«Домбыра қазақ руханиятының жанартауы іспетті»

Домбыра шеберлері Айбат пен Көкей Меллатұлдарымен сұхбат

Алты мың жылдық тарихы бар домбыра қылыштан да өткір, құрыштан да берік киелі аспап. Қазақты домбырасыз, домбыраны қазақсыз елестету мүмкін емес. Осыған орай, Елбасы Н.Назарбаев Ұлттық домбыра күнін енгізіп, оны шілде айының 1-жексенбісі етіп белгілегенін білеміз. Мереке қарсаңында еl.kz сайтының тілшілері домбыра жасау шеберлері ағайынды Айбат пен Көкей Меллатұлдарымен тілдесіп қайтты.

Астана қаласы маңындағы Қосшы елді-мекенінде тұратын ағайындылар бізді жайдары жүзбен қарсы алып, үйдің бір бөлмесіндегі кішігірім шеберханасына алып кірді. Бас сұға сала, көзіміз қабырғада ілулі тұрған домбыраларға түсті.

– Бұл домбыралар әзірге өз иелерін күтіп тұр – дейді Айбат, – Міне, мына домбыраны  бұйра қайың ағашынан жасадым. Ал мынау жай аршадан жасалса, қасындағы домбыраға сапеле қолданылды.

Тиісінше, бағаларында айтарлықтай айырмашылық бар. Жалпы, өнімімізге елімізде өсетін қарағаш, емен, қайың секілді ағаштарды және шетелден келетін ағаштарды пайдаланамыз. Десек те, домбыраны ағашына қарай бөлуге болмайды. Ең бастысы, оны жасаушы адам. Мәселен, Ақан сері, Біржан салдардың Канададан, Индонезиядан, Қытайдан ағаш алдыратын мүмкіндіктері болмаған. Олар қолда бар арша, шырша, қайың, қарағайлардан-ақ, сапалы домбыра жасатып алған. Қанша шетелдік ағаш болғанымен, оны жасаушының тәжірибесі болмаса, аспабын ешкім алмайды».

Домбыра шанағының бір-бірінен ерекшеленетін шебер былай түсіндірді: «Мына домбырадан қатты, шымыр дыбыс шығады. Ал шанағы домалақталған домбыралардың диапазоны кең. Бұлардың айырмашылығы - бірі  шертпе күйге, бірі әнге жақсы келеді. Өзіңіз  білетіндей, бұрын қазақта домалақталған домбыра болмаған. Оны музыкалық аспаптарға ұзақ жылдар зерттеу жүргізген Ахмет Жұбанов енгізді. Оркестр мүшелерінің барлығына микрафон жетіспегендіктен, диапазоны жоғары шығатын домбыралар қажет болды. Оның тарихы содан бастау алады».

Айбат пен Көкейге шеберлік өнері әкеден келген. Бала шақтарынан әкелеріне қос ұл қолғабыс етіп, домбыра бөліктерін жасауды үйренеді. Ал ең алғашқы домбыраларын бар болғаны 12-13 жасында әзірлеп шығады. Содан бергі 20 жылдың ішінде, бірлесе 2000-ға жуық киелі аспапты өмірге әкеліпті. Ал шеберхана құрып, ЖШС болып жұмыс жасап жатқандарына 3 жылдың жүзі болған.

«Қазір айына шамамен 20 домбыра жасап шығамыз. Тапсырыстар көп түседі. Әсіресе, музыкалық мектептер, колледждер мен университеттің шәкірттері өтініш жасап жатады. Бірақ, әзірге үлкен тапсырыстар алуға мүмкіндігіміз болмай тұр. Бөлменің тарлығы, жұмыс күшінің жетіспеуі және кей құрал-саймандардың істен шығып тұрғаны кедергі болуда. Өздеріңіз байқағандай үй алдынан құрылыс  жүріп жатыр. Оны цех ету ойда бар». 

Цехті іске қосқан соң, Айбат тағы да екі шеберді жұмыспен қамтамасыз етпек. Оған қоса, аспап жасауға арналған бірнеше құрал-саймандар сатып алады. Болашақта мемлекеттен де шеберхана салуға арнайы жер бөлінеді екен. Айбатпен жүргізіп жатқан әңгімемізді сүргілердің даусы бөліп жіберіп отырды. Көкей жаңа домбыра жасаудың қамымен жүр.

– Мен қазір домбыра мойнын дайындап отырмын.

– Бірден бірнеше домбыраның бөлшектерін әзірлейміз. Алғашқы жұмыс бұл емес. Ағаштарды  50 см-ден шақтап кесіп аламыз. Сосын оны сумен жуып, 10 минутқа қойып қою керек.

– Айтпақшы, домбыраға пайдаланатын ағаштар әбден кептірілген. Жаңа ағаштарды аспап жасауға мүлде қолданбайды. «Онда неге ағаштарды сулап жатырсыз?» деп қалған боларсыз. Бұл ағаштарды игенде сынып кетпес үшін керек.

Иіп болған соң, шанақтың мынандай қалыптарына салып, кесіп шығамыз.

Содан кейін, мойынға кірісеміз. Бұл домбыраның маңызды бөлігі болғандықтан, ортасына қатты бук ағашын қолданамыз.

– Шанақтың бетін жасау да біраз қол байлайды. Оның бетіне қазақтың ою-өрнегін түсіреміз. Міне, осылай кете береді – дейді Көкей.  

Қымбат домбыраны кем дегенде он күнде, ал қарапайым ағаштан жасалған аспапты 8-9 сағатта дайындауға болады дейді шеберлер. Қос ағайынды жасаған ең қымбат домбыраның бағасы 350 мың теңгеге жетіпті. Ал арзаны 35 мың теңге тұрады. Олардан сатып алғандардың 95 %-ы дән риза болып кеткен.

– Біз үшін маңыздысы домбырамыздың жақсы шыққандығы және тапсырыс берушілердің алғысы. Бұл қасиетті аспап болғандықтан, жақсы көңіл-күймен кірісуге тырысамыз. Себебі, қолыңның, көзіңнің энергиясы өтеді. Ынта-шынтаңмен істелген домбыра өзі-ақ байқалап тұрады. Оны дайындаудан, тексеріп көргеннен, жақсы дүние әзірлегеннен рахат аламыз, қуат аламыз.

Маған әсіресе, боямай тұрып, ішегін қойып, тартып көргендегі сәт қаттырақ ұнайды. Ең жауапты сәт те осы. Себебі, оның болашағы шығатын дыбысқа тікелей байланысты. Кейде қарапайым домбырадан табиғи тамаша үн шығатын сәттер болады. Ол кезде жақсылап бояп, қымбатырақ сатуға тырысамыз. Әрине, маңыздысы ақша емес, біз өзіміздің жанымыз қалайтын, көңілімізге тура келетін іспен айналысып жатырмыз. Кей қазақтың өшіп бара жатқан генетикасын оятып, оларға патриоттық рух сыйласақ арманымыз жоқ. Домбыраның өзі ата-бабамыздан қанмен келе жатқан, өшкен-өшпеген қасиетіміздің жанартауы іспеттес, – дейді шеберлер. Айбат та, Көкей де домбыраны мықты шертеді. Шебер міндетті түрде жасайтын аспабын тарта алуы қажет емес пе? Одан басқа шеберлерге түйсік, сезімталдық, икемділік секілді қасиеттер керек екен.

– Ісімізге аса жауапкершілікпен қараймыз. Оған 20 жылдық тәжірибемізді қосыңыз. Домбыра жасауда мынандай сырымыз бар деп те айтуға келмейді. Басты қаруымыз, жанымызбен сезініп, түйсініп, ынтамызбен кірісетініміз шығар, – қос шебер бізбен сөйлесе жүріп,бірнеше домбыра бөлшектерін әзірлеп тастады. 

Біз өз кезегімізде олардың істеріне табыс тілеп, редакциямызға осы материалды дайындамаққа қайттық.

Фото - Арман Мұхатов

#домбыра #домбыра жасау

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер