Жанар Ибраева: «Теңізші болсам» деген арманым алдамады

18.10.2017

Толқыны жан тербеген сұлу Каспий талайды өзіне тәнті етіп, ынтықтыра берері сөзсіз. Біз бүгін толқыны тентек Каспий теңізіне ғашық ару Жанар Ибраева туралы сөз қозғамақпыз. Жанар – Қазақстанның әскери-теңіз күштеріндегі тұңғыш әрі жалғыз әйел.  Етік кисе еркекке бергісіз қайсар қыз ерлермен иық тірестіре жауапты міндет атқарып жүр. Отан қорғауды – абыройлы міндет санайтын теңізші ару – Жанардың армандары асқақ. Ерекше мамандық иесімен жүздесу үшін, біз Жанарды іздеп, арнайы Ақтау қаласына сапарлаған едік.

Жанар – 29011 әскери бөлімінің Әртекті кемелер дивизионында қызмет ететін жалғыз қыз. Ол – Ақтөбе өңірінде дүниеге келген. Жоғарғы оқу орынын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған аруды «теңізші болсам» деген арман әскери салаға жетеледі. 2011 жылы Астана қаласындағы  ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшылығына қызметке орналасады.

– Қолбасшылықта қызмет атқарып жүрген кезде жауынгерлік кезекшілікке түсеміз ғой,- деп бастады Жанар әңгімесін. – Кезекшілік барысында Ақтаудағы әскери бөліммен байланысқа шығып, кемелер туралы ақпарат аламыз. Міне, менің әскери-теңізші болсам деген түбегейлі мақсатым осы кезде пайда болды. 10 айдай қызмет еткеннен кейін, буырқанған теңіз толқындарын көзбен көріп, жүрекпен сезіну үшін Маңғыстау өңіріне қызмет бабымен ауысып келдім. Өмірімнің ең қызықты  сәттері осы кезден бастау алды десем болады. Себебі, мен келісімен 6 айға Орал қаласына іссапарға аттанып кеттім. Зауыттан шыққан жаңа кемені суға түсірдік. 6 ай бойы кемелердің характеристикасын жаттадық. Жаңа кемелердің іші жақсы жабдықталған, маған бірден ұнады. Менің алғашқы сапарым мен үшін сынақ болды. Бірден ортаға сіңісіп кету үшін барынша тырыстым.     

Жанар – Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің шекарасын күзететін «Орал» зымырандық-артиллериялық кемесі экипажында байланысшы болып қызмет атқарады. Жанардың қарулас достары-әріптестері экипаж құрамындағы 30 әскери-теңізші «арпа ішіндегі бір бидай» болған нәзік жанды барынша құрмет тұтады. «Кілең ерлермен  қызметтес болу қиын емес пе?»,-деген сауалымызға Жанар: «Басында теңіз айдынына аттанар сәтте сәл қобалжығаным рас. Алайда уақыт өте келе үйреніп алдым. Ең бастысы мен өзімнің қызмет орынымда міндетімді жауапты атқарсам болды деген мақсат қойдым. Біздің ұжымның басты ұстанымы – ұйымшылдық, ауызбірлік. Біз бірлікті ту еткен ұжымбыз»,- дейді.

Жанар экипаж құрамында төртінші жауынгерлік бөлімнің технигі міндетін атқарады. Ол кеме байланысын қадағалап, жалаушаларды орнатумен шұғылданады. Теңізші арудың айтуынша, әрбір жалаушаның өз мәні бар. Кемедегі жағдайға байланысты тиісті жалаушыларды іліп тұрады. Қысқаша қайырғанда, кемедегі ішкі-сыртқы байланыс Жанардың мойнында.

– Жанар, әйел бақыты деген ұғымды қалай түсінесің?

– Әйел бақыты – отбасында деп ойлаймын. Өмірге бала әкелу, саналы ұрпақ тәрбиелеу тағысын тағы. Алайда, бүгін-ертең тұрмыс құрсам деген ойым жоқ. Ең әуелі мақсаттарымды бағындырып, арманыма қол жеткізгім келеді.

– Әскери-теңізші болуыңа ата-анаң қарсы болған жоқ па?

– Қарсы болды. Әлі күнге дейін қарсылық білдіреді. «Теңізге қалай барасың, ерлердің ісімен айналысу сен үшін қиын болады» деп құп көрмейтіндерін айтты. Күні бүгінге дейін теңізге аттанып барамыз десем, мен теңіз айдынан қалаға оралғанша жанын шүберекке түйіп отырады. Мен үшін алаңдайды. Бірақ өзіме ұнағандықтан осы мамандықты жаныма серік еттім. Болашақта да қызметімді жалғастырсам, Әскери-теңіз күштерін көркейтуге үлесімді қоссам деп армандаймын.  

– Теңізшілер романтик болады деген пікірге келісесің бе?

– Мен романтик болған соң осы салаға бет бұрдым. Бала кезімнен ресейлік теңізшілер туралы кино картиналарды көп қарадым. Кино кейіпкерлерінің әскери формасына қатты қызығатынмын, «мен де сондай болсам» деп армандайтын едім. Корабль, саяхат туралы кітаптар көп оқыдым. Мәселен, 2009 жылы мамыр айында шыққан Борис Акуниннің  «Сокол и Ласточка» атты романын үлкен қызығушылықпен оқыдым. Бұрындары «Кемеде әйел адам болмауы керек, болса бақытсыздыққа душар боласың» деген ұғым болған екен. Осы бір жазылмаған «заң» аталмыш романда да айтылады. Кейіпкер Эпин-Летиция ер адамша киініп, теңізге шығады. Ол осылайша қазына іздеуге аттанып, соңында өз махаббатын кездестіріп, мұратына жетеді.

Теңізшілер арасында дәстүрге сай қатарға қосылған теңізші айдынға шыққан соң  теңіз суын ішеді. Тұзы басым теңіздің кермек суын ішу тұрмақ, ауыз тиюдің өзі қиын болса да «тәртіпке» сай Жанар да ішіпті.

Әскери-теңіз күштерінің әскерилері ашық теңізге шығып, «жеке кемемен теңіз ұрысын жүргізу» жаттығуының шеңберінде тактикалық сценарийге сәйкес кемеге шартты түрде әуеден және катерден шабуылға  тойтарыс беріп тұрады. Мұндай оқу-жаттығулар Жанар үшін таңсық емес. Әскери ортадағы басты талап – жауынгерлік даярлық болғандықтан экипаж мүшелері қашан да сақадай сай.

2015 жылы Қазақстанның әскери кемелері алғаш рет бүкіл Каспий теңізін аралап, мүмкіндіктерін көрсетті. Экипаж мүшелері көк айдында сегіз күн бойы түрлі оқу-жаттығу өткізген еді. Қуатты отандық кемелеріміз алғаш рет Каспий теңізін аралап, Иран, Түрікменстан елдерінің шекараларына барып қайтты. Жаттығу алаңдарында әрқайсысы 6 мың аттың күшіне тең келетін артиллериялық кемелерден оқ атылып, зымырандар ұшырылды. Сумен, отпен және лаңкестермен күрес түрлері көрсетілді. Осы экипаждың құрамында Жанар да кәсіби шеберлігін шыңдап қайтқан болатын. 

Естеріңізде болса, Каспий теңізі акваториясында теңіз маңы елдері әскери-теңіз күштерінің қатысуымен «Каспий теңізі – 2015» сайысы тұңғыш рет өткен болатын. Оған отандық «Сарыарқа» зымыранды-артиллериялық кемесімен қатар, кейіпкеріміз қызмет ететін «Орал» кемесінің экипаждары қатысқан еді. Осында жауынгерлік байланыс бөлімінің технигі Жанар сайыс кезінде байланысқа шығып, даусымен өзге ел экипаждарын таңғалдырыпты. Оның даусын естігендер құлақтарына сенбей, біздің әскерилерден: «Рациямен шығып жатқан қыз бала ма, сіздерде қызмет істей ме?», – деп сұрастырыпты. Олардың «иә» дескен жауабына сенбегендер кемеге арнайы келіп, танысқан екен. «Біз сол жолы Махачкалада үш елдің кемесімен жарысқа түстік. Байланысқа шыққан кезде даусымды естігендер алғашқыда таңғалғанымен, көріп-танысқан соң көздері де үйренді маған», – дейді І сыныпты старшина.  

Елбасымен жүздесті  

Көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз мейрамы қарсаңында Мемлекет басшысы Ақордада 25 азаматшаны қабылдағаны белгілі.  

Сол «Көктем шуағы» атты дәстүрлі кездесудің бел ортасында әскери қызметші Жанар Ибраева айрықша көңіл-күйге бөленіп отырды. Тебіренісін басып, Елбасыға деген лебізін де жеткізді. Тіпті, Жоғарғы Бас Қолбасшыға қолқа салып, би де биледі. «Президентіміз өзі әңгіме бастаған сәттен бастап, қобалжуымыз да басылды. Емен-жарқын отыруымызға, жүректегі тебіренісімізді сейілтуге сол кісі сеп болды. Күнделікті араласып жүрген адамымыз сияқты әңгімеге тартқан соң ба, сонда жиналған барлық әйел еркін отырып, лебіздерін жылы жеткізді. Мен де өз ризашылығымды білдірдім. Ең қызығы, ол кісіні биге шақырдым. Ол кезде де әр қимылды жаңылыспай, билеуіме дем берді», – дейді жүзі балбұл жайнаған Жанар.  

«Бір ай бұрын ескертіп айтылғаннан кейін бе, сәт жақындаған сайын қобалжу да күшейді. Енді, дегенмен екінің бірі Елбасымен кездесуге қол жеткізе бермесі анық. Басшылық солай ұйғарған соң не тұрыс! Көңіл шіркін желдей ескенмен, жүректе толғаныс болғаны рас. «Президентпен кездесесің дегенде қатты толқыдым. Сол сәтке жеткенше, асықтым. Сәт жақындаған сайын, жүрексіндім», – дейді сондағы күйін жеткізген аруымыз.

«Жанар – өз ісінің білгірі. Ол – жалғыз өзі кемеде жүрген ТМД-дағы тұңғыш әйелзаты. Біз осынысымен-ақ оны мақтан тұтып, бағалаймыз. Қатып қалған қағиданы бұзып, бірегей істі бағындырып жүрген оған бәріміз сенеміз», – дейді ҚР Әскери теңіз күштерінің Бас қолбасшысы тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары I дәрежелі капитан Серік Боранбаев.

Жанар 2017 жылы ҚР Қорғаныс министрлігі өткізген «Батыр арулар» республикалық байқауында топ жарғанын айта кеткеніміз орынды. Иығына погон тағып, ерлермен қатар Отан қорғау саласында абыройлы міндет атқарып жүрген 80-нен аса қыз-келіншек бақ сынаған сұлулар байқауында Жанар Ибраева үздік атанған 12 жеңімпаздың ішінде оза шапқан еді.

Енді міне, осындай жетістіктерінің арқасында Жанар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламсында айырықша аталған «Қазақстаннның 100 жаңа тұлғасы» жобасына да қатысуда. Әрине, Жанардың есімі «100 жаңа есім» жобасына енуге лайық деп санаған отандастары, қаруластары жобаға ұсынып отыр. Жалпы ұлттық жобаны жүзеге асырып отырған «El.kz» интернет жобасы сайтқа келіп түскен 2000-нан аса өтінімді іріктеп, эксперттік комиссияның көмегімен ең үздік деп танылған 300 кандидатты таңдаған болатын. Үздіктердің үздігін халық ашық дауыс беру әдісімен анықтайды. Есімдері еліміздің алтын қорына енуге лайықты делінген 300 адамның қатарында Жанар Ибраева да бар. Биыл құрылғанына 25 жыл толып отырған ҚР Қарулы Күштері Жанарды мақтан тұтатынына біз бек сенімдіміз.

P.S.Әскери-теңіз күштері қатарында әскери қызмет атқарып жүрген қыз-келіншектер көп. Алайда, Жанар – айлап, апталап теңізге ұзақ сапарға аттанатын жалғыз теңізші қыз. Жанардың қызметінің өзгеге ұқсамайтын ерекшелігі мен өзгешелігі де осы.

Мақала авторы - Бақытгүл Абайқызы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз