Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Ресей киносында

11 қаңтарда Қазақстан прокатына «Движение вверх» спорт драмасы шығады. Осы драманың сюжетіне арқау болған баскетбол командасының құрамында қазақ спортшы - Алжан Жармұхамедов болды. 

Алжан Жармұхамедов / фото: © ЦСКА жанкүйерлерінің сайты  https://cska.in

11 қаңтарда Қазақстан прокатына «Движение вверх» спорт драмасы шығады. Оқиғасы өмірден алынған картина 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасындағы баскетбол финалы туралы. Сол кезде ақтық ойында АҚШ пен КСРО құрамалары кездесіп, соңғы үш секунд қалғанда Совет спортшылары жеңіп кеткен еді. Бұл спорт әлемінде үлкен жаңалық болды, өйткені КСРО баскетболдан чемпион болуға аса үміт артпады, қатысудың өзін абырой санады. Ал Америка Олимпиада тарихында сол күнге дейін еш жеңіліп көрмеген.

Бір қызығы сол – алтын медаль алған баскетбол командасының құрамында қазақ та болды. Бүгінгі әңгіме сол тұлғаға арналады.

Алжан Мүсірбекұлы Жармұхамедов 1944 жылы 2 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданында Табақсай ауылында дүниеге келген. 1950 жылдары бұл аудан Өзбекстан құрамына берілген еді, сондықтан Алжан Мүсірбекұлының ұлтына қатысты екі жақты пікір болған еді. Оның үстіне мектеп бітірген соң көрші елдің Шыршық қаласында зауытта жұмыс істеп, кейін Ташкенттегі Өзбек мемлекеттік дене шынықтыру институтында білім алған еді. Сондықтан оны Өзбекстаннан шыққан баскетболшы деп қате ойлағандар көп болды.

Шын мәнінде оның әкесі Мүсірбек – қазақ, анасы Прасковья – орыс. Алайда ол өзін жаппас руынан шыққан қазақпын деп санайды және осы күнге дейін отанына оралу туралы ойын еш тастаған емес. Бұл туралы 2009 жылы «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында айтады:

- Мен туып-өскен Оңтүстік Қазақстан облысы Бостандық ауданы Табақсай ауылы өткен ғасырдың елуінші жылдары Хрущевтің қалауымен Өзбекстанға берілді. Сондықтан мені көбі өзбек деп ойлайды. Бірақ мен қазақпен және бұнымен мақтанам! Айтпақшы паспортымда «ұлты» деген графада қазақ деп жазылған. Мені тарихи отаным үнемі тартып тұрады. Әкем де өз Отаныңда тұру керек деп айтатын.

Жас кезінде Алматының «Буревестник» командасына ауысуға екі рет тырысып көреді. Алайда оны Ташкентке жібереді. Сөйтіп екі республиканың даңқты спортшы үшін таласына Мәскеу нүкте қойды.

Баскетбол ардагері карьерасын Ташкенттің СКА командасында бастады. Кейін КСРО құрамасына шақыртылып, 1972 жылғы Олимпиадаға дейін екі рет Еуропа чемпионы атанып үлгерді.

1969 жылы Мәскеудің ЦСКА командасына ауысады. Бұл жерге келгенде бастапқыда оны өзбек деп қабылдаған екен. Алайда Олимпиададан кейін «Физкультура и спорт» журналында алғаш рет қазақ деп көрсетіледі. Осылайша Алжан Жармұхамедов – Олимпиада чемпионы атанған алғашқы қазақ.

Алжан Жармұхамедов және кинода оны сомдаған Александр Ряполов / фото: © Россия 1 / https://russia.tv

Оның образын енді «Движение вверх» фильмінен көре аламыз. Ресей режиссері Антон Мегердичев түсірген ауқымды киножобада оның рөлін Ташкентте туған ұлы орыс спортшы Александр Ряполов ойнайды.

Бұл жерде заңды сұрақ туындайды: қазақ баскетболшыны неге қазақ актері, ең болмағанда азиат келбетті актер ойнамады? Нақты жауап беру қиын. Бірақ мынадай болжам жасауға болады: фильм баскетболшылар туралы, сондықтан бойы биік және баскетболдан хабары бар актерлер қажет. Ал Александр Ряполов – кәсіби баскетболшы. Оның үстіне екеуінің де бойы бірдей екен – 207 см. Ряполовтың экрандағы келбеті Жармұхамедовтың жас кезімен ұқсас болу үшін грим қолданылғаны белгілі.

Алжан Мүсірбекұлының өзі бұл жағдайға еш қарсылық білдірмепті. «Караван» медиа-порталына берген сұхбатында оны сомдаған актермен түсірілім барысында танысқанын айтқан. Ол актердің өзіне берілген рөлді алып шығатынына сенімді.

Алжан Жармұхамедов 1976 жылы Монреалдағы Олимпиада ойынына тағы қатысып, қола жүлдегер болды. Одан бөлек Еуропаның үш рет чемпионы, КСРО-ның тоғыз рет чемпионы атанды. Спорттағы карьерасын 2002 жылы аяқтады. Қазір бапкерлікпен айналысады.

 


#қазақ чемпиондар

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер