3 тамыздың кинопремьералары

03.08.2017

Стивен Кингтің «Қара мұнара» романдар циклына негізделген ауқымды жоба – осы аптаның басты премьерасы. Экранизация туралы 2007 жылдан бері айтып жүр. Алайда түрлі себептермен іске аспай қалып жүрді. Кітап фанаттарының да күте-күте төзімі таусыла бастағандай еді. Былтыр фильмнің премьера күні белгілі болды.

Фэнтези, үрейлі, ғылыми фантастика, вестерн жанрларын біріктіретін шығармалар топтамасында постапокалипсис әлем суреттеледі. Роланд есімді ежелгі рыцарлар орденінің мүшесі халық аузында көп айтылатын Қара мұнараны іздейді. Аңыз бойынша Қара мұнара әлемдегі тепе-теңдікті сақтап тұр және оған көтерілсе Жер бетіне бейбіт заман орнатуға мүмкіндік туады.

Дат режиссері Николай Арсель түсірген «Қара мұнара» («Темная башня») бірнеше кино- және телеөнімнен тұратын ауқымды франшизаның басы болмақ. Фильмде басты рөлдерде Идрис Эльба мен Мэттью МакКонахи ойнайды.

«Бала ұрлығы»Похищение») - басты екпін бір актердің ойынына қойылуымен қызық болады. Оның үстіне басты рөлде - «Оскары» бар Холли Берри.

Фильмнің көтерген тақырыбы да маңызды – бала ұрлығы туралы. Сюжет бойынша Карланың ұлын әлдекімдер ұрлап кетеді. Ал полицейлер қылмыскерді ұстауға әрекет жасамайды. Сонда Карланың өзі ұрлаушылардың соңына түседі.

«Кек алушылар» арқылы белгілі сұрмерген Қыран көз бен Алқызыл мыстан тағы да бір жобада. «Желді өзен» Ветреная река») детектив-боевигінде Джереми Реннер мен Элизабет Олсеннің кейіпкерлері Американың байырғы тұрғындарының резервациясында кісі өлімін тергейді. «Жендет» («Убийца»), «Тозақ немесе тұңғиық» («Любой ценой») секілді атмосфералы триллер фильмдерге сценарий жазған Тейлор Шеридан «Желді өзенге» режиссер болды.

Антонио Бандерас физикалық қабілетінің қандай деңгейде екенін бір сынап көрмек. Тыныш жұмыс іздеген оның кейіпкері сауда орталығына түнгі ауысымға күзетші болып орналасады. Алайда бәрі өзі ойлағандай бола қоймайды. Қылмыскерлерден қашқан қызды құтқарамын деп басы бәлеге қалады. Енді аса қауіпті қылмыскерлер сауда орталығына қамалған басты кейіпкерді және оның қасындағы адамдардың көзін құртпақшы. Басты антагонист рөлінде сэр Бен Кингсли.

«Күзетші» («Охранник») - оқиғасы бір локацияда өтетін атыс-шабыс картина.

«Леди Макбет» - сюжеті Виктория заманында өрбитін британ драмасы. Кэтрин есімді қыз тәрбиесі қатал отбасыға тұрмысқа шығады. Оған серуендеуге тыйым салынады, күйеуі мен оның туыстары Кэтринге тіл тигізумен болады. Бірде үйде ешкім жоқ кезде ол осы үйдің жұмысшысы Себастианмен танысады. Көп кешікпей екеуінің арасында сезім пайда болады. «Леди Макбет» сюжет желісін шамамен болжаған шығарсыздар

Осы аптаның премьералары осындай фильмдермен ерекшеленеді.

Мақала авторы - Ернар Бекенов Фотографии: ашық ресурстар
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз