Ұлттық ойындар – ұлтымыздың құнды мұрасы

16.03.2017

Қазақта 150-ге тарта ұлттық ойындар барын біліп пе едіңіз?! Оларды зерттеген Е.Сағындықов, Ә.Диваев секілді ғалымдар: ойын-сауық, тұрмыс-салт ойындары, жануарлар дүниесі, аңшылыққа байланысты ойындар, дене шынықтыру спорт ойындары деп бөліп қарастырады. Әрине, ол ойындардың бүгінде біразы ел есінен шығып, ұмытылып кетті.

Халық арасында кең таралған ұлттық ойындардың 12 түрінің шарттарына жекелеп тоқталуды жөн санадық.

Көкпар

Көкпар – көптің көзайымына айналған ат пен жігітті сынға салатын тартыс түрі. Оның «дода және жаппай тартыс» деп аталатын екі түрлі әдісі біздің халық арасында кең таралған. Дода тартыс екі команда арасында өтетін болса, жаппай тартыста жеке шабандоздар өздігінше жеңіске жетуге тырысады. Көкпарда ер-жігіттің күшін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігі сыналады. Сондай-ақ, бұл спорт түрі жылқы малының да жүйріктілігін көрсетеді.

Көкпар тарту қатысушылардың санына байланысты 8-15 минут аралығында өтеді. Көкпаршылардың мақсаты – орталық шеңберде жатқан 70-80 келі тартатын серкені өз командасының «отауына» түсіру. Егер әр команда 5 адамнан болса, ұзындығы 300 м, ені 100 м, 10 адам болса – 500х200 м, 15 адамнан болса – 700х300 м, 20 адамнан болса – 1000х500 м болады көкпар алаңы болады. Қай команда «отауына» көбірек серке салса, сол команда жеңіске жетеді.

Аударыспақ

Аударыспақ – ежелден келе жатқан күш және айла-тәсіл арқылы салт аттылардың ер үстінен аударып түсіретін қазақтың ұлттық ойындарының бірі. Бұл ойын жауынгерлердің сын сағатта найза, қылыш қолдану арқылы  дұшпанын жеңуге тигізер көмегі зор болған. Қайрат-күші мол, шапшаң қимылдап, ат үстінде еркін отыратын жігіттердің бақ сынасар сайысы бүгінге дейін үлкен той жиын, мерекелерде ойнатылады.

Қыз қуу

Қыз қуу – жазық жерде өткізілетін ойын. Мәреге 300 метр жетпейтін тұстан қыз бен жігіттен құралған жұптар жарысқа қатысады. Дегенмен, қыз бен жігіттің арасы 15-20 метрдей болуы шарт. Арнайы белгі берілгенде олар алға шаба жөнеледі. Ойынның шарты бойынша жігіт қызды қуып жетуге міндетті. Қуып жеткендер, қыз бетінен сүюге мүмкіндік алса, жете алмай ұятты болғандар қыз қамшысымен жазаланады. Екеуі де осы жарыс үстінде өздерінің бар өнерлерін, ат үстіндегі шеберліктерін, тапқырлықтарын танытулары керек.

Күрес

Күрес – тарихы тереңде жатыр. Жеке адамның білек күші мен айла-амалы бірге сынға салынатын дода түрі. Мұнда жігіттер кіммен қарсылас болса да, қайрат, жігерлеріне қоса шеберліктерімен жеңіп шығуға тиіс. Қазақша күрес күні бүгінге дейін сақталып, халықаралық аренаға шыққан ең танымал ұлттық сайысымыз. Бұл – қазақ халқының осы спорт өнеріне ерекше ден қойып, тәлімдік маңызын ұстап қалғандығының белгісі болса керек. 

Ақ сүйек 

Ақ сүйек – ай сүттей жарық түндері, жазды күні  өткізілетін сауық-сайранға құралған ойын. Ақ сүйекке қыздар мен жігіттер, сондай-ақ балалар да қосылып, араласып ойнай алады. Ойынға ертеректе  ірі қаран малды жілігі пайдаланылған. Қатысушылар теңдей болып екіге бөлінген. Сайысты бастаушы ақсүйекті әуелетіп, алыс лақтырады, ал қалғандары осы сүйектің шамамен қайда жерге түсетінін бақылап тұрады. Осылай ойын басталып та кетеді, сүйекті тапқан адам тапқанын айтып, мәреге қарай жүгіре жөнеледі. Екінші топтың қатысушылары оны ұстап алып, құрықтаған ойыншы ары қарай сөреге жүгіре жөнеледі. Міне, осылай кім сүйекті сөреге әкелсе, сол топ жеңімпаз болып есептеледі. Ал жеңілген жақ ән салып беруге міндеттелген. Ойын осылай жалғаса береді.

Сақина салу

Сақина салу – арнайы жеребе тартылып, бір қыз бен жігіт ортаға шығады, ал қалғандары қолдарын уыстап тізіліп отырады. Қыз осы отырғандарды алақандарына сақина тастағандай аралап шығады. Әрине, солардың біріне қолындағы олжасын тастап кетуі тиіс. Ал жігіт қыздың кімге қалдырғанын табуы шарт. Дұрыс таба алса, отырған ойыншы айып ретінде өнер көрсетеді, ал жігіт қателессе өзі айыпты болады. Бұл ойында айыпты түрлі жолдар арқылы өтеуге болады, мәселен, жұмбақ шешу, жаңылтпаш айту, би билеп, ән салу. Не айып тартатындығын қатысушылардың өздері бұйырады.

Бастаңғы

Бастаңғы – ауылдағы үлкен  кісілер той жиынға кеткен кезде бас қосып жиналатын қазақ қыз-келіншектерінің дәстүрлі ойыны. Бұл кезде қыз балалар өзара бас қосып, емін-еркін ойнап-күліп, сырласады. Олар өз қалауларымен ауылдың жас келіншектерін де шақыра алады. Бастаңғы – қыздардың үй шаруасындағы қимыл-әрекетінің көрінісін береді.  Бастаңғыға келген қыздардың әр қайсысы тәтті-дәмдіні, құрт-майды үйден ала келіп, ортақ дастарқан жаяды. Ал тамақты өздері дайындайды. Бұл ойынның  астарында үлкен тәрбиелік мән көруге болады. Қыздар осы ойын арқылы қонақ күтімін, табақты мүшелеп тартудың жөнін  көріп, іс жүзінде орындайды. Бастаңғы ілгеріде келтірген ойындар секілді сауық-сайранға жатпайды.  Ешқандай шу болмауы керек.  Себебі, бұл қылықтарын үлкен кісілердің біліп қою әбестік деп түсінген.

Алты бақан

Алты бақан – жастардың жиналып бас қосып, сауық-сайран, әуелеткен ән кешін сыйлайтын тамаша ойын кеші. Мұнда қатысушыларға шек қойылмайды. Бұл ойын далада, жазды күндері арнайы құрылған бақандарда өткізеді. Оны әзірлеу үшін  тербелетін тұғыр жасауға ұзындығы  3-4 метрлік  алты бақан және үш мықты арқан қажет болады. Айтылған алты бақан үш-үштен жерге төбелері түйістіріліп орнықтырылады да оған көлденең арқалық ағаш байланады. Ал үш арқанның ұшын сол көлденең  арқалыққа бекітіп қояды. Міне, осы дайындалған бақандарға қыз бен жігіттер алма-кезек ауысып тербетіліп, ән шырқап, қалғандары осы әнге қосылып керемет кештің көрінісін көрсетеді.

Тоғыз құмалақ 

Тоғыз құмалақ – бүгінге дейін өз дәрежесін ұстап тұрған ұлттық ойындарымыздың бірі. Тоғыз құмалақты төрт бұрышты тақтада  ойнайды. Тақтаның екі қатарға тоғыз-тоғыздан сопақша келген ұясы, әр қатар үшін бірден жасалған екі қазан болады. Олардың түсі екі бөлек. Әр ойыншыға 81-ден құмалақ беріледі. Олар ұяларға 9-дан орналастырылады. Ойын шарты: тоғыз құмалақтың партиясы ақ пен қараның кезектесіп отыратын жүрісінен тұрады. Ойынды бастаушы адам өзінің кез келген ұяшығында бір құмалақты қалдырып, оларды сағат тіліне қарсы жақтан бастап  ұяларға салып шығады. Егер ең соңы құмалақ түскен бәсекелестің ұзындығы тас саны жұп болса, онда ойыншы сол ұядағы құмалақты түгелімен, өз қазанына аударып алады. Ойын барысында ойыншылардың біреуінің ұясында 2 құмалақ қалып, оған қарсыласы ең соңғы тасын салып үлгерсе, ол үш тасты түгел алады да, ұя ойын аяғына дейін «тұздыққа» айналады. Бұдан кейін сол ұяға түскен тастар «тұздық» иесінің қазанына  көшеді. Қазанына жалпы 82 құмалақ жинаған ойыншы жеңіске жетеді.

Тымпи

Ойынға қатысушылар шеңбер жасап, дөңгелене отырады. Ойын­ды жүргізуші: «Ал ойынды бастаймыз, бәрің түгел тым-тырыс тымпи!» деп бұйырады. Бұдан кейін бірде-бір ойыншы дыбыс шығармауы, үн қатпауы керек. Мұнда жүргізуші ғана сөйлеуге ерікті. Жүргізуші әзілкеш, күлдіргі болуы керек. Ол әзіл-қалжың сөздерді айтып немесе күлкілі іс-қимылмен қалай да біреуді күлдірудің амалын жасайды. Қалжың жыр да айтады. Бұл жерде тек қалжың өлеңге қатысушылардың атын қосып, шамдандырмау керек. Жаңылыстыру үшін неше түрлі сұрақтар қойып, көздеріне төнеді. Біреу абайсыз жаңылып сөйлесе не күліп жіберсе, айып тартады. Айыпты өлең айтады, ән салады не би билейді. 

Қыз кәде

Бұл ойында ұзатылатын қыздың жеңгелері мен күйеудің қосшылары тартысқа түседі. Ойынды қыз жағының жеңгелері бастайды. Олар «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу жоқ» деп жол-жора жасаттырады. Екі жақ әзіл-қалжың қағыстырып, өнер жарысына түседі. Кейбір аймақтарда ұзатылғалы отырған қызды үйден кілемге салып көтеріп алып шығып, дәл аттанар сәтте ойынды бастайтын болған. Ал Қазақстанның кейбір өңірлерінде «қыз кәде» қызды аттандырудан бір күн бұрын өткізілген.

Асық ойыны

Асық ойынын ер балалар ойнайды. Асықтың ең маңыздысы – сақа. Бір-біріне қарсылас болып екі бала немесе бірнеше бала екі топқа бөлініп сайысады. Ойынның негізгі шарты – бір-бірінен асықты көбірек ұту. Асықтың үштабан және алтыатар деген кең таралған екі түрі бар. Үштабан ойнау үшін жерге көлденең сызық сызылып, оған әр ойыншы бір бірден арасын сирек етіп кеней тігеді. Ойынға қатысушылар сақасымен тігулі кенейді атып, үштабан сызылған жерден асырып жіберуі керек, үштабаннан кеней шықпай қалса, сол секілді сақа тимей қалса ойынды келесі ойыншы бастайды.

Ал алтыатар ойынында кенейлермен қатар, сақасы шықпай қалған баланың сақасы шетіне қосылып тігіледі. Кімде кім сол сақаны жұлып кетсе жерде қойылған барлық кенейге иелік етеді. Бір кенейді жұлып кеткен бала құлатқан олжаны ғана қанағат тұтады. Әр ойыншыға алты рет кезек беріледі. Алты кезектен кейін шетте тұрған сақа аман қалса, кенейлер сол балаға беріледі.

Тағы да оқитындарыңыз