Айдос Тоқтарбаев: Әділетсіздік сағымды сындырды

20.04.2017

Ел ішінде қайталанбас, ерекше қабілеті бар жандар болады. Солардың бірі – «буынсыз адам» атанып кеткен, дарынды өнерпаз Айдос Тоқтарбаев. 2004 және 2006 жылдары Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына екі мәрте енген гимнаст әлемдік Гиннес кітабына кіруден үмітті. Ел аралап, өнерін паш етіп жүрген «буынсыз жігітпен» бүгін сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Айдос, сіздің денеңіздің иілгіштік қасиеті өте жоғары екендігін білеміз. Бірнеше мәрте бүктеліп, қысқатолқынды пеш тәріздес жәшікке оп-оңай сыйып кете алатыныңызды бүкіл халық көрген. Бүгінде шығармашылық қоржыныңызда небір трюктар бар. Солардың кейбірін атап өтсеңіз.

– Жалпы, бүгінге дейін көптеген трюктарды жасап көрдім. Өмірге үлкен қауіп төндіретіні бар, оның ішінде жантүршігерлік трюктар болады. Мысалы, қылыш жұтам, тоққа қосылып, айналып тұрған бұрғыны өңешіме тығам, отын кесетін араның үстімен жүремін. Сондай-ақ, екі машинаның ортасында шпагатқа отырып, көлік қозғалған сәтте өзара байланыстырушының қызметін атқарамын, үстімнен машина жүргіземін. Одан кейін жаңағы өзіңіз айтып кеткендей, бойымдағы өнерді пайдаланып, буындарды майыстырып сан түрлі нөмір жасаймын.

Бойыңызда осындай ерекше қабілет барын қашан байқадыңыз?

– Шынымды айтсам, жақындарым бесікте жатқан кезімде-ақ, дене мүшелерімнің аса иілгіш екендігін байқаған екен. Шамамен екі-үш жасымнан бастап марқұм Ардақ ағам менің бұл қабілетіме ерекше мән беріп, қол-аяғымды созып, үнемі күрделі жаттығулар жасатып отыратын. Бала кезімізден сүйіп көретін фильмдердегі Джеки Чан, Джет Ли сынды актерлар жасайтын іс-қимылдарды үнемі қайталап жүретінмін. Өнерімді көпшілік алғаш мектеп қабырғасында жүргенде байқады. Мұнда дене шынықтыру сабағында буындарымды майыстырып, түрлі жаттығу жасаған сәтімде бәрі таң қалған болатын. Кейін спорттың көптеген түрінен, биден үздік атанып небір конкурстарға қатысып жүрдім. Мектепті тәмамдап, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің цирк бөліміне оқуға түстім. Осылайша, табиғат берген қабілет мені үлкен өнердің жолына жетеледі.

– Білуімше, бүгінде отбасыңызда үш бала тәрбиелеп отырсыз. Бұл ерекше қабілетті балаларыңыздың бойынан байқамадыңыз ба?

– Иә, екі ұл, бір қызым бар. Енді балаларым әлі кішкентай. Алдағы уақытта белгілі болады ғой. Бірақ қазірдің өзінде қызым өздігінен шпагатқа отыра алады, тағы да бірнеше күрделі іс-қимылдарды жасай алады.  

– Халық арасында сізді «буынсыз адам» деген атпен таниды. Бұл атау сізге қашан, қалай қойылды?

– Мен колледжде оқып жүрген кезде әр түрлі сайыстарға қатысып, түрлі деңгейдегі концерттерде өнер көрсетіп жүрдім. Сол тұста «Қазақстан», «Хабар» тағы да басқа арналардың журналистері келіп, менен сұхбат алып тұратын. Суреттерімді, жасаған трюктерімді көріп, «буынсыз бала» деп атайтын. Кейін мен жайлы жазылған мақалалардың тақырыбы солай қойылып, көпшілік үшін «буынсыз адам» болып кеттім.

– Сіз шамамен осыдан 5-6 жыл бұрын жарқ етіп халықтың назарына іліктіңіз де, кейінірек ел көзіне көрінбей кеттіңіз. «Жұлдызды сәт» жобасынан кейін тағы қандай сайыстарға қатыстыңыз?

– Енді бүгінгі күнге дейін небір конкурстарға қатысып келдім. Облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде ұйымдастырылған талай додаларда өнер көрсеттім. Топ жардым, сүріндім, әділетсіздікті көріп талай мәрте сағым сынды. Дегенмен, өмір болғаннан кейін оған да көнесің. Жаңа ел көзінен тасада қалдыңыз деп жатырсыз ғой, мұныңыз рас. Біздің елімізде цирк әртістерінің өнері бағаланбайды. Сондықтан да халық оларды көп біле бермейді. Ел ішінен қолдау таппағаннан кейін қарқыным бәсеңдеп қалды.

– Сіздің әзірлейтін нөмірлеріңіз өмір мен өлімнің арасындағы трюктерден тұрады. Аздаған қателік оңдырмай опық жегізеді. Денеңізді жарақаттап алатын кездер жиі болатын шығар?!

– Енді жарақаттың небір түрін көрдік. Цирк бөлімінде жүргенде екі аяқ бірдей сынған кездер болды. Солай төсек тартып, жатып қалған сәтте «болды, енді еш нәрсеге жарамсызбын» деген сияқты ойлар келеді. Жалпы, қабырға, саусақ, мұрын сындыру қалыпты жағдай болып кетті. Одан кейін сахнаның үстінде аяқ асты жараланатын кездер болады. Кейде белгілі бір жағдайлар алаңдатып, қобалжып кетесің. Осындай кезде өткір қылыш тамақты, тілді кесіп кетуі мүмкін. Мұндайда біраз уақыт тамақ іше алмай жүресің. Жалпы терім жарақатты ауырсынбайды. Тез жазылып кетеді.

– Үнемі бабыңда болу үшін денені қыздырып, жаттығу жасап тұрасыз ба?

– Менің дене мүшелерімнің иілгіштік қасиеті бойыма туа біткен. Сондықтан үнемі жаттығу жасап дайындалудың қажеті жоқ. Жасамаймын да. Сахнада тұрып импровизация жасағанды ұнатамын.

– Өнеріңізді шетел сахнасында да көрсетіп жүрсіз. Өзге ел тарапынан шақыртулар, жақсы ұсыныстар болды ма?

– Кезінде, 17-18 жасымда біршама ұсыныстар болды. Менің қабілетімді, мүмкіндіктерімді көрген біраз  шет мемлекеттері шақырту жасады. Дегенмен, ол кезде жас болдым, балалықпен көп нәрсенің маңызын түсінбедім. Сол ұсыныстарға мән бермеген едім. Қазір соған өкінемін.

– Ал алдағы уақытта шақырту болып жатса, қабылдайсыз ба?

– Әрине. Бірақ, жасым болса 35-ке келді. Енді мені кім шақыра қойсын?!

– Біраз жыл жинақтаған тәжірибеңіз бар. Алдағы уақытта, өнеріңізді жас буынға үйретіп, шәкірт тәрбиелеу мәселесіне қалай қарайсыз?

– Әрине, бұл менің арманым. Өнеріме тәнті болып жүрген жандардың ішінде маған келіп кеңес сұрап, сабақ беруді өтінетін жастар да бар. Шыны керек, күнделікті күнкөрістің қамымен той-томалақтан аса алмай жүрген жайымыз бар. Яғни, ілгері жылжу жоқ. Сондықтан да біраз уақыт ауылға барып, бейімі бар 2-3 шәкірттің басын қосып үйретсем деймін. Әрі жаңа, көпшілікті таң қалдыратын тың трюктар ойлап табуға бұл жақсы мүмкіндік.

– Әңгімеңізге рахмет! Армандарыңыз орындала берсін!

Тағы да оқитындарыңыз