12 сәуір кинопремьералары

Осы аптада қандай жаңа фильмдер шығады?

Дуэйн Джонсон және оның алып маймылы, Дәстен Шәкіровтың мистикасы, Дэвид Теннант түскен триллер, Гетені балағаттайтын неміс комедиясы, Джон Красинскидың хорроры, Сэм Уортингтон түскен Netflix сервисінің фантастикалық триллері және балапан туралы исланд мультфильмі.

Әлемдік супержұлдыз Дуэйн «Жартас» Джонсон режиссер-продюсер Брэд Пейтонның («Разлом Сан-Андреас») жетекшілік етуімен «Рэмпейдж» («Rampage») қызық оқиғалы экшнының актерлік құрамын бастап шықты. Бұл фильм 1980 жылдары танымал болған атақты аркада ойынның экранизациясы. Фантастикалық боевиктен тағы Наоми Харрис, Джеффри Дин Морган және Джо Манганьелло сынды белгілі актерлерді көреміз.

Сюжет приматолог Дэвис Окойи төңірегінде өрбиді. Ол ақылды горилла Джорджды бала кезінен бері асырап алған. Генетикалық эксперименттің кесірінен маймыл қаһарлы алыпқа айналып кетеді. Бұдан бөлек модификацияға ұшыраған басқа да жануарлар анықталады. Олар жолындағының бәрін қиратып, тас-талқан қылады. Дэвис Окойи өзге ғалымдармен бірге жаһандық апаттың алдын алуға тырысады.

«Қараман» – отандық мистикалық триллер. Жобаға актерлер Дәстен Шәкіров пен Марат Абай-Ділдә режиссер болған. Бұл екеуінің де алғашқы режиссерлік жұмысы. Сондай-ақ өздері негізгі рөлдерді ойнайды. Сценарий авторларының қатарында Тимур Жақсылықовтың сенімді серігі – Тимур Жақсылықов бар.

Сценарий бойынша Арман есімді қазына іздеуші тау арасында ұмыт болған Қараман алтын мүсіні туралы біледі. Серіктерімен бірге соны табу үшін ауыр сапарға аттанады. Алайда қазынаны күзететін аруақ оларға бәрінен де ауыр сынақ дайындап қойған еді.

«Логово монстра» («Bad Samaritan») – америкалық драма-триллер. Режиссер Дин Девлин осыған дейін «Геошторм» фильм-катастрофасын түсірген маман ретінде белгілі. Басты рөлде – шотланд актері Дэвид Тeннант. «Доктор Кто» сериалының жұлдызы жағымсыз кейіпкерді сомдайды.

Оқиғасы үй ұрлығын жасап жүрген екі кейіпкер төңірегінде өрбиді. Элиталы мейрамхада автотұрақшы болып істейтін екі жігіт клиенттердің үйін тонаумен айналысады. Кезекті бір ауқаттының үйін тонамақ болғанда зорлық-зомбылық көрген қызды табады. Оны құтқарамын деп өздері монстрдың қақпанына түседі.

«Зачётный препод 3» («Fack ju Göhte 3») – немістің жастар комедиясы. Фильм режиссер әрі сценарийші Бора Дагтекин жасаған трилогияның соңғы бөлігі саналады. Басты рөлде тағы да Элиас ЭмБарек.

Алдыңғы екі бөлімнен бізге таныс сынып жетекшісі Зэк Мюллерге Германиядағы ең қиын оқушылар бұйырыпты. Мұғалімге бұрын қылмыспен байланысы болғаны ғана бұл жағдайда көмектеседі. Алда соңғы емтихан, алайда шәкірттердің ешқайсысы бұған дайын емес. Аз уақыт ішінде оқушыларды дұрыс жолға қойып беруге Зэктің шамасы жетер ме екен?

«Тихое меcто» («A Quiet Place») – басты рөлде Эмили Блант пен Джон Красински ойнаған үрейлі триллер. Ерлі-зайыпты кинематографшылар фильмде де әйелі мен күйеуі рөлін орындайды. Фильмді актер Джон Красинскидің өзі түсірді.

Сюжетте Американың алыс түкпірінде оңаша фермада тұратын бір отбасы туралы айтылады. Үйде екі бала бар. Отбасы қорқынышты құбыжықтар мекендейтін жерде өмір сүруде. Монстрлар кез келген дыбысты естіп қояды. Үй иелері оларды оятып алмау үшін бір-бірімен үнсіз, арнайы ым-ишара арқылы тілдеседі. Алайда балалы үйді үнемі тым-тырыс өмір сүру мүмкін емес.

«Титан» («The Titan») – Netflix видеосервисі ұсынған ғылыми-фантастикалық триллер. Басты рөлдерде Сэм Уортингтон, Тейлор Шиллинг, Том Уилкинсон ойнайды.

Жер ресурсының таусылуы, адамзаттың болашағына қауіп төнуі сюжетке өзек болған. Ғалымдар Титан планетасына қоныс аударуды ұсынады. Ол үшін адам генін сол ғаламшардан табылған тіршілік иесімен будандастырып, эксперимент жасайды. Нәтижесінде пайда болатын төзімді, ерекше адамдар болашақ колонизаторлар болмақ. Алайда тәжірибенің кері салдары шығып, ғарыш бағдарламасына ғана емес, күллі Жер планетасының тіршілігіне қатер төнеді.

«Славные пташки» («PLOEY. You Never Fly Alone») – исланд-бельгиялық анимациялық туынды. Мультфильм оқиғасы Плои деген балапан төңірегінде өрбиді. Ол жылы жаққа ұшқан үйірінен ажырап қалады. Ол Гайрон деген шілден құстар мекеніне апаратын жолды көрсетуді сұрайды. Екі құстың қауіп мен қатерге толы сапары осылай басталады.

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер