Кемеңгер тұлға

Академик Әлкей Марғұлан жайлы не білеміз?

Өткен ғасыр әлемдегі халықтардың жалпы өрлеу дәуірі болғаны белгілі. Соның ішінде қазақ ғылымына елеулі үлес қосып, өшпес із қалдырған аса ірі тұлғалардың бірі – академик Әлкей Марғұлан. Өзінің сүбелі зерттеулерін қазақ фольклорын зерделеуден бастаған ғалым, 40-шы жылдардың екінші жартысынан бастап тарих ғылымының археология және этнология салаларына ерекше ден қойып, республикада осы салалардың негізін қалап, өркендеп дамуына айырықша еңбек сіңірді. Сол кездің өзінде-ақ археологиялық экспедициялар ұйымдастырып, қазақ даласында орналасқан мыңдаған тарихи көне ескерткіштерді есепке алып, қазба жұмыстарын бастаған да Әлкей Марғұлан еді. Қазақстан территориясы тек көшпелі өркениеттің ғана мекені болған, сондықтан да оның дүниежүзілік тарихи-мәдени үрдістерге қосқан үлесі мардымсыз деген тарихқа евроцентристік көзқарас белең алып тұрған кезеңде еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығыс өңірлеріндегі ортағасырлық қала мәдениетінің, тіпті орталық аймақтарда да отырықшылыққа бейімделген мекендердің  болғандығын тың деректер, археологиялық айғақтар негізінде дәлелдеген алғашқы оқымысты-ғалымымыздың да Әлекең болғандығы ғылыми жұртшылыққа мәлім.

Оның 1950 жылы жарық көрген «Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана» атты еңбегінде тарих ғылымы тоталитарлық идеологияның құрсауында болған кезеңнің өзінде, профессор Семеновтың «көшпелілер тарихта отырықшы елдердің мәдениетіне үнемі ойран салумен болды» деген шовинистік қөзқарасына батыл тойтарыс беріліп, көшпелі қоғам да отырықшы мәдениетпен бірге астасып, бірлікте өмір сүргендігі туралы, көшпелілік пен отырықшылықты бір-біріне қарсы қою – ғылымда жат құбылыс екендігі алғашқы рет жан-жақты батыл дәлелденген болатын.

1950-60-шы жылдары академик Ә.Марғұланның тікелей жетекшілігімен республиканың барлық аймақтарында жүргізілген археологиялық зерттеу, барлау жұмыстарының нәтижесінде Қазақстанның археологиялық картасы тұңғыш рет жасалып, жарық көрді. Әлекең ұйымдастырып, көп жылдар бойы өзі жетекшілік жасаған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының қарымды еңбегінің нәтижесі 1966 жылы жарық көрген «Орталық Қазақстанның көне мәдениеті» атты ұжымдық көлемді монография болды. Академик Әлкей Марғұлан бастаған авторлар, Қазақстан археология ғылымындағы «алыптар» шоғыры Кемел Ақышев, Әбдіманап Оразбаев, Мір Қадырбаев осы еңбектері үшін Қазақ КСР Ғылым Академиясының Ш. Уәлиханов атындағы сыйлығын алған еді. Қазақстан территориясындағы қола дәуірі ескерткіштерінің ерекшеліктерін анықтап зерттеу нәтижесінде Әлекең Беғазы – Дәндібай мәдениетін жеке қарастырып, қола дәуірі мәдениеті тарихын зерделеуде ерекше жаңалық ашқан болатын. Осының бәрі ғалымның тек археология ғылымы саласындағы жемісті еңбегінің кейбір тұстары ғана.

Әлкей Марғұланның ғылыми еңбектерімен жақын танысу, оларды оқып, зерделеу, ғалымның дәрістерін, әңгімелерін тыңдау сәттері біз үшін 70-ші жылдардың басында ҚазМУ-дің тарих факультетіндегі студенттік жылдардың еншісіне тиді. Біз оқуға түскен 1971 жылы тарих факультетінде археология және этнография кафедрасы құрылып, оның басшылығына белгілі археолог-ғалым, Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев келген болатын. Осы жылдары Әлекең кафедрада арнаулы курс оқып, студенттердің «Археолог» атты ғылыми үйірмесінің отырыстарына қатысып жүрді. Ол кезде кафедра студенттеріне Мәскеу, Ленинград қалаларынан ғалымдардың дәріс оқуға келіп жүруі дәстүрге айналған еді.

Бірде Ленинградтан белгілі археолог-ғалым, профессор М.П. Грязнов дәріс оқуға келді. Әлі есімде, М.П. Грязнов өзінің жетекшілігімен зерттелген «ерте темір дәуірі» кезеңінің «Аржан» қорғаны туралы дәріс оқығанда, Әлекең басынан аяғына дейін қатынасып, әріптесіне сұрақтар қойып, өз пікірін білдіріп, кейбір мәселелерге толықтыру жасап, дәрісті нағыз ғылыми семинарға айналдырған еді. Сонымен бірге, бізге үлкен әсер еткені, екі ғалымның бір-біріне деген сыйластығы, жоғарғы дәрежедегі ғылыми деңгейде пікірлесу мәдениеті болды.

1974 жылдың жазында археолог-ғалым Ә.М.Оразбаев басқарған ҚазМУ-дың студенттер тобы Орталық Қазақстанда, Шет ауданының территориясында Шортандыбұлақ деген жерде қола дәуірінің тұрақтарын зерттеп, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Сол жазда, Алматыдан арнайы келіп, Әлекең қазба жұмыстарымен танысып, ақыл-кеңестерін беріп, қола дәуірінің ескерткіштерінің ерекшеліктері, оларды тарихи тұрғыдан зерделеу мәселелері туралы кеңінен сөз қозғады. Осы жолы да ғалымның терең білімінен, көне дәуір тарихының әр саласына байланысты әңгімелеріне тәнті болдық. Сол шақтарда Әлекең бізге ғылымның терең түпсіз құдығы тәрізді көрінетін. Экспедицияға аялдаған күндері Қазақстанның жер аттарына байланысты қаншама аңыз әңгімелер, оның көне тарихын зерттеушілер, олардың сан-алуан пікірлері туралы ұйып тыңдайтын ғылыми көзқарастар айтылды десеңізші! Біздер осы жолы да, ғұлама ғалымның тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азияның көне тарихы, мәдениеті оған қатысты тарихи, әдеби жазба деректерді тереңнен білетін энциклопедист – ғалым екендігіне көзіміз тағы да толық жеткен еді.

Осы ретте, 2003 жылы ғана арамыздан бақи дүниеге өткен атақты ғалым, ұстаз Қазақстан археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Әлекеңнің шәкірті Кемел Ақышев ағамыздың бір отырыста әңгімелеген естелігі еске түседі. «50-ші жылдардың басы болуы керек, - деп бастады ағамыз әңгімесін, - Ұлытау өңірінен экспедициядан қайтып, полуторка жүк мәшінасімен Бетпақдаланы кесіп өтіп келе жатырмыз. Әлекең кабинада, он шақты экспедиция мүшелері мәшина қорабындамыз. Күн аптап ыстық, еріндеріміз кезеріп, жарылған, бір жұтым суға зар болып келеміз. Бір уақытта алдымыздан жылқылар шыққандай болды. Әлекең сол жерде мәшинаны тоқтатып «бұлар Сарыарқаның жабайы жылқылары – құландар. Осы жақын жерде судың көзі болуы мүмкін, өйткені тал түсте құландар тегін жүрмейді» деп, бәрімізге сол маңайдан су шығып жатқан жерді іздетті. Айтқандай, қашық емес жерден бұлақ көзі табылды. Бәріміз сол жерге тоқтап, тыныс алып, шөлімізді қандырдық. Әлекең қай жерде болмасын жер ыңғайына, жануарлар дүниесіне, жер-су аттарына байланысты кеңінен әңгімелеп, әрқашан терең білімпаздығын көрсететін» - деп аяқтап еді әңгімесін Кемел ағамыз. Осы қысқа естеліктің өзі ғана Әлкей Марғұлан сияқты данышпан ғалымды жаңа бір қырынан тануға мүмкіндік беріп тұрған жоқ па.

1974 жылдың күзінде республикада академик Әлкей Марғұланның 70 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Әлекең өте қарапайым болатын, өзін жоғары ұстауды, тек өзін ғана көрсетуді әдетке айналдырмаған жан еді. Қазан айының аяғында ҚазМУ-дың кіші залында тарих факультетінің ұжымы академик-ғалымның мерейтойын қарапайым жағдайда атап өтті. Кеш соңында Әлекең сөз алып, студент-жастарға арнап жүрек жарды ұстаздық сөздерін арнап еді. Ғалымның «өздеріңде тек «костюмдік дәрежедегі ғана мәдениет» қалыптасып жүрмесін, адам терең білімімен ғана шын мағынада нағыз мәдениетті бола алады» деген сөздері әлі күнге дейін есімізде.

1970-80-ші жылдары Әлкей Хақанұлы Марғұланның барша жұртшылыққа көне тарихты насихаттаушы болғандығы да бүгінгі заман тұрғысынан қарастырғанда ерекше құбылыс екендігін айта кеткен жөн.

Әлекеңнің білімі жан-жақтылығы оның Шоқан Уәлиханов шығармаларының бес томдығын жарыққа шығарған кезде жұртшылықты таң қалдырған еді. ХІХ-ғасырдағы ұлы ғалымның сан салалы жазбаларына түсінік берген тұста Әлекең тарих ғылымынан бастап этнография, жағрапия, ботаника, философия және басқа ғылымдардың түйінін шешіп, таңғажайып түсініктер берген кезінде оқырман Әлекеңнің энциклопедист ғұлама екеніне көзі жетеді. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың музей-үйінде белгілі әдебиеттанушы ғалым, бүгінгі академик Рахманқұл Бердібай ағамыздың жетекшілігімен өтетін қалалық халық университетінің Әлекең қатысатын мәжілістеріне халық ерекше мол жиналатын. Оның «Қазақ халқының тегі», «Көне тарихтың деректік негіздері» туралы оқыған дәрістерін тыңдауға келген жұртшылықтың отырар орын болмағандықтан тік тұрып тыңдап та жүрген кездері болды. Мұны ерекше құбылыс ретінде қарастырып отырған себебіміз, осындай ғұламалық қасиеттер адамгершілік бағыттағы зиялы қауымның орнықтырған дәстүрінің жалғасы екендігі. Мәселен, ХIХ ғасырда Мәскеу университетіндегі көрнекті тарихшы Т.Н.Грановскийдің, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының оқу-ағарту саласындағы қызметі, 1960-70-ші жылдарында Ленинград университетіндегі белгілі тарихшы Л.Н. Гумилевтің дәрістері т.б. мысалдар ғұлама ғалымдардың өз білімдерін барша жұртқа таратып, халықтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған істері қай заманда да халыққа қажет құптарлық, әрі өнеге боларлық қазына ретінде бағаланатыны сөзсіз. Міне, осы дәстүрді біздің дәуірде берік ұстанған да, осы бағытта қызмет еткен де академик Әлкей Марғұлан болды.

1970-ші жылдары тарих факультетінде жұмыс істеген «Археолог» ғылыми үйірмесіне қатысқан, өздерінің бірінші ғылыми баяндамаларын жасаған студенттер Әлкей Марғұлан дәрістерінен, оның ақыл-кеңестерінен қанаттанды, болашақ ғылыми ізденістеріне жолдама алды десек асыра айтқанымыз емес. Сол жылдары археология және этнография кафедрасын басқарған белгілі ғалымдар профессор У.Х. Шәлекеновтің, доцент А.М. Оразбаевтың басшылығымен өтетін үйірме мәжілістері, оған Әлекең сияқты ғұлама ғалымдардың қатысуы археолог, этнограф мамандықтарына ден қойған студенттердің ғылым жолына түсулеріне басты себептердің бірі болды ғой деп ойлаймын. Кейін, 70-ші жылдары осы үйірмеге мүше болған студенттерден археология мен этнология салаларынан республикаға, одан тыс елдерге аттары мәлім ғалымдар шықты. Мәселен, қазіргі ғылым докторлары С. Әжіғали, Ә. Төлеубаев, М. Елеуов, Ж. Таймағамбетов, ғылым кандидаттары Ә. Ақышев, Е. Смағұлов, С. Жауымбаев, А. Тоқтабаев т.б.

Көзіміз көрген, дәрістерін, ақыл-кеңестерін тыңдаған, ғибрат алған кемеңгер тұлға, ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның есімі 70-ші жылдардың студенттері жадында осы бейнеде мәңгілік қалды.  Халқымыздың  аса қадір тұтатын ақылгөй ардагері де осы Әлекең екені әрбір зерделі, мәдениетті азаматтардың есінде.

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер