21 маусым кинопремьералары

Аптаның үздік премьералары

Бүгін кинода: Оушеннің сегіз қызы, Сталлоненің түрмеден екінші қашуы, жабайы қыздың тылсым оқиғасы туралы америкалық фэнтези, ескі үйдегі үрей туралы норвег хорроры, үнді пақырының саяхатын баяндайтын комедия, отбасын асыру үшін стриптизер болған отағасы жайында орыс комедиясы.

«8 подруг Оушена» (Ocean's 8) – Гэри Росс түсірген қылмыстық комедия, Стивен Содербергтің әйгілі «Оушеннің он бірі» фильмінің спин-оффы. Бұл жолы бұрынғы картинаның басты кейіпкері Дэнни Оушеннің қарындасы туралы болады.

Дэбби Оушен түрмеге отырып шыққаннан кейін қылмыс әлемімен қоштасуға асықпайды. Дэбби команда жасақтап, тонау операциясын ұйымдастырмақ болады. Сол үшін дарынды қыздарды айналасына жинайды. Тонаушылар тобы бірнеше миллион доллар тұратын әшекейді қолды етпек.

Басты рөлдерде Сандра Буллок, Кейт Бланшетт, Хелена Бонэм Картер, Энн Хэтэуэй, Рианна,  Минди Калинг, Сара Полсон, Аквафина, Ричард Армитидж секілді жұлдыздар ойнайды.

«План побега 2» (Escape Plan 2: Hades) – 2013 жылғы аттас боевиктің жалғасы. Басты рөлдегі Сильвестр Сталлоне өз рөліне қайта оралғанымен, оны серігі болған Арнольд Шварценеггер жоқ. Есесіне актерлер қатарына Дэйв Батиста қосылды.

Басты кейіпкер Рэй Бреслин әлемдегі ең қиын абақтылардан қашуға маманданған команданы басқарады. Оның сенімді серігі Шу Ренді ұстап алып, қашу мүмкін емес түрмеге қамап тастайды. Рэй досын құтқару үшін тағы бір қашу жоспарын ойластырады.

«Сага о чудовище. Сумерки» (Wildling) – Лив Тайлердің, Брэд Дурифдің және Бел Паулидің қатысуымен  түсірілген америкалық үрейлі фэнтези.

Сюжетте ормандағы оқшау лашықта өскен 16 жасар Анна туралы айтылады. Қыз сыртқы әлем туралы ештеңе білмейді. Оны жергілікті шериф Эллен мен оның 16 жастағы інісі Рэй тауып алады. Алайда солардың қамқорына өтсе де қыз әлденеден үрейленуін доғармайды.

«Фобия» (Haunted) – норвег режиссері Карл Кристиан Раабе түсірген хоррор. Басты рөлде осы елдің белгілі актрисасы Синнёве Макоди Лунд ойнайды («Охотники за головами», «Оправданный»).

Сюжеті: Әкесі қайтыс болғаннан кейін Кэтринге отбасыға тиесілі жер мұра болып қалады. Өткенін ұмыту үшін ол иелікті сатпақ болады. Кэтрин ескі үйге көшіп келгеннен кейін біртүрлі оқиғалар басталады.

«Невероятные приключения факира» (The Extraordinary Journey of the Fakir) – Франция-Америка бірігіп түсірген қызық оқиғалы драма. Сценариі Ромен Пуэртоластың «ИКЕА шкафына қамалған пақырдың таңғажайып саяхаты» бестселлеріне негізделген.

Фильмде бала кезден саяхатты армандаған үнді баласы туралы айтылады. Сол үшін ұрлықпен де, алаяқтықпен де айналысты. Қажетті ақшасын жинаған соң Парижге аттанады. Осыдан бастап қызық оқиғаларға ұрынады: ертесіне Англияға тап болып, Испанияға жөнелтеді. Бұл пақырдың қызыққа толы саяхатының басы ғана.

«Ночная смена» - Ресей режиссері Марюс Вайсберг түсірген комедия. Басты рөлдерде - Владимир Яглыч пен Павел Деревянко.

Сюжет бойынша басты кейіпкер Макс зауыттағы жұмысынан айырылады. Отбасын асыру үшін стриптизер болу ұсынысынан бас тарта алмайды. Әйелінен жасырып істеп жүрген жаңа жұмысында ол талай қызықтарға тап болады. Ақырында жарының сенімінен айырылады. Отбасы тыныштығы үшін басты кейіпкер стрип-клубтағы әріптестерінің көмегіне жүгінбек болады.

#кинопремьералар #қандай кино көремін

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер