4 қазан кинопремьералары

Аптаның үздік премьералары

Бүгін: Том Хардидің орындауындағы Веном, қаржы тақырыбындағы тұңғық қазақстандық фильм, Брэдли Купердің режиссерлік дебютіне түскен Леди Гага, Ку-клукс-клан ұйымына кірген қара нәсілді туралы өмірбаян-драма, Сібірдегі Киану Ривз, австралиялық супернатурал хоррор, Данила Козловский түскен орыс драмасы, Еуропадан келген отбасылық мультфильм.

«Веном» (Venom) – Sony Pictures студиясының кинокомиксі, Өрмекші-адамның басты қарсыласы ретінде белгілі Веном есімді кейіпкерге арналған бөлек фильм. Басты рөлде Том Харди ойнайды.

Журналист Эдди Брок ғалым әрі бизнесмен Карлтон Дрейкпен сұхбат жүргіземін деп жұмысынан айырылады. Ол Дрейктің құпия зертханасы туралы, онда бөгдепланеталық паразитті ұстап отырғанын біледі. Брок шындықты білмек болып зертханаға жасырын кіреді. Алайда өзі сол симбиотпен әрекеттесіп, оның тасымалдаушысына айналады.

«Финансист. Игра на вылет» (Финансист. Шығу ойыны) – қаржы тақырыбына арналған отандық триллер. Басты рөлдерде – Асылхан Төлепов пен Шыңғыс Қапин.

Руслан есімді кейіпкер досының көмегімен қаржыгерге айналады. Биржа саудасымен айналысып жүріп олар ықпалды адамдардың жолын кесіп кетеді. Әлгілер үшін адам өмірі түк те емес.

«Звезда родилась» (A Star Is Born) – актер Брэдли Купердің режиссерлік дебюті. Ол классикаға айналған голливудтың сюжеттің осымен үшінші ремейкін жасап отыр. Басты рөлде өзі ойнайды, ол басты әйел рөлінде – белшілі әнші Леди Гага.

Карьерасы құлдырап бара жатқан кантри-музыкант Джексон Мейн танымал емес әнші Эллимен танысады. Екеуінің арасында сезім пайда болады. Джек Эллиге жетістікке жетуге көмектеседі. Бірақ Эллидің музыкалық карьерасы қарқын ала бастаған сайын, даңқты күндері артта қалған Джекке қиын соғады.

«Чёрный клановец» (BlacKkKlansman) – сюжеті аттас романға негізделген, режиссер Спайк Лидің өмірбаян драмасы. Басты рөлде – атақты жұлдыз Дензел Вашингтонның ұлы Джон Дэвид Вашингтон.

Колорадолық қара нәсілді полицейдің алдында күрделі тапсырма тұр: еврей әріптесімен бірге ақ нәсілшілдердің Ку-клукс-клан ұйымының құрамына астыртын ену қажет. Сөйтіп олар жоспарланып жатқан ірі қылмыстың алдын алмақшы.

«Профессионал» (Siberia) – Киану Ривздің қатысуымен түсірілген триллер. Оқиға орны – Ресейдің Сібірі.

Лукас Хилл қымбат тастардың саудасымен айналысатын америкалық бизнесмен. Кезекті мәмілесін жасау үшін Ресейге келеді. Алайда кездесу болмай қалады да, басты кейіпкер қиын жағдайдан шығудың амалымен Сібірге тап болады.

«Школа» (The School) – австралиялық супернатурал хоррор. Фильм комаға түскен ұлына көмектесу үшін оның санасына енген, сөйтіп баланың үрейі мен басқа әлемнің тылсымын өз көзімен көрген ананың оқиғасын баяндайды.

«На районе» - Данила Козловский түскен орыс драмасы.

Вова және оның жақын досы Киса заңсыз іспен табыс тауып жүр. Олардың өмірі көңілді әрі қызықты. Бірақ кезекті тапсырысты орындау олардың достығы сынға түседі.

«Пришельцы в доме» (Luis & the Aliens) – Еуропадан келген отбасылық мультфильм.

Анимациялық картинада бөгде планеталықтармен кездесуді армандайтын бала туралы айтылады. Бірде Луистің арманы орындалып, басқа әлемнің өкілдерімен танысудың сәті түседі. Бала олармен тез тіл табысады, өйткені қызығушылықтары өте ұқсас болып шығады.

#кинопремьералар #қандай кино көремін

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер