Отан-Ана Батырын еске алды

19.05.2017

Сыр топырағында дүниеге келіп, Қазақ елін ғана емес, алыс-жақын шетелді өз өнерімен тәнті еткен хас талант, дарынды әнші, танымал композитор Батырхан Шүкеновті жерлестері еске алды. Әншінің туған күніне орайластырылған кешке келген халықтың қарасы көп болды.

Қызылорда қаласындағы «Достық» үйінің алдына жиналған халық ашық аспан астында Батырхан Шүкеновтің әндерін шырқады, естеліктерімен бөлісті. Кешке арнайылап келген әншінің анасы Дилара Ибрагимқызы көпшілікке шынайы ықыластары үшін өз алғысын білдірді.     

Батырхан Шүкенов – Мәскеу сахнасын бағындырған қазақ. Ол өнер жолын қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Роза Рымбаеваның саксофоншысы ретінде бастады. 1988 жылы өзі құрған А'Студио тобының фронтменті болды. Бір жылдан кейін оның «Джулия» деп аталатын әні құрлықты шарлады. А'Студио-ның танымалдығы Алла Пугачевамен бірге «Рождественские встречи» байқауына қатысқаннан кейін арта түскен болатын. Қазақ музыка өнерінің бірегей тұлғасын қазақ жұрты ғана емес, осылайша бүкіл ТМД елдері жоғары бағалады.

Жеке әнші ретінде де Батырхан Шүкеновтің шоқтығы биік болды. Әншінің орындауындағы «Отан-Ана», «Сағым дүние», «Қайран көңіл» әндері тыңдаған жанды толқытпай қоймайды. Сазды саксофонымен талай жанның жүрегінен орын алған музыкант өзінің продюсерлік қырымен де таныла білді. Ол xалықаралық ЮНИСЕФ балалар құқығын қорғау қорында да өзінің азаматтығын көрсеткен еді. Оның қайталанбас таланты талай жасқа үлгі боларлықтай.

Өмірден жарық жұлдыздай жарқ етіп өткен Батырхан Шүкенов ел есінде жарқын жүзімен, жүректі тебірентер әндерімен қала бермек. Елі барда Батырдың әні де, өзі де ұмытылмайды. Былтыр Қызылорда қаласында тұңғыш рет әнші-композитор Батырхан Шүкеновті еске алуға арналған «Отан-Ана» республикалық әншілер байқауы өткен болатын. Бұл байқау жас таланттар үшін өнер жолында ашылған үлкен қадам екені сөзсіз. Алдағы уақытта Қызылордада Сырдың ардақты азаматына арналған ескерткіш бой көтермек. Бүгінде Батырхан Шүкеновтің ескерткіш-белгісінің ең үздік эскиздік жобасына ашық конкурс жарияланды.

Мақала авторы - Сағира Уәли
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз