Үкілі Ыбырай

Қилы заман құрбаны тағдырының аңызы мен ақиқаты

Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай!

Көкшетаудың атақ – даңқын көкке шалқытқан төрт заңғар алып!

Ұлылары тұрмақ өз арасында ғана атағы барлардың да әр басқан қадамына ықтияттылықпен қағаздап - хаттап тарих пен мәдениет еншісіне үлестес ететін ұсынақты жұрттардай емес, біздің талайлы тарихымыз негізінен, атадан балаға айтумен жеткен үрдіс. Ал, ауыздан ауызға көшкен кептің замана көші белден-бел асқан сайын ел есінен ескіріңкірейтіні, айтушының ауанына еңсеріле өңі өзгертіліп отыратыны да бар. Сол кінәраттан жоғарыда аттары аталған төрт ақбереніміздің өмірлері мен өнерлері де құтыла алмаған. Әсіресе, Үкілі Ыбырай тауқыметті тағдырының тәмамы – оң шақты жыл шамасында әр текті кеуесетке, жаны сірі аңыздарға желеу беріп келе жатқаны қайран қалдырарлықтай... Оққа да байлайды: Тескен тау өткізіп Қиыр Шығысқа жеткізіп, Итжеккенге де айдайды; Барсакелмеске апарып Арал теңізіне батырып та жібереді; Ақтөбе қаласында іш сүзегінен де өлтіреді; Солардың қай-қайсысы да «анық біліп сөйлейді»... Барсакелместің қай қиялдан туғаны белгісіз, ал итжеккен мен іш ауруын шығарған сонау сексенінші жылдардың аяқ шенінде жергілікті газетте жарияланған екі мақала болғанын білетінбіз.

Және бір күмән Үкілі Ыбырайдың жасына байланысты болатын-ды. Әуелде нақтылы білмейтін біреу «1860 жылы туған»  деп жаңсақ айтып салды да, сол сөз орнығып қала берді. 1990 жылы «жүз отыз жылдығы» өткізіліп те жіберілді.

Үкілі Ыбырайдың жасына һәм тағдырының тәмамына қатысты осынау аңыздар мені бей-жай қалдырмап еді. Қалайша қалдырмақ, бала жасымнан құлағым қанық болса, өмірі мен өнерінен естіп-білгенім азды-көпті табылып жатса!...

1954 жылы Алматыда университет тәмамдадым. Журналистік мамандық алып, Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетіне қызметке бардым. Қызылжар қаласының үш жыл дәмін таттым. Сонда алған ерекше мол олжам – Үкілі Ыбырайдың алдынан тәрбие көрген бірден-бір шәкірттері: әнші, ақын Тырбидың Молдахметі, Әлібайдың Игібайы, Нұртазаның Темірғалиі (ғалым Темірғали Нұртазин басқа) үшеуімен де жүздесіп, танысып-біліскенім болғаны еді. Ол кездері Үкілі аты жария айтылмайды. Көлденең көз, сақ құлақтардан оңаша – оңашада ішті бір босатып сөз самалын соқтыратын еді жарықтықтар! Үкілінің қапияда сөз табатын ғаламат ұшқыр ұтқырлығы, қызық-қызық мінездері, оқыс, тіптен, одағай қылықтары, ішек-сілені қатыратын әңгімелері арна ағытып, әндері шырқалатын. Мен көбіне-көп мінезі ақжарқын, қалжыңқой Игібай ағадан «тағы қандай әндері бар ед?»- деп тықақтата сұрап, қашан «бары осы енді» дегенінше айтқызып тыңдаған сол әндер қазіргідей құлағымда сақталған, көкірегімде жатталған.

Жолдамамен барсам да «Ленин туында» орнығып тұрақтамадым. Университетте оқып жүрген студенттік шағымда бөлім меңгерушісіне шақырылып, жылдан астам дәм-тұзын татқан «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің Қызылжар мен Көкшетау көлеміне меншікті тілшісі болып ауысып алдым да, үй ішім 1957 жылдың тамыз айында Көкшетауға қоныс аударды.

Кеңседе тапжылмастан отыратын емес, тілшінің өрісі кең. Ел танып, жер танып жүрген шағымда, артына жақсы атын қалдырған қадірлілерімізге қатысты ел аузынан естігенімді сол сәт қойын дәптеріме тоғыта беретін дағдым қалыптасқан. Сол үрдістің арқасында Үкілі Ыбырай өмірі мен өнеріне қатысы мол әңгімелерге де шұқшия ден қоятын едім. Айыртау атырабының Бекайдар Оспанов, Мүбәрәк Нұрсейітов, Сейітқали Төреқұлов тұрғылас бір қауым ақсақалдарымен жүздесіп, сұқбаттасқаным бар-тын.

Әсіресе, 1966 жылдың жайсаң жазы  есте қалған-ды.

Атақты жазушы, ғалым жерлесіміз қадірменді Есағаң (Есмағанбет Ысмайылов) Шайзада жеңгемізбен Көкшетауға келе қалды. Ол кезде мен «Көкшетау правдасы» газетінің редакторы Өміржан Оспановтың орынбасарымын. Есағаң «бірге жүресің» деді. Жүрдім. Редакцияның «бобигі» билігімізге берілді. Айыртау атырабын аптадан астам араладық. Бұл топырақта туған атақты адамдарға қатысты көне көз қарияларды іздестіріп, кең сабалы сұхбат құрып, әңгімелерінің арқауларын теңіз түбіндегі маржандай тердік. Есағаңның діттегені, әсіресе, Ақан сері, Үкілі Ыбырай өмірі мен өнерінен өрілетін асыл сөздер. Талап, Өскен ауылдарында екі-үш күндей еру болып, Жалғызтаудағы Деріпсал ауылының жұртына ат маңдайын тіредік. Сандыбай бұлағының салқын суымен беті – қолымызды шайып, мейір қандыра жұттық. Осынау жәннат жерді отаршылар 1911 жылы тартып алған ғой. Бодандықтың қыл бұрауы онсыз да қыл сағақтан қылқындырып тынысын буған бейшара елді қасқыр тиген қойдай үркітіп, үйлерді қора-қопсысымен қоса өрт құшағына орайды, адамдарды сабап қуып айдалаға айдап тастайды. Босқан ел қазіргі қонысқа сонда келіп ошарылады. Ыбекең ыза-наладан жер бауырлап жатып «Кәпір алды-ау, ата жұрт қонысымды» деген күйінішті жыр толғайды. Махметтің Өміржаны есімді ақсақал сол толғауды бастай бергенде, маңдайына кеңес өкіметінің таяғы тақ-тақ тиіп, зәрезап болып біткен Есағаң марқұм «айтпай-ақ қойыңыз.., айтпай-ақ қойыңыз» деп әрі қарай айтқызбағаны. Өміржан ақсақалмен бір оңашасын келтіріп өзім жазып алмаған ғапылдығым әлі күнге өкіндіреді! Өлеңін өзім өлтіргендей...

Өскен ауылында бірі Ыбырайдың ет жақын туысы Шаймұхан Қосшығұл баласы, бірі әлгі әзірде аты аталған Өміржан Махмет баласы, Байжан баласы Бәйлі ақсақал тұрғылас жасы үлкендермен үйде де, сыртта туырылған көк майса үстіне молынан төселген текемет, алашаға жайласа отырып та арғы-бергіден қозғалып арқау өрілген әңгімеміздің бағасы аса қымбат болып еді! Дастарқан басындағы әңгіме өзегі әлбетте, Ыбырай ғана. Қайныш кейуана жүзі нұрлана, соншалық бір көтеріңкі рухпен атасының асыл қасиеттерін, мінезі мен істерін әңгімеледі.

- Атам жарықтық етженді толық кісі болса да, қимылы ширақ, жеңіл еді. Үйде көп отырмайтын. Жиі-жиі ел аралап кететін. Жәрмеңке, базардан қалмайтын. Базарлықты көп әкелер еді. Іші кең ұзын шүберек белбеуі бар. Қант-кәмпит, өрік-мейізге сықай толтырып әкеледі. Атам келе жатқанда бала-шаға, үлкен-кіші бар, бәрі шуласа қуанып, сонадайда-аа-ан алдынан жүгіреді. Атам үлестіреді кеп базарлығын. Қағаз шәйі ақыры жетпей, түбі тақырланып бара жатса қайнатымдап таратады. Әйтеуір жұртты риза қылады... Атамның бір жақсы қасиеті – алғанын сұратпай апарып беретін еді. Ой, дүние-ай, ұмытып бара жатқанымды қарашы, атам жарықтық қолы шебер ісмер болды. Ою оятын. Қан-нн-даайй әдемі ояды. Үйде болса қолы қарап отыруды білмеуші еді жарықтық! Әркімдердің текемет, тұскиіздеріне әдемілеп ою-өрнек ойып, өзге дүниенің бәрін ұмытып отырғаны... Сосын қасынан кісі арылмайтын. Өлең айтады, әңгіме айтады. Жүрген-тұрған жерлерінде көрген қызықтарын, ара-арасында, «Қайнышжан, сен тыңдамай-ақ қой!» - деп, маған дауыстап қойып, ұятты сөздерді де соғып жіберіп, жұрттың ішек-сілесін қатырғанда, аузымызды басып алып булыға күлетінбіз.

Жазда тіпті қызық. Есік алдына текемет төсетеді. Алаша жайғызады. Домбырасын қолына алады. Барып жайласып отырады. Ауыл-аймақ түгел жиналып келеді. Күнде думан, күнде той. Ертегідегідей бір қызықты күндер!.. Ой, дүние жалған-ай десейші, кетті ғой келмеске!..

Сөйтіп жүргенімізде ағайын арасынан жау шығар-ау деп кім ойлаған! Атамның бетің бар, жүзің бар деп қарамай қатты-қатты айтып тастайтын аса уытты мінезі, ащы тілі, бауырым екен деп те бауыры езілмейтін турашылдығы жақпаған біреулер атамның үстінен үкіметке арызданыпты деген сыбысты еміс-еміс құлағымыз шалатын. Сол расқа шықты. Төбемізден жайдың оғы бір-ақ күнде түскенін қайтейік!.. Ойымызда ештеңе жоқ қаннен қаперсіз отырғанымызда... Екі қызыл жаға едіреңдеп жетіп келді бір күні. Мал-мүлкімізді қағаздады. Атам жарықтықты мүлдем басынып, екі аяғын бір етікке тықты. «Киін де, киін!» Жарықтық атамның сасып-пысуы жоқ. Аяғына саптама етігін баптана киді. Үстіне күпісін киіп, белін ұзы-ыы-еенн шүберек белбеуімен шарта таңып байлады. Басына түлкі тымағын киді. Апырай, сонда не өңінде, не сөзінде, не қимылында... титтей...титтей бір қорқу-үрку нышаны болсайшы! Тойға  немесе қонаққа бара жатқандай, баяғы көңілді, жайраң қалпы «Қайнышжан, - мені Қайнышжан деуші еді, - қорықпаңдар, мен қайтып келем. Қош боп тұр, жаным. Үйге ие болыңдар!» - деді. Басқаларымызбен де қоштасты да, екі қызыл жағаның ортасында кете барды-ау! – деп өзегі өртене әңгімелеген кейуана көзіне жас алып еді.

Қайныш кейуананың атасы туралы арна ағылтқан әңгімесіне көңіл қандырған соң,  ендігі ойға алғанымыз Ыбекең ұсталғанда артында қалған жары Дәметкенді көру, ол кісінің де аузынан әңгіме есту болатын.  Ыбекең өзінен жиырма бес жастан гөрі де кішілігі бар Дәметкенді құлай сүйген емес пе! Дәметкен деп атын да атамай еркелетіп Дәмежан деп қана сөйлеген көрінеді. Табиғат шіркіннің құдіреті күшті әлбетте, жастай қалған Дәметкен Ыбырайдан күдері үзілген шақта Ерәлі деген кісінің етегінен ұстайды. Құмтөккен ауылында тұратынын естідік те, әдейілеп ат басын бағыттадық. Алдымызда қалжыраңқы тартқан  ақ кемпір отырды. Ауыз тұшытарлықтай жартымды ештеңе айтуға ие зауқы соқпады, иә басқадай себебі болды... Бөгелместен барған ізімізді қайта таптық. Кейін естідік, Дәметкен жетпісінші жылдар ішінде өмірден өтсе керек. Өз құрсағынан бала сүймеген-ау шамасы...

Есмағанбет ағамыздай жақсының жанына ерген сол сапарымыздан Үкілі Ыбырай өмірі мен өнерінен естіген-білгенім бұрынғыдан да молығып, әлемет әсерімен оралғаннан кейін де Ыбырайға қатысты әңгімелер, оның тағдыр тауқыметі ойымнан өшіп қалған емес-ті. Әсіресе, Үкіліні көзі көрген, өлеңдерін, әңгімелерін өз аузынан естіген, ұғып қалған көне көздеріміз кездессе-ақ, жатып-жабысып жібермейтін едім. Үлгергенімді жазып алып, үлгермегенімді есіме сақтап қалуға тырысатынмын. Жазып  алғандарым, жоғалмайды, әрине, ал есіме сақтап қалғандарымның талайынан айрылдым. Себеп көбейіп кеткеннен кейін, ұмытшақтық шіркін иектейтін де көрінеді. Әңгіменің жалпы жобасы ұмытылмағанымен уақыты, кісі аттары ұмыт тұманымен тұмшаланған. Ондай әңгімені қалай айтарсың?  Тек қана қойын дәптеріме түсіріп алған-алғандарымды ғана жалғанға жария еткенді жөнге балаймын. Ыбырайды көзі көрген көнелеріміз бұл күнде табыла бермесі анық. Олар естіген, білгендерін өзімен бірге келмеске ала кетті. Ыждаһаттай жинағанымды мен дағы, алда-жалда, жұртшылыққа жеткізбей кетсем, Үкілі Ыбырай айтыпты деген сөз басқа кімдердің аузынан шыға қоярын кім біліпті?.. Рас, Үкілінің бұла болмысына сай бұлқыныспен бұрқ ете қалар асау мінез, орақтай орып түсер  сөзі мен ісінен  білгенімнің бәр-бәрін  келтіре бермегім жоқ. Тек қадау-қадау «иманжүзділерінен» ғана «хабардар» етумен шектелмекпін.

 

1.

Бұрынғының құрбы-құрдастарының ойыны от  шығарарман, мүлдем оқыс болғаны белгілі. Ал Ыбырайдың ойын-қалжыңы кісі өлтіргендей болып келсе керек.

Қарауылдың атақты екі ірі байы Зікірия – Шалабай әрдайым қосақтала айтылғаны белгілі. Шалабай мыңды айдаған байлығының үстіне қажылық парызды да өтеген тақуа кісі болса керек. Қай себеппен екенін бүгінде кім біліпті, Ыбырайдың ішінде Шалабайға деген бір қыжыл жүрген бе қалай. Ал біреуге кеткен есесін Ыбекең несиеге қаратып не бопты! «Қап бәлем!» ішінде...

Сәтін салайын дегенде сөйтетін әдеті емес пе қашаннан. Шалабай бір құдалыққа баруына тура келеді. Ол кездің атақты адамдары сыбай-салтаң «ассалаумағаләйкөм» деп жетіп бармаған. Ақын, әнші, әңгімешіл тіпті жемпаз мешкейлерін ерте барған Шалабай да сол үрдісті ұстанады. Ыбырайды, оның түйтей құрдасы Жақып деген жігіт бар, үлкен шоғырлы топ ертеді. Жақып кедейлеу болса керек, бір киер киімімен кемдік көрген соң Шалабай қажы оған өзінің қаптал шапанын кигізеді.

Шалабай қажыдай құданың жолы ерекше ауыр. Ана жақ жанын сала құрмет көрсетіп күтеді. Әсіресе, Ыбекең қызық-думанды дулатады. Ақыры жатар мезгіл де жетеді. Төсек салынады. Ыбырай әдейі Жақыптың тап жанына жатады. Жақып тез ұйықтап кетеді. Соны ғана күтіп жатқан Ыбекең тарс еткізіп жел шығарады, қаннен-қаперсіз ұйқыдағы құрдасын «Өй , ит, не болды сонша?» - деп қойып кеп қалады...

Шалабай қажының беті бір қызарады. Ертеңінде таңертеңгі шай ішіліп, қымыз ішілгеннен кейін Ыбырай аяқ астынан «асығыс бір шаруасы есіне түсе қалып» жалғыз өзі аттанып кетпекші болмай ма. Құдалармен қоштасып атына салт мінеді. Жақыпқа қарап:

- Сен қайтпаймысың?.. Қаламысың? – дейді.

- Иә, қайтпаймын, қаламын,- дейді, қаперінде ештеме жоқ Жақып.

Ыбырай атын тебіне ұмтылып: - Ендеше, шеш үстіңдегі шапанды Шаймұқан тастамай ала кел деген,-дейді зіркілдеп.

Шалабай жер шұқып отырып қалады. Ыбекең қыжылын тарқатады.

 

2.

Ыбырай Байбатыр ауылындағы Өмірзақ дегеннің көркем қызы Жәкенмен көңіл қосады. Бірақ та екеуінің арасында үлкен кедергі тұр. Жәкенді айттырып қойған жері бар ма қалай. Енді алып қашудан басқа амал жоқ, екеуі осыған уәде байлайды да, сәтті сағатын асыға тосады. Сәт сағаты ұзақ күттірмейді. Шілдехана ма, қызойнақ па, әйтеуір сондай бір реті келе қалады. Ол жиында Ыбырай да, Жәкен де бар. Енді тек бойжеткенді өзгелерге сезілмейтін ишарамен сыртқа шығару керек. Ыбырай қапы жібермейді, өлең шырқап қоя береді:

Атыңды Шағакүл деп қостық назым,

Күн бар ма қосылатын қоңыр қазым?

Бекзатқа Мәли, Гүлжан ғашық едім,

Бұл үйде отырған соң жайлау жазым.

Тағы да Шағакүл деп қойған атың,

Бек көркем жамалыңа тойған халқым.

Бір сенің тағрипыңда жүргеннен соң,

Кіші іні, үлкен аға қылдым құлдық.

Бар ма екен естіген жан, көрген-білген,

Қарға ілсе ақсұңқарды неткен сұмдық!

Ар жағын жалғыз өзің ұғынарсың,

Өлеңді осыменен тәмам қылдық,-дейді.

Жәкен қыз, әлбетте, ұғады астарлы сөзді. Сөйтіп екі ғашық тойды тастап, тартып отырады!.. 

 

3.

Ыбырайдың ата қонысы Жалғызтауға таяқ тастамдайдағы Саскөл аталатын шалқыған көлдің айнала алқабы кең жазық. Төңіректегі елдің жаз жайлауы. Іргелесе, иін тіресе қонған Байсақал, Тоқсан, Тоғай, Қалдаман ауылдарының жастары қызойнаққа жиналады. Қанафия есімді бойжеткен ақынсымақтау, әркімдерді келемеждеп өлең шығаруға мәтби болса керек. Ыбырай сол Қанафия шығарған қып, төрт ауылдың жігіттерінің бір талайын өлеңмен шенейді.

Қамысбай сал болам деп қырындайды,

Тамам қыз жалғыз көзін ырымдайды.

Ал, өз ағам Бірәлі болса тағы,

Бұқадай жуан мойын бұрылмайды.

Кім жақсы, мына ауылда Буса жақсы,

Серке арлан ол бір жүрген қара бақсы.

Аспаннан бал құйылып жауса дағы,

Омарға жалғыз аяқ көже жақсы.

Әміре Ерденіне сүйенеді,

Күлкілдеп күнде Аяған түрленеді.

Сүтке тойған қара ауыз күшіктей боп,

Кенжеғара ат үстінде шіренеді.

Сағли-шолақ шулыған салдырып жүр,

Жанында есер Қали даурығып жүр.

Оқ тимес ортаншыға деген сөз бар,

Қожаны Қосшығұлдың қаңғырып жүр.

Мырзабек, Айтжан, Қыржық желдей есер,

Әйтеуір кісімсініп сөзбен бөсер.

Құрбымен айтысатын әзілі жоқ,

Қосшығұлдың Махметі үй артынан көзі тесер.

Әділ бар сұр қоянның баласындай,

Рамазан қамқа тонның жағасындай,

Ықыжан, қай жеріңнен мін табайын,

Сен тұрған ортан қолдың саласындай.

Аяған үйде отырып қазан баққан,

Арықтаған түйенің жаясындай.

Осымен Ыбырай өлеңі етегін қайырады. Мақтауы жеткізілген жігіттер масаттанып, ал міні мінтілгендері қызарақтап, қайтсе дағы күлкінің ажары кіріп, ойыншылардың келемеж-қалжыңы сусындап қалады.

 

4.

Ыбырай өзінің «Қалдырған» әнінде «Қалдырғанды қалдырдым, Сұраған, саған аманат» дейтінін білеміз. Сол Сұрағанның кім екенін екінің бірі біле бермейтіні анық. Менің азын-аулақ хабарым бойынша, Сұраған Құлыбек баласы, Шіңкей баласы деп те атайды, Ыбырайдан біраз жас кішілігі бар досы, айтулы әнші. Бір көңілді күйде отырғанда Ыбырай досын қағытып:

Сенің атаң Құлыбек,

Желді ауылды жайлаған.

Кеудесіне дабыл байлаған,

Тұз салмаған қара су

Қазанында қайнаған,-дейді.

Сонда Сұраған еруліге қарулы:

Сенің атың Дербісал,

Айдамадың жиған мал.

Мырзалық саған қонбайды,

Қу көрікті қолыңа ал,-деп, ақысын жібермейді.

Біле жүрсін үшін айта кетейін, Сұраған 1931 жылы алпыстан асқан, жетпісті жағалатқан шағында өмірден озған көрінеді.

 

5.

Айыртау жаққа жолымыз түскен бір сәтінде тағы да жасы үлкендерді жағалатқан едік. Сонда Шаймұқан ақсақал Қосшығұл баласы мынандай әңгіме бастап еді...

- Тауда тұрған кезіміз. (Көкшетаудың  көгілдір тауларының Қызылжар жерімен шектескен шетінде жалғыз тұрған соң ата-бабаларамыз Жалғызтау деп атаған;  қалың орман жамылып, бір кездері жартасында қойдай өріп, арқар ойнаған, бауырында сылдырап сұлу сазды бұлақтар жүгірген; (бұл күннің шала қазақтары, тіпті, тау атын да қимай «Жаман сопка» деп ауыздарын қайыстай созатын, асылында, жәннат жердің кіндігіндей Көркем тауды айтқаны. Е.М.) Ыбекең өлеңді көп жазады. Біздің қолымызға ұстатпай, жасырын тығып қойып жүреді. Біз тінткілеп іздеп жүреміз.

Бір жолы текемет арасына тығып қойған жерінен ұрлап алып оқысам мынандай өлең екен...

Аузыма алдым Алланы,

Алла - иманның қорғаны.

Дәулет пен бақ, ауру – сау

Бір Алланың пәрманы.

Шешен деп айтса біреулер,

Аузына құдай салғаны.

Тіл ашқысын білмесе,

Пәнденің нешік дәрманы.

Қайырсыз фани дүние,

Баяны жоқ жалғаны.

Жеріне жетіп шаппаса,

Жүйріктің кетер арманы.

Хас ақымақтың белгісі,

Қиюсыз сөзге нанғаны.

Жұрты бір келсе үймелеп,

Кетпесе дұшпан кимелеп,

Маңдайдан шырақ жанғаны, - депті. Сонсын ары қарай тағы былай деп жазыпты:

Он жасыма келгенде,

Моллаға берді атамыз.

Ғибадатым қабыл боп,

Кешірілсін қатамыз.

Жан иесі мақлұқат,

Ажалдың уын татамыз.

Қара жерді мәкен қып,

Баршамыз да жатамыз.

Жігіттер, он алтымда қылдым сайран,

Ер емес бұл жасында серттен тайған.

Байланған биік шыңға ақиықтай,

Мен болдым мұнар тауға қанат жайған.

Атығай, Қарауыл мен Керей, Уақ,

Баласын төрт момынның еттім сайран.

Жиырма келді дүрілдеп,

Жарқырап жаздай күлімдеп.

Үлкен аға, кіші іні,

Айтпады бірі «шіркін» деп.

Жиырманың келді бесеуі,

Жоқ шіркіннің есебі.

Жеңі жастық сол кезде,

Етегі болар төсегі.

Отызға келді жасымыз,

Енді ұйқыны ашыңыз.

Тәңір жазса не көрмек,

Құл болған пәнде басыңыз.

Қырық деген кәміл жас,

Ақылың қонар дегенге,

Қырықта жасың дариядай,

Қасқайып мінген кемеге.

Осылай аяқталып тұр екен. Арғы жағын жазған шығар. Бірақ та менің қолыма түскен жоқ... Қағаздағысын қайта-қайта оқып жаттап, ұғып қалғаным осы болды,-деп әңгімесін тәмамдаған Шаймұқан ақсақалға осының өзін ұмытпастан есіне сақтап жүргені үшін көп-көп рахмет айтқан едік.

 

6.

Өскен ауылы. Көк майсаға төселген алаша үстінде сұхбат құрып отырдық. Әңгімеден әңгіме өрістеп, Ақан сері мен Үкілі Ыбырай, Орынбай ақын мен және Айыртау топырағында туған басқа да саңлақ жүйріктер өмірлері мен өнерлерінен не бір қызғылықты жәйттер сөйленген. Махметтің Өміржаны атты ақсақал:

- Ыбекең Көрғұлының баласы Хауаз сұлтаннан қисса да жазған, - дегені емес пе.

Елең ете қалдық. Бұған шекті естілмеген әңгіме. Керек десе, Көрғұланың Хауаз атты баласы болғанын білген емен. Мынау бір ойда жоқта жолыққан олжа болмаса неғылсын! Өміржан ақсақалдың әңгімесін аяқтатар-аяқтатпастан жабыса кеттім. Ол кісі байыппен баян етті.

- Көрғұлының Хауаз атты  баласы болған екен. Ол бір жолы аңға шығады. Ыбекең соны қисса етіп жырлауды ойлайды. Бұл 1924 жылы. Ол кезде жаспыз ғой. Миымыз толық. Жаттап алғанбыз,- деп біраз түсінік берді.

Мен қолма-қол жазып ала қоймақшы ниетпен қойын дәптерім мен қаламымды ыңғайладым.

Өмекең бастады...

Көңілі кетті Хауаз аңға бармаққа,

Қиратына алтын жабдық салмаққа.

Ерте тұрып майханаға келеді

Атасының фатихасын алмаққа.

Хан Көрұғлы көрді Хауаз баласын,

Аңдап білді көңілінің шамасын.

-Шамбыл белде көзім нұры жарығым,

Жолың болсын, қозым, қайда барасың?

-Талабым бар наз бедеуге мінерге,

Сұңқарым тұр көлден үйрек ілерге.

Ұйқым келмей өрекпиді жүрегім,

Болар ма екен сейіл құрып келерге?

-Олай болса, Қиратыңды ал, - дейді,

Алтын жабдық әбзеліңді сал,- дейді.

Қозым, сені бір Аллаға тапсырдым

Талап еткен сейіліңе бар, - дейді.

Берді сөйтіп Хауазына батасын,

Кешір Алла, нәсіп болса қатасын.

Аумин айтып, бата беріп, жолға сап

Қоя берді Хауаз сұлтан ботасын.

Құсы ұшты Әулен деген көлінен,

Аһ ұрғанда нан піскендей демінен.

Қаз бен қуын ілдірем деп жүргенде

Құсы кетті бір самалдың лебімен.

Құсы ұшты желі шығып оңынан,

Хауаз ұғлан қуа берді соңынан.

Арасында неше мезгіл өткенде

Шыға келді кәтте шаһар жолынан.

Ұшқан құсқа атпен қуып жетер ме?

Бұл жастығым екіншілей бітер ме?

Шет жағында бір қышлаққа келеді.

Сусын ішіп, демін алып кетерге.

Ойлап тұрса ұзақ сапар жол екен,

Ер жігітті дәм аударып жүр екен.

Алтын, күміс, меруерт, маржан түзілткен

Мәшһүр болған бір зергердің үйі екен.

Хауаз ұғлан құсы кетіп күйінді,

Өзі жалғыз бір Аллаға сиынды.

Тұла бойы сары алтынға малынған

Бір қыз отыр сол ұстаның үйінде.

Ділдә тұмар тағулы тұр мойнында,

Меруерт, жақұт түзулі тұр қойнында.

Ғашық оты түсе берді Хауаздың,

Еш нәрсе жоқ перизаттың ойында.

Сонда тұрып әлгі қызға тіл қатты,

Танымады арзан менен қымбатты.

Талап етсең бір табарсың, - деді де,

Қандырмады басқа сөзге бекзатты.

Аққу киім  алып киді сыланып,

Басқа сөзге еш тұрғызбай жұбанып.

-Талап етсең бір табарсың , - деді де

Ұшып кетті қанат қағып нұрланып.

Хауаз ұғлан қолдан берген базарын,

Қырық шілтен салғай еді назарын.

-Іздемекке мен байладым басымды,

Білдірші, ұста, осы қыздың хабарын-

Бұл сөзіне ұста жауап береді,

Ол да сақи бір белгілі ер еді.

-Пері қызы перизаттың патшасы,

Жылда маған іс соқтыра келеді.

Ерегіскен ер шыдамас намысқа,

Халың келсе қатарыңнан қалыспа.

Иран бағы Жұлдызайдың шаһары,

Талап етсең сіздей бекке алыс па?

Бұдан ассаң тажан дария көлі бар,

Одан ассаң қырық мың үйдей қарлы белі бар.

Одан ассаң Пұрхан патша шаһары

Жүретұғын осы қыздың жолы бар.

Бұл сөзіне Хауаз әбден қанады,

Ғашықлықтан іші күйіп барады.

Бірде ойлап, бірде күліп бағдарлап

Қиратының басын жолға салады.

 

Мен соңғы жолын қағазыма түсірген соң, кідірістеп қалған Өміржан ақсақалға қарадым. Ол кісі екі қолын екі жаққа жайды.

- Бары осы. Одан әрі жазбаған, - деді.

Өкінішке қарай, Шаймұқан ақсақал бастан-аяқ саулатып айтқан өлеңдей, оқиғасы құрылған осынау қиссасын да Ыбекең тәмамына жеткізбесе керек. Қайтеміз, барымен базар дегендей, осыған қанағат етеміз де! Мақсатымыз, Ыбекең өнері өрнегінің бір үзігі сипатты еңбегі із-түзсіз кетпесін дегендік!..

 

#әнші #домбыра #аңыз

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер