13 қыркүйек премьералары

Аптаның үздік премьералары

Бүгін: Әйгілі «Жыртқыштың» жаңа бөлімі, Дженнифер Гарнер түскен экшн, опера әншісіне айналған Джулианна Мур, америкалық қытайлар туралы мелодрама, Венсан Кассель ойнаған француз қылмыстық комедиясы, әке мен баланың қарым-қатынасы туралы орыс драмасы, мысықтар туралы қытай мультфильмі және түрлі ұлттардың тойы туралы орыс комедиясы.

«Хищник» (The Predator) – әйгілі киноциклдің жаңа бөлімі. Режиссері әрі сценарийшісі үшінші «Железный человекті» түсірген Шэйн Блюк.

Сюжет бойынша теңіз жаяу әскерінде қызмет еткен басты кейіпкер Жерге келген бөгдепланеталық нәсіл өкілдерін табады. Алайда оған ешкім сенбейді. Оның аутист ұлы Жыртқыштармен күресу жолында басты тұлғаға айналмақ. Өйткені бала тіл үйренуден алдына жан салмайтын алғыр, сондықтан келімсектерді түсінуге көмектесуі тиіс.

«Багровая мята» (Peppermint) - «13 район» мен«Заложница» боевиктерін түсірген Пьер Морелдің жаңа режиссерлік жұмысы. Басты рөлде - Дженнифер Гарнер.

Райли есімді келіншек орны толмас қазаға ұшырайды: көшедегі атыстың кесірінен күйеуі мен қызы қайтыс болады, ал өзі комаға түседі. Кінәлілер табылғанымен, олар көп кешікпей бостандыққа шығады. Комадан шыққан Райли әділетта өз қолымен орнатпақ болады.

«Бельканто» (Bel Canto) - Джулианна Мур мен Кен Ватанабенің қатысуымен түсірілген драма-триллер.

Опера ханымы Роксана Косс Оңтүстік Америкаға келіп, жапон магнатының туған күнінде ән салуы тиіс еді. Кеш өтіп жатқан үйге генерал Беньямин бастаған боевиктер баса-көктеп кіріп келеді. 490 адамды тұтқынға алып, түрмеде отырған бүлікшілерді босатуды талап етеді. Тұтқындар мен террористер бір ай бойы бір үйде қамалады.

«Безумно богатые азиаты» (Crazy Rich Asians) – америкалық мелодрама, режиссері - «Шаг вперед» фильмдер сериясын түсірген Джон М. Чу.

Рэйчел Чу - ұлты қытай америкалық қыз. Ол жігітімен бірге досының тойына қатысу үшін Сингапурге аттанады. Осында келген соң Рэйчел өз бойфренді туралы жаңа нәрселер біледі. Сөйтсе жігіт өте бай отбасыдан шыққан ұл екен және оған күйеуге шығуды армандайтын қыздар жетерлік. Осыдан бастап ол қызғанған жандардың нысанасына айналады.

«Мир принадлежит тебе» (Le monde est à toi) – негізгі рөлдердің бірін Венсан Кассель ойнаған француз қылмыстық комедиясы.

Фильмде Франсуа есімді ұсақ дилер туралы айтылады. Ол қылмыстағы талантын ата-анасынан үйренген. Алайда Франсуа заңды бизнеспен айналысып, қарапайым күн кешуді армандайды. Алайда соңғы алаяқтығын іске асыру үшін ата-анасының көмегіне жүгінуге мәжбүр болады.

«Временные трудности» - басты рөлде Риналь Мухаметов пен Иван Охлобыстин орыс драмасы.

Саша Ковалевта туа біткен дерт бар еді. Әкесі оған өзінше демеу болуға тырысады. Ұлын қайрау үшін: "Сен ауру емессің, сенде уақытша ғана қиындық", - деп айтатын. Киіну, тамақтану, сыртқа шығу секілді қарапайым іс-әрекеттер жасау үшін бала көп сағатын жұмсайтын.

Ұл ержеткен соң сырқатын жеңді, алайда әкесін жек көріп кетті. Ол дағдарыстағы бизнесті құтқаратын мықты консультантқа айналды. Клиенттерін: "Сізде дағдарыс емес, жай ғана уақытша қиындық", - деп айтатын. Күндердің күнінде тағдыр оны әкесімен қайта қауыштырады.

«Большой кошачий побег» (Cats & Peachtopia) – Қытай елінен келген анимациялық картина.

Мысықтардың көпшілігі жылы үйде өмір сүріп үйреніп қалған. Алайда басты кейіпкер - әке мысықтың баласы ондайлар қатарынан емес. Марғау саяхаттауды армандайды. Бірде ол ұшу аппаратын құрастырып, сонымен басқа жаққа кетіп қалады. Әкесі оны іздеу үшін үйреншікті орнын тастап, үлкен сапарға аттануға мәжбүр болады.

«Счастья! Здоровья!» - ұлттардың салт-дәстүріне арналған Ресейдің комедия фильмі.

Фильмде үш жұп туралы баяндалады – татарлар, армяндар және орыстар. Олар үйлену тойына дайындалуда. Ринат пен Гузель той арқылы пайда көруді ойлайды. Мәскеулік Юлия мен Артурдың тойына әкесі араласып, бүкіл мейрамды Арменияға ауыстыруға мәжбүр қылады. Ал Света мен Олегтің тойына қалыңдықтың бұрынғы жігіті, түрмеден шыққан Андрей кіріп келеді.

#кинопремьералар

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер