26 қазан кинопремьералары

26.10.2017

Бүгін әйгілі «Пила» хоррор-франшизасының жаңа бөлімі, Құралай Анарбекованың продюсерлік һәм актерлік жұмысы, шықпай жатып Ресейде біраз шу тудырған «Матильда» тарихи мелодрамасы, Орландо Блумның қатысуымен түсірілген қытайлық боевик, 2010 жылғы «Скайлайн» фантастикалық боевигінің жалғасы және Хэллоуинге орайластырылған мультфильм бар.

«Пила», немесе «Ара» 2010 жылғы бөліммен аяқталуы тиіс еді. Алайда франшиза әкелген қомақты табыс продюсерлерге маза бермеген секілді. Араға жеті жыл салып қайта оралып жатыр. Бұл жолы «Saw» деген дәстүрлі атауы сәл өзгеріп, «Jigsaw» деп шықты. Қазақша аударсақ «басқатырғы» немесе «ою ара» деген мағыналары бар.

«Пила» - ең көп табыс әкелген хоррор-франшиза ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген еді. Серияның 1-6 бөлімдерінің өзі 873 млн доллар жинаған. Жаңа фильмде Конструктордың ойыны жалғасын табады. Басты зұлымның өліп қалғанына қарамастан, оның мұрасы әлі де тоқтамаған. Араның тұзақ ойындары мен сынақтары құрбандарын күтіп тұр.

«Жаужүрек мың баладағы» Қорлан рөлімен танылған Құралай Анарбекова актерлігінен бөлек, продюсерлікке де бет бұра бастады. «Брат или Брак» романтикалық комедиясында ол осы екі міндетті де қатар атқарды. Фильмде ағаларының кесірінен күйеуге шыға алмай жүрген бойжеткен туралы айтылады. Оның бес ағасы бар. Қарындасын ұнатқан жігіт солардың сынынан сүрінбей өтуі керек. Рөлдерде Дәурен Серғазин, Құралай Анарбекова, Тәуекел Мүсілім, Мұрат Бисембин, Әбунасыр Серіков, Олжас Абай, Бауыржан Қаптағай және стендап комик Нұрлан Сабыров. Фильм режиссері – Ернар Нұрғалиев («Өгей жүрек», «Зәуре», «Қазақ аруы» сериалдары).

Ресейде биыл ең көп талқыланған кинофильм – «Матильда» тарихи мелодрамасы Қазақстан прокатына келіп жатыр. Алексей Учительдің картинасы Ресей империясының соңғы императоры Николай Екіншінің жастау кезін көрсетеді. Оның таққа отырмастан бұрынғы өмірі, атап айтқанда балет бишісі Матильда Кшесинскаямен роматикалық қарым-қатынасы сөз болады. Матильданы поляк актрисасы Михалина Ольшанская, ал цесаревич Николай Александровичты неміс актері Ларс Айдингер ойнайды.

Фильм төңірегіндегі дауға қатысты мақаланы оқуды ұсынамыз (http://el.kz/kz/news/kul_tura/ernar_bekenov_matilda_turaly).

Орландо Блум Қытай-Ұлыбритания боевигінде. Оқиға орны – Шанхай. Жаңа заманның технологияларымен жарақталған S.M.A.R.T. деген команда бар. Блумның кейіпкері сол ұйымның бір мүшесі. Оған Қытайдың ең бағалы жәдігерін басқа жерге жеткізу тапсырылады. Бұл жәдігерге қол салмақ болғандар жетерлік. Сондықтан кейіпкерді қуғын, атыс-шабыс, қоян-қолтық төбелес күтіп тұр.

2010 жылғы «Скайлайн» фантастикалық боевигінде Жер халқының бөгепланеталықтар шабуылына ұшырағанын көрсетіп еді. «Скайлайн 2» кинотуындысында осы тақырып жалғасын табады. Бұл жолы оқиға орны ретінде Шығыс Азия таңдалыпты. Жаңа кейіпкерлер аспанда қалықтап тұрып алған ғарыш кемелерінен жер астына жасырынуға мәжбүр болады. Басты рөлде – боевиктер жұлдызы Фрэнк Грилло. Сосын «Рейдтегі» Ико Уайс бар.

«Мы – монстры» мультфильмі Хэллоуин мейрамын тойламақ болған отбасы туралы баяндайды. Дракуланың қарғысымен олар өздері киген костюм кейіпкерлеріне айналып кетеді: анасы вампирге айналады, папасы - Франкенштейн, ал балалары мумия мен қасқыр-адам. Қарғыстан арылып, қайтадан адам кейіпке ену үшін отбасының бірлігі сынға түспек.

Мақала авторы - Ернар Бекенов
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз