11 қаңтар кинопремьералары

Голливуд жұлдыздары үшін астыртын казино ұйымдастырған Молли Блум өміріне арналған драма, той ұйымдастырушы туралы француз комедиясы, Америкадан келген екі хоррор, АҚШ-КСРО арасындағы баскетбол матчы туралы спорт драмасы және Санта туралы француз комедиясы. Қазақстан кинонарығына келген бүгінгі премьералар осындай. Енді толығырақ.

«Большая игра» («Molly's Game) – покер ханшайымы атанған америкалық Молли Блум туралы байопик. Голливудта ең қымбат астыртын казино құрды. Бұл жерде киножұлдыздар, шейхтар мен миллиардерлер ойнады. Бұл кәсібіне бола оның соңына мафия мен федералдар түседі.

Фильм 2014 жылы Молли Блумның өзі шығарған кітапқа негізделген. Басты рөлде - Джессика Честейн. Ал режиссері – «Социальная сеть», «Стив Джобс» секілді өмірбаян драмаларға сценарий жазған Аарон Соркин.

«1+1» француз комедиясын көпшілігіміз білеміз. Соны түсірген Оливье Накаш пен Эрик Толедано тандемі жаңа туындыларын ұсынады. «Праздничный переполох» («Le sens de la fête») фильмі Макс есімді салтанатты шараларды ұйымдастырушы жайында. Оның кезекті клиенті  17 ғасырда салынған қамалда той өткізбек болады. Банкет, фотограф, аспаз және официанттар – бәрі Макстың мойнында. Негізі той жақсы өтіп, тосын оқиғасыз өтуі тиіс еді. Алайда бәле айтып келмейді.

Бүгін тағы бір француз комедиясы шықты. «Санта и компания» («Santa & Cie») - жаңажылдық көңіл-күй сыйлайтын отбасылық комедия. Сюжет бойынша Рождество қарсаңында балаларға жаңажылдық сыйлық жасауға жауапты 92 мың эльф ауырып қалады. Санта көмекшілерін тез арада емдеу үшін бұғыларын жегіп, дәрі іздеуге жерге аттанады. Алайда жерде оның Санта екеніне ешкім сенбейді.

Фильмді түсірген, сценариін жазған және басты рөлде ойнаған – француздың белгілі әртісі Ален Шаба. Одан бөлек Одри Тотуды көруге болады.

«Движение вверх» - оқиғасы өмірден алынған картина. Сюжеті 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасындағы баскетбол финалы туралы. Сол кезде ақтық ойында АҚШ пен КСРО құрамалары кездесіп, соңғы үш секунд қалғанда Совет спортшылары жеңіп кеткен еді. Бұл спорт әлемінде үлкен жаңалық болды, өйткені КСРО баскетболдан чемпион болуға аса үміт артпады, қатысудың өзін абырой санады. Ал Америка Олимпиада тарихында сол күнге дейін еш жеңіліп көрмеген.

Бір қызығы сол – алтын медаль алған баскетбол командасының құрамында қазақ та болды. Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ - Алжан Жармұхамедов туралы мына жерден оқыңыз.

Үрейлі фильмдер ұнататын көрермендер талғамына сай келетін екі фильм бар. Біріншісі – «Бойся своих желаний» («Wish Upon»), екіншісі – «Сламбер: Лабиринты сна» («Slumber»). Бүгінгі премьералар легі осы. Бірақ сәл ертерек - дүйсенбіде, 8 қаңтарда шығып кеткен тағы бір фильм бар. «Все только начинается» («Just Getting Started») - Морган Фриман, Томми Ли Джонс, Рене Руссо секілді Голливуд жұлдыздарының басын қосқан комедия.

Дайындаған: Ернар Бекенов

#кинопремьера

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер