Қайырғали Медеттің жазушылық қыры жайлы не білеміз?

15.09.2017

Бүгінде заман түзеліп, тәуелсіздік тұғыры беки түсті. Осы күндері Қ.Медет журналистердің жас толқынын, іс жүзінде Оңтүстік Қазақстандағы бірнеше басылымдарда басшылық жасап тәрбиеледі. Соңғы жылдары Қ.Медеттің жазушылыққа уақыт бөліп, біршама шығармалар дүниеге әкелді.  Сол сияқты соңғы кезде «Қазақ әдебиеті», «Жас Қазақ», «Алтын Орда», «Түркістан» т.б. газеттерде сондай-ақ жергілікті басылымдарда Қ.Медеттің жүректен шыққан туындылары жиі жарияланады. 

Бүгінгі кітап авторының шығармашылығына ден қойсаңыз ірілікті байқауға болады. Оның «Ғалым қалай вахтер болды», «Кемедегінің жаны бір», «Қорғалмай қалған докторлық диссертация» сияқты мақалалары қоғамның дамуы барысында пайда болған түйткілдерге дер кезінде үн қатқан озық ойлы дүниелер. Осы орайда Қ.Медеттің 2008 жылы Алматыдан шыққан «Беймаза мезгіл» атты прозалық шығармасын айтып кеткенді дұрыс санадым.  Бұл кітап қолына қалам ұстаған азаматтың ел алдындағы есебі іспетті. Себебі мұнда шығармашылық жолдың бастауы – бозбала шақтағы албырт сезімнен туындаған жыр жолдары, кәсіпқой журналист ретіндегі қоғамдық өзгерістерге деген азаматтық ұстанымдар мен жазушының бүгінгі өмірде қалыптасып отырған адами мәселелерді көркем шығарма тілімен тап басып бере білуі бар. Көркем дүниелер өзінің шымыр сюжеттері мен шұрайлы тілі арқылы оқырман жүрегінен орын алған десе де болады. Бұл кітаптың үшінші бөлімін қамтыған «Журналистік жазбаларда» айқын көрініс тапқан. Ал екінші бөлімі «Жиырма бестің жырлары» деп аталыпты. Бұл Қ.Медеттің шығармашылық бастауы болғандықтан, ол өлеңдерін көп жылдар өтсе де, оқырмандарға өңдемей қаз-қалпында ұсынған. Бір қызығы, Қ.Медет тек қана жазушылық, журналистік талантымен ғана қаруланбай, ақындықтың да дарындылығын бойға сіңіріпті. Лирикаға басымдылық берген. 

Ал, Қ.Медеттің жазушылық сарыны ерекше түзіледі. Әңгімелері мен повестерінде кешегі, бүгінгі, өмір тіршіліктерінің көріністері жүрегіңді тербейді. Әділетсіздікке, жағымпаздыққа, парықсыздыққа-мейірім, шындық, қайсарлық қарсы тұрады.  Бұл Қ.Медеттің өз кредосы. Оның бірінші бөлімдегі «Баспана», «Қасқырдың көзі», «Тендер», «Ахиреттің ақ жолы» т.б. әңгімелері осыны айғақтап тұр. Менің ойымша, жазушы, журналист, ақын Қ.Медеттің бұлақ көзіндей ашылған шығармашылық бастауы бүгінде толысып, алдағы уақытта Құдай берген дарындылығы мен ұлғая келе арналы өзенге айналары сөзсіз. Талантты жан әркез өзінің биігінен көрінері хақ. Оған талай заманның уақыт бедері куә болған.  «Мүйізі қарағайдай» жазушылардың өзі әлі күнге белсенділік таныта қоймаған нарық тақырыбы, бүгінгі күннің тыныс-тіршілігі «Құлқын», «Тендер», «Баспана», «Шеткі үй» әңгімелерінен айқын аңғарылады. Шығармалардың арқауына айналған әкім-қаралардың тендер өткізудегі белден басатын небір жымысқы әрекеті, науқас өмір мен өлімнің ортасында жатса да құлқынына «бірдеңе» түспесе ем жасағысы келмейтін кейбір «ақ желеңді абзал жандардың» лас тірлігі, сайлау кезінде алашапқын болып «дастархан жайғыш», «концерт бергіш» үміткерлер, жұмыс іздеп қалаға келгенімен баспана мәселесі титықтатқан жас отбасылар жайы – бүгінгі өмір шындығы, көзге таныс суреттер. Жазушының шеберлігі – көзі көргенімен ұсақ-түйек деп екінің бірі мән бермеген нәрсенің өзін көңілге түйіп, содан ой қорыта білуінде. Әйтпесе, «Нарық нақыштары» деген шағын әңгімелер топтамасындағы оқиғалар кімнің басынан өтпеді дейсіз? Қандай жолмен болса да жүргізушілерден «бірдеңе» қарпып қалу ниетімен жол торыған полицейлерді жазушы ащы сын садағына алмай, жай ғана мысқылмен-ақ сілейтеді. «Қойшы іздеген қойшы» әңгімесінде колхоздың бір отар қойын «деректірден» бастап «заппермеге» дейін сәлем хат жазып беріп алдыртып, ада қылады.

Әбсадық қойшы ғана маңдай тер, адал еңбегімен жиған малын көбейтіп, қора-қопсысын кеңейтіп, шаруасын түзеп алады. Нарық талабын жете түсінген малсақ жан осылайша ұл-қыздарын оқытып, қаладан пәтер алып беріп жайғастырмақшы. Шағын әңгіменің түйінін «Алыстан іздемей-ақ ауылдың өзінде қой бағуға құлшынып отырған жас отбасылар бар деп естігем. Бірақ қойшының қойшы іздегені қызық екен. Заман-ай, ә», – Әбекең өз ойына өзі мырс етті» деп қысқа қайырады. Қ.Медет шығармаларының тақырыбы – туған ауылы, сол ауылдың ақжарылғап адамдары, ата-анасына деген перзенттік махаббаты мен қала өмірінің қаға беріс көріністері. «Масыл» деген әңгімесі тілінің құнарлылығымен, жіптіктей өрілген сөз байланыстарымен еріксіз үйіріп алады. Қаламгер хикаятында тыңнан түрен салып, жаңалық ашпайды. Өзіміз күнделікті көріп, санамызда жатталып қалған ауыл өмірі, жұмыссыздықтан ащы судың құрбаны болып, шаңырағы шайқалып жатқан ер-азаматтар суреттелген. «Төрт ішкіштің оқиғасы да әңгіме болып па?» деп алғашында әбес ойлауыңыз да мүмкін. Әйткенмен, жазушы кейіпкерлерінің әрқайсысы шын жүрегімен жақсы көреді, олардың тағдырына жаны жабығады, ең бастысы, өзі ғана күйзеліп қоймай, оқырманын да тылсымына тартып әкетеді. Оқиғаны суреттегенде эмоцияға беріліп, артық-ауыз сөзге бармайды. Әдетте, ішкіштер жайлы жағымсыз, жиіркенішті етіп бейнелеуге тырысатын сөз қолданыстарын таппайсыз. Керісінше, әрбір кейіпкердің характерін аша білуі, ауыл көріністерінің шынайы суреттелуі қаламгерге сол ортаның етене жақындығынан, ауылмен арадағы алтын тіннің бір сәт те үзілмегенінен хабар бергендей. Қазіргі ауыл ақсақалдары жайлы кейіпкерлердің аузымен айтылған «Малды өріске шығарады да, жарықтықтар, кешке дейін тиынға таласып тринканы ұрады да жатады. Баяғының шалдары карта түгіл темекінің иісін сезсе, әкемізді танытатын еді. Қазіргілер баланы арақ, темекіге жұмсап, немерелерімен стакан соғыстырып жүз грамды қылғытатын болды» деген жолдар ащы шындығымен қай-қайсымызды да ойлануға жетелейтіндей. Үш бөлімнен тұратын кітаптың екінші бөліміне Қ.Медеттің жастық жылдары жазған өлең-жырлары топтастырылыпты. Өлең жолдарынан жастықтың арыны, ғашық жүректің іңкәрлігі төгіледі. Дей тұрғанмен, ұлағатты ұстаз, марқұм Алма Қыраубаеваның кітаптың алғашқы бетінде келтірілген «...Қайырғали, сенің болашақта көркем прозаға ден қойғаныңды қалар едім» деген пікірін біз де хош көрдік. Қаламгердің табиғатына өлеңнен гөрі көркем прозаға біртабан жақын сияқты.  «Журналистік жазбалар» деп аты айтып тұрғандай үшінші бөлімге әр жылдары газет-журнал беттерінде жарық көрген мақалалары мен сараптамалары, жазбалары шоғырланған. «Киелі нәрсені қадірлейік» деген мақаласында оңтүстіктегі кейбір парықсыз басылымдардың біреудің шаужайына, енді біреудің етегіне жармасып, «идеология сарбаздарына» айналып алғанын сынайды. Ащы да болса шындық осы. Амалсыз мойындауға тура келеді.

Сондай-ақ, осы бөлімдегі «Кемедегінің жаны бір», «Ғалым қалай вахтер болды?», «Қорғалмай қалған докторлық диссертация» мақалалары қоғамның дамуы барысында кездесетін кедергілер мен түйткілдерге дер кезінде үн қосқан озық ойлы дүниелер деуге болады. «Беймаза мезгіл» жазушы, журналист, ақын Қ.Медеттің шығармашылық жолындағы алғашқы асуы іспетті. Оның туған жеріне, ауыл адамдарына деген мәңгілік махаббаты әлі талай көркем шығармалардың жазылуына түрткі болатыны сөзсіз. Өйткені қаламгер қайнаған өмірдің ортасында. Ал қырағы, көреген көңіл көзі әлбетте тақырыптан тарықтырмаса керек. «Әдебиет – ардың ісі дейміз. Қолына қалам ұстағанның бәрі жазушы емес. Олардың да ішінде арын ардақ тұтқандары ғана әдебиетке қызмет қылып жүр. Аз жазса да саз жазатындары сирек. Мен осы топқа Қайырғали Медетті қосамын. Ол көп істі үндемей жүріп-ақ тындырады. Онысын жарнама еткісі де келмейді. Бұл оның қарапайымдылығынан. Әйтпесе, бұрқыратып жаза берсе және сол жазғандарын жариялата берсе танымал, әйгілі жазушы атанар еді. Үлкен марапаттарға да ұмтылар еді. Жоқ. Қайырғали ондай әрекеттерден ада, таза! Бүгінгі жүрген әдеби ортасы – Оңтүстік Қазақстанда өзін сабырлы, биязы жүріп-ақ кесек дүниелерімен мойындатты». (Есенәлі Ералы, Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты ) Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай: «Кісі танымақ болсаң, ісіне қара». Қайырғалидың «Беймаза мезгіл» атты кітабын оқып шыққан соң Баласағұн ғұламаның осы сөзі еріксіз еске түскен-ді. Шынында да мұнда құныға, қызыға оқитын дүниелер көп. Қай шығармасын оқысаң да еріксіз жетелеп әкетеді. Оқиғалары шынайы. Кейіпкерлері өз айналамыздағы адамдар. Тілі шұрайлы. Ұзақ-сонар баяндаулар жоқ. Қысқа да нұсқа сөйлемдер көп жайттардан хабар береді. Иландырады. Толғандырады. Сергітеді. Сананы сілкіндіреді. Қалам құдіретін еріксіз мойындатады.  «Масыл» хикаяты өзекті өртейтін жайттан сабақ алуға мәжбүрлейді. Маскүнемдік дертіне салынған бүгінгі адамдардың шынайы бейнесін ашуға тырысқан. Басты кейіпкерінің бірі – Бекқұл Мәскеуде оқып, елге қажетті маман болып оралады. Қызметке араласады. Қаржы саласында сатылап өсіп келе жатқан жас жігіт бірте-бірте ішкілікке салынады. Біреулердің есебінен ішуге дәндеген ол ақыры арақсыз жүре алмайтын болды. Осылайша тірлігінің бәрі кері кетіп, маскүнемге айналады. Басқа түскен болмашыға езілетін, көбесі сөгілетін бөркемік ауылдан өзіне серіктер тауып, араларында Омар Һәйямның, Мұқағали Мақатаевтың арақ-шарап жайлы өлеңдерін жатқа соғатын «шайыр» атанады.  Ал осы топтың тағы бір мүшесі – Нұржан бала күнінен-ақ арақты сусын орнына сіміріп өседі. Осы қылығын кешіре алмаған, тәрбиеге үйренбеген ұлының күйігінен анасы о дүниеге ертерек аттанып кетеді. Кейін әйелбалаларынан тірідей айрылып, баспанасын сатып, араққа салған Нұржан да далада қалады... 

Автор осы оқиғаның бел ортасында болып, бәрін өз көзімен көргендей етіп баяндайды. Маскүнемдердің сөздерін қалай дәл келтіреді дейсің ғой. Лев Толстой еріксіз еске түседі. Ол ылғи да ішкіштер жиналатын сыраханаларға барып, бір саптыаяқ сыра алып, қалам-қағазын алдына қойып отырады екен. Айналасында дуылдасып, қызылкеңірдектеніп жатқандардың кейбір сөздерін түртіп ала қояды. Ішкен кезде небір орамды теңеулер, ұйқастар айтылып жатады. Жазушы үшін бұл керек. «Масыл» хикаятын оқып отырып, ішкіштердің бейнесін қалай әдемі суреттеген деп таңғалдым. Нарық заманының бүгінгі ауылдағы көрінісін автор осы шөлмектес төрт маскүнемнің диалогтары арқылы берген. Бұл осы күнгі әрбір ауылға тән көрініс. Сөзім дәлелді болуы үшін екі-үш үзінді келтірейін. Бекқұлдың сөзі: – Азанда көшеге шықсам, көрші Сәуірбек ақсақал есік алдында ұлы Серәлі екеуі темекі тартып отыр, – деп енді Бекқұл сөз бастады, әңгіме көрігін қыздыра. – Сәукеңнің мал базарға жиі баратын саудагерлігі бар. Ал ұлы бұрын тракторшы болған, білесің, қазір бос. Бұрылып сәлемдестім де: Көке, өзіңіз қымбат «Соверен» сигаретін сорып отырсыз, ал ұлыңыз «Приманы» бұрқыратып отыр. Бұрынырықта керісінше, сигаретті жастар шегуші еді, – дедім әдейі тиісе. Сәукең: «Е, шырағым, мына заманда әркім табысына қарай тартады дә, – деп мыйығынан күліп, түк болмағандай темекісін онан әрі түтіндете берді. – Е, ол шал жүдә қуақы. Аз айтса да, өлтіріп айтады, – деп Алпысбай да бір тырқылдап алды. Осы сәтте ыржаңдап Тәкен де жетті. Қойнында бір шөлмек. Тағы бірдемені қағазға орап алыпты...  Әйелін білем темірмен соққыға жығып, ауыл сыртындағы шөмеле шөптің үстінде екі күннен бері қимылсыз жатқан Нұржан маскүнемнің әлде қайдан ұшып келіп, дәл төбесінен төніп тұрғандай тілдесетін дәрігер Хасенмен, аппақ шапанды, ақ сәлделі діндар ишанмен, сұп-суық қолымен Нұржанның басынан сипап бас жағында отырған атасымен дидарласуы да өте сенімді. Оқып көрейікші:  «– Балам, – деді ту сыртынан шыққан қарлығыңқы дауыс, – өмірдің ауыр соқпақтарына түсіп қатты адасыпсың-ау. Мен сенің атаң боламын. Сен дүниеге келгенде мен пәниден бақилық болып кеткен едім. Мені көрген жоқсың, көрмеген соң танымайсың да. Жалғыз ұлымнан қалған жалғыз тұяқ сенің хал-жайыңды естіп, ұзақ сапардан әдейі іздеп келдім, ботам. Жалғыз ұлымды жалмаған қу арақ еді. Жалғыз немереме де ауыз салып жатқан да сол деген соң, сол пәлеге лағнет айтайын дедім. Жалғанда ұрпақсыз қалып, атың өшкеннен артық ауыр жаза жоқ. Бұл үлкен қасірет, балам! Әлі де кеш емес, есіңді жи. Ботам!».  Маскүнем Нұржанға дәрігер Хасеннің де, ишанның да айтқан уәждері сай-сүйегеңді сырқыратады, денеңді мұздатады, жүрегіңді сыздатады. Әйтсе де олардың айтқандары Нұржанның етінен де өтпейді. Санасына әсер етпейді. Қарлығыңқы дауыс бірте-бірте пәсейіп, тұңғиыққа сіңіп, естілмей кетеді, сұпсуық саусықтар да Нұржанның қолынан ақырын-ақырын сусып шығып, сытылып кеткендей болады... Нұржан өз басын өзі ұстап, ұйқыға кетеді... Енді оны ешкім де мазаламайды.  Қ.Медеттің бұдан басқа әңгімелерінің қай-қайсысы да ауыл өміріне, ондағы адамдардың қоңыр тірлігіне, психологиялық қарым-қатынасына, яғни қақтығысына құрылған. Мөлдіреп тұрған тұнық көріністер. Этнографиялық суреттер де жетерлік. Тәрбиелік-танымдық мәні терең. Мысалы, «Сағыныш» атты әңгімеден әкенің баласын асып кетпеуіне, тасып кетпеуіне ескертпе айтуының өзінен-ақ пенделіктен биік тұр дегенді аңғарасың. Мектепте оқитын баласы өз тұстастарынан таяқ жеп, жылап келгенде әкенің айтқан мына сөзін әрбір ата-ана әрдайым есте ұстаса екен дегендей ишараны аңғарасың. «Мұрнын қорс-қорс тартып, көз жасын тияр емес. Оңаша қалғанда әкесі: – Иә, не болды? – деді. – Анау, Қалдан...аяғымен шалып... құлатты» – деді бұл өксігін баса алмай. – Бірге ойнап жүр ме едіңдер? – Иә... – әкесі жылы сөйлеген сайын өксігі өрши түсті. – Онда сауап болыпты. Ойнап жүріп жылағаны несі?! Дап-дардай боп ұят емес пе? ... Бұдан былай балалармен ойнап жүріп жылағаныңды, өзге баланы ғайбаттағаныңды көрмейтін де, естімейтін де болайын...».

Мұндай тәрбиені нағыз педагогикалық тәрбие деген жөн. Баз біреулер болса, баласының сөзін сөйлеп, әлгі баланың әкесін танытар еді. Мұндай бейәдеп іске баратын ата-аналардың баласы ертең өскенде кім болмақшы? Осы әңгімеде баласын әлсіз болмауға, жылауық болмауға тәрбиелеген әке енді азамат болып, қызметке араласа бастаған баласына өмірлік сабақ боларлық тағы бір ескерту айтады.  «Ол кезде әкесі аурушаң болатын. Көлік топырақ жолды бұрқыратып, есік алдына келіп тоқтағанда, арық жағасындағы кәрі жиде ағашының қалың көлеңкесінде бірнеше қария әңгімелесіп отыр екен. Әкесі ортада. Шамасы қариялар әкесінің халін сұрай келген болуы керек. Су жаңа ақшаңқан «Волга» ентігін баса тоқтай қалғанда олар абдырап қалды. Досы екеуі мәшинеден түсіп, қарттарға жағалай сәлем берді. Қариялар тағы жапатармағай гуілдесіп кетті. – Ой, мынау өзіміздің бала ғой... – Бар бол, қарағым... – Өзі өкіметтің мәшинесін мініп алыпты, пәтшағар... – Азамат болды деген осы... Бұлар көп сөзге мән бермей әуліге беттеді... Араға апта салып, ауылға соқты. Әкесінің қабағы қатулы. Әлденеге ренжіп, түтігіп отыр екен. Мұның сәлемін де селқос алды.  – Көке, не боп қалды? – деді бұл. – Иә, әкеңнің мәшинесін мініп жүргендей... – көкесі зілді сөзін ақырып бастап, сұстана қарап қойды. – Өкіметтің мәшинесінің бала-шаға тасығаннан басқа шаруасы жоқ па екен?... Жаяу жүрсеңдер нетті, райкомның санаулы көлігінің бірін мінбей... –  Көке, біз бала-шаға емеспіз, обкомның органынан келген журналистеріміз. Біз жаяу жүрейік десек те, жүргізбейді ғой, – деді бұл ақтала. – Көлікпен қамтамасыз етуге міндетті.  – Әй, сендерге жап-жас боп көлік не керек? Әлден мұндайсыңдар, ертең қандай болмақсыңдар? Оқығандарың елге міндет пе?! Алдымен елге еңбегін сіңсін. Сонан кейін барып талап ет. Көпке қызмет етсең, ел-жұрттың өзі-ақ төбесіне көтереді...».  Қандай ұлағатты сөз. Бұл әрбір азаматтың көкейіне имандылықтың, қарапайымдылықтың сәулесін құятын өсиет емес пе? Иә, солай. Саналы, парасатты азамат дәл осындай данагөй әкені, балам асып кетпесін, тасып кетпесін деп уайым жейтін, алаңдайтын әкені сағынышпен еске алса керек. Жарасады. Сенімді. Ойландырады. Тәубеге келтіреді. Өйткені сағыну арқылы кезінде қадіріне жетпеген адамдарды аңсайсың. Сағыныш – барлық сезімдердің көшбасшысы! Міне, автордың «Сағыныш» әңгімесінің басты идеясы да осы. Адамдарға ой салу. Адам түйсігінің де төресі – сағыныш екенін мойындату.  Қайырғалидің «Қасқырдың көзі» деген әңгімесі нағыз этнографиялық әңгіме. Осындағы басты кейіпкер Салыбай деген шала сауатты жігіт біреудің үйінде өткен ауызашарда айтылған қасқырлар туралы әр тарапқа жүгірткен әңгімелерге құлақ тосып отырады. Ауылдың сыртындағы жаңғақ бақтан өтетін қасқырлардың жолы бар. Оларды көргендер бар дегенді естігелі елеңдеп тұратын болды. Содан бір күні ол қолына мылтығын алып, әлгі жаңғақ бағына барып, қасқырларды тосып алмақ болады. Ол өзінің бұл әрекетін жан баласына айтпайды. Осылайша түнделетіп жетіп, жаңғақ ағашының ортан беліне дейін өрмелеп шығып, айыр бұтаққа жайғасып алып, қасқырлардың жолын тосады. Қасқырлар да көп күткізбейді. Қашанғы сүрлеуімен жүріп өтетін олар бұл жолы да сауырларына дейін жеткен аппақ қарды тілгілей ізбе-із тізіліп келе жатады. Топтың соңын жалғаған тайыншадай көкжал арлан жан-жағына жіті көз тастап, тіпті беймарал келе жатады. Салыбай соны нысанаға алады. «Міне, көкжал Салыбай отырған жаңғақпен тұспа-тұс он бес-жиырма қадамдай жерге жетті. Нысананы жалғыз көзімен ұзақ көздегеннен бе Салыбайдың көзі жасаурап бұлдырағандай. Кенет көкжал қалт тұрып, Салыбайға жалт қарады. Шарадай жанған қос жанары өңменінен өтіп кетерліктей тесіп барады. Салыбайдың тынысы тарылды. Шүріппе басайын десе саусақтары икемге келмей, қатып қалған секілді, тіпті қозғалмайды. Бүкіл денесі де жансызданып бара жатқандай. Сәл аялдаған көкжал бұдан титтей де сескенбестен жөнімен кете барды. Салыбайдың көз алды қарауытып, бір сәт есеңгірегендей күй кешті. Осылай қанша уақыт өйткені белгісіз. Өзіне-өзі әрең келді. Енді аңдаса жапырақсыз жаңғақтың ербиген бұтақтары арасынан адам түгілі қара қарға да бірден көзге түседі екен... Салыбай жаңғақтан ақырын түсіп, келген ізіне кері қарай түсті. Салыбай мен қасқырдың жолы өзара түйіспеді. Ол ішінен «әркімнің өз жолы болғаны дұрыс-ау...», деп ауылға қарай аяңдады». 

«Қайырғали Медеттің әңгімелерінен қазақы мінезді танисың. Боямасыз ауыл өмірі көз алдыңнан тізбеленіп өте береді. Өзің де сол өмірдің бел ортасында, ауыл адамдарының арасында жүргендей сезімге бөленесің. Бұл жазушы қаламының құдіреті. Талант күші». (Есенәлі Ералы, Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты)  «Қолына қалам ұстаған замандас жазушылардың кітаптарын жиі оқымасам да, қолға түскенін парақтап, көз жүгіртіп өтетінім бар. Шыны керек, әдеби кештерде, той-жиындарда таратылатын дымқыл кітаптарды солай парақтаумен ғана шектелемін. Алғашқы бетін оқи бастағаннан, сөз саптауы санаңды «сындырып», көңіл күйіңді түсіріп-ақ жібереді. Қолыма Қайырғалидың кітабы түсті. Кәдімгі Қайырғали Медетті айтамын. Жазушы- журналист, бірнеше газеттердің бас редакторлығына дейін көтерілген, мақалалары республикалық баспасөз беттерінде жиі жарияланып, оқырман көзайымына айналған Қайрекеңнің кітабын оқымай тұрып, «е, бұл да ұйықтататын кітап шығар?» деп ойлағанмын. Шыным сол. Өтірік айтып қайтейін... Қайдағы, Қайырғалидың кітабы ұйқы келтірмек түгілі, ұйқымды қашырып жіберді! Ә дегеннен баурап әкетіп: «ойпырмай, енді не болар екен? Қалай аяқталар екен?» деген көңіл-күймен «Киең қайда, Қазығұрт, рух берер...» кітабын бір деммен оқып шықтым! «Жан дүние», «Жан дауа». «Атан» «Диплом» әңгімелері атағы дардай, мүйізі қарағайдай жазушылардың шығармаларымен иық түйістіре тұратындай дүниелер екен... Тек, «бірі кем дүние» деп жатамыз ғой, Қайрекеңнің тұзы жеңіл ме, насихаты нашар, нашар дейміз-ау, мүлде жоқ десе де болғандай... Қаламды журналистер де, жазушы-ақындар да ұстайды. Қалам бәрімізге бірдей болғанымен, оны әркім әрқалай сілтейді, әркім өз шамасына қарайды. Қайырғалидың қаламы қарымды, әсерлі, әдепті, әнді, сазды... Әнді, сазды деп жатқаным, табиғатты суреттегенде, әуезді ән төгіліп тұрғандай әсерде боласың. Баз біреулер сияқты өлі суреттемейді.»  Маған ерекше ұнаған «Киең қайда, Қазығұрт, рух берер» хикаяты көктемнің ақ жауынын суреттеумен басталады. Құдды ақ жаңбырға тіл біткендей... Басты кейіпкер Бекжанның мінезін танисың, досқа деген адамгершілігіне тәнті боласың. Тіпті, хикаятта аздаған юмор да бар. Бекжанның апасы қатты ауырып, төсек тартып, жатып қалады. Тіпті, туыстары мен ет жақындары оны өледіге санайды. Аудандық аурухана дәрігерлері де шарасыздық танытып, «Күтіңіздерден» арыға бара алмайды. Тек көңілін сұрай келген Әшірбек қария ғана биенің сүтін ішсе, орнынан тұрып кететінін айтады. Бірақ бие сүтін ішкенімен, апасы жуық арада оңала қоймайды. Осы тұсты Қайырғали былай суреттейді: «Әлде ағайын күзетуден шаршады ма, кім білсін. Бір жетіден соң күбір-күбір сөйлесіп, «енді әрекет қылмасақ болмас, ортаның қазан-табағын, самаурындарын әкеп, отын-су, керек-жарақтарды дайындай берейік...» дегенге тоқтады. Түс ауа есік алдында абыр-сабыр басталды да кетті. Мал сойылып, ет боршаланып, жастар жағы ара, балтасын сайлап, тасыр-тұсыр отын дайындауға кіріскен-ді. Жеңгейлердің бірі: «Өлә-ә, ананы қара, апам терезеден қарап тұр» дегені. «Қалжыңың құрысын сенің, өлейін деп жатқан кемпірді...» дей берген екіншісі терезеге көзі түсіп кетіп: «Көтек!» деп тұрған орнында құлап түскен.

Соңғы бір тәулік бойына нәр сызбай, қозғалыссыз жатқан апасы шын мәнінде әйнектен қарап тұр еді...» Қайырғали Медет шығармашылығының негізгі ерекшелігі – ауыл адамдарының мінез қайшылықтарын шынайы суреттеуінде екенін пайымдадым. Екінші бір ерекшелігі –бүгінгі өмірді қаз-қалпында береді. Жалған оқиғалардың бояуын қалыңдатып, оқырманды шошындырмайды. Осы хикаяттың негізгі кейіпкері Бекжан ауылда өскенімен, жаңа өмірге бейімі өз құрдастарына қарағанда жоғары, сауатты, көкірек көзі ашық жігіт. Ауыл мәселесі оның ойын он саққа жүгіртеді. Достарын жинап, «Көкбастау» шаруа қожалығын ұйымдастырады. Бірақ осы бір тірлігі өзіне пәле болып жабысады. Досы Темір күншілдікпен ауырып, ауыл ақсақалдарын жинап, өзіне қарсы шығады, тіпті мұның бөтен рудан екені, бұл ауылға кірмелігі бетіне басылады. Ақыры шыдамаған Бекжан қалаға кетіп, сондағы бизнесін дөңгелетіп жүре береді. Ал, қожалықты қожыратып тынған Темір досынан кешірім сұрап, басын иеді... Мұның бәрі жазушы Қайырғали қаламынан туған көркем дүние. Бүгінгі өмір. Оқи отырып, замандастарыңды танисың, күнделікті болып жатқан осындай оқиғаларға кезігетініңді еске аласың... Хикаятта саяси тақырыпқа да иек артылады. Шынында солай ғой, «әр кәллада бір қиял» деп өзбек ағайындар айтпақшы, ауыл адамдарының арасында да саясаттан «сырғытып» отыратындар табылады. «Шынтуайтқа келгенде, адамға уақыттан қымбат не бар? Әйтеуір, «күн өтсе болды» деген бойкүйездік, немкеттілік жайлаған. Көл-көсір байлығымызға қожа ретінде сезінбейміз. Оны көлденең көк атты талан-тараж қып әкетіп жатыр. Қазаққа керегі жоқтай. Күнделікті күйкі тірлікпен бір үзім нан табу үшін қара базарда жүрген қара халықтан қандай ұлттық рух, не өрелі әңгіме күтуге болады? Оларға жаны ашып жатқан ешкім жоқ. Мен «Голос Америки», «Азаттық» сияқты шетелдік радиостанцияларды мүмкіндігінше үзбей тыңдаймын» дейді Қайырғалидың кейіпкері Темір. Темір – қарапайым ауыл жігіті. Тіпті дипломы да жоқ. Бірақ портфель ұстағанды, бастық болғанды жақсы көреді. Тек бастық болса жетеді. Шаруа қожалығының кері кеткені басын қатырмайды. Айлығын алмаған ауыл әйелдері наразылық танытып, кеңсенің алдында аштық жариялайтындарын айтқанда, зәре –құты қалмайды. Әсіресе, сары басылымдардың тілшілері келетінін естігенде... Шынайы өмірді суретеу осылай болса керек! «Қатындар тас жолды жауып тастапты, қатындар аштық жариялап жатыр!» деген жаңалыққа елең етуді де қойғанымыз шындық қой. Темір Бекжан досынан кешірім сұрағанымен, қарыз ақша сұрай келіпті. Бекжан үш мың долларды қайтарымсыз беретінін айтқанда, тіпті бет-әлпеті өзгеріп кетеді. Мұны жазушы былай суреттейді: – Рахмет, Бекжан, рахмет! Құдайдан қайтсын! Сенің азаматтығыңа... адамгершілігіңе сеніп едім! – Темір орнынан әнтек ұшып тұрып, Бекжанның қолына жармасты. Қос жанарының кірпіктері жыпылықтай жиырылып, езуіне қуаныш күлкісі еріксіз үйірілгенін жасыра алмады. – Басқа бұйымтайыңыз болмаса, мен жиналайын. Айыпқа бұйырмаңыз...– деп Бекжан орнынан көтерілді. – Жо-жоқ, шаруаңнан қалма... Абыройың асқақтап, бала-шағаңның қызығын көр. Киелі Қазығұрт қайда да қолдап жүрсін, әумин!–деп бата жасаған Темір бетін сипай теріс айналып, қашаға қарай бет алды...» Міне, осындай сатқын, екі жүзді жігіттердің арамызда бар екені жасырын емес. Темір солардың жиынтық типі. Автор Бекжанның аузына мына сөзді салады: «Сосын рухсыздық дендеп келе жатқан қоғамға налыған Бекжан «Киең қайда Қазығұрт, рух берер!» деп күбірледі». Біз де өз кезегімізде киелі Қазығұрттан нәр алған әр оқырман Қайырғалидың қаламына құштарлық сезімін оятарына сенімдіміз.

Қайырғали Медет өмір өткелінен сүрінбей өткен ірі азамат болып қалыптасты. Қ.Медеттің қаламынан туындаған еңбектердің өз оқырмандарын елең еткізбей қоймайтындығы да сондықтан. Оның жазғандары, журналистикада қалдырған іздері өзінің мәнін жоғалтпасы да анық.  Ол кешегі қылышынан қан тамып тұрған Кеңестік кезеңде де адамгершіліті аттап, өзгенің сойылын соққан жоқ. Оның журналистикада өзіндік орны бар бірегей азамат. Өзінің еңбекқорлығымен ол талай белестерді бағындырды. Ол жеке басының намысынан әрдайым ақиқатты жоғары қоя білген журналист.  Қ.Медет жайлы сөз қозғағанда оның кең өрісін, сезімталдығын, әр-алуан жанрда қалам тербеген жазушы ретінде де таниды. Қ.Медеттің шығармаларын оқығанда, оның тілінің көркемдігіне алдымен ден қояды.  Қ.Медет қандай қызметте болмасын журналистік қызметін әсте, бір естен шығарып көрген емес. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасында қызмет ете жүріп те газет шығаруды қолға алды. Ол «Алтын қазына» атты мәдени-қоғамдық, тарихи-танымдық, өнер газетінің бас редакторы бола жүріп те саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты зерттеу мақалалардың басылуына тың жол салды. «Карлаг» қазақ даласының қайғысы мен қасреті» атты мақаланы басылымның бірінші бетіне басты. Сол «Карлагта» 28 жылда 1 миллионға жуық адам тұтқында болған. Алжир, Степлаг, Спасск ерекше лагері, барлығы 26 бөлімше, 192 лагерь осы Карлагқа қараған. Карлаг республика басшылығына бағынбаған, тікелей Мәскеуге, Гулагқа ғана тәуелді болған. Осындай деректермен сипатталған мақалада сол кездегі сотталғандардың суреттері де басылған. Карлаг мұражайы мультимедиялық анимациялық құрылымдармен жабдықталған. Тиісті бөлімдерде сол кезеңнің үрейлі көңілкүйді жеткізетін фон, тұтқындардың ыңырсуы, әйелдердің айқайы, балалардың жылауы нәубет жылдарын енгізгендей әсер беретіндігін нақтылап жазған. Мақала авторының (Г. Алпысбаева) осындай еркін суреттеп жазып шығуынан бас редактордың өзіндік позициясынан анық аңғарамыз. Болмаса, осы күндері де шындықты шама-шарқының келмесіне қарамастан, айтқызбауға, жазғызбауға, суреттеуге кедергі келтіріп жүрген басылым басшылары арамызда жоқ та емес.

Қ.Медеттің басқаруындағы Шымкент қаласынан шығатын «Алтын қазына» газетінің де көтерген жүгі жеңіл емес.  Бұл басылымда Жүсіпбек Аймауытовқа қатысты «Алаштың аймаңдай ұлы».  Санжар Аспендияровқа арнайы жазылған «Халқымыздың аяулы ұлы», Сұлтанбек Қожанов туралы «Ұлтжанды азамат» т.б мақалалаларды оқуға болады. Бұл жазылған мақалаларда осы айтылған қазақ арыстарына қатысты тың деректерді оқи аласыз. Осындағы мақалалардың барлығының сапалы әрі терең зерттеулермен жазылғандығына сүйсінесіз.  Мақала авторлары да үлкен тәжірибеден өткен тіл мамандары екендігіне көзіңіз жетеді. Оның үстіне кәсіби редактор, журналист Қ.Медеттің қолымен қол қойылып шығатын газетті ескерер болсақ, мақаланың да айшықты бола түсетініне сене беріңіз.  Осы орайда, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабектің : «...Қазір сапасыз, олпы-солпы басылымдар шаш-етектен. Оны оқып сауатты емес, сауатсыз боласың. Біздің байқағанымыз, алаш тұлғалары сол шақта дұрыс, сауатты материалдар ұсынып, елдің білігін көтерген.  Мысалы, Жүсіпбек, Бейімбет, Ілиястар – осы газеттерден кәдімгі лингвистикалық, стильдік сауатын ашқандар. Сөйтіп, ұлт газеттері тартқан сауатты авторлар жалпыұлттық ұстаздарға айналды..».  Редактор, журналист Қайырғали Медеттің де ұстанар бағыты осы сөздерге жанасады. Ол да газеттің сауатты шығуы мен ондағы стильдік қырын арттыруды әркезде естен шығарған емес. Оған оның бас редакторлық қызметтеріндегі басылымдарды оқып отырғаныңызда көзіңізді жеткізе түсесіз.  Кезінде Елбасы «Журналистердің күші – елдің қарулы күштерінен де күшті. Сондықтан журналистеріміз халыққа жақ, санаға сақ болсын» деп пікір айтқан. Бұны Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ өзінің «Журналистика қай қоғамда да өзекті мамандық» атты мақаласында келтірген еді.  Қ.Сақ: «...Қазір журналист даярлау еліміз бойынша отыз шақты оқу орнында жүргізіліп келеді. Қоғамда журналист мамандығына деген сұраныс болғандықтан да, дәл осы жағдай орын алып отыр...» дейді. Ол сонымен қатар осындай отыз шақты оқу орнында дайындалатын журналистердің сапалық жағына көңіл көншімейтінін айтады. Себебі, ол орындарда кәсіби маман дайындап шығара алатын мамандар жоқтығына, екіншіден, база жоқтығына тоқталады. Сондықтан мамандыққа пайдасынан зияны көп тиетін ортақол журналистер осындай оқу орындардың түлектері екендігін ол осы мақаласында баса айтқан.  Осындай жағдайларға қатысты кейбір жерлерде «Біз баспасөз парағын дайындай алатын деңгейге жеткізсек болды» дегендерін де естігендігін ашық айтады. Қ.Сақ сонымен қатар өздері дайындап жатқан жоғары оқу орнындағы бағдарламаларға тоқталады: «...Біздің еліміз әлі де қалыптасу, даму үстінде. Сондықтан бізге танымдық, тәрбиелік мәні зор бағдарламалар қажет. Осындай бағдарлмалар көп болса, журналистиканың ел алдындағы міндетінің адал болғандығы болар еді деп ойлаймын. Біз сондай сапалы мамандар дайындауға көбірек көңіл аударамыз. Кешегі Алаш азаматтарының, марқұм Ақселеу Сейдімбек ағамыздың, бүгінгі дәріс оқып жүрген Намазалы Омашұлының журналистік қызметін зерттегенде осыған көзім жетті...».  Қ.Сақ жазып отырғанындай, Қ.Медеттің де ұстанған ұстанымы қазақ журналистикасының қанатын кеңейте түсу, сапалы мақалалардың санын арттыру, ортаңқол дүниелерді басылым беттерінен барынша аластату, өзекті мәселелерді тереңнен қозғау болып табылады.  Біздер оның осындай ойының алдағы уақытта орындалатынына кәміл сенеміз. Себебі, редактор, журналист Қ.Медет оның түп қазығын қадағаны қашан!  

Қ.Медеттің шығармашылық еңбектері туған жерге, азаматтық болмысқа, отан сүйгіштікке арналған десе де болады. Оның жазған әңгімелерінен ғана емес өлең жолдарынан да осын анық сезіндім.  Қ.Медет басқарған газеттердің барлығында дерлік қазақтың рухани күші – өнері, тілі, әдебиеті алдыңғы қатарға қойылды. Оның басқаруындағы басылымдардың әрбір бетінде маңызды мақалалар жарқырап көрініп тұрды. Көптеген көкейкесті мәселелерді ол бірінші кезекке қоя білді. Керек десек, Қ.Медет қоғамдық ойды қалыптастыруға осы журналистиканың рөлінің ерекше екендігін өзі басқарған басылымдар арқылы дәлелдей алды. Бұрынырақта қазақ журналистикасының қалыптасуы ел басқарған ірі басшылардың қатысуымен жүзеге асырылып келсе, ол ендігі жерде Қ.Медет сияқты редактор, журналистің жеке өзіндік басқару ерекшелігімен журналистиканың кең ауқымы дами түсті. Қ.Медеттің журналистика саласындағы жасаған еңбегінің қыр-сырын ашуға күш салдым. Қ.Медетті редактор, журналист ретінде өз міндетін адал атқарған азамат деп тануға әбден болады. 

Мақала авторы - Дана Мәулен
Материал автордың рұқсатымен жарияланды

Тағы да оқитындарыңыз