Болашақерден болашақ болашақерге кеңес: АҚШ-та пәтер жалдамақ болсаңыз, білген жөн

28.11.2017

Кететін күнің белгілі болған соң әрине тұратын жер іздей бастайсың. Қарайтының xабарландыру сайттары. Олардың да түр-түрі бар. Әсіресе тек жылжымайтын мүлікпен айналысатын сайттарда таңдау да көп, суреттері де сапалы және сенімдірек көрінеді. Бірақ көзбен көріп, қолмен ұстап көрмейінше ақшасын төлеп, жалдай салу да оңай емес. Сондықтан пәтерді келіп іздеген дұрыс қой деп ойлаймын. Тек жалпы бағаларды зерттеп, оң-солыңды шамалап қойсаң жарайды. 

Пәтер іздеу оңай жұмыс емес. Бағасы мен сапасы көңілден шығатыны табылғанша ұзақ уақыт өтіп кетуі мүмкін. Қонақ үйлерге тоқтар болсаңыз, ақшаңыз адам сенгісіз жылдамдықпен зым-зия болуы ықтимал. Мұндай жағдайда мен сізге Airbnb сайтын ұсынар едім. Бұл жерде xостелдер немесе үйінің бір бөлмесін жалға ұсынатын адамдар табуға болады. Әрине қымбат варианттар да бар, бірақ негізінен көңілге қонымды бағалар. Мұның жақсы жері - көбі асүйді қолдануға рұқсат етеді. Яғни даладан тамақ ішіп, шығын болудың қажеті жоқ. Кейбірі, тіпті, ертеңгі ас ұсынуы да ықтимал. Ең бастысы жатын орынды алдын-ала жалдап қоя аласыз. 

Дегенмен қазақ емеспіз бе, баратын қалада таныстарыңыз табылып қалуы әбден мүмкін. Ешкімді танымасаңыз да болашақерлер бір-бірін далада қалдырмайды. Лос Анджелеске кеткен достарым да осылай студенттердің үйінде уақытша тұра тұрған. Есесіне олар да ертең басқа біреулерді қонақ қылатынына сенімім кәміл. Сондықтан еш қысылмай осы бастан жұртпен танысып, байланыс орната беріңіз. Осыған дейінгі материалда айтқанымдай мен де осындағы қазақ отбасының үйіне түстім және ұзақ уақыт бірге тұрдым. Бірнеше рет бөлек кеткелі тұрғанымда жалдамақ пәтерім маған емес оларға ұнамай “Бұдан да сапалысы табылады”, деп тоқтатты. Иә, қазақы қонақжайлықтың сан антониолық үлгісі болатын бұл.  Айтқандары дәл келді, қазіргі тұрып жатқан жеріме көңілім әбден толады. 

Америкалықтар пәтерді flat деп емес, apartment деп атайды. Егер өзіңіз бөлек апартмент жалдағыңыз келсе Zillow сайты дұрыс. Мұнда көбіне заңды тұлғалар ұсынған варианттар табасыз. Суреттерге сенбеңіз. Бәрін барып көру керек. Қанша жерден renovated дегенмен жағдайы көңілден шықпай қалуы әбден мүмкін. 

Есіңізде ме, тіл курстары туралы материалда Сан Антониодағы жалғыз қазақ студент екенімді айтқан болатынмын. Және әдейі жалғыз болуды қалаған едім. Бақсам, пәтер жалдауға келгенде қасыңда қандасың болғаны жақсы екен. Екі немесе одан да көп адамға пәтер жалдау ең бастысы арзанға шығады. 

Дегенмен жеке пәтерге ақша қимасаңыз бөлме жалдауға тырысыңыз. Қаржы үнемдегеннен бөлек натив-спикер көршіңіз болса, сөйлеу тәжірибеңізді де дамыта түсесіз. Мен солай тұрып жатырмын. Екі көршім де америкалықтар, біреуі үйдің қожасы, екіншісі соның досы. Бірақ бөлмені ұзағырақ іздеуге тура келеді. Мен көрген үйлердің тоқсан пайызы ит байласа тұрғысыз жағдайда болды. Бірінде көршілердің түрі күдікті, бірі лас, бірі нашар ауданда, бірі мүлде қирайын деп тұрған үй. Қысқасы бөлме іздемек болсаңыз қожайыны да сол үйде тұратын вариант қараңыз. 

Пәтер іздеген кезде мен күтпеген жағдайлар да болды. Мәселен, мұнда баспана атаулы жиһазсыз берілетінін бұрын білмеппін. Әдетте ас үй ғана жабдықталады, онда да ыдыс-аяқсыз. Қалғанын, үстелдер, орындықтар, тіпті керуертті де өз ақшаңызға алуға тура келеді. Әрине жартылай жабдықталғандары да кездесуі мүмкін, бірақ бұл сирек. Сондықтан ақшаңызды ойша бөлгенде керек-жарақ алуға бөлек бюджет қарастырып қойыңыз. 

Бізге таңсық тағы бір нәрсе - депозит. Бұл кәдімгі кепілдік. Пәтерді немесе бөлмені жалға алғанда бір айлық төлемақы артық беріп қоясыз. Яғни бағасы 1000 доллар болса 2000 доллар төлеуге дайын болыңыз (кейде бұл сома айлық төлемнен аз болуы да мүмкін) Шығатын уақыт келгенде жылжымайтын мүлікке ешқандай зақым келмеген болса, сома қайтарылады. Бірақ арендатор қайтармау үшін түрлі сылтау табуы мүмкін ғой, сондықтан келісім-шартқа қол қоярда сызылған-жыртылған, сынған-бүлінген нәрсенің бәрін көрсетіп қойыңыз. 

Тағы бір артық төлеуге мәжбүр болатын ақы application fee деп аталады. Мұны көбіне заңды тұлғалар талап етеді. Сомасы әртүрлі. Бір реттік және бастысы қайтарылмайды. Сонда не үшін төлеймін дейсіз бе? Сіздің пәтерді жалға алу туралы өтінішіңізді қарастыруы үшін. Міне мәселе қайда жатыр. Заңды тұлғалар сізге пәтерді жалға бермей қоюы да мүмкін. Америка жылжымайтын мүлік нарығындағы біздің адамдар түсіне алмай таң қалатын парадоксқа да келіп жеттік. Пәтерді немесе үйді жалға алу үшін сіз ай сайын оның ақысын тұрақты түрде төлеп тұра алатыныңызды дәлелдеуіңіз керек. Ол үшін тұрақты табыс түрін көрсетесіз және бастысы пәтер ақысы сіздің айлық кірісіңіздің белгілі бір пайызынан аспауы тиіс. Өйткені сіздің пәтерді төлеймін деп аш қалуыңызға болмайды. Түсініп отырсыз ба? Жаңағы төлеген ақшаңыз сіздің айтқаныңызды, яғни табыс көздеріңізді тексеруге жұмсалады. Олар бұрынғы тұрған жерлеріңізге де xабарласып, сіз туралы пікір сұрайды. Сондықтан кез келге пәтерді жалдай алмауыңыз да әбден мүмкін. 

Тақырыптан тыс болсада тоқтала кеткім келіп тұр: Байқап отырсыз ба, бұл жүйе адамдарды автоматты түрде табысына қарай бөліп тастайды. Бір үйлерде, айталық, отбасы табысы 5000 долларға дейінгілер, келесісінде 10000 долларға дейінгілер тұрады. Айтпақшы, мектеп жасындағы баласымен келетіндер үшін бір ақпарат. Рейтингі жақсы мектептердің маңайында пәтер құны жоғарырақ болады. Есесіне балаңыз жақсы мектепте, орта табысты америкалық отбасылардың балаларымен оқуға мүмкіндік алады. 

Тағы бір қиындық жалға беру уақыты немесе lease term. Бір ай тұрып, кетіп қалу қиын. Келісім-шарттар көбіне алты және он екі айға жасалады. Сондықтан бір кірген соң ұнаса да, ұнамаса да тұруға мәжбүрсіз. Айтпақшы lease term ұзақ болған сайын ақысы аз болады. Айналып келгенде пәтер іздегенде асықпау керек деген байламға қайта оралдық. Мұқият болыңыз. 

Коммуналдық төлемдер көп жағдайда бөлек болады. Әсіресе жеке пәтер немесе үй жалдасаңыз су, жарық, интернет, қоқыс шығару, қар жауатын жер болса, қар шығару үшін де ақша төлеуге дайын болу керек. Ал мен сияқты бөлме жалдасаңыз келісуге болады - мен арендадан басқа ештеңе төлеп отырған жоқпын. 

Интернеттен қарап алып, көше аралап, пәтер жағалап жүргенде көп қабатты үлердің маңайында ілулі тұрған шар көрсеңіз, бұл жерде бос апартменттер бар деген сөз. Кіріп, қарап, танысып шығуға болады. Тек қолыңызда суреті бар кез келген (жеке куәлік, студенттік карта, жүргізуші куәлігі, тренажер залының картасы) ID карта болсын. Неге екенін өзім де түсінбедім, бірақ барған жерде бөлмелерді көрсету үшін ID сұрайды. 

Қорытынды ретінде ең маңызды мәселелерді бір қайталап өткен артық болмас: 

  • Асықпаңыз. Түсінем, ық тұтар баспанаң болса, бір уайымының сейіліп, тез үйренісесің. Бірақ шарт кемі жарты жылға жасалатындығын ұмытпаңыз;
  • Депозит ретінде қалдыратын ақша дайын болсын. Пәтерге кірерде бұрыш-бұрышын жақсылап тексеріп алыңыз;
  • Коммуналдық төлемдер. Бөлме жалдайтын болсаңыз неге төлеп, неге төлемейтініңізді шарт түрінде бекітіп алыңыз;
  • Жиһаз, көрпе-төсек, ыдыс-аяқ сатып алуға ақша ала келіңіз. 

Кеңесіңнің түрі осы ғана деуіңіз де мүмкін. Бірақ АҚШ-қа келгенде осының бәрі маған таңсық, кейбірі бас ауру болды. Сондықтан сізге кішкентай да болса пайдам тиіп жатса, соның өзі жарайды. 

Мақала авторы - Маралбек Сағынғанов
Материал автордың рұқсатымен жарияланды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз