Джером Дэвид Сэлинджердің тыйым салынған романы жайында не білеміз?

06.12.2017

Кітап мұқабасындағы сурет / Early Bird Books (earlybirdbooks.com)

1951 жылы Джером Дэвид Сэлинджер «The Catcher in the Rye» романын шығарды. Тәрбиелеу романы деп аталған шығарманың атауы қазақша «Қарабидай алқабындағы аулаушы» деген мағына береді. Кітап оқырмандардың жүрегін жаулап алып, бүкіл әлем бойынша танымал болды. Жастардың бір емес, бірнеше ұрпағы шығарманың кейіпкері – есейіп келе жатқан Холден Колфилдтің балалық иллюзиялардан айырылуына куә болды.

Роман қысқа мерзім ішінде 60 миллион көшірмемен басылып шыққан және осы күнге дейін жыл сайын 250 мың данамен шығып тұрады. Десек те бейәдеп лексикасы мен мазмұны депрессияға толы болғаны үшін бұрын бұрын АҚШ-тың бірқатар штаттарында және кейбір мемлекеттерде бұл кітапқа тыйым салынды. Бірақ роман әлі күнге дейін оқушылар мен студенттер арасында танымалдығын жоғалтқан жоқ. Сонымен бұл шығарма несімен танымал?

Өйткені жас оқырман басты кейіпкер Холден Колфилдтің көзқарасы мен ұстанымын өз бойынан да көре алады. Шығармада 17 жасар жасөспірім америкалық шынайылықты асқынған формада қабылдайтынын, заманауи қоғамның ортақ канондары мен моралін қабылдай алмайтынын бірінші жақтан ашық айтады.

Көп уақыт бойы бұл туынды жастарға теріс үлгі береді деп саналды және 1961-1982 жылдар аралығында Америкада ең қатаң тыйым салынған кітап болды. Ол дөрекі тілі үшін, секс туралы ашық айтылғаны үшін сыналды. Басты кейіпкер Холденнің қылықтары бүлікке, ішкіштікке және азғындыққа үйретеді деп айтылды. Алайда тыйым салу әрекеттері теріс эффектіге алып келді: романға қызығушылық арта түсті. Оны мектеп бағдарламасынан алып тастау, жасөспірімдерге оқуға тыйым салу әрекеттері әлі де кездеседі.

Кітаптың танымалдылығы Джон Леннон өлтірілгеннен кейін тіпті арта түсті. Музыкантты өлтірген Марк Чэпменнің үйінен Джером Дэвид Сэлинджердің романы табылды. Мұқабаның ішкі жағында Чэпмен мынадай жазу қалдырған екен: «Қымбатты Холден Колфилдке, Холден Колфилдтен, Бұл менің мәлімдемем» (Dear Holden Caulfield, From Holden Caulfield, This is my statement). Бұл кітаптың данасы актриса Ребекка Шефферді өлтірген Роберт Джон Бардодан да табылған.

 Фильмнен кадр / IFC Films

Осы аптада Қазақстан кинотеатрларына талай ұрпақ үшін культқа айналған «The Catcher in the Rye» романының кейіпкері Холден Колфилдтің қалай пайда болғаны, оның авторы - Джером Сэлинджердің қалай Американың ұлы жазушысы атанғаны туралы баяндайтын «За пропастью во ржи» фильмі шығады.

Өмірбаян драма Кеннет Славенскидің «Дж. Д. Сэлинджер. Қарабидай алқабында келе жатқан адам» кітабына негізделген. Жазушы рөлінде Николас Холт. Фильмге режиссер болған және сценарий жазған Дэнни Стронг. Ол «Империя» («Empire») сериалын жасаушылардың бірі және «Аштық ойындары» («The Hunger Games») франшизасының екі бөліміне сценарий жазды.

Тағы да оқитындарыңыз