10 тамыз - Люк Бессонның қазақ тіліне дубляждалған картинасымен ерекшеленеді

10.08.2017

 Жалпы осы апта француз киносына бай болғалы тұр, прокатқа шыққан 5 фильмнің үшеуі осы елден келді.

«Валериан және мың ғаламшар шаһары» («Валериан и город тысячи планет») - Францияның кино тарихындағы ең қымбат жоба, фильм бюджеті 180 млн доллар деп жарияланды. Люк Бессон сценарийді сонау 2009 жылы дайындап қойған екен. Алайда Джеймс Кэмеронның «Аватарынан» кейін сценарийге бірқатар өзгерістер енгізіпті. Ал сюжеті француз жазушылары Пьер Кристин мен Жан-Клод Мезьердің «Valérian et Laureline» комиксына негізделеді. Люк Бессон ірі жобаларына үнемі Голливуд жұлдыздарын қатыстырады, бұл жолы да солай: Дэйн ДеХаан, Кара Делевинь, Клайв Оуэн, Итан Хоук, Рианна, т.б.

Фильм сюжеті 2700 жылы Валериан және Лорелин есімді ғарыш арнайы агенттері төңірегінде өрбиді. Қызмет бабымен олар күмәнді іске араласып, әлдекімдер ұйымдастырған үлкен қастандық әрекеттің қатысушысы атанып шыға келеді.

«Валерианның» қазақша нұсқасы шілденің соңында Астанада өткен ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің жабылуында алғаш рет көрсетілді.

Тағы бір қызықты премьера - «Аннабель: Жаратылуы» («Проклятие Аннабель: Зарождение зла») хорроры. Жалпы үрейлі фильмдердің тұрақты көрермені болсаңыз – бұл жоба сізге таныс болуы керек. Өйткені фильмнің басты антагонисті – қуыршақ Аннабель осыған дейін Джеймс Ванның 2013 жылғы «Дуа» («Заклятие») картинасында көрініс тапты. Фильмнің сәтті шыққаны соншалықты – продюсерлер қуыршаққа бөлек сюжет арнауды ұйғарды. Сөйтіп 2014 жылы «Аннабель» («Проклятие Аннабель») спин-оффы шықты. Енді міне осы серияның екінші бөлімі ұсынылып отыр. Бұл жолы қуыршақтың жаратылу тарихына тоқталады.

«Жұбы жазылмайтындар» («1+1. Нарушая правила») - әйгілі француз комедиясының аргентиналық ремейкі. Әңгіме қай фильм жайында екенін аңғарған шығарсыз? Біздің кинонарыққа «1+1» деген атпен келген, мүгедек олигарх пен геттодан шыққан қарапайым күтуші арасындағы достықты жырлайтын картина. Ремейктің де сюжетіне айтарлықтай өзгеріс енбеген секілді, синопсисінде түпнұсқаның оқиғасы жазылған.

Бұлардан бөлек француздың екі комедиясы прокатқа шықты: бірі - екі қыздың соңына түсем деп басы бәлеге қалған жігіттің хикаясын баяндайтын «Жених на двоих», екіншісі – туысын іздеп Парижге келген қыздың басынан өткен қызықтарын суреттейтін «Чудеса в Париже» фильмі.

АВТОРЫ: ЕРНАР БЕКЕНОВ

Тағы да оқитындарыңыз