1 қарашаның кинопремьералары

Аптаның үздік премьералары

Күздің соңғы айы Қазақстан киносы үшін жақсы жаңалықтармен басталмақ. Айталық осы аптада отандық режиссерлер түсірген үш картина бар. Хэллоуин мейрамының да тұспа-тұс келуіне орай қорқынышты фильмдер үлесінің көбірек болуы заңдылық. Тіпті осы жолы үрейлі жанрда жасалған біздің де өнім бар.

«Богемская рапсодия» (Bohemian Rhapsody) – Брайан Сингер («Люди Икс») түсірген өмірбаян драма. Фильм Quenn рок-тобына және оның лидері Фредди Меркьюриге арналады. Аңыз әншінің рөлінде – Рами Малек («Мистер Робот»).

Фильм атақты музыканттардың өмірі мен шығармашылығы туралы айтып қоймай, олар орындаған хиттарды да ұсынады. Сондай-ақ бұрын-соңды жарық көрмеген он шақты ән де шырқалады деп айтылуда.

 

«Бизнесмены» - Ақан Сатаевтың драмасы. Режиссер тағы да өзінің сүйікті кезеңі – тоқсаныншы жылдарға оралып, еліміздің алғаш кәсіпкерлері туралы оқиға ұсыныпты.

Басты кейіпкер Әнуар және оның достары қолда бар мүмкіндікті пайдаланып табыс табуға тырысады. 1990 жылдар, елде экономикалық дағдарыс орнағанына қарамастан олар алғашқы кәсіпкерлердің біріне айналады. Бұл достық пен сатқындық, махаббат пен айырылу, өмірдің құндылықтары туралы хикая.

 

«Саташ» - журналист Төлеген Байтөкеновтың екінші режиссерлік жұмысы (алғашқысы - «СуперБаха»). Фильмнің халықаралық премьерасы қазан айында Варшава кинофестивалінде өтті.

Вестерн элементтері бар экшн-драма туған ауылына басып кірген қылмыскерлермен жалғыз күреске түскен учаскелік полицей туралы баяндайды. Фильмнің басты кейіпкері Саташ есімді ауылдың учаскелік полицейі ауыл тұрғындарына күш жұмсаған қылмыскерлерге төтеп беріп, өзінің борышын соңына дейін өтейді.

«Хантер Киллер» (Hunter Killer) – Голливуд жұлдыздары Гари Олдман мен Джерард Батлер ойнаған саяси боевик.

Сюжетте «Хантер киллер» сүңгуір кемесінің капитаны АҚШ Әскери-теңіз күштерінің арнайы жасағымен күш біріктіріп, әскери төңкерістен кейін тұтқынға алынған Ресей президентін құтқаруға кіріседі. Теңіз жауынгерлерінің қолында әлемнің тағдыры тұр, өйткені билікке келген Ресей генералы Үшінші дүниежүзілік соғысты қалайды.

 

«Ужастики 2: Беспокойный Хэллоуин» (Goosebumps 2: Haunted Halloween) - «Ужастики» (2015) фильмінің сиквелі және Р.Л. Стайнның балаларға арналған аттас кітаптар сериясына негізделген.

Қорқынышты да құдыретті құбыжықтар кітап бетінен тіріліп, адамдардың үрейін алуға тағы да көшеге шығады. Бұл жолы оқиға «Хоррорлэнд» сауық паркінде болады.

 

«Проза бродячих псов. Фильм» (Bungo sutorei doggusu: deddo appuru) – жапонның танымал мангасының және аттас сериалдың кинонұсқасы.

Сюжет бойынша ерекше қабілеті бар адамдар өзіне қол жұмсап өмірмен қоштасады. Ал олардың өлген орнында жұмбақ тұман қалып қояды. Бұл істі тергеуге ерекше күшке ие қызметкерлерден құралған «Қарулы детектив агенттігі» кіріседі.

«Qarakoz» - қазақ ертегілері мен аңыз-әңгімелеріндегі құбыжықтар мен зұлым күш иелері біздің әлемге тап болса, олар қаншалықты қорқынышты болар еді? Украин режиссерлері Роман Сидоренко мен Максим Якобчук осы сұраққа жауап іздеп көріпті.

Фильм түрлі оқиғаларға бөлінген новеллалардан тұрады. Оқиғалар от басына жиналған бір топ жастың айтқан әңгімелері түрінде өрбиді. Бұнда Жезтырнақ, Жалмауыз кемпір және Қапшағай тасжолындағы елес те бар.

«Проигранное место» - Ресей актрисасы Надежда Михалкованың хоррор жанрында түсірген режиссерлік дебюті.

Сюжет кинотеатрда бір қарғыс атқан орын туралы қауесет төңірегінде өрбиді. Сол орынға билет алған адам өледі екен. Қатарынан болған кісі өлімінен кейін бір топ ұл-қыз осы аңыздың шын-өтірігін анықтамақ болады.
 

#кинопремьералар #қандай кино көремін #жақсы кино

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер