлы біраз құнды дүниелер айтылған.  Бірнеше томдық кітапты бір хабарда талдау мүмкін емес әрине, Ж.Қорғасбек тақырыпқа тереңдей түсу үшін тағы бір түсірілімді «Шыңғысхан империясындай адал мемлекет дүние жүзінде болған емес» деп атап, Шыңғысханға арнайды.  Бұл жолы Шыңғысханды түркілікке жақындататын не нәрсе, Шыңғысханды қай жерде хан көтерді, моласын табу мүмкін бе, Шыңғысханға байланысты қазақ ғалымдары қандай еңбек жазды деген мәселелер көтерілді. Шыңғысханмен қатар өмір сүрген Әл-Әсирдің сөзін келтіреді, онда: «Шыңғысхан алғыр, ақылды, шешімді саясаткер, ұйымдастырушы еді. Ол ежелгі Шың (Қытай), араб заңдарын аударып, өз қауымына лайық келетін Ясак деген заң жазды. Сол заң бойынша әрбір дін, әрбір қауым құрметті саналды. Сол себепті ол құрған мемлекетте сүниттер мен шейіттер, буддистер мен яхудилер, христиан мен түріктер, армиандар бір әке, бір шешеден туғандай тату- тәтті өмір сүрді»,- делінген. Тағы бір айта кететін жайт, көне шаһар Отырарды зерттеп, археологиялық жұмыстар жүргізгенде ғалымдар ешқандай күл таппаған.  Отырардағы үлкен кітапхана өртенді деген әңгіме шындыққа жанаспайды, керісінше Шыңғысхан Отырарды араб-парсылардан құтқарды. Шыңғысхан болмағанда, араб, парсы немесе қытайға жұтылып кетер едік, мұндай үлкен территориясы бар мемлекет болмас едік деген пікір айтылады.  Бірақ, бұл пікірмен келіспейтін зиялылар болды және сол кісілердің қатысуымен (М.Шаханов, Ә.Дәулетханов) Шыңғысханға арналған тағы бір хабар түсірілді.

Көрнекті ақын Мұхтар Шаханов Шыңғысханды 900 қаланы қиратқан, гүлденген мәдениеттерді жойып жіберген, миллиондаған адамды о дүниеге аттандырған қатыгез деп біледі. Ал тарихшы Әлімғазы Дәулетханов «Рулық-тайпалық көзқараспен келсек, Шыңғыс ханды өзімізден алыстатып аламыз» деп, Шыңғысханның ұлтына, руына қатысты әңгімені ұсақтық, рушылдық пен жершілдіктен шыққан мәселе, ақылға сыймайтын дау деп бағалайды. «Рас, бізді ел қылып кеткені талас тудырмайды, бірақ Шыңғысхан моңғол мемлекетін құру үшін, соның өшпеуі үшін күрескен адам. Біздің таласқанымыз орынсыз», - дейді. 2002 жылы «Жас Алаш» газеті Ресейдің «Труд» газетінде жарық көрген Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтың «Опасный фетиш Чингизхана» эссе-сұхбатын «Шыңғыс ханға деген қатерлі құлышық» деп аударып басты. Эссе – бұл әр түрлі тақырыпта ой толғауды білдіреді, адам танымына эмоционалды әсер ететін жанр, автордың ішкі жан дүниесінен өткен туындыны эссе деп атаймыз. Шыңғысхан жайлы сұхбатта да М.Шаханов Шыңғысхан қиратқан Отырардың перзенті ретінде Шыңғысханды ұнатпайтынын, оны қатыгез, жауыз адам ретінде бағалайтынын, Мағауинның шығармасындағы Шыңғысханның бейнесімен келіспейтінін айтқан. Бәз біреулер қазақтың екі Мұхтарын бір-біріне қарсы қойды, қырқыстырды деп ойласа, енді біреуі пікірталас туды, Шыңғысхан туралы пікірталас көбейді, дискуссия пайда болды, біраз қызықты мәліметтер белгілі болды деген ойда.

ХІІІ ғасырда  жазылған «Моңғолдың құпия шежіресі» туралы сұхбат жасады. Бұл сұхбатқа жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы мен осы еңбекті қазақшаға аударып, зерттеген Тілеуберді Әбенайұлы қатысып, кітаптың өн бойынан қазақылық есіп тұр дейді. Мәселен, кітапта қазақтың ру-тайпалары толық айтылады және кітапта айтылған Бұрхан, Түрген, Шарын, Қапшағай, Қарқара, Жете, Ілеті, Құлжа, Нарат, Талқы секілді жерлер Қазақстанда орналасқан. Шығыс Қазақстан облысында Шыңғыстай, Шыңғыстау, Шыңғыс шоқысы, Шыңғыс сайы секілді жерлер бар.  Моңғолдарға таңсық болған 700 сөздің қазақша болып шыққанын жоғарыда айттық. Шыңғысханның біздің жерде туып, біздің жерде хан көтерілуі бек мүмкін дейді қонақтар. Журналистің міндеті пәтуа шығару, ақыл айту емес. Тек қана қозғау салу. Ж.Қорғасбек те Шыңғысхан туралы біраз сұхбат жасап, пікірталасқа түрткі болды, нәтижесінде біраз шындықтың беті ашылды, түрлі пікірлер айтылды.

Қазаққа әлдеқашан о дүниелік болған Шыңғысханнан не пайда? Аттила мен Бейбарыстан не пайда? Тарихымыздың тереңде жатқанын, өркениетті ел екенімізді осындай тарихи тұлғалар арқылы көрсете аламыз. Шыңғысхан тақырыбы қызу талқыға түскеннен кейін, Ж.Қорғасбектің Аттила туралы хабар түсіргенін айтпай өтуге болмайды. Түсірілімнің қонақтары «Аттила» кітабының авторлары Еренғайып Омаров пен Самат Өтениязов болды.  Әрине, ғұндардың тікелей мұрагері – қазақтар екеніне ешқандай дау жоқ,  Аттиланың балалық шағы қалай өтті, билікке қалай келді, Еуропа халқы Аттиланы не үшін құрметтейді, кімдер зерттеді деген тақырыпта өрбіді. Әлкей Марғұлан ғұндардың мәдениетін 11 салаға бөліп зерттеген. Шоқан Уәлиханов та Санкт-Петербургте осы тақырыпқа қызығушылық білдірген.

Қытайда дүниеден озған талантты жазушы Қ.Шабданұлына ең алғаш іздеу салған да Ж.Қорғасбек.  «Қазақ әдебиеті» газетінде істеп жүргенде Қ.Жұмаділовты көмекке шақырып, жоғары билікке Қ.Шабданұлын қорғау ақтау, елге әкелу жайында хаттар ұйымдастырды, Қажығұмардың жазған хатын газетке шығарды.  «Қажығұмар мен Қажыгелдиннің айырмасы неде?» мақаласында: «Бізді кімнің тағдыры көбірек алаңдатады? Қажығұмар тар қапаста ботқа жеп отыр. Ал Қажыгелдин атақты «Барвиха» санаторийінде емделіп жатыр. Қажығұмар Қазақстанға жете алмай отыр. Қажыгелдиннің қайтқысы жоқ. Қажыгелиннің жиған дүниесі өз тұқымына мұра. Қажығұмардың жазған дүниесі бүкіл ұрпаққа мұра», деп сол кездегі атышулы саясаткер мен атамекеніне келе алмай отырған жазушыны салыстырады. Жалпы, Ж.Қорғасбек – өте ізденгіш журналист, мақала оқылымды болу үшін тақырыбынан бастап, жазылу формасына, үтір-нүктесіне дейін мән беретін адам. Мәселен, Қажығұмар туралы жазған тағы бір мақаласы «Кенесарыдан Қажығұмарға дейін» фантастикалық жанрда жазылған. 1937 жыл мен бүгінгі заманның көрінісін бір келтіріп, Қажығұмардың түрмеден шыққанын, жаңа жылдың жақсы жаңалықпен басталғанынайтып, халықтан сүйінші сұрайды. Бір өкініштісі, Қажығұмар Шабданұлына елден топырақ бұйырмады, бірақ біз оның атын біз таныдық, халқы таныды Қажығұмарды. Шығармалары елге жетті, 6 томдық қылмыс романы жарық көрді. Қажығұмарды халқымен табыстыруда Ж.Қорғасбектің еңбегі ерен деуге болады.

Жүсіпбек Қорғасбек публицистикасындағы тағы бір тарихи тұлға – Тоқтар Әубәкіров.  Ғарышқа ұшпай тұрып-ақ, Ж.Қорғасбек Тоқтарға арнап «Батыр Қазақ» очеркін жазды. Тоқтарды алғаш елге танытқан мақала осы болды. «Батыр Қазақ» деп очерк жазу  – желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ рухының біршама  көтереліп қалғанының көрінісі еді. 1989-жылы Тоқтарды ел тани қоймаған кез. Бірақ, сол кездің өзінде Тоқтар Әубәкіров – Cовет Одағының батыры, «Алтын жұлдыз» медалін, Ленин орденін алған І класты сынақшы-ұшқыш болатын. Мүмкіндікті қалт жібермей, Шымбұлаққа демалуға келген батырмен тілдесіп, көлемді очерк жариялады.

Портреттік очерктің негізгі мақсаты сол, адам бейнесін сомдай отырып, оның характерін ашу. Оның іс-тәжірибесін, өмірдегі табысып көрсетіп, кейіпкер өмірінің жеке сәттерін бөліп қарастырып, оның рухани әлемін ашу. Бұл очеркте де батырдың балалық шағынан бастап, өсу кезеңі, ажал аузынан аман қалып, аэродромға аман-есен қонғанда, Тоқтардың туған өлкесін, тай-құлындай тебісіп өскен достарын ойлауы, қарияларға сәлем берсін, атажұртын көрсін деп өзімен бірге екі ұлын әкелуі, тағдыр тауқыметін көп көрген қара баладан бастап, Совет Одағының батырына дейінгі бүкіл өмір жолын шебер суреттеп көрсеткен.  Сүйенер ешкімі жоқ жас бала кешкі мектепте оқып, жүкші болып жұмыс істеп, кәмелет жасқа толмай жатып-ақ «Құрмет кітабына» есімі жазылған. Кейінірек өзі армандаған ұшқыштарды даярлайтын жоғары әскери  училищеге оқуға түскен. Осылайша, қайсар мінезді қазақ жігітінің жылдан-жылға тасы өрге домалай берді.  Әрине, сын сағаттарда ұшақтың тежегіші істен шығып, ажалмен талай бетпе-бет келген кезі де болған, ол сәтте батыр болайын, атақ жинап қалайын деп ойламайды, тек команданың еңбегін еш етпей, ұшақты аман сақтап қалуды ғана ойлаған. Материал шыққан күні-ақ, Ж.Қорғасбекті Орталық комитетке шақырып, «Бүкіл қазақты батыр деп отырсың» деп шүйліккен. Бірер күн өткен соң, «Батыр қазақты» сол кездегі үкімет басшысы Н.Назарбаев көмекшісі Әділ Ыбыраев арқылы сұратып алып оқып, «Ғарышкеріміз дайын, ол – Тоқтар Әубәкіров» деп хабарлап та жіберген болатын.   Демек, Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшып, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер атануына Ж.Қорғасбектің жазған материалдары тікелей әсер етті деуге толық негіз бар.

Сол жылы желтоқсан айында Тоқтар баптап ұшырған жаңа МИГ-29 ұшағы әлемдегі ең ұшқыр деп мойындалып, халықаралық дәрежеде жүлде алғанын, онымен бірге Т.Әубәкіровтің есімі қатар аталғанын Ж.Қорғасбек («МИГ-тің қас-қағым сәті») сүйіншілеп жазған болатын. 1991 жылы Т.Әубәкіровты космосқа ұшуға мүмкіндік алғанын да Ж.Қорғасбек алғашқылардың бірі болып хабарлап, оның «Туған тұғырдан ғарышқа!» мақаласы Қазақ әдебиетінің бірінші бетінде жарық көрді. Онда «Қазақ азаматының ғарышқа ұшуы – қазақ жерінің осыған дейін космосты игеруге қосқан үлесінің символы іспеттес көрінеді», деп өзінің жүрекжарды лебізін білдіреді. Баспаның тапсырысымен және Жүсіпбек Қорғасбектің авторлығымен Тоқтар туралы шағын кітапша шығарылған және жүз мың данасы түгел сатылып кеткен.

1992 жылы еліміз жаңадан тәуелсіздік алған тұста «Қазақ әдебиетінде» «Заманымыздың жаңа адамдары» айдарымен  Тоқтар туралы тағы бір материал жарық көрді («Тоқтардай ұлың барда» Онда қазақтың тұңғыш ғарышкері тәуелсіз Қазақстанда ғарыштан алынған мәліметтерді зерттейтін ғылыми орталық ашылу керек, Мәскеудегі ҒЗО «Энергода» сақтаулы тұрған Қазақстанға қатысты деректерді, суреттерді, құжаттарды тезірек елге қайтару керек деген мәселені айтады. Арал апатына байланысты болжамдары, құнды мәліметтері барын жеткізеді. Туған жерден шалғайда жүрсе де, Т.Әубәкіровтың ұлтжандылығына журналист тәнті болады. Тағы бір жақсы жаңалықты, Н.Ә.Назарбаевтың 16 наурыздағы жарлығымен, Т.Әубәкіровке авиация генерал-майоры атағы берілгенін халқына қуанышпен хабарлайды.  

1996 жылы Тоқтар Әубәкіров 50 жасқа толғанда Ж.Қорғасбектің  «Тұңғыш»  атты сұхбаты жарияланды.   Мұнда Тоқтардың Батыр атағын қандай жанкештілікпен алғаны, Қазақстандағы ғарышты игерудегі жетістіктері, Байқоңыр ғарыш айлағы, Байқоңырдың айналасындағы елді мекендердің жай-күйі, Тоқтардың саяси көзқарасы туралы тағылымды әңгіме өрбіген.  2002 жылы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқан күні «Жас Алаш» газеті ғарышкерге іздеу салды. ол туралы «Үш аюда атбегілікпен айналысып жүр»  деп жазды. Оның 1991 жылы ғарышқа ұшуы ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің нышанындай еді деп жазды.

Өткен ғасырдың отты жылдарында Қазақстаннан 500-дей Совет Одағының Батыры шыққаны белгілі. Іздеушісі болмай, белгісіз, елеусіз қалған батырлар қаншама. Ж.Қорғасбек Әлия мен Мәншүк секілді Совет Одағының батыры атағына ұсынылған үшінші қазақ қызы  – Алтыншаш Нұрғожиноваға іздеу салып, ол  туралы сериялық мақалалар жазды. Серия (немесе цикл) – бір тақырыпта бірнеше материал жазылып, жазылып қана қоймай, сол материалдардың арқасында белгілі бір нәтижеге қол жеткізетін мақалалар жиынтығын айтамыз.     Алтыншаштың ерлігіне арнап,  украиналық ақын Михаил Александрович Левченко өлең жазып, өлеңі 1944 жылы «Патриот Родины» газетінде басылған. А.Нұрғожинова екі фашист танкісін жойып, қарулас достарын бір топ неміс фашистерінің қоршауынан аман алып шығып, өзі ерлікпен қаза тапқан, алайда ол туралы бүгінгі ұрпақ ешнәрсе білмейді. «Кеш те болса, батыр қыздың майдандас серіктері, жақын туыстары іздестірілуде. Қайткен күнде де, Әлия мен Мәншүктен кейін Батыр атағына ұсынылған қазақ қызының өмірбаянын толықтырып, ерлігін елге жеткізу, есімін есте қалдыру, қастер тұту біздің абзал борышымыз», деп жазды Ж.Қорғасбек «Үшінші батыр қыз – Алтыншаш» мақаласында. 

Алтыншаш туралы «Даланың тірі бір гүлі» атты екінші мақалада Алтыншашқа өлең арнаған майдандасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Михаил Левченконың естеліктері берілді: «Қантөгіс ұрыстан кейін әр бөлімшеден жиналған жүзден аса жауынгер қоршауда қалдық. Бас көтерер командирлер оққа ұшқан, бірі ауыр жараланған. Тағы бір кіші командир, талдырмаш қазақ қызы болды. Танкіге қарсы қорғаныс шебін ұйымдастырып, әрқайсымызды жігерлендіріп жүр. Еңбектеп барып, жаудың бір танкісін өртеп қайтты. Екінші танкіні өртегенде өзі ауыр жараланды. Қоршауды бұзып өткеннен кейін біз оны далалық госпитальға әкелдік. Батыр қыз сол жерде көз жұмды». Журналист майдандық газеттерді ақтарып, Алтыншаш туралы ешқандай дерек таба алмағанын, Алтыншаш туралы ақпары бар оқырмандардан хат күтетін жазған. Редакцияға оқырман хаттары толассыз келген, бірақ онда қыздың тағдыры елеусіз қалмауға тиіс дегеннен басқа нақты ақпарат болмаған.

Үш айдан кейін «Алтыншашқа арналған қызыл жұлдыз» атты көлемді очерк жарияланды, онда Ж.Қорғасбек Алтыншаш туралы негізгі мәліметтерді Подольск қаласындағы әскери архивтен табады. Гвардия лейтенанты Алтыншаш Нұрғожинова 1924 жылы туған, 1941 жылдан бастап майданда соғысқан, 1944 жылы асқан ерлікпен көз жұмған. 18-ге толмай жатып лейтенант атағына лайық болған, Қызыл Жұлдыз ордені берілген. Бір өкініштісі, Алтыншаштың Қызыл Жұлдызы туралы туыстарына хабарлауға архивтегі мекен-жайға барып, қуанышты бөлісетін ешкімді таппаған. Әлі де ет жақын туыстарынан хат-хабар күтеміз дейді. 

2002 жылы Ж.Қорғасбектің Қазақстанның халық қаһарманы, атақты партизан жазушы Қасым Қайсеновпен «Қазақ десе Қасым еске түсе ме?» деген сыр-сұхбаты жарияланды. Онда өмір мен өлім туралы, көзсіз батырлық туралы, қазіргі қоғамдағы келеңсіздіктер жайлы келелі әңгімелер айтылған.  Бұрынырақта Қ.Қайсенов неміс халқына арнап, «Егер менің қолымнан нағыз фашистерің өлсе, маған рахмет айтыңдар. Амалдың жоқтығынан қару ұстаған ұлдарың өлсе, кешіріңдер» деп жазған. «Қару ұстап келген адамға қарумен жауап бергеннен басқа не істей аламын? Міне, сендерге трагедия керек болса! Көзсіз ерлік те мәжбүрліктен пайда болады, берілген тапсырманы орындауға мәжбүрсің. Мен қазіргі қоғамдағы сойқан көзсіздіктерден қорқамын. Мұстафа Өзтүрік қаза тапты. Бексейіт Түлкиевтен айырылдық. Майдангерлердің тағдырын сан-саққа жүгірткенше, асыл азаматтарды аман алып қалуды ойлаңдар. Көзсіз ерлік осындайда керек», деп ағынан жарылған.  

Публицистика деп ағымдағы өмірдің оқиғалары мен өзекті мәселелеріне арналған туындыларды атайды.  Тақырыптың өзектілігі, нақты мәселелерді түсіну масштабы және қоршаған ортаның оқиғалары – негізге алынатын белгі боп табылады.  Публицистика әр түрлі пішінде кездеседі: сөздік (ауызша және жазбаша), графикалық бейнелеу (плакат, карикатура), фото, кинографикалық (деректі фильм және телевидение), театралдық, драмалық және т.б.  Бұл жерде Ж.Қорғасбектің талантты режиссер Аяған Шәжімбаймен бірге түсірген «Жансебіл» фильмін айтпай өтуге болмайды. «Жансебілдегі» Мұқатайдың прототипі – Бейімбет Мәмбетұлы деген адам болған.

Мақала авторы - Алмас Тоқабаев
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады