28 маусымның кинопремьералары

Кино әлеміне саяхат

Бүгін кинода: Қуыспақ ойнаған ересектер, Дени Вильневтің «Сикариосының» жалғасы, соқыр қыз туралы триллер, мұхитта дауылға тап болған жұп туралы драма, «Сұрдың елу реңін» оқыған әжелер туралы комедия, «Q-елі» отандық скетчкомы кейіпкерінің негізінде жасалған фильм, немістің Джим Түймеше және локомотив жүргізуші Лукас туралы ертегісінің экранизациясы, Тиль Швайгер ойнаған экшн-комедия.

«Ты водишь!» (Tag) – оқиғасы өмірден алынған америкалық комедия. Басты рөлдерде Джереми Реннер, Лесли Бибб, Джон Хэмм, Айла Фишер, Эд Хелмс, Рашида Джонс, Хэннибал Бёресс, Аннабель Уоллис және Джейк Джонсон ойнайды.

Бес ересек бірінші сыныптан бері дос және жасына қарамастан олар әлі қуыспақ ойнайды. Бұл ойын тіпті олардың жыл сайынғы дәстүріне айналған. Осы жолы араларындағы біреуі үйленіп, "Тэг" ойыны сол мейрамға сәйкес келеді. Бір қызығы - отау құрғалы жатқан дос әлі жеңіліп көрмеген.

«Убийца 2. Против всех» (Sicario 2: Soldado немесе Sicario: Day of the Soldado) – Дени Вильневтің 2015 жылғы «Сикарио» триллерінің сиквелі. Екінші бөлімде Эмили Блант жоқ, есесіне жаңадан қосылған Джош Бролин бар. Сондай-ақ бірінші фильмнен Бенисио Дель Торо түсті. Жалпы «Сикарио 2» жаңа трилогияның басы болады деген сыбыс бар.

Сюжет бойынша нркокартелдер АҚШ-қа террористер жібере бастағаннан кейін Америка-Мексика шекарасындағы жағдай ушыға түседі. Оларға тойтарыс беру үшін Мэтт Грейвер есімді федералдық агент аса сенімді емес серіктес - Алехандромен бірігуге мәжбүр болады.

«Невидимка» (In Darkness) – «Тақтар ойыны» сериалынан белгілі Натали Дормердің сценарий авторы, продюсер және басты рөлді сомдаушы ретіндегі жұмысы.

Триллер оқиғасы көзі көрмейтін қыздың төңірегінде өрбиді. Ол үстінде орналасқан пәтерде кісі өлтірілгенін естиді. Осыдан кейін қыз Лондонның қараңғы, қылмыс әлеміне тап болады.

«Во власти стихии» (Adrift) – оқиғасы өмірден алынған, исланд кинематографшысы Бальтасар Кормакур («Эверест») махаббат һәм катастрофа драмасы. Фильмге арқау болған оқиға 1983 жылы болған еді. Басты рөлдерде Шейлин Вудли мен Сэм Клафлин.

Сюжет бойынша Тами мен Ричард Таитиде танысып, араларында сезім пайда болады. Екеуі яхтамен Тынық мұхитына шығып серуен құрмақ болады. Алайда олар тарихтағы ең қуатты дауылға тап болады. Олардың өмірі мен болашағы табиғаттың құзырында.

«Книжный клуб» (Book Club) – продюсер Билл Холдерманның алғашқы режиссерлік жұмысы. Комедия жанрындағы картинаның актерлік құрамына Джейн Фонда, Дайан Китон, Алисия Сильверстоун, Энди Гарсиа, Дон Джонсон мен Ричард Дрейфусс енді.

Жасы келіп қалған төрт әйел бос уақытта бас қосып, оқыған кітаптарын талқылайды. Бірде олар "Сұрдың елу реңі" эротикалық романы туралы біліп, оқып шықпақ болады. Э.Л. Джеймстың кітабы әйелдерге өмір көкжиегін кеңейтіге себеп болады.

«Жетінші арнадағы» «Q-елі» скетчкомын көрген адам сондағы инстаграм жұлдызы Айнұрды да біледі. Авторлар осы кейіпкерге бөлек фильм арнауды жөн көріпті.

«Инстаграмщица» комедиясының актерлік құрамы сериалдан өзгеше емес, басты рөлде сол актерлер. Айнұрдың Instagram аккаунтында миллион жазылушы бар, жарнамадан пайда түсіп жатыр, сүйгені бар. Қысқасы жағдайы жақсы. Алайда бір күні оның аккаунтын бұзып кетеді. Осыдан бастап оның қалыпты әлемі күйрейді.

«Джим Пуговка и машинист Лукас» (Jim Knopf und Lukas der Lokomotivführer) – немістің отбасылық фэнтези-кинотуындысы. Фильм балалар әдебиетінің классигі Михаэль Энденің аттас романына негізделген. Бұл автор «Аяқталмайтын оқиға» атты тағы бір шығармасымен танымал.

Сюжетте Медландия деген сиқырлы елдңғ екі тұрғыны туралы баяндалады. Бұл жерге пошташы кішкентай баланы жеткізеді. Бала ержетіп, батырға айналады. Джим серігі Лукасқа ілесіп, жол талғамайтын пойызбен айдаһарлар қаласына аттанады. Ол осындағы ханшайымды құтқармақ.

«Хот-дог» (Hot Dog) фильмі де Германия киносының өнімі. Басты рөлдерде Тиль Швайгер мен Маттиас Швайгхефер ойнайды.

Сюжеті: Бұрын Германияның элита жасағында қызмет еткен Тео мен Люк қазір елшілікте күзетші болып істейді. Олардың мінезі әр түрлі, сондықтан бір-бірін жақтырмайды. Алайда елшінің қызын әлдекімдер тұтқынға алғанда олар бірлесіп әрекет етуге мәжбүр болады.

«Инсомния» (No dormirás) – испан тілінде түсірілген мистикалық үрейлі фильм. Оқиғасы психиатриялық клиникада өтеді.

Психиатриялық клиниканың пациенттері көп жыл бұрын жазған пьесаны бір театр қоймақшы болады. Қойылымның бір шарты бар - актерлер ұйқыдан бас тарту керек. Осыдан кейін олардың шынайылықты қабылдауы өзгере бастайды. Актерлер пьесада суреттелген қатыгездікке толы түйінге апаруға итермелейтін күштермен бетпе-бет келеді.

«Осторожно: Грамп!» (Here Comes the Grump) – Мексика-Ұлыбритания-АҚШ бірігіп түсірген мультфильм. Бұл туынды 1969 жылы шыққан аттас анимациялық сериалға негізделген.

Сюжетте әжесінің ертегілерін тыңдап өскен Терри есімді бала туралы баяндалады. Әжесі оған сиқырлы қалалар, дуагерлер мен айдаһарлар туралы айтатын. Алайда бала бұның бәрі шындық екенін білмеген еді. Зұлым Грам сиқырлы елдің тұрғындарын мұң мен көңілсіздікке батырмақ болады. Бұны білген Терри оларға нашар көңіл-күйден арылуға көмектеспекші.

#кинопрьемера

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер