19 қазан кинопремьералары

19.10.2017

«Тәуелсіздік күні» блокбастеріне сценарий жазған Дин Девлиннің режиссерлік дебюті – «Геошторм» апат-фильмі, британдықтар түсірген «Голем» үрейлі триллері, Рокки Бальбоаның прототипі  Чак Уэпнер туралы бокс байопигі, орыс ертегісінің кейіпкерлері туралы фэнтези және өзіміздің Талғат Теменов түсірген отбасылық драма. Киноға жол тартқан осы және өзге де жаңа фильмдер туралы айтамыз.

Роланд Эммерихтің 1996 жылғы «Тәуелсіздік күні» фантастикалық боевигі туралы білетін шығарсыз? 2016 жылы сәтсіздеу болса да оның сиквелі де жарық көрді. Осы екі жобаға сценарий жазған әрі продюсер болған Дин Девлин өзін режиссер ретінде сынап көреді. Оның дебют жұмысы «Геошторм» да жаһандық апат туралы. Басты рөлдерде Джерард Батлер, Джим Стерджесс, Эд Харрис, Эбби Корниш, Энди Гарсиа секілді жұлдыздар ойнайды.

Сюжеті табиғатты басқаруға мүмкіндік беретін технологияның кері салдары туралы. Түрлі табиғат апаттарынан кейін, планетамыздың ірі державалары күш біріктіреді. Нәтижесінде орбитаға табиғат катаклизмдерінің алдын алуға арналған жерсеріктер жүйесі шығарылады. Бірақ техникалық ақаудың салдарынан жерді тып-типыл қылуға қауқарлы өте қуатты дауыл пайда болады.

Фильм-катастрофа туралы көбірек білгіңіз келсе осыған дейінгі материалымызды оқуды ұсынамыз:

«Голем» оқиғасы 1880 жылы Лондонда болады. Лаймхаус деген қауіпті ауданда қатыгездікпен кісі өлтіру жағдайлары белең алады. Үрейленген тұрғындар бұл қылмыстарға қара магияның күшімен тірілетін, аңыздағы көне тіршілік иесі - голем себепкер деп есептейді. Бұл жұмбақтың сырын ашу Билл Найидың орындауындағы Килдэр есімді тәжірибелі детективке жүктеледі.

Фильм ағылшын жазушысы Питер Акройдтың шығармасына негізделген.

Сильвестр Сталлоне «Рокки» фильміне сценарий жазғанда басты кейіпкер образы Чак Уэпнер есімді боксшыдан алынған еді. Сталлонеге бұл боксшының атақты Мұхаммед Әлимен жекпе-жегі, оның жұдырықтасу кезіндегі қайсарлығы шабыт беріпті. Уэпнердің есімі «Рокки» фильмінен кейін танымал болып кетеді. Алайда оның шын келбеті мен болмысы кино кейіпкерінің көлеңкесінде қалып қояды.

«Реальный Рокки» картинасында Чак Уэпнерді Лив Шрайбер сомдады. Ол рөлмен шектеліп қалмай, сценарийге атсалысқан және продюсерлік міндетті де атқарған.

Талғат Теменовтың  жетім бала мен музыкант қарияның достығын баяндайтын жаңа картинасы маусым айында Астанада таныстырылған еді. Ол кезде фильмнің аты «Бибол» болды. Прокаттық нұсқасы «Біздің қаланың ханзадасы» («Маленький принц большого города») деген атпен шығып жатыр.

Бұл Бибол есімді жетім бала мен музыкант Қасымхан қария туралы әсерлі оқиға. Фильмнің негізгі желісі - бала мен қарттың кездейсоқ кездесуі. Бұл фильмдегі драматизм бір-біріне бөтен кейіпкерлердің етене жақын болып кетулері. Фильм – адамның адамгершілік қасиеттерінің арқасында ғана шын бақытқа жетуге болатынын көрсетеді.

Басты рөлдерде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Төлеубек Аралбай мен жас актер Әнуар Тілеуғажы.

«Дом призраков» - Америкалық тәуелсіз фильммейкерлер, ағайынды Рич Рэгсдэйл мен Кевин Рэгсдэйл түсірген хоррор. Түсірілім Таиландта өтті.

Сюжет бойынша екі жас Таиландқа саяхатқа аттанады. Ауылдық жерде олар молаға кезігеді. Жергілікті аңыз бойынша бұл жерде аруақтар мекендейді. Байқаусызды бейітті бүлдіріп алған екі жастың соңына қатыгез күш иесі түседі.

Ресей режиссері Дмитрий Дьяченко түсірген «Последний богатырь» - отбасылық фэнтези. Фильмде біздің әлемнен ертегі әлеміне тап болған Иван деген жігіт туралы баяндалады. Ертегілер әлемінде көпшілігіміз білетін Ажалсыз Кощей, Жалмауыз Кемпір, Айдаһар Горыныч секілді кейіпкерлер өмір сүреді. Иван сиқыр әлемде зұлым күш пен жақсылық арасындағы шайқаста басты тұлға болып шыға келеді.

Испан аниматорлары ұсынатын Тед Джонстың бастан кешкен оқиғалары жалғасады. 2012 жылы алғашқы бөлімі жарық көрген болатын («Тэд Джонс и Затерянный город 3D»). Жолы бола бермейтін, ебедейсіздеу, алайда саяхатшылықты ұнататын басты кейіпкерді «Тэд-путешественник и тайна царя Мидаса» мультфильмінде жаңа да қызықты оқиғалар күтіп тұр.

Мақала авторы - Ернар Бекенов
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз