14 қыркүйек кинопремьералары

14.09.2017

Осы аптада екі отандық картина, Даррен Аронофскидің үрейлі драмасы, Брэд Питтің продюсерлігімен шыққан драма және Еуропадан келген екі комедия бар.

 

«Оралман» - Сәбит Құрманбеков түсірген әлеуметтік драма. «Қазақфильм» студиясында жасалған картина еліміздің прокатына шықпай тұрып бірқатар халықаралық фестивальдарға да қатысып үлгерді. Картина 2017 жылдың сәуірінде Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық «Фаджр» кинофестивалінде үздік азиялық фильм атанған еді. Кейін шілде айында XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Ал бірер күн бұрын осы картинада басты рөлде ойнаған Дулыға Ақмолда - Татарстанда өткен XIII Халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды.

Негізі фильмнің прокаты ертең – 15 қыркүйекте басталмақ. Бүгін премьерасы болып, журналистер назарына ұсынылады.

Сәбит Құрманбековтың фильмінде ХХ ғасырдың 30-шы жылдары қызыл әскердің жендеттерінен Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған қазақ отбасы туралы баяндалады. Бас кейіпкер Базарбай қарттың бір қызы мен ұлы сол жақта дүниеге келеді. Балалары есейіп, отбасын құрады. Ұлы Сапарқұл жергілікті пуштун ұлтынан келіншек алады. Ал қызы ауған жігітіне тұрмысқа шығады. Сапарқұл соғыс кезінде моджахеттер жағында соғысады. Жылдар өтеді. Базарбайдың отбасы Қазақстанға көшуге рұқсат беретін квота алады. Барлығы жолға жиналады. Таулы қышлақтан шыққан отбасыны ұзақ жол күтеді.

Екінші отандық картина – «Крылья, Подаренные Матерью» деп аталады. Бұл Қажымұқан Қалымбетовтың режиссерлік дебюті. Ол осыған дейін актер ретінде көрініп жүрген еді.

Фильмде ағалы-інілі бауырлар туралы айтылады. Екеуінің өмірге деген көзқарасы екі түрлі, арманы мен тағдыры бір-біріне ұқсамайды. Біреуі тіршіліктің қамымен қала өміріне сіңісіп кетеді, өлең жазатын таланты бар екіншісі қиындыққа төзе білуді үйренеді, арман қуып, жүрегіне сенім артады. Фильм өзіне, жарқын болашаққа сене білу туралы, өмірге сүйіспеншілік жайында. Ал бұның бәрі ана сыйлаған қанаттың арқасында болмақ.

Басты рөлде талантты жас актер Санұржан Сүлейменов.

 

«Пи», «Арман реквиемі», «Рестлер», «Қарақу», «Нұх» секілді хит картиналарды өмірге әкелген Даррен Аронофски жаңа туындысын ұсынады. Осы жолы «шеше!» деген картина үрейлі драма бағытында. Актерлік құрамы ауыз толтырып айтуға тұрарлық: «Оскар» иегерлері  - Дженнифер Лоуренс пен Хавьер Бардем, «Алтын глобус» иегерлері - Эд Харрис пен Мишель Пфайффер.

Сюжетте бас қосқандарына көп бола қоймаған жұп туралы айтылады. Бірде олардың үйіне бейтаныс адамдар шақырусыз келіп, осында тұрақтайды. Осыдан бастап екеуінің қалыпты өміріне сызат түседі.

Бұл жоба туралы бөлек шолу бар. Оны алдыңғы материалдан оқуға болады

«Брэдтің статусы» («Статус Брэда») – Брэд Питт продюсер болған картина осы. Бірақ фильм атауы мен продюсер есімінің бірдей болуынан байланыс іздемеңіз, жай ғана сәйкестік.

Бен Стиллер басты рөлде ойнайтын картина жасы елуге келіп қалған адамның өз өмірін қайта саралауы туралы. Брэдтің отбасы бар, ұлы колледжге дайындалып жүр. Қысқа оның жағдайы жақсы, ол өмірге риза. Алайда бұрынғы сыныптастарының қалай тұрып жатқанын көргеннен кейін басты кейіпкер өзін лузер сезініп қалады. Брэд ұлымен бірге колледж іздеу үшін үлкен сапарға аттанады. Бұл саяхат оған өмірге деген көзқарасын өзгертуге мүмкіндік береді.

Квест ойындар сәнге айналған заманда, сол бойынша түсірілген кинофильмдердің көбеюі де заңдылық секілді. «Құтылу бөлмесі» («Escape Room») – осы тақырып төңірегіндегі кезекті картина. Дәл осындай атаумен шыққан биылғы екінші фильм. Естеріңізде болса, 31 тамызда «Құтылу бөлмесі» («Escape Room») хорроры шығып еді. Бірақ оның орысша атауы «Квест» болды. Ал бүгін шығып жатқаны – «Клаустрофобия» деп аталады. Орысша атауын басшылыққа алмасаңыз, түпнұсқа атауынан шатастырып алуыңыз әбден мүмкін. Өндірушілері бөлек демесеңіз, сюжеті де бір-біріне ұқсас.

Сондай-ақ, бір орыс, бір француз және бір итальян комедиялары шықты. «Напарник» деген ресейлік фильм қарғысқа ұшырап, сәбиге айналып кеткен майор туралы. Бала болғанына қарамастан қылмыскерлерді залалсыздандыру ойынан қайтпайды. «Мадам» деп аталатын екінші картинада қызметші қызға ғашық болып қалған ақсүйек туралы айтылса, Италиядан келген «Министр» комедиясында тендер ұтып алу үшін министрдің «тамағын майламақ» болған бизнесменнің басынан кешкендері баяндалады.

Мақала авторы - Ернар Бекенов Фотографии: интернеттің ашық ресурстарынан
Материал автордың рұқсатымен жарияланды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және El.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады

Тағы да оқитындарыңыз