Қазақстанның жас талантты 7 актері

Олардың қатарына тағы кімді қосар едіңіз?

Қазір ұлттық кино өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ, оған түсуші актерлердің шеберлігі де көңіл қуантады. Отандық фильмді әлемдік аренаға шығару үшін баяғыдай шетелдік танымал әртістердің қызметіне жүгінуді қойдық. Сонымен, бүгінгі күннің жас талантты кино жұлдыздарын білеміз бе?

Санұржан Сүлейменов

Санұржан 1998 жылдың 9 сәуірінде Алматы қаласында туған. 2012 жылы үлкен кинода алғашқы қадамын жасап, «Аңшы баладағы» Қамбарды сомдады. Бұл фильм халықаралық бірнеше кинофестивальдерде лауреат атанып, Лос-Анджелес қаласында өткен «International Film Festival»-де «үздік шетелдік кинодрама» номинациясын жеңіп алды.  Одан кейін Санұржан Қажымұқан Қалымбетовтың «Крылья подаренный матерью» фильміне шақырту алды. Сонымен қатар, «Рэкетир 2» мен «Районы» сынды кинолар Сүлейменовтың талантын елге танытты. Ал 2018 жылы актер «Алтыншы бекет» фильмнің басты рөлін сомдап, халықтың ықыласына бөленді. Қазіргі таңда, Санұржан Жақсылық Үшкемпіров туралы түсіріліп жатқан «Жеңімпаз» фильмінде Олимпиада чемпионының рөлін сомдап жатыр. Сымбаты мен өнері келіскен жас актер қазақ киносында өз қолтаңбасын қалдыратын тұлғаға айналады деп сенеміз.

Ерболат Ержанов

Ерболат Ержанов 1994 жылдың 21 маусымында Алматы қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта «Кино және ТВ» мамандығы бойынша Тұран университетінде білім алады.  «Свидетель дела №6», «Хозяева», «Строители» сынды көркем фильмдерде ойнаған. Одан басқа түрлі қысқа метражды, телесериалдар мен жарнамалық роликтерге түскен актердің жұлдызы 2015 жылы түсірілген «Хозяева» фильмі арқылы жанды. Араға екі жыл салып, «Друзья» фильміндегі басты рөлі оны 2017 жылғы үздік актер ретінде көпшілікке таныстырды. Сонымен қатар, Ерболат 2018 жылы көрерменге жол тартқан «Бойжеткен» фильміндегі басты рөлдегі Дэнді сомдап шықты.

Серік Шәріп

Серік 1991 жылы 3 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. Абай атындағы ҚазҰПУ-де заң мамандығы бойынша білім алған. Заңгер қалай кино өндірісіне келді? Оның талантын алғаш мойындаған «Сыншылардың таңдауы–2017» болды. Ақан Сатаевтың «Районы» фильміне түсу арқылы Шәріпке «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» номинациясы берілді. Бұған дейін актер отандық бірнеше телесериалдарда ойнаған еді:  «Мозготрясы», «Кеш келген махаббат», «Унесенные рейсом». Актерға басты рөлдердің бірі бұйырған фильм – «Наурыз.kz» комедиясы. Сол секілді Серікті 2018 жылы тұсауы кесілген «Инстаграмщица» мен «Той любой ценой» секілді картиналардан көресіз.

Ербол Семқұлов

Ербол Қаржы және маркетинг мамандығы бойынша білім алған. Институтта оқып жүргенде бимен айналысқан. Талантты жігіт киномен қатар би фестивальдерінде жиі өнер көрсетеді.

Кино әлеміне Ербол 2013 жылы аяқ басты. Алғашқы ойнаған киносы –«Запрещенные танцы». Актердің кино саласындағы екінші қадамы Мереке Мұқанның «04:29» фильмі болды. Сондай-ақ Ербол отандық «Аяулы арман», «Сүйе білсең» сынды телесериалдарға түсіп, көрермен көзайымына айналды.

Қуаныш Жылжақсынов

Қуаныш 1991 жылы 5 мамырда дүниеге келген. Ол Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлегі. Оны кино әлеміне әкелген «Нархоз» жастар телесериалы. Бұл картинада Қуаныш басты рөлді сомдайды. Одан кейін актер Фархат Шариповтың «Ақжол» сериалына түсті. Жылжақсыновтың тасын өрге домалатқан толықметражды комедия – «Super Той» болды. Сонымен қатар, актер Нұрлан Қоянбаевтың «Таиландтағы демалыс» картинасына да түсіп үлгерді.   

Данияр Әлшінов

Данияр - Ақмола облысының тумасы Оның математикаға алғырлығын байқағандар болашақта сол саланың майталманына айналады деп болжаса керек. Бірақ 10-сыныпқа келгенде Данияр өлең жазып, поэзиялық фестивальдерге жиі барып, өзін басқа қырынан таныта бастайды. Тіпті, КТК ойындарына да белсене қатысқан. 2005 жылы Еуразия ұлттық университетіне «ядролы физика» мамандығына оқуға түсіп, 2007 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-қа жол тартады. Онда авиаконструктор мамандығы бойынша дәріс алады. Алайда, Әлшінов бұл саламен өзінің болашағын байланыстырмайтынын түсінеді. Осылайша ол кино саласына бет бұру үшін «Ничего личного» телесериалының кастингіне қатысып, сынақтан сүрінбей өтеді. Одан кейін «Минус 550» телесериалының түсіріліміне қатысады. Сол сияқты актер «Всё из-за мужиков», «Районы» және «Келинка тоже человек» фильмдерінде ойнады.

Жандос Айбасов

Жандос Алматы қаласының тумасы. О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі  колледжін тәмамдаған. Сонымен қатар Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының режиссура мамандығы бойынша дәріс алған. Жандостың кино өндірісіндегі алғашқы жұмысы – режиссер көмекшісі. 2013 жылы өзін актер ретінде «Он и она» фильмінде сынап көрді. Кейін К.Орынбектовтың «Ограбление по-казахский» мен Е.Тұрсыновтың «Кенже» киноларында ойнаған актер қазір каскадерлік салаға бет бұрғанын айтты.

Фотосуретттер ашық ғаламтор көзінен алынды.

#кино

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер