Жел өтінде өткен ғұмыр

Әз Тәуке жайлы үзік сыр

Көне тарихымыздың қайнар көзін іздеуге талпынушылар көбейіп келеді. Талпыныс, іздену дұрыс. Тек үстірт зерттеу, байыбына бармай тоқу қызбалыққа салына тұжырым жасаудан сақтанған ләзім.

Түркі тарихының нақты деректері жоқ деген жаңсақ пікір, жарым ой Еуропа елдеріне ертеден қалыптасқан, жоспарлы түрде жүзеге асып жатқан нәсілдік саясат Бұл саясаттың терең тамырын сонау Ескендір Зұлқарнай заманынан да айқын көруге болады.

Бүгінгі ұрпаққа байқала бермейтін бір жай: ол әлемдік тарихтың бір-бірімен қабысып, бірінсіз бірінің күні жоқтығында. Жалған да жалтақ идеология лаулап жанған жерде тарих бұрмаланады. Сол себепті де Біріккен Ұлттар Ұйымының, оның ЮНЕСКО бөлімінің гуманитарлық бағдарламаларынан біздің кешегі көпұлтты Одағымыз әркез шеттеп жүрді. Тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен жарияланған әлем елдерінің көптомды тарихи кітаптары біздің бұрынғы КСРО-да құлағын да  көрсетпейді. Бір ғана мысал: біздің Кремль сынды орталықтың нұсқауымен ұлт аймақтарының бірі атанған Қазақстан мемлекетінің ер-азаматтарының мерейтойларын ЮНЕСКО тарапынан қолдау таппай жатыр деген жалған желеумен жабылып тиісті дәрежеде өткізілмей қалып отырды. Жалған хабарлама беруді жетік меңгерген біздің тиісті орындар “кім білер”, “ешкім бұған мән бермейді” деген даурықпамен әйгілі адамдарымызға “даңғалақ столдар мен дөңгелек дастарқандарды” өз төңірегімізге ғана ұйымдастырып жатты. ЮНЕСКО, БҰҰ арқылы өтті деген өтіріктерді көбіктей көпіріпті. Басқаны айтпай-ақ, бір ғана мысал: 1985 жылы өткен Шоқан Уәлихановтың туғанына 150 жыл толу тойын еске алалық. Тіпті, ғалымымыздың тойын ЮНЕСКО арқылы былай тұрсын, сол тұстағы Одағымыздың астанасы – Мәскеуде де өткізілгені белгілі. “Курьер” журналындағы Шоқан Уәлиханов жайлы мақала тек орыс тіліндегі басылым үшін ғана жарияланған. Басқа елдер мен түрлі нәсілдер Шоқан сынды қазақ ғалымы бар екенін білмейді, әлі де хабарсыз.

Орталыққа жаутандап өткен бағыныштылығымыз соншалық, тіпті ұлтымыздың ар-абыройы санатында жүрген көп жандар жел қай жақтан соқса, сол жаққа бұрыла салатын үй төбесіне қағылған зырылдауықтарды еске түсіреді. Сол зырылдауықтардың көбі бүгінгі ұлт намысын жоқтағыш, тарихымызды жан-жүрегімен қорғағыш болып шыға келгеніне тағы да таңданасың, таңдай қағасың!..

Қазақ жеріндегі Ертіс бойында Ермакты суға кетіріп, оның мезгілсіз де қапылыста қаза болғанына қайғырып, күйінген қазақстандық СОКП қайраткерлері ондаған жылдар бойы Ермак секілді жол кесіп, ел тонаушыларды олардан жәбір шеккен халыққа қанішер, кәззапты мақтатып, мадақтатты. Өз ұлтымыздан шабаланып шыққан СОКП-нің шынжырбалақ-шұбартөстері әдебиетіміз бен өнерімізді жүз-жүзге ғана емес ру-руға, ауыл-ауылға, ата-әкеге бөліп, орыстың деревняларына, поселкелері мен селоларына сүйретпе етіп тастатты.

Қазақстанның СОКП ден тәрбиеленіп, Кремльден нұсқау алып отырған жалдамалы “білгіш” идеологтарының кейбірі халық лағынетінен жер жұтып құтылды; енді біреулері қоғамдық халықтық қозғалыстарға қосылып, өздерінің кешегі “күнәларын” жумақ та болып жүрді... Мұндай аумалы-төкпелі кезең біздің ұлттық творчестволық интелигенциямыз үшін тым өкінішті өткел болып тұр.

“Теңіз жағасын ұрады, халық данасын ұрады” деген еліміздің мұңды мақалы бар. Біздің ел есін жия алмай жүрген, әлі де ұйқылы-ояу мең-зең, қалыптаспаған, қоғамдаспаған дел-сал қауымға ұқсайды. Әйтпесе, өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап, бүгінгі күнге дейін ойлы-зерделі ұлдарын өздері жер етіп, болмаса жат жұрттың оғына байлап беріп отырған бізден басқа  халық саусақпен санарлық-ақ болар.

Басқа кезеңді айтпай-ақ, кешегі жиырмасыншы-отызыншы жылдары, немесе әлі де аузы ашық жара – желтоқсан оқиғасын алалық. “Біз қайғыланамыз!” /“Нам горько!”/, “Бір білместік болды”, “Үлкен қателік жасалды” деп сол күндері көлгірсіген мәртебелі қызметтегі қайраткерлердің бұл күндері мұрты да қисайған жоқ: бүгін де солар егемендік жайлы тәуелсіздік туралы жаңа әуенге басып жүріп жатыр. Алдыңғы аға буын өкілдерінің бір кездегі сұрқия қылықтары, белгілі орындарға бірінің үстінен бірі “домалақ арыз” жазулары, тіпті бірін-бірі аямай оққа байлап беруі, тағы басқадай зұлымдық мінез қылықтары “жабулы қазан жабулы күйінде” қалмауы тиіс; келер ұрпақ алдында арылу, ар-ұжданының ақтығы мен пәктігін айғақтау, ақиқатқа көзін жеткізу кезеңі туғанын ұмытпағанымыз ләзім. Көбіне біздің тарихымыз бен әдебиетіміз “былықпен шылықтың” рухани қордасы болып келгені баршамызға аян. Рухани тазармасақ, рухани жаңармасақ, баяғы “ит үреді, керуен көшеді”, кезеңінде жүре беруіміз мүмкін.

Еліміздің егемендікке еміреніп, тәуелсіздікке талпынуы тіпті іргелі ел емес, қабырғалы мемлекет болуға ұмтылған шақтарымыз тарихымызда баршылық. Сондай кезендерде елімізді билеп,  ақбөкенше жорытып, мекен далада босып жүрген тайпа-ру-ұлыстардың басын біріктіріп, ұлт етуге ұмтылған  «Халық екенбіз» дегендей ұғымға бастаған тарихи ірі қайраткерлеріміз болды. Ондай біртума тұлғалардың өмірбаяны, істеген істері осы күнге дейін көлеңкеде калып келді. Көп арада олардың есімін естесек те, істеген істерінен бейхабар болдық. Олар жайлы айтқызбады, жазғызбады. Олардың орнына басқа бір елеусіз есімдер мен бертіңгі қаңғалақ хандар мен сумақай сұлтандар мадақталды, әлі де солай. Себебі, біріншіден жоғары жақ бекітіп берген тізімдегі есімдердің өмірін зерттеу оңай болды. Екіншіден, идеологиялық нысана, ой-өрісіміздің дәрежесінің өзі де тым ұшқалақ, үстірт және төмен болғанын енді ғана түсіне бастадық.

Шәкәрім шежіресіне үңілгеннен бері, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышпаев, Санжар Аспандияров еңбектерінен бастап, туған тарихымыздың бұлдыр тұстарына көзіміз ашыла түсті. Мәселен, бұрынырақта  «Әз-Жәнібек, Керей, Қасым, Есім, Жәңгір, Хақназар, Тәуекел, Әз-Тәуке, Төлеби, Қаздауысты Қазыбек, айыртілді Әйтеке» деп есімдерін атағаннан басқа артық сөзге бара алмайтын едік. Тіпті Әз-Тәукенің қай кезде хан болғанын, оның ата-бабасын, туған, өскен жерлері мен аралас-құралас ортасы, ауыл-аймақ айналасы жәйлы еш хабардар болмай келгеніміз шындық

Ел аузындағы аңыз-әңгімемен шектелмей, енді Шәкәрім, Мұхамеджан Тынышпаев, Әліхан Бөкейханов шежіресіндегі деректерді қосып айту дәрежесіне жеттік. «Есім ханнан соң баласы Жиһангер болды, оны қазақ «Салқам Жәңгір» дейді. Онан соң оның баласы Әз-Тәуке хан болыпты.  «Есім-ханның ескі жолы» деген жолдан кем қаған бітім жолдарын түзеткен осы еді. «Құлтөбенің басында күнде кеңес» деген жол-бітім  сол еді. Бұл Әз-Тәукенің тұсында қазаққа қатаған да, қалмақ та, өзбек-сарт та жау болып, Ташкенді алып, қазақ енді көп тұра алмай, 1652 жылы ауып, Амударияның жағасына, парсының бергі жағына барды.

Бұл Әз-Тәуке – Салқам Жәңгірдің қалмақтың ханының қызы-қатынынан туған баласы еді. Мұның баска Үргініштегі Қайып ханның қызынан Уәли-Бақы деген баласы бар еді. Жәңгірдің орнына Әз-Тәуке хан болғанда. хандыққа өкпелеп, Уәли-бақы Қайып ханға кетіп еді. Әз-Тәукенің тұсында қазақ Амударияда тұрғанда, бұрын парсыға қарап тұрған, афжар деген түрік нәсілінен бір Нәдір-шаһ деген мықты кісі шығып, парсы жұртын қаратып алғанда, қазақ сонан қорқып, қайта ауып Сырдарияға кетіпті.

1690 жылдардың шамасында Әз-Тәуке өліп, орнына баласы Болат хан болды...» Бұл Шәкәрім шежіресінен үзік. Әрине, Шәкәрім шежіресінде де біраз ақаулар бар: әсіресе мезгіл, жылдар тізбегі, уақыт шамасы кейіннен табылған тарихи деректерге сай келе бермейді. Мәселен, 1652 жылы бір ұрыста Салқам Жәңгір қалмақтың жас батыры Ғалдамадан мертігіп, опат болды делінсе, енді бірде Жәңгір хан Шығыс Түркістан әкімдеріне балалары Абақ пен Тәукені елшілікке жібереді. Бұл XVII ғасырдың алпысыншы жылдары. Осыған дейінгі тарихи зерттеулерде Әз-Тәуке 1680 жылдан 1718 жылға дейін хандық құрды деген дерек бар. Соңғы зерттеулерге қарағанда, Әз-Тәуке 1715-1716 жылдар шамасында өмірден озса керек. Сондай-ақ, Нәдір-шаһ 1688 жылы туған, Әмудария бойынан қазақтарды үркітуде бұл шаһтың еш әрекеті болмаған. Рас, 1741 жылы Әбілқайыр ханның Хиуадан Кіші жүз жеріне оралуына Нәдір-шаһтың себепші болғаны аңық. Бұл арада Ресей дипломатиясының да Әбілқайырды Хиуа тағында тұрақтатпау әрекетіне белсене кіріскенін ұмытпаған жөн.

Асылында, Шәкәрім шежіресінен үлгі-өнеге ала отырып, қазақ тарихына қажет үлкен шежіренің ізін сызуға болады. Ақынның өзі де шежіре деген қиын істің қияметі мол екенін ескертіп отыр:

«Бір Алла, бергенінңе сансыз шүкір!

Қалған жоқ зая болып қылған пікір,

Бітірдім түрік-қазақ шежіресін,

Болса да кемшілікті, қисық, бүкір».

Ұлы Абай айтқандай, «адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес», өзінің ізбасар інісіне де, әсіресе, оның «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресін» жаза бастағанда айтылған сөз секілді. Сонымен бірге Абай да өзінің «Ғақлияларының» үшінші сөзінде былай дейді: «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді: Бұған бұрынғыны «Қасым ханның қасқа жолын», Әз-Тәуке ханның «Күлтөбенің басында күнде кеңес» болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды ойлық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ».

Абай, Шәкәрімдер –  тіпті бүкіл Абай айналасы хандар шежіресін бізден гөрі едәуір толығырақ білген. Шәкәрімнің мына сөзіне зер салыңыздар: «Бұл Әз-Тәуке – Салқам Жәңгірдің қалмақтың ханының қызы-қатынынан туған баласы еді». Біз шығыс ғұламаларының қалдырған тарихи кітаптары мен шежірелерінен Салқам Жәңгір 1652 жылы өлген деген бір дүдәмал дерек кездестірдік. Әз-Тәукенің қайтыс болған кезі – 1715 жыл. Ал енді Жәңгірдің қалмақ әйелін, яғни Әз-Тәукенің шешесін, нағашы жұртын іздестіріп көрелік.

Қалмақ пен қазақ үнемі соғыса бермеген. Бұл халықтар тату-тәтті көрші қонып, қатар көшкен құда болып, қыз алысып, дос та болған. Көршілес қотан,  қошын-ұлыс, ауыл-аймақ той-тойлап, қыз алысып, қыз берісіп думандатып, дегендей, туыс, жекжат, құдандал болып жүрген кездері де аз болмаған. Бәлкім,осындай бір тылсым шақта еңсегей бойлы ер өзінің жау жүрек жеткіншегі – Жәңгірге Ырғыз өзенін бойлап көшіп жүрген қоңсы қоңтайшы Көндуленнің қызына құда түсіп, әдепкі жол-жоралғысын жасап, жас Жәңгірге қалмақ аруын атастырып, ордасына келін қылып түсірген болар.

Бұл құдалық мерекелі де берекелі болса керек. Қазақ Есім мен хошауыт Көндүлен «құда мыңжылдық» деген қағиданы мықтап ұстанған. Көндүлен күйеу баласы Жәңгірді өзінің туған баласындай жақсы көрген. 1641 жылы албырт батыр Жәңгір жоңғар ханы Батыр-қонтайшының қолына тұтқынға түскенде, күйеу баласын жедел құтқаруға дәнекер осы Көндүлен болған... Екі жыл өткен соң, Жәңгірдің келіншегі босанып, ұл табады. Баланың аты Таутеке-Тәуке қойыпты.

Осы тұста сонау Еділ бойындағы қалмақтын ханы Моншақтың да әйелі босанса керек. Моншақ баласын Аюке атапты. Бір кезде туған екі үлкен екі халықтың айтулы тарихи қайраткері болды. Еске аларлық жәй: Тәуке мен Аюке бір-бірімен қақтығыспай, соғыспай, қағыспай өткен жандар. Тәуке де, Аюке де Ресей  патшасымен елшіліктер алмасып, біраз келіссөздер жүргізген. Рас, Тәуке Ресейден жырақтау жүрді. Аюке болса, Петр І патшадан сый да алды, сияпат та көрді: алтын қылышқа дейін тағынды.

Тәукенің  әкесі Жәңгірдің қоңтайшы тұтқыннан құтылу, қалмақ қызына үйленуінің екінші бір оқиғасын былайша болжауға болады: Қазақтың жас сұлтан батыры қалмақтың тұтқынында жүрді делік. Осы жерде қалмақ қонтайшысына тұтқын боп келген қазақ әйелінен туған қызы нағашы елінен  келген құрметті тұтқын Салқам жігітке көз қиығын тастауды көбейтті. Мұндай аңыз іспеттес әңгімелер қазақтың тарихи-батырлық дастандарының біразына мазмұн болғанын көпшілік біледі; қалмақ қызының көмегімен қазақ батыры тұтқыннан қашады. Екі жас туған еліне келіп, өмір сүре бастайды... Иса Байзаковтың «Құралай сұлу», Сәкен Сейфуллинның «Көкшетау», Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» – дастандарын еске түсірсек те болады. Тағы бір хиқая: қалмақ тұтқындағы Жәңгірге беделді адамдардың бірінің қызын әйелдікке береді.

Осылайша тұтқында жүріп-ақ қазақтың әйгілі адамдарды үйлі-баранды, бала-шағалы болған. Мәселен, жас Жәңгір оқиғасынан кейін бір ғасыр өткен шақта қалмақ тұтқынында болған Абылай-сұлтан да қалмақ арасында үйленіп, Кенесарының әкесі Қасым тұтқында туған. Қасымның қалмақ елінде туғанын өзге туыстары әркез бетіне шіркеу етіп келген.

Тәукенің жас күнінде Жәркентке баруы да бір бөлек әңгіме. Оның басты себебі: Жәңгірдің әкесі Есім хан өз заманында Шығыс Түркістанның бірер жеріне билік құрған Әбді Рахым ханның қызы Айғанымды алған. Жәңгір осы Айғанымнан туған. Сол себепті де Жәңгір балаларын нағашы жұртына жіберіп отырған. Сонымен бірге Жәңгір хан нағашыларымен ғана емес, бүкіл Шығыс Түркістан әкімдерімен көп уақыт жақсы қарым-қатынаста болады. Мұның өзі Жәңгір ханның көрегендігі мен саясаткерлігіне дәлел. Сол тұста ғана Моғал елінің ханы болған Абдолла қазақ ханының балалары – Абақ пен Тәукені қонаққа шақырады. Абдолла бұлардың нағашысы, бұлар Абдоллаға жиен. Сондай-ақ Абдолланың баласы Жолбарыс Жәңгірдің қызына үйленеді. Бұл оқиғалар XVII ғасырдың алпысыншы жылдарында болған. Шығыс шежіресінде Жәңгірдің, Хақ-Назардың, Есімнің Ақсу, Қашғар, Жаркент, Шалыш, Хотан шаһарларының әкімдерімен жақсы қарым-қатынаста болғаны дәлелді айтылады. 1670 жылы Қарғалық маңындағы жоңғарлармен соғыста Жәңгірханның үлкен ұлы Абақ-сұлтан Жолбарыс пен Исмаил ханға көмекке келген.

Қазақтың дербес хандығының бұғанасын қатырып, нығайтып, іргелі мемлекет ету жолындағы Салқам Жәңгірдің қайраткерлігі мен жігерін біздің тарихшылар әзір тереңдете  зерттеп, жан-жақты көрсете алмай келеді. Салқам Жәңгірдің әскери қолбасшы ретіндегі әдіс-тәсілдерінің өзінде үйренерлік, үлгі аларлық жайлар баршылық. Мәселен, алты-ақ жүз сарбаздан құрылған қолмен жоңғарлардың он мыңдаған әскеріне төтеп беріп, оларды Шу бойындағы Кеңгір деген таудың шатқалына алдап үйіріп, қырғынға ұшыратуының өзі ерекше бөлек әңгіме. Бұл арада сол кездегі еліміздің әр тұсындағы атақты батыр, би, бек, сұлтандардың бір-бірімен жедел хабарласып, бір-біріне дәл уақытында көмекке келіп тұруына да үлгі аларлық қимыл-әрекеттер мол. Сонау Бұқара, Самарқан жақта жүрген Жалаңтөс батыр Жәңгерден хабаршы жетісімен Шу бойындағы қандастарына қалың қолмен көмекке аттанған. Осындай бірлік-ынтымақ арқасында қазақ елі жері мен мекен-жайына тұтқиылдан басып кірген бетін қайтарып қана қоймаған, халқының рухын көтеріп, іргерлі ел болуға үлгі-өнеге танытқан.

Осындай әкенің тәрбие-тәлімін көріп өскен Тәуке өзі хан болған шағында, ең алдымен ел қорғанын нығайтуға, одан соң халық ынтымағын арттыруға ерекше көңіл бөлген. Тәукені тұрғылыс-тұстастары “Әз” атаған. “Әз” деген әділ, ақиқатшыл деген сөз. Қазақ хандарының ішінде “Әз” деген атақ Жәнібек пен Тәукеде ғана болған. Тәуке төре-сұлтандардан гөрі қарапайым халық арасынан шыққан әділ, беделді билерді, жорықтарда ерлігімен көзге түскен батыр, жаужүрек жандарды айналасына жинаған. Солармен ақыл қосып, елдік мәселесін шешуде шешен-би, батырлармен кеңесіп отырған. Осының нәтижесінде “Жеті жарғы” заңы қалыптасты. Бұл қазақ тарихында мемлекет болуға жасалған алғашқы адым еді. Оны жасаған Әз-Тәуке-хан.

Әз-Тәуке айналасына беделді, от ауыз, орақ тілді шешен билерді жинады. Сөз қадірін білгендігі.

Әз Тәуке айналасына елдің ерлерін, батырларын жинады. Ел қорғау ісіне аса көңіл бөлгендігі.

Алты алаштың ең жүйрік ділгарларын қосына жинап, өзі “аузын буған өгіздей” отырды дегенге кім сенеді? Тәукенің де шешендік сөздері, ұщқыр айтылған нақыл, мақал-мәтелдері мол болған. Тек сол асыл мұра келе-келе шын авторынан алыстап, бертінгі, тіпті белгісіз билер мен ел иелеріне телініп кеткен.

Көп нәрсе басшының бастауына байланысты. Басшы қайда бұрса, бұқара сонда бұрылады. Әз Тәуке елге көшетін жерінді белгіле деді; халық орындады. Хан малынды араластырып алып жанжал шығара бермес үшін оны таңбала деді. Бір мезгілде бір жерге жиналып, мәмлеге келелік: сырт жаудан қорғанарлық жасақ құралық деді, халық құп алды. Қолбасы-сардар сайлалық деді, сайлады. Міне, осындай қадамдардың бәрі сол заманда көшпелі қазақ қоғамы үшін үлкен жаңалық еді. Әр руға таңба бөлу, оны жартастарға ойдыртып жазу, сондай белгілі мекенге үш жылда бір мәрте жиналып, бас қосып тұру – бұл да әз Тәукенің жүзеге асыра бастаған шарапты, үлгі тұтарлық игі істерінің сүбелесі.

Әз Тәукенің оқыған адам екендігі осындай қадамдарынан байқалады. Бұған қоса үш жүздің үздік билері ханның қасында болды. Мұның үстіне Болат секілді Лхасадан тәрбие алып, оқып қайтқан Тәукенің тұңғышының да әсері көшпелі елдің басшыларына, “Жеті жарғы” сынды заң жобасын жасауға талпындырды.

Әз Тәукенің үлкен баласы Болат қалмақпен соғыстың қатты тұсында, жас күнінде тұтқынға кетеді. Сол кеткеннен хан баласын қалмақ қонтайшылары Тибетке Лхасаға асырып жібереді. Ондағы мақсаттары есейген шақта ламаизм дінінің дәстүр-салтымен тәрбиленген жандарды өз орталарына қайыру. Осындай саясатпен қазақ елінде бұтқа табыну дінін індете енгізу мақсаты көзделенген.

Асылында, жігіт шағында Болат өзінің туған еліне қайтарылды. Мұның өзі де бір қызық хикая, Әйткенмен, ламаизм иелерінің көздеген мақсаты орындалмайды. Болат ламаизмды уағыздамайды, қайта керісінше, Лхасада оқыған-тоқығанын қыр елінің қайта құру ісіне жұмсайды.

Тибеттің бас дін иесі – Далай-лама мен Ғалдан Бошоқты (иманды деген мағынаны білдіреді А.С.) сол уақытта Тәуке-ханның баласынан тағы бір Аппақ-қожа тәрбиелемек ойларында болды. Оның тарихы: ХVII ғасырдың жетпісінші жылдарың аяғында Қашғардың ханы болған Исмаил Аппақ-қожа деген діндар адамды Шығыс Түркістан қаратаулықтарының арасында мұсылман дінін уағыздауға шақырды. Исмаил-ханға жол тартқан Аппақ-қожа әуелі Кашмирге, одан Тибетке тап болады. Тибетке ол далай-ламаға жолығып, оған бас иеді. Аппақ-қожа далай-ламаға ұнады. Будда дінінің жаршысы Жоңғар ханы Ғалдан Бошақтыға сәлем жолдап, Аппақ-қожаны дін иесі ретінде Қашғар мен Жаркенттегі мұсылмандарды билеуіне көмектесуін өтінеді. Ғалдан Бошоқты далай-ламаның бұл өтінішін орындап, 1678 жылы Қашғар мен Жаркентті жаулап алып, осы шаһарлардағы мұсылмандардың басшысы етіп Аппақ-қожаны тағайындайды.

Мұнан бұрынырақ Шығыс Түркістанда Абдолла ханның билігі әлсіреп, ол өзінің баласы Жолбарыс ханмен, інілері Ибрайым және Ысмайлмен жауласа бастайды. Інілері: Ибрагим, Исмаилдармен, өз баласы Жолбарыстан аман-есен құтылу үшін Абдолла хан Мекеге барамын деген желеумен Үндістанға кетеді. Абдолла ханның тағдыры беймәлім. Ал енді Тәуке ханның жездесі Жолбарыс хан жоңғарлықтарымен бірігіп, қазақ елін бірнеше дүркін шабуылға ұшыратады. Сөйтіп, Абдолла хан тұсындағы қазақ елімен құда-жекжаттық қатынас мүлдем жаулық әрекеттерге ауысады.

Тәукенің әкесі Жәңгір ханның кезіндегі Шығыс Түркістан елдері әкімдерімен болған достық қатынас біржола үзіліп, тіпті бір-біріне қарсы қантөгіс жорықтар жылдарына ауысады. Осындай соғыс сәттерінің бірінде Тәукенің бір баласы /Болат болуы тиіс/ Ғалдан Бошоқтыға тұтқанға түседі. Қазақ ханының баласын қалмақ қонтайшысы Лхасаға, далай-ламаға сыйлыққа беріп жібереді. Менің жинаған деректерімде Тәуке-ханның сегіз ұлы болған, анық болса, олардың аттары: Болат, Тұрсын, Сәмеке, Ғайып, Мұрад, Қасым, Қосым, Қошын.

“Шыңғыс ханнан тараған хан тұқымы, төре санатына жататындардың есімдері тарихта тым көп қайталанады: Шыңғыс есімінің өзі де біраз бар: Жәнібек, Жәңгір, Жантөрлер де жеткілікті: Тәуке, Тәуекел, Қоңырқұлжа, Есім, Сімекелер де самсап тұр. Абылайлар, Бөкейлер мен Уәлилердің өзі де дүмбілездеу тарихшыларды шатастыруға жетіп жатыр. Осындай ыңғайсыз оқиғаға ұшырағанымды айта кетейін: Төрт-бес жыл бұрын Төлебидің өмірбаянын зерттеп жүріп, Шу өзені бойындағы Жайсаң атты жерлерді араладым. Төле би туған мекен-жайдың тұсында «Жұлдыз» журналын керзі етігінің қоншына тығып оқып жүрген алпыстан асқан Нұратбек Смайылов деген шопанға кездестім. Көп қызық деректер білдім. Төле би жайында көп айтылды. Әңгіменің бір тұсында Нұратбек: – Төле-биден гөрі Жәңгір ханды айтсаңдаршы?.. – деп қалды.

   – Жәңгір бұл жаққа қашан келіп жүр? – деп сұраппын.

«Түйенің танығаны жапырақ» дегендей, біздің миымызда тек Бөкейдің Жәңгірі тұрады; Нұратбек тосылып қалды да әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді. Енді байқасам, Нұрекеңнің айта бастағаны Салқам Жәңгірдің өмірі мен ерлігі екен. Қапы соққанымды енді білдім, Нұратбек ақсақалға әдейі іздеп барып, тағы бір кездессем деген ниетім бар. Ел ішінде Жәңгір, Жалаңтөс, Тәуке, Төле билер жайлы деректіде керекті әңгімелерді білетін құйма-құлақ шежіре жандар әлі де баршылық. Тек соларды тезірек іздеп, олардың әңгімелерін жедел қағазға, магнитофонға түсіріп алғанымыз ләзім.

 Біздің тарихымыздың тереңінде жазба деректер шамалы, сондықтан да  аңыз, дастан, халық жырларын зерттей отырып, салыстырмалы түрде көптеген шындыққа жол ашуға болады. Ол үшін қажымай-талмай іздену керек, халықтың рухани қазынасындағы маржандарды тере білген жөн. Мәселен, Тәуке ханның шешен, өткір тілді, алғыр адам болғандығы сөзсіз. Бұл адамның есімі көп заман бойы көлеңкеде қала бергендіктен, оның сөздері басқа хан, сұлтан, билерге телінген.

Бір ғасыр өткен соң орыстың белгілі қоғам қайраткері әрі тарихшысы А.И. Левшин Тәукені зор көргендікпен көне Спартаның ақылгөй-заңгері Ликургпен зор теңеді. Асылында, сол кездегі, өзі тұстас жандардың ішінен ең білікті билер мен білекті батырларды таңдап, оларды қасына топтастыра білген адамның ақылгөйлігі мен көрегендігіне таң қалмасқа болмайды. Төле дейміз, Қаздауысты Қазыбек дейміз, Әйтеке дейміз: батырлардан Бөгенбайды айтамыз, Қабанбайды айтамыз, Шақшақұлы Жәнібекті айтамыз... Осылардың бәрінің басын қосып, бір жерге жинаған: олармен ақыл қосып ер қорғаны, халық қамқоры болуға бастаған, бірлік ұранын тастаған кім еді?

Әрине, Тәуке болатын.

Тарихымызға зейін сала қарасақ, Тәуке өлгеннен кейін төре де, қара да жан-жаққа бытырап кетті емес пе? Тәукенің өлімі мен қазақ елінің қайғылы кезеңі – Ақтабан шұбырындының мезгіл арасы бес жыл: 1718-1723 ж.ж. Мұнан кейінгі қалмақпен текетірес, итжығыс кезеңдерді еске түсірсек, Тәуке хан секілді беделді де, белді қайраткердердің ел басында жоқтығы бірден аңғарылады. Әр жүз, әр ру өз алдына ел болғысы келеді. Тәуке басын біріктіріп, батырлар қолбасшылық еткен халық жасақтары ек-үш жеңістен кейін табысқа масаттанып, әр ру өз сұлтанын, өз төресін хан көтеріп, әр ел өз батыр, биін мадақтап, жан-жақты даурығып тарап кетті. Ол кезде де қарсы елдің жансыздары, барлаушы-кежуілшілері көп жүретін кез. Қазақ елінің іри бастаған Хиуа, Бұқара, Қоқан елінің сәудегерлері өз әміршілеріне, қалмақ шолғыншылары өз тайпаларына, орыстың көлгірсіген өз воевода, князь, әскер басыларына екі күннің бірінде жеткізіп тұрды деуге болады. Аңқау қазақ Аңырақай, Қалмаққырған секілді мекендердегі жеңістеріне мәз болып, әр тұсқа тарқай бастаған. Бұл шақта Тәуке ханның жоқтығы біразға дейін байқалмайды, халық беделіне иеленген билер кешегі ұрыстарда көзге түскен батыр, балуандардың дақпырты әзірге толастамаған. Тәукеден кейін хандыққа тұтқа болған Болат көбіне өзімен өзі болды. Оның ел тағдырын ойлаудан гөрі тақуалығы басым. Әкесімен өкшелес туған Болат біраз жасқа келіп қалған. Лхаса, Тибет тәрбиесі бар, діни оқу өтіп кетіп, ел қорғау, хандық құру ісіне шорқақтау болды. Тым бейбіт, бейтарап жан. Тәукенің көрген тәрбиесі басқарақ: «әке көрген оқ жонар» мәтелі осы Тәукеге дөп келеді.

Тәукенің білімі жайлы. Әкесі Жәңгір, ал Жәңгірдің досы Жалаңтөс. Ол Бұқара, Самарқан шаһарларының белді әкімдерінің бірі болды. Самарқандтағы Регистен архитектуралық ансамблін түзеуге бас болды, тіпті өзінің жиған-терген қазынасын Шир-Дор мен Тилля-Кари мешіт медресесінің құрылысына жұмсады. Жалаңтөстей адамның досы болған Жәңгір өзінің Абақ пен Тәукені Самарқанд, Бұқара шаһарларындағы білім ордаларынан сусындатпады деуге ешбір дәлел таппаймыз. Жәңгір өз тұсындағы қожа-сейттермен де жақсы қарым-қатынаста болған. Жеткіншек балаларын Шығыс Түркістанның ірі шаһарларына жіберіп тұруында үлкен мән бар. Нағашылық жағын былай қойғанда Абақ, Тәукелер осы өңірдегі қожа, сейт, шайхы, суфийлерден дәріс алып жүрген. Кейбір екіжүзді, алаяқ қожа-моллаларды қазақ елін билеушілер өз қасынан қалай аластап отырғандығы жайлы Шах Махмуд бин Мырза Фазил Шорас өзінің «Тарихында» Жәңгір ханның ахун-молла Жақып пен Жанғожа қожаның баласы Бапа қожаны сұрқия қылықтары үшін өлтіргенін хабарлайды. Шығыс Түркістанның билеушісі Абдолла-ханға елші болып, Тәукені ертіп әкелген Шайхантаур  тұқымы Жүніс қожа осы елде қалғысы келеді. Хан оның бұл тілегін орындап, Хотан шаһарына қази етіп тағайындайды.

Міне, осы деректен біз әуелде қожа, ахун, сейіттерге сеніп жүрген Жәңгір ханның келе-келе олардың кейбірінің зұлым жандар екеніне әбден көзі жеткеннен кейін, олардан арыла бастағандығын аңғарамыз. Әуелде дін өкілдерін ел-жұртына тәрбие беру үшін жинаған Жәңгір-хан молда-ишан-қожалардың сатқын екенін әр елдің әлділеріне астыртын хабар тасушы тыңшы-жансыздар екеніне көзін жеткізген. Мұндай сәттерде Жәңгірдің де сенімді адамдарды елшіліктерге араласып, қатысып отырған. Мәселен, Шығыс Түркістан елшілігінде келешекте батырлығымен аты шығатын Шақшақұлы Жәнібектің әкесі Қошқар-бек Жаркентте болған.

Жалпы Жәңгір, Жалаңтөс, Тәуке заманындағы адамдардың есім, ныспы, лақап аттарына ерекше көңіл бөлген ләзім. Мәселен, Тәуке ханның Ресейге жіберген елшілері Сары мен Келді жайлы /“Кильдей”/ орыс хроникасында жазылған. Осы тарихи адамдардың балалары да қазақ тарихындағы ірі тұлғалар. Ол жағына біз мәне бермейміз. Себебі, төл тарихымызды өз ұлтымыздың, қазақ халқының өкілдері зерттеп жазып отырған жоқ. Сол себепті де басқа елден келген, нан табу үшін нені болса да жаза беретін жалған тарихшылар мен зерттеушілерге Сары кім, Келді кім, Қалқаман кім, бәрі бір. Орыс мұрағатында Келдібек Кильдей, Күдері би Қодари болып өзгеріп жүре береді. Осы өз тұсымыздын бір мысал келтіре кетейін: Ленинградтың ақыны Нина Альтовскаяға “Қыз Жібектің” орысша кітабын сыйладым. Ол маған арнап бір өлең жазыпты. Түпнұсқаны “Амантай” деп бадырая басылыпты. Сол өлеңді біздің үлкен ақынымыз Сырбай Мәуленов қазақшаға аударып, баспаға менің есімім “Әминтай” болып жарияланды. Бүгінгі күні осылай болып жатқанда, өткен ғасырлардағы орыс дьяктары, парсы, араб, ұйғыр, татар, ахун, қожа, сейіт, молла шежірелеріне қандай кінә таға аламыз. Тек олардың жазбаларындағы тарихи оқиғаларды жан-жақты зерттеп, әйгілі есімдердің сырын ашу – бүгінгі міндетіміз. Сонымен, Сарының Ақтамберді жыраудың әкесі екенін, Кильдейдің даңқты Қаздауысты Қазыбектің әкесі екеніне, ал Қалқаман батырдың белгілі Бұқар жыраудың әкесі екенін, Жәңгір хан мен кейін Тәукемен сырласатын Едіге бидің Шоң мен Торайғырдың әкесі екеніне осыған дейін ешбір көңіл бөлмей келгендігіміздің жайы, сыры неде? Оның басты сыры біздің мол тарихымызды рухани өмірімізден бейхабар сумақай келімсектердің жазатындығында. Оларды қолпаштап, қолтықтарынан көтеріп, қоптырып келген кешегі идеологияны басқарған Н.Жанділдин. С.Имашев, З.Камалиденов секілді “данышпандарымыз”. Міне, осыдан келіп түбірлі бір халықтың тарихы бұрмаланып жазылып, оның шындығы шырмалып, ақиқаты айғақсыз қала берді. Бүгін де бұл жағдай өзгере қойған жоқ. Тағы да тарихымыздың жағасынан алғысы келгендер мәселен Санкт-петербург жақтан тіпті өз отанымыздан да табылып жатыр...

Әз Тәуке әділет үшін күрестің алғашқы адамдарын жасаған қайраткер. Оның ел арасында нақыл сөздері, тіпті өлеңдері де молынан табылады. Көп арада Тәукенің айналасындағы билер оның тайлай дәл айтылған алғыр-шешендік, нақыл сөздерін, мақал-мәтелдерін, өткір  де өтімді әзіл-оспақтарын естіген де, білген де болса керек. Алайда, үш ғасыр бойы ол сөздерге әркім бір ие болып, ақырында Тәуке хан “жеті жарғысымен” жалғыз қалды емес па? Тіпті, соңғы кезде Тәуке ханға өзі бас болып ұйымдастырып, өзі шығарған заң жобаларын да қиғымыз келмегендей сыңай байқатамыз. Жазба деректері шамалы елді “дейді екен-ау дейді екен” жайлайды. Әр ел, әр ру өзінің белгілі де, беделді деген адамына асыл сөздің бәрін таңғыш келеді. Осыдан барып біреудің бір нақылы екінші бір бидің ақылды сөзі болып кете береді. Бұл жағынан Тәуке творчествосын тереңірек зерттегеніміз ләзім. “Жеті жарғыны” жан-жақты зерттеп жүрген ғалым Нұралы Өсеровтың ізденуі дұрыс бағытта. Тек кейбір басылымдардағы лауазымды жандардың тыс үстірт мақалалары Әз-Тәукенің өмір жолын зерттеуге кедергі жасамаса, дұрыс бағдарлама бермейді.

Тарихи тұлғалар жайлы бүгінгі күні атүсті жазылып, асығыс жарияланып жатқан мақалалардың баршылық екенін өкінішпен айтпасқа болмайды.

Дайындаған: Гүлжан САТАЕВА

#тәуке хан

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер