17 мамыр кинопремьералары

Қандай киноға баруға болады?

Мылжың жендеттің екінші оқиғасы, Марго Роббидің тағы бір ерекше рөлі, Роналду мен Месси туралы деректі фильм, бойдақ миллионер мен үш баланың анасы арасындағы қарым-қатынасты суреттейтін ромком, Майя есімді араның басынан кешкендерін баяндайтын кезекті мультфильм және үнді мелодрамасы. Бүгіннен бастап көрсетілетін фильмдер осындай.

«Дэдпул 2» («Deadpool 2») – «Люди Икс» киносериясына кіретін кинокомикс. 2016 жылы алғашқы бөлімі шығып, басты қаһарман көрермендердің сүйіктісіне айналып еді. Екіншісінде мылжың жендет образында Райан Рейнольдстан бөлек Джош Бролин (Кейбл), Морена Баккарин (Дэдпулдың сүйгені), Джулиан Деннисон (жас мутант Рассел Коллинз), Зази Битц (Домино), Т. Дж. Миллер (Дэдпулдың досы), Брианна Хильдебранд (Дыбыстан жылдам оқтұмсық), Джек Кеси (Қара Том Кэсседи), Стефан Капичич (Колосс), Терри Крюс (Бедлам), Билл Скарсгорд (Цайтгайст), Льюис Тан (Шаттерстар).

«Дэдпулдың» бір ерекшелігі – «Икс адамдар» сериясында жас рейтингі жоғары бірден-бір фильм. Бұнда төгілген қан және бейәдеп сөздер мен көріністер жас шектеуін 18+ қылуға себеп болып отыр.

Сюжет туралы нақты ақпар жоқ. Белгілісі – жас мутант Расселді өлтіру үшін Кейбл болашақтан келеді. Ал Дэдпул Кейблге төтеп бере алу үшін мутанттардан құралған команда жасақтайды және оған «Сила Икс» (X-Force) деген ат береді. Фильмнің трейлеріне қарап түсінгеніміз осы. Алайда франшизаның, комикстың фанаттары видеороликтерде көрсетілген оқиғалар негізгі сюжет болмауы мүмкін деген болжам жасап жүр. Қысқасы қызықтың бәрін фильмнің өзінен көретін боламыз.

DC кинокомиксында жартақыл Харли Квиннді ойнаған,ал «Тоня против всех» спорт-байопигіндегі рөлі үшін биыл «Оскардан» үмітті болған Марго Роббиді тағы бір қырынан көреміз. «Конченая» («Terminal») триллерінде де актриса мінезі сан құбылатын кейіпкерді сомдапты.

Сюжетте Энни есімді официант қыз туралы баяндалады. Ол екі киллермен танысып, оларға аса қауіпті тапсырма береді. Алайда жендеттер Эннидің бір жасырған ойы барын біледі.

Бастапқыда орысша локализацияланған атауы - «Конечная» болатын. Интернет-қолданушылар ол сөзді «Конченая» сөзімен шатастыра берген соң, прокатшы компания солардың нұсқасын қабылдауға шешім қабылдапты.

«Роналду против Месси» («Ronaldo vs. Messi») – қазіргі заманның екі ұлы футболшысына арналған деректі картина. Режиссері Тара Пирниа - Джастин Бибер, Lady Gaga секілді әншілер мен «One Direction» тобына фильм түсірген документалист.

Футбол әлемі екі тарапқа бөлінген: біреуі Криштиану Роналдуға, екіншісі Лионель Мессиге жанкүйер. Сарапшылар осы екі ұлы спортшының қалай тәрбиеленгенін, олардың карьерасын, таланты мен шеберлігін, алаңдағы нәтижесі мен бәсекеге қабілетін салыстырады. Футболшылардың нағыз фанаттары, олардың әріптестері мен бәсекелестері, журналистер екеуінің қайсысы үздік деген сұраққа жауап іздейді.

«За бортом» («Overboard») - Мексика актері Эухенио Дербес пен Америка актрисасы Анна Фэрис тандемінен құралған романтикалық комедия.

Фильм 1987 жылғы аттас кинокомедияның ремейкі. Сюжет бойынша Леонардо, ерке өскен плейбой-миллионер, бірде яхтадан аударылып түсіп есін жоғалтып алады. Одан қорлық көрген Кейт есімді қызметші осы жағдайды өз пайдасына асырмақ болады. Келіншек миллионерге оның әйелімін деп айтады. Ал Леонардо оған сеніп қалады.

Майя есімді ара туралы мультсериал бар және 2014 жылы толықметражы жарық көрді. «Пчёлка Майя и Кубок мёда» («Maya the Bee: The Honey Games») сол серияның кезекті бөлімі.

Анимациялық картинада Майяның қызыққа толы оқиғасы жалғасады. Ол жазғы өнім жинау маусымынан кейін болатын Ұлы бал ойындарына қатысуды армандайды. Алайда императорша оған талап қояды: жарысқа қатысып жеңіліп қалса жинаған бүкіл балын беру керек. Енді Майя мен оның командасының алдында үлкен жауапкершілік пен бірлікке үйрену міндеті тұр.

«Невеста Бадринатха» («Badrinath Ki Dulhania») – үндінің романтикалық комедиясы. Басты рөлдерде Варун Дхаван мен Алиа Бхатт ойнайды. Екеуі бұған дейін «Студент года» («Student of the Yea») комедиясында бірге ойнаған.

Фильмде Бадринатх Бансал деген бизнесменнің ұлы туралы баяндалады. Ол жақсы қызға үйленіп, үй болуды армандайды. Досының тойында Вайдехи есімді сұлуды кездестіріп, оған ғашық болып қалады. Алайда қыз әзірге күйеуге шығуды жоспарламайды, сол себепті жігіттің бетін кері қайтарады. Жігіт оңай беріле салуды құп көрмейді, қалай да бойжеткеннің жүрегін жаулап алуды ойластырады.

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер