Oats Studios деген не және оны қалай көреді?

29.11.2017

«Oats Studios» туралы айту үшін, алдымен оны құрған Нил Бломкамптың шығармашылығына тоқталу қажет.

 Нил Бломкамп / © Sean Gallup/Getty Images Europe (2015)

Нил Бломкампты көпшілік «9-шы аудан» («District 9»), «Элизиум» («Elysium»), «Чаппи» («Chappie») фантастикалық картиналары арқылы біледі. Оңтүстік Африкадан шыққан режиссердің фильмдерінен өзіндік қолтаңба мен стилистиканы, әлеуметтік астармен берілетін дүниелерінен ерекше атмосфераны байқау қиын емес.

Оның алғашқы толықметр жұмысы – «9-шы аудан» жақсы қабылданды. АҚШ киносыншыларының ұлттық кеңесі «9-шы ауданды» 2009 жылғы тәуелсіз фильмдердің үздік ондығына кіргізді. Сондай-ақ, бұл картина «Оскардың» төрт номинациясына, Британ киноакадемиясының 7 номинациясына, Киносыншылар гильдиясының 5 номинациясына және «Алтын глобустың» бір номинациясына ілікті. Кассалық жинағы да жаман болған жоқ, 30 млн долларлық бюджетпен 210 млн табыс тапты.

Бұрын қысқаметражбен ғана айналысқан режиссер үшін бұл үлкен жетістік еді, оның үстіне фильм өндірісі Голливудтың ірі мэйджорларының қатысуынсыз, тәуелсіз студияның көмегімен іске асты (Питер Джексонның компаниясы қаржыландырды).

Бломкампқа осыдан кейін үлкен киноға жол ашылғандай еді. Бірақ Голливуд жұлдыздары тартылған, бюджеті 100 млн доллардан асатын ірі жобаны игеру оған ауыр соқты. «Элизиум» оның алғашқы жұмысындай сәтті болған жоқ. Бломкамптың қиялы ұшқыр, идея ұсынуда үздік, бірақ оның бәрін іске асыру - шеберліктің басқа қырларын қажет етеді. Осы тұрғыда режиссер сәл босаңдық танытса керек. Осы кино үшін режиссердің өзі кейін кешірім сұрады.

Оның үшінші жұмысы «Чаппи» ауқымы жағынан «Элизиуимдай» емес, бірақ бұл да амбициялы жоба еді. Хью Джекман, Дев Патель, Сигурни Уивер секілді жұлдыздардың қатысуымен жасалған фильм прокатта ақталмады. Бірақ бәрібір сюжеттің айтар ойы мен көтерген мәселесі салмақты болды.

 Түсірілмей қалған «Бөтен» фильмінің концепт-арты / @neillblomkamp

Нил Бломкамп ірі бюджетті киножобалар жасауда коммерциялық тұрғыдан продюсерлерге тиімсіз болуы мүмкін. Бірақ мазмұндық құндылықтан жұрдай, қымбат арнайы эффектілердің көмегімен алып шығатын дүниелермен салыстырғанда оның жұмыстары анағұрлым озық екенін байқау қиын емес. Сондықтан да шығар, ол «Бөтен» («Чужой») франшизасының кезекті бөлімін түсіруге шақ қалды. Режиссер тіпті фильмнің өз қолымен жасаған концепт-арттарын жариялап, фанаттарды бір қызықтырып қойды. Ол «Жыртқышпен» («Хищникпен») кроссоверленіп, «Прометеймен» шырмалып, әбден сәні кете бастаған «Бөтен» киноғаламына жаңа леп бергісі келді. Оның жоспарынша жаңа фильм үшінші және төртінші «Бөтеннің» сюжетін игнорға жіберіп, екінші серияның тікелей жалғасы болуы тиіс еді. Тіпті Эллен Рипли рөліне Сигурни Уиверді, капрал Дуэйн Хикс рөліне Майкл Бинді қайтаруға келісіп те қойды. Бірақ алғашқы «Бөтенді» өмірге әкелген Ридли Скоттың ықпал етуімен бұл жоба жабылып тынды.

Бауыр басып қалған, шикі де болса, келешегінен зор үміт күттірген жобадан айрылу оған ауыр тиген болуы керек. Өмірдің кейбір сәтсіз кезеңдері бүкіл өмірді қайта қарауға итермелейді. Бломкамп та бәрін қайта бастауға бел буған сияқты.

Осыдан бір жыл бұрын, 2016 жылы қарашада Youtube желісінде Oats Studios деген арна пайда болды. Ал биыл жазда «Rakka» деген алғашқы қысқаметраж жарияланды. Бұл Youtube-арнаның артында Нил Бломкамптың өзі тұр.

 Сигурни Уивер «Rakka» фильмінде / фильмнен алынған скриншот

Oats Studios – фантастикалық қысқа фильмдер әзірлейтін шығармашылық бірлестік. Жоба мақсаты – шок тудыратын және эксперимент кинотуындылар өндіру. Бломкамп осы арқылы ірі студиялардың көмегінсіз-ақ сапалы арнайы эффектілер жасауға болатынын паш еткісі келеді. Сондай-ақ бұл жас кинематографшылар өз дүниелерін ұсына алатын алаң қызметін де атқарады. Режиссер осындай шағын дүниелер жасайтын жас мамандардың көмегімен болашақта ауқымды киножобалар шығарғысы келеді. Кім біледі, мүмкін «Oats Studios» болашақта ірі өндіріс орталығына айналар және Голливудқа бәсеке бола алатын жаңа, балама киноиндустрия саласы пайда болар.

Видео-платформада жарияланып жатқан қысқа фильмдер шынымен таңғалдырады. Әр фильмнің өз әлемі, атмосферасы бар. Мысалы «Rakka» қысқаметражы Бломкамптың «Fox» киностудиясына ренішінен туғандай көрінеді. Онда Сигурни Уивер ойнайды, оқиғасы болашақта өрбиді, зұлым кейіпкер ретінде бөгдепланеталықтар алынған. Былайша айтқанда іске аспай қалған «Бөтен» фильмімен ұқсастық бар. Бұдан бөлек «Firebase», «Zygote», «God: Serengeti», «Kapture: Fluke», «ADAM: Episode 2», «Gdansk» секілді қысқа картиналар бар және әрқайсысы жеке талқылауды қажет етеді: әлеуметтік астарынан бастап техникалық орындалуына дейін. Қара юморға сүйенген роликтер де жарияланып тұрады. Бұлардың бәрі жас кинематографшылар үшін де, қарапайым киносүйер үшін де қызық болуы тиіс.

Сонымен Oats Studios дегеніміз – Нил Бломкамптың және идеялас мамандардың кино төңірегіндегі дүниетанымы, белгілі бір ойды іске асыратын және сынап көретін полигон. Былайша айтқанда Голливудқа аздап реніші бар режиссердің жеке әлемі. Өйткені ол бұл жерде кез келген идеясын ешкімнің мақұлдауын күтпестен жүзеге асыра алады. Әйтсе де Oats Studios көрермен үшін – жаңа, сапалы, ешкімге ұқсамайтын стилі бар жас мамандардың жұмысын көретін бірегей арна.

«Oats Studios» арнасы: https://www.youtube.com/user/OatsStudios

Тағы да оқитындарыңыз