28 қыркүйек кинопремьералары

28.09.2017

Аптаның басты киносы – «Уотергейт» дауында басты тұлғалардың бірі, президент Никсонның қызметінен кетуіне себепші болған Марк Фелт туралы байопик шығар, сірә. Одан бөлек культқа айналған «Техаста бензин арамен болған қырғын» слешерінің приквелі, қазақстандық ромком, Роберт Паттинсон ойнаған тәуелсіз кино бар және басқа да қызықты премьералар жетерлік. Жалпы бүгін Қазақстан кинотеатрларына он шақты фильм шықты.

«Уотергейт. Крушение Белого дома» - басты рөлде ирланд актері Лиам Нисон басты рөлде ойнаған өмірбаян-драма. Картина Фильм ХХ ғасырдың ең даулы мәселелерінің бірі «Уотергейт» жайында баяндайды. Федералдық тергеу бюросы бастығының орынбасары Марк Фелт шыншылдығымен, бірбеткей қайсарлығымен белгілі адам. Ол отбасының амандығын, карьерасы мен бостандығын бәске тіге отырып президент әкімшілігің заңсыз әрекеттерін әшкерелейді.

Режиссер, сценарийші Питер Ландесман – өз ісінің маманы. Ол осыған дейін де өмірде болған оқиғаларға сүйенген картиналар түсіріп жүр. Ал продюсерлер қатарында Том Хэнкс , Ридли Скотт секілді белгілі есімдер бар.

Келесі фильмнің түпнұсқа атауын қазақшаласақ – «Тері бет» («Leatherface»). Прокаттағы атауы – «Техасская резня бензопилой: Кожаное лицо». Әңгіме не туралы екенін кинодан хабары бар оқырман аңғарған да шығар.

«Тері бет» - сонау 1974 жылы шыққан, Стивен Дорффтың «Техаста бензин арамен болған қырғын» үрейлі картинасының әлқиссасы. Приквелде негізгі оқиғалар болғанға дейін әлгі маньяктың өмірі көрсетіледі. Осындай жолға түсуіне не себеп болғаны айтылады, неліктен Тері бет атанғанына түсінік беріледі.

2006 жылғы «Кек» фильміндегі рөлі арқылы көпшілікке танылған Нияз Әбдіғапар режиссерлікке бет бұрыпты. Алғашқы жұмысы – «Любовь по наследству» комедия мелодрамасы көрерменге жол тартты.

Фильмде Арсен және Арман деген ағайындылар туралы айтылады. Екеуі де әлі үйленбеген. Бірде анасы ауыр дертке шалдыққанын бұларға жеткізеді. Ата-ана екеуіне мынадай шарт қояды: жақын арада үйленбесе шаңырақтың дүние-мүлкіне мұра болып қалу құқығынан айырылады. Ағайындылар үйленудің қамына кірісіп кетеді.

Фильмде басты рөлдерде Мұрат Бисембин («Рэкетир») мен вайнер Нұрлан Батыров ойнайды.

«Хорошее время» - ағайынды тәуелсіз режиссерлер Бен Сэфди мен Джошуа Сэфдидің қылмыстық драмасы. Фильм 70 Канн халықаралық кинофестивалінің негізгі бағдарламасына еніп, үздік саундтрегі үшін жүлделі болды.

Сюжет бойынша жұмыссыз қалған Конни банк тонамақ болады. Оған көмек көрсететін серік керек. Алайда оның бауыры Никтен басқа ешкімі жоқ. Ник - ақыл-есі кем жан. Екеуінің тонау әрекеті іске аспай қалады, ал Ник полицияның қолына түседі. Конни бауыры үшін қатты уайымдайды, өйткені ақылы кем адамға үнемі көмек керек. Ол Никті түрмеден қалай да шығарып алуға бел байлайды.

Фильмде басты рөлдерде Роберт Паттинсон мен Бен Сэфди ойнайды.

Орталық барлау басқармасының супер жауынгері, террористердің көзін құрту, жақыны үшін кек алу тақырыбындағы экшндар ұнаса – «Америкалық ассасин» («Наемник») сол бағыттағы соңғы жұмыстардың бірі.

Фильм құпия агент Митч Рэпп деген жас жігіт туралы. Теракт кезінде ол сүйгенінен айырылады. Сондықтан басшылық тапсырған жаңа тапсырма оған кегін қайтаруға тамаша мүмкіндік болмақ. Оған серіктес қылып бір маманды қосады. Митч жаңа әріптесімен бірге жаһандық деңгейдегі қатерге қарсы тұрмақ.

Актерлік құрамда Дилан О’Брайен, Майкл Китон және Тейлор Китч бар.

Романтикалық комедия көрермендері үшін екі фильм бар. Біріншісі – Түркияда түсірілген «Екінші шанс» («Второй шанс») картинасы. Онда өмірде бұрынғы махаббатында жолы болмаған екі жанның қарым-қатынасы сөз болады. Ал «Не твоё тело» деген итальян комедиясында бір эксперименттің кесірінен денелерін өзара ауыстырып алған ерлі-зайыптының бастан кешкен қызықтары баяндалады.

Сондай-ақ екі ресейлік картина шықты. Біреуі 2014 жылғы Қырым дағдырысы кезінде киевтік қыз бен севастополдік жігіт арасындағы махаббатты баяндайтын «Крым» драмасы. Алексей Пиманов түсірген фильм Украинада тыйым салынған. Екінші картина «Любовь в городе ангелов» деп аталады. Комедияның оқиғасы, сәйкесінше, періштелер қаласы – Лос-Анджелесте өрбиді.

«Ежик Бобби» мультфильмі - Қытай мен АҚШ мамандары бірігіп түсірген туынды. Сюжетте Бобби есімді кірпі туралы айтылады. Ол бірде ұйқыдан оянады да, өзінің кім екенін есіне түсіре алмайды. Орманда тұратын өзге жануарлар да оны танымайтын болып шығады. Тікенекті кейіпкеріміз өзінің кім екенін қалай да анықтамақ болады.

Мақала авторы - Ернар Бекенов
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз