Алматыдағы сіз көруге тиісті 5 музей

04.07.2017

Еліміздің оңтүстік астанасы саналатын «алма қаласы» Қазақстанның ең ірі мегаполисі ретінде дараланады. Қойынына сан ғасырлық тарихын жасырған әсем шаһардың тереңіне үңілгіңіз келсе, музейлерін аралаңыз. Назарларыңызға сіз көруге тиісті 5 музейдің тізімін ұсынамыз.

Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі

Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі 1980 жылы белгілі этнограф ғалым, мәдениет жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтың бастамасымен құрылған.

Музей қорында әлемнің 34 елінің музыкалық мәдениетімен таныстыратын 1000-нан астам жәдігер бар. Сәулеті келіскен әсем ғимаратта орналасқан музей жұмысы, ондағы құнды жәдігерлермен танысу мақсатында біз де арнайы іздеп бардық.

Музейде сонау есте жоқ ескі күндерден келе жатқан бақсы-балгерлер тұтынған жәдігерлерден бастап, жыршы, әнші, күйші композиторлар ұстаған музыкалық аспаптары – қобыз, домбыра, сырнай, сыбызғылардың мол қоры сақталған. Музей жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жыршы Ұлжан Байбосынованың айтуынша соңғы екі жылдың көлемінде музей қорына белгілі тұлғалардың жиырмадан аса музыкалық аспаптары қабылданыпты.

Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейі

Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейі 1979 жылы композитор отбасымен көшіп келіп, өмірінің соңына дейін тұрған үйінде орналасқан. Қазақ халқының маңдайына біткен дара тұлға, атақты композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің пәтері қаз қалпында сақталып, халық игілігіне музей ретінде ұсынылып отыр. Ұлы сазгердің мемориалды музейі 2014 жылы ашылды. Сұлу саздың сиқыршысы – ұлы сазгердің музей қорында композитордың әйгілі «Дариға-домбырасы» сондай-ақ музейдегі ең көне жәдігер – сазгерге анасы сыйлаған пианино, бағалы ыдыстар жиынтығы, композитордың музыка өнерінің дамуына сіңірген еңбегі үшін алған марапаттары, медальдары, құнды құжаттары, сахналық костюмі, дирижерлік таяқшасы сақтаулы тұр.

Дінмұхамед Қонаевтың мемориалды-пәтер музейі

Дінмұхамед атамыз 1969 жылдан бастап 1993 жылға дейін отбасымен өмір сүрген 4 бөлмелі кең пәтері бүгін де мемориалды музей ретінде жұмыс істеп тұр. Д.А. Қонаев музейі 2012 жылы ашылды. Музей қорында 5 мыңнан астам кітаптар бар. Олардың арасында кейбіреуі Еуропа баспаларында басылған және кеңестік кезеңдегі кітап сөрелерінен кездеспейтін басылымдар. Музей ішіндегі жиһаз, жұмыс бөлмесіндегі құнды жәдігерлер қаз-қалпында сақталған.

Алматы музейі

Алматы музейінің жаңа ғимараты Тәуелсіздігіміздің 25-жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ашылды. Музей Мәскеу, Лондон, Хельсинки, Амстердам музейлерімен бірге әлем бойынша 60-тан астам қала музейлерінің тізіміне енген.

Алматы музейінің қорында Алматы қаласына қатысты 40 мыңға жуық жәдігер сақтаулы. Музейдің экспозициялық аумағы 200 шаршы метрге жетеді. Музей экспозициясы Алматы қаласының көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихын бейнелейтін 11 залдан тұрады. Шаһар тарихынан сыр шертетін музейде қола дәуірінен бастап, қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын ерекше жәдігерлермен танысуға болады.  

Сәбит Мұқановтың музей-үйі

Қазақ әдебиетінің классиігі Сәбит Мұқановтың музей-үйі 40 жылға жуық уақыт халыққа мәдени-ғылыми-ағартушылық қызмет көрсетіп келеді. Жазушы бұл үйде өмірінің соңғы 8 жылын өткізіпті. Пәтердің ішкі көрінісі жазушының көзі тірісіндегі қалпын сақтаған. Музейден Сәбит Мұқанов өзі тұтынған құнды жәдігерлер, кітап, сыр толы жазбаларды көре аласыз.

Классик жазушы, қоғам қайраткері, драматург, ақын, академик Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалды музей кешені 6 бөлмелі пәтерде орналасыпты. Музейдің әдеби бөлімі 3 залдан тұрады. Жазушының өмір жолын, халқына қалтқысыз қызметін баяндайтын, шығармашылық шеберханасынан шеберхансынан сыр шертетін көптеген құнды құжаттар, фото суреттер, қолжазбалармен танысуға болады.

Мақала авторы - Бақытгүл Абайқызы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз