Астана тоғыстырған өнерлі жандар  

Астана тұрғындарының хоббилері қандай?

Ашық аспан астында “Жан-жүрегім  Астана!” шығармашылық фестивалі өтті. Бұл жерден Сіз түрлі жастағы бойында өнер тұнған елорда тұрғындарын кездестіре аласыз. Олардың бірі виртуоз музыкант болса, бірі сурешті, ал бірі шахматшы. Шарада жүріп “Сүйікті іс жанға ғана емес, тәнге де пайдалы” деген тұжырымға тағы көз жеткіздік. 

 

“ЖАСЫ ҮЛКЕНДЕРГЕ ТАПТЫРМАС ХОББИ” 

Кенжетай Жанұзақованың жасы 70-те. Шахматқа бала кезден әуес. Фестивальде қазақстандық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовпен блиц-турнир өтетінін ести сала, осы жерден табылған көрінеді. 

- Дәрмен Сәдуақасовпен үшінші рет кездесіп тұрмын. Жеңілетінің анық болса да, гроссмейстермен шахмат ойнаудың өзі - үлкен мәртебе. 

Зейнеттегі ұстаз Астанаға 10 жыл бұрын көшіп келген. Қаладан бірінші іздегені шахмат клубы екен. 

- “Жастар сарайында” зейнеттегі әуесқой шахматшылар жиналып, өзара ойындар ұйымдастырады екен. Сол жерге барып, ойнап жүрдім. Осыдан 5 жыл бұрын зейнеткерлерден құралған “Орда” шахмат командасын құрдым. Қазір командада 15 адам бар. Бірнеше қалалардағы жарыстарға қатысып үлгердік. Әзірге жеңісті ешкімге берген жоқпыз. 

Бүгінде Кенжетай апа шахматты немерелеріне үйретіп жүр. Шахмат балалардың бойына көп жақсы қасиеттерді дарытатыны белгілі. Ал қарт адамдарға пайдасы қандай? Шахматшы апа бұл ойынның қарттарға берер пайдасын тізіп берді. 

- Жасың ұлғайған сайын ұмытшақ келесің, ал шахмат есте сақтау қабілетін жақсартады. Дәрігерлер Альцгеймер ауруының алдын алатынын да дәлелдеген. Оның үстіне логиқалық ойлауды дамытады. Ол прогресстерді өз бойымнан көремін. Сондықтан оны жасы үлкендерге таптырмас хобби дер едім. 

Сондай-ақ шахмат командасымен қатар, зейнеттегі ата-әжелердің “Арқа әуендері” атты ансамблі бар екен. “Әр ойыннан кейін концерт қоямыз. Осылайша, жеңгендерді құттықтап, жеңілгендердің еңсесін көтереміз” деп, езу тартты Кенжетай апа. Бірге шахмат ойнаймын деген Астана тұрғындарына аптаның дүйсенбі, бейсенбісінен басқа күндері “Жастар сарайының” есігі ашық. 

 

 СЕНІМДІ АРТТЫРАТЫН АРТ-ТЕРАПИЯ


- Адамдардың көбі туған жердің орны ерекше деп жатады. Астанада тумасам да, бұл қала менің кішкентай Отаным сияқты. Мен үшін ең қымбат адамдар осы қалада тұрады және мен сүйікті ісімді осы жерден таптым. 

Әңгімесін осылай бастаған Қарлығаш Оралбаеваның қыш құмыра өнеріне қызығушылығы 14 жасында басталған екен. 


 

- Өтпелі кезең деп жатады ғой. Сол кезде мені қызықтырмаған өнер түрі аз болған шығар. Музыкалық аспаптар, сурет өнері. Бірақ ешқайсысы шын елітпесе керек, қызығушылық ұзаққа бармады. Бірде теледидардан қыш-құмыра өнері жайлы көріп қалып, осы іспен айналысамын деп шештім. Арнайы сабақ алып, кейін жұмыстарымды көрсету үшін ұстазым түрлі жәрмеңкелерге жібере бастады. Қазір жасым он сегізде. Қазақ технология және бизнес университетінде дизайнер мамандығы бойынша білім алып жатырмын. 


Қыш-құмыра өнерімен айналысып жүргелі Қарлығаш оның адамға тигізетін пайдасын көп байқаған көрінеді. Бұл жұмыс адамдардың қол терісін жақсартып қана қоймай, кішкентай балалардың бойына небір жақсы қасиеттерді дарытады екен. 

- Әсіресе өте белсенді немесе өздеріне сенімсіз, тұйық балаларға берер пайдасы көп. Қыш-құмыра жасау процесі баланы елітіп әкетеді. Жұмысының нәтижесін бірден көрген баланың өзіне деген сенімі артып, ісінен ләззат алады. Сондай-ақ қолдағы ұсақ моториканы дамытып, ойлау жүйесінің жақсы жұмыс жасауына себепші болады. 

 



Қарлығаштың қыш-құмыра өнерінің пайдасын айтып тұрғаны сол еді, кішкентай Айбибі есімді бүлдіршін анасын жетектеп келе қалды. Бірнеше минутқа айналасын ұмытып кеткендей. Құмырасын жасап бола, “Қандай әсер алдың?” деген сұрағымызға “Күшті” деп бас бармағын көрсетті балақай. Қариясы ақылды, жастары өнерлі қаланың болашағы да сондай болары сөзсіз.

Фото: Арман Мухатов

#шахмат #қыш құмыра

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер