Қазақтың Тоқсан билері хақында

Қазақ ауыз әдебиеті тарихында әйгілі Тоқсан есімді үш шешен кісі болғаны шежіреден мәлім

Қазақ ауыз әдебиеті тарихында әйгілі Тоқсан есімді үш шешен кісі болғаны шежіреден мәлім. Сол үш Тоқсан би де Орта жүздің Ашамайлы Керей елінен шыққан.

Қазақта үш Тоқсан шешен болғанын бала кезімізде қарттардың айтқан әңгімесінен талай рет естідік. Бірақ біздің есейген кезімізде ел ішінде бірінші Тоқсан бидің сөздерін білетін қарттар қалмады. Тіпті екінші, үшінші Тоқсан шешендердің сөздерін білетін ақсақалдар да аз болды.

Енді үш Тоқсан бидің әрқайсысына жеке-жеке тоқталуды жөн көрдік. Әрине, Тоқсан билер туралы көп білеміз деп айта алмаймыз. Алайда сол асылдар жайында аз білгенімізді оқырмандар назарына ұсынғанды дұрыс деп есептедік.

Екінші Тоқсан бидің әкесінің аты – Ермұхаммед, - оның елі – Ашамайлы Керей ішінде Үлкен Көшебе, оның ішінде Таузар әулетінен шыққан. 1656 жылы Тобыл өзені бойындағы Бағылан тоғайында дүниеге келіп, сол туған жерінде 1756 жылы жүз жасап қайтыс болыпты. Оның сүйегін өз өсиеті бойынша ұрпақтары Көкшетау өңіріндегі Ақан тауының биігіне жерлеген екен. Бірінші Тоқсан шешеннің туған жері – Ресейге қарасты Қорған облысының Звериноголовка (қазақша аты - Бағылан) селосы маңындағы тоғай.

Тоқсан шешен Ермұхаммедұлы өз тұсында әділ би болып, аты шыққан кісі екен. Кезінде одан Қожаберген жырау, Қаз дауысты Қазыбек, Төле, Әйтеке билер үлгі-өнеге алыпты. Бірақ Тоқсанның  асыл сөздері біздің кезеңге жетпеген, Сегіз серінің әйгілі ғалым Қаныштың әкесіне ат қойып, оған берген батасында: «Тоқсан бидей көп жасап жүзге келіп», - деген жол бар. Сол жолдағы Тоқсан осы бірінші Тоқсан шешен. Өйткені, Имантай Сәтбайұлы дүниеге келген 1845 жылы екінші Тоқсан би тоқсан екі жаста, үшінші Тоқсан би жетпіс жаста болған. Бірінші Тоқсан тек шешен ғана емес, ел қорғаны батыр да болыпты. Ол қазақ-қалмақ соғысының қаһармандарының бірі.

Екінші Тоқсан би Жабайұлы да жүз жасқа келіп, дүниеден өтіпті. Ол - Орта жүз Ашамайлы керейдің Тарышы руының ішінде Еменәлі әулетінен шыққан шешен. Ол қазақ-қалмақ соғысының соңғы 1771 – қоян жылы болған майданына қатысыпты. Ол Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жамбыл ауылы төңірегіндегі Қарағайлы көл деген қоныста 1753 – тауық жылы дүниеге келіп, 1853 – сиыр жылы жаздың аяғында жүз бірге қараған жасында Уақ жайлауымен өз жайлауында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты жерде) қайтыс болыпты. Оның асыл мұраларының аз ғана бөлігі біздің кезеңге келіп жетті.

Үшінші Тоқсан би 1775 жылы – қой жылы қазіргі Ресейге қарасты Омбы шаһары маңындағы Керей тоғайында дүниеге келіп, 1870 – жылқы жылы сол туған жерінде қайтыс болыпты. Оның әкесінің есімі  - Айбат. Тоқсан шешен Айбатұлы – Орта жүз Ашамайлы керейдің Балта тайпасына жататын Мұраталы руынан шыққан беделді кісілердің бірі. Ол жасында жер-су үшін Ресей отаршылдары әскерлерімен шайқасты басынан өткізген қазақ жауынгерлерінің бірі екен. Үшінші Тоқсан шешен де атасы Елдос батырдың бауырында өскен екен. Сондықтан жұрт оны Елдостың Тоқсаны деп атапты. Ол жазушы Бейбіт Сапаралының «Құнанбай хажы» атты зерттеу еңбегінен орын алды. Онда екінші Тоқсан би деп атаған екен. Сірә жас жігіт Бейбіт бірінші Тоқсан биді естімеген көрінеді. Сондықтан ол Жабайдың Тоқсанын бірінші Тоқсан деп, Елдостың Тоқсанын екінші Тоқсан деп ұғынған сияқты. Оның өзі де жарайды. Себебі, елдің көбі Тоқсан атты би біреу ғана деп түсінеді. Үшінші Тоқсан шешеннің ұрпақтарын да, аталастарын да Омбы ұлықтары жерінен қуып, олардың қоныстарын купецтерге алып беріпті. Соның салдарынан Омбы төңірегін ежелден мекендеп келген Мұраталы Балта керейлер Түмен жақтағы Қош қарағай  өңірегіндегі Таузар Көшебе деп аталатын Керейлерге көшіп барып, сонда 1928 жылға дейін тұрған. 1928 жылы жазда Қош қарағай елі қоныстарын тастап, жан-жаққа тарап кетіпті.

Тоқсан шешен Елдосұлының мұраларынан аз ғана нақыл сөздер біздің кезеңге жетті. Мысалы, Құнанбай мырза мен Тоқсанның дидарласуы және басқалар.

Осы арада бір ескерте кететін мәселе былай: Омбы жағынан шыққан Меңгүл Шыңдаяқова деген өздерінің Тоқсан биін білмейді екен. Соның салдарынан ол Қызылжар аймағында туып-өскен Тоқсан би мен Кикібай биді ылғи Омбы төңірегіне кетіп, ылғи елді шатастырып жазып жүр.

Біз бұл қысқа мәліметте үш Тоқсан биді соңғы ұрпақ ажырата білсін деген ниетпен өткеннен хабар беріп отырмыз. Олардан қалған асыл мұра өз алдына зерттеуді, жинауды қажет ететін болашақтың ісі.

 

Екінші Тоқсан би Жабайұлы

Қазақ халқының XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген от ауызды, орақ тілді, ат сүрінгенше, ақыл тапқан шешендердің бірі – Тоқсан Жабайұлы екені баршаға аян.

Тоқсан тек шешен ғана емес, ол қазақ-қалмақ соғысының соңғы 1771 жылындағы шайқастарды басынан өткерген мерген, жауынгер адам болыпты.

Тоқсан 1753  - мешін жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жамбыл шаруа қожалығына Қарағайлы көл деген қоныста әйгілі Қарабиұлы Жабай батырдың отбасында дүниеге келіп, Уақ елі жайлауымен шектесетін өз жайлауында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты жерде) 1853 – сиыр жылы жаздың аяғында жүз бірге қараған жасында қайтыс болыпты.

Жабайұлы жас бала кезінде ауыл молдасынан оқып, хадимше сауат ашып, діни білім алыпты. Сонан кейін оны әкесі Жабай сол төңіректегі Қожаберген – Асқап медресесіне оқуға беріпті. Аталмыш медресені Тоқсан жақсы оқып, тамам етіп, ондағы өзіне дәріс берген ғұламалардан араб, парсы көне түрік (шағатай) тілдерін тәп – тәуір үйреніп, діни білімі мен сауатын жетілдіріпті. Қожаберген – Асқап медресесін Тоқсанның Ақжан, Бақжан, Мағыжан, Тоқжан есімді ағалары да оқып бітірген екен. Ақжан, Бақжан, Мағыжан Жабай ұлдары қазақ-қалмақ соғысында қаза тапқан деседі.

Жабай сардар өзінің кенже ұлы Тоқсанды ертіп, өз керуенімен бірге Хиуа хандығындағы Үргеніш шаһарына барып, сондағы медресеге оқуға орналастырып, дос кісілерінің бірінің үйіне қойып оқытыпты. Үргеніштегі өзі оқуға түскен медресені Тоқсан жақсы оқып бітіріп, араб, парсы, көне түрік тілдерін бұрынғысынан да жақсы меңгеріп, сауатын жақсартып, діни терең білім алып шығыпты.

Омбы, Қызылжар аймағының батырлары, билері, бектері, шоралары, шонжарлары балаларының кейбіреулерін Самарқанд, Бұхара шаһарларындағы медреселерге апарып, оқуға орналастырыпты. Алайда неге екені белгісіз, олар ұлдарын, көбінесе, Үргеніш шаһарындағы медреседе оқытыпты. Соған қарағанда, 1756 жылы Жоңғар қалмақтары басқыншыларын талқандағаннан кейінгі уақытта қазақ хандықтарының Хиуа хандығымен қарым-қатынасы жақсарған сияқты. Әлде, көбінесе, сауда жасауға Қызылжар, Омбы өлкелеріндегі қазақ бектері мен мырзалары Үргеніш базарына көп барды ма екен? Әйтеуір осы арасы түсініксіз жайт. Шежірелерде, ауыз екі әңгімелерде бабалардың, көбінесе, Үргеніш қаласындағы медреселерде оқығандары жиі айтылыпты.

Оқу бітіріп келген Тоқсан ұстаз болмайды. Ол жастай ел билігіне араласып, Сыйбан-Керей Мама батыр ұлы Бөкенбай биден арнайы барып бата алған екен. Бөкенбай бейбіт кезде алдынан әділдік арылмаған би болыпты да, соғыс кезінде қолбастаған батыр болған. Шүршіттер Аблайдан Әмірсананы тартып аламыз деп қалың қолмен (200 мың делінеді) қазақ жеріне басып кірген қанды айқаста Бөкенбай батыр ерекше ерлік көрсеткені үшін қазіргі Күршім ауданындағы бір тау атын (тау асуы делініп те айтылады) Бөкенбай батырдың атына берген. Сол Бөкең бейбіт кезде би болған, айтысуға алдына келген өзге би оның қаһарынан ығысып, шындықты мойындайды екен. Сондықтан да есесі кеткен жандар Бөкеңнің алдына баруға құмар болған. Тоқсан бидің жас шағында одан бата сұрай келуінің өзі соның айғағы. Ал одан басқа өзінен жасы үлкен Шақшақ, Тіленші, Кикібай сияқты шешендерден үлгі-өнеге алыпты. Осы есімдері аталған үш жас би өздеріне өкшелес інісі Тоқсанды төрелік айтуға баулыған екен. Сол кезден бастап, Жабайұлы дауларда шариғат жолымен билік айта бастайды. Тоқсан өзінің жас екеніне қарамай, Орта жүз арғын елінің Бекболат, Едіге сияқты үш жүзге мәлім билеріне арнап барып, сәлем беріп, олардың ақыл-кеңестерін тыңдап, төрелік айтуды үйреніпті.

Тоқсанмен жас жігіт шақтарынан бастап, Сибан керей Естемес Сейітұлы мырза, Абдолла, Қасым Абылай хан ұлдары сұлтандар, Көшебе керей Көшекұлы батыр үзеңгілес жолдас болыпты. Тоқсан, Естемес, Сартай – үшеуі керей бектерінің қатарында 1794 жылы желтоқсан айында Ресей отаршылдарымен арада болған шекара дауына белсене араласыпты. Сонымен қатар, жоғарыда есімдері аталған үш ардагер 1773-1777 жылдары Батыс Сібірде болған мұсылмандардың Ресей отаршылдарына қарсы бағытталған діни әрі халық-азаттық қозғалысына қатысып, ерліктерімен көзге түсіпті.

Тоқсаның өз әкесі Жабай қол бастаған сардарлардың бірі болыпты. Ал, оның әкесі – Қара да, атасы – Алдай да би болыпты. Алдайдың әкесі – Құдияр дәулет иесі адам екен. Құдиярдың әкесі Ырыс би болыпты. Ал, Тоқсанның Ырыс биден арғы бабалары ел қорғаны – батыр, мерген болыпты.

Тоқсан шешеннің жеті бірдей атасы би болғанына, сол үшін жеңілгенін мойындаған Зылиха деген би әйел: «Жеті атасы би болған жеті жұрттың қамын жейді, өз әкесі жау қуған батыр болған, үш-төрт атасы ғана би болған өзімен қарсыласқанның еті мен жағын жейді», - дегенде – Тоқсан сен жеңдің, мен жеңілдім, Орта жүздің малын төлейміз, айып-анжысын қоса береміз. Осыған келісейік, - деген сөзі дәлел бола алады.

Қазақ халқының академик – ғұлама ғалымы Қ.И.Сәтбаевтың әкесіне ат қойып берген батасында Сегіз серінің: «Тоқсан бидей үш жүздің шешені бол», - дегендегі Тоқсан – осы екінші Тоқсан шешен екен. Сегіз сері Тоқсан биді көрген, одан бата алаған кісі. Оның үстіне, «Қазақтың шежіресін құрастырып Сегіз сері жазсын!» - деп ақыл айтқан ел жақсыларының бірі – Тоқсан би екен.

Сегіз сері өз шежіресінде Киікбай шешеннен екінші Тоқсан би бес жас кіші екендігін айтып кетіпті. Одан басқа да ел адамдары Тоқсан шешеннің Киікбай биден жасы аздап кіші екендігін айтады екен. Сондықтан кейбір дүмшелердің Тоқсан би Киікбайды ата депті деулері де, тіпті Киікбайды Жабай батырмен жас шағынан шамалас деулері де шындыққа ешбір жанаспайды. Мүмкін Тоқсан өзінен жасы аздап үлкен Киікбай ағасын балаларына әкең деп, немерелеріне атаң деп таныстырған шығар. Ал, Тоқсан өзі Киікбайды ата деуі мүмкін емес. Біріншіден, Киікбайдың  әкесі Айтуған Шамаұлы өз тұсында Тоқсанның әкесі Жабайды аға тұтқан, ұстаз тұтқан кісі екен. Оған Керей Жанкісі жырау Көкшеұлының «Қайраты асқан ағалар» атты толғауындағы «Шаманың ұлы – Айтуған Ер Жабайдың шәкірті», - деген сөзі де, шежіре деректер де дәлел! Жанкісі ақын Жабайды да, Айтуғанды да көрген, табақтас болған кісі екен. Екіншіден, Киікбай да, Тоқсан би де Еменәлі батырдың жетінші ұрпақтары. Үшіншіден, Киікбай мен Тоқсан замандас кісілер. Төртіншіден, ол екеуінен тараған ұрпақтардың буын саны да шамалас боп келеді. Ал, Киікбайды Тоқсанның ағасы Мағыжан күйшімен құрдас екен деген сөз шындыққа келеді.

Тоқсан шежіре деректерінде де, әңгімелерде де кішіпейіл, қарапайым кісі ретінде айтылады. Оған Тоқсан бидің Атығай Маңдай батырдың, Керей Итіке батырдың құн дауларында істің бетін ашып берсе де, төрелік айтуға келгенде, екі дауда да «Аға тұрғанда, іні сөйлемес болар, алдыма үш ағам тұрғанда, менің килігіп, төрелік айтуым ұят қой!» - деуінің өзі-ақ дәлел.

Шежіре бойынша Құдайберді Атығайдың Тілеп атасынан шыққан Маңдай батырдың өліміне байланысты 1805 жылы құн дауында төрелермен даугер ретінде айтысқан Төрт момын атынан Шал ақын мен Құрымсы би Тоқсанды шақырыпты. Тоқсан дауда дәлелді сөйлеп, мәселенің түйінін шешуді керейдің бес діңгегі атанған бес бидің жасы үлкені Шақшаққа қалдырады. Сонда Шақшақ: «Тоқсан інім, жасым үлкен болса да, саған жолы да, жасы да кіші демей, әділ деп төрелік айтуды жүктеп едім, мұның қалай? Мен қартайып қалдым. Менен мүшел жас кішісің. Мені де, Тіленшіні де, Киікбайды да шаршатпай, төрелікті өзің айт!» - деген екен. Тоқсан: «Аға, сіз тұрғанда, менің төрелік айтуым дұрыс болмайды», - деп даудың шешімін де, кесімін де Шақшақ биге айтқызады. Сондай-ақ, 1833 – жылқы жылы жаз ортасында ел жайлауда отырғанда, тағы да төрелермен Балта керей Итіке Жандосұлы батырдың өліміне байланысты үш жылға  созылған дауда да айтысқа Тоқсан түсіп, құн дауының шешімі мен кесімін Шақшаққа қалдырады, оны Абдолла, Қасым, Абылай хан ұлдары да мақұлдапты. Сөйтіп, Маңдай батырдың құн дауында төрелік айтқан Шақшақ би Итіке батырдың құн дауында да дұрыс төрелік айтып, жұртты разы етіпті. Сонда Тоқсан би: «Аға, бұл дауда да ойымнан шықтың», - деп, Шақшаққа алғыс айтыпты. Итіке батырдың құн дауында айтқан төрелігі – Шақшақ би Көшекұлының ақырғы айтқан билігі екен деседі ел.

Тоқсан би  - көптің адамы. Онан қалған асыл сөздер де аз емес еді. Бірақ оның шешендік сөздері жиналмай, зерттелмей қалды. Оған Солтүстік Қазақстан облысынан тарих зерттеушісі де, әдебиет зерттеушісі де, ән-күй зерттеушісі де шықпауы, облысқа 1936 жылдың жазынан кейін әдеби-тарихи экспедицияның келмеуі себепкер болды. Тек қана Тоқсан емес, Қызылжар аймағында дүниеге келген, 1919 жылға дейін ертелі-кеш өмір сүрген ақын-жырау, шешен, сазгер адамдардың бәрінің де мұралары, өмірбаяндары туралы деректер жиналмай, зерттелмей жабулы күйінде қалып қойды.

Тоқсан биді төрелік айтуға алыстағы елдер де арнаулы кісі жіберіп шақырып алады екен. Бірде Ұлы жүзге жататын елдердің өз арасында үлкен даулар болып, сол даулардың түйінін шешуге әдейілеп кісі жіберіп, сол арқылы хат жолдап, Жабайұлы Тоқсан биді шақыртады. Тоқсан би арада көп күн жол жүріп, Ұлы жүзге жетеді. Сонда айлап жатып, ол өнер дауынада, жесір дауларында әділ төрелік айтып, дауласқан елдерді бір-бірімен татуластырып, жақсылардың берген сыйлықтарын алып, елге оралады. Жол-жөнекей Жабайұлы шешен Баянауыл өңіріне тоқтап, Сүйіндік Арғын елінде өзін сыйлайтын, өзінен жасы кіші мырзалардың бірі Күшік Сәтиұлының орнына барып оның әйеліне, баласына көңіл айтып, аруақтың рухына құран оқымақ болыпты. Күшіктің ауылына келіп, оның ордасына ат басын тірейді. Тоқсан Ордаға сәлем беріп, кіріп барса, табалдырықтың алдында – жүрер жолда бір әдеміше бір жігіт сұлап жатыпты. Бидің атқосшылары оған аң-таң қалыпты. Сонда Тоқсан би:

Бұл аурудың аты – сарымас,

Сіздей жас кісіге тәкаббарлық жарамас.

Керейден Тоқсан би келгенде,

 Бұл ауру алды-артына қарамас!

Лақтырып жіберіңдер мынаны, - дегенде, әлгі жігіт орнына тұрып: «Ассалаумағалакем, ата!» - деп, биге қол қусырып сәлем береді де: Ата сізді «ат сүрінгенше, ақыл табады», - дегенді естіп, сынағалы жатыр едім. «Халық айтса, қалып айтпайды», дегендей, елсіз жайында дұрыс айтады екен. Сынамақ болғаным үшін кешу етіңіз!? – деп, Тоқсан мен оның екі атқосшысын төрге отырғызыпты.  Ол әдеміше жігіт Арғын ішінде Сүйіндік атасынан шыққан Шорман Күшікұлы мырза екен.

Жабайұлы шешен әуелі аруақтардың рухтарына құран бағыштап, сонан кейін Шорманға көңіл айьып, әрі қарай амандық-саулықты сұрап, үй иесінің жауабын тыңдапты.

Күшікұлы мырза Тоқсан биді жібермей, екі апта бойы құрметтеп қонақ етіп, одан ақыл-кеңес тыңдап, үлгі-өнеге алыпты. Шорман Жабайұлының иығына жанат ішік, атқосшыларының иықтарына бір-бір жібек шапан жауып, астарына бір-бір жорға мінгізіп, меймандарын разы етіп, оларды салтанатты түрде жолға шығарып салыпты. Тоқсан би сол сапарында Баян ауыл өңірін мекен еткен Сүйіндік Арғыннан шыққан ағайынды Шоң, Торайғыр, Едіге ұлдары деген өзімен тұстас билерінде де қадырлы мейман боп аттаныпты.

1825 жылы жазда ашылмақ үш дуанның біреуі ашылмай, екеуі ғана құрылыпты. Ашылған екі округтің бірі – Көкшетау приказы екен. Құрылмай қалған Аманқарағай дуанының жері – Қызылжар аймағы уақытша Көкшетау дуанына қарапты. Көкшетау дуанына 1826-1829 жылдары Атығайдың Бағыс руының Назар атасынан шыққан қарт би Тоқтамыс Жанұзақұлы аға сұлтан сайланыпты. Ол Тоқсан  бимен дос екен. Сол Тоқтамыс Жабайұлының жасы ұлғайғанда көрген екі баласының бірі жиырма жастағы Доғалақты Еменәлі керейге болыс сайлатыпты. Тоқсан одан хабарсыз екен. Ауыл адамдарының бірі Доғалақтың болыс болғанын естіп, ол туралы Жабайұлына айтып, одан шүйінші сұрапты. Сонда Тоқсан өзіне қайырлы болсын айта келгендерге:

Қуанбаңдар оған,

Доғалақ ұлым надан.

Теріс-қағыс мінезді,

Адам емес қабан.

Доғалақ болыс болды дегенше,

Ел ішінде соғыс болды десеңші.

Жүрген жері былғаныш –

Қорыс болды десеңші.

Адалға теріс, харамға

Дұрыс болды десеңші.

Ұры менен қарыға,

Қоныс болды десеңші, - деген екен. Өйткені, Доғалақ жас бала кезінен тентек екен. Ол бұзақы боп қарт әкесі Тоқсан биді де, туысқандарын да ренжітіпті. Ақыры ол Байторы деген туысының бәйге атын ұстап мініп, иесіне қайтармапты. Байторы бір күні келіп, бәйге атын әкетпек болғанда, Доғалақ үйден жүгіре шығып, қанжармен аттың қарнын жарып жіберіпті. Соған налыған момын да киелі кісі Байторы Доғалақты қатты қарғапты. Оның қарғысы оқтай тиген Доғалақ мұрттай ұшып ауырып, үш күн жатып қайтыс болыпты, келер сайлауға жетпепті, одан ұрпақ жоқ.

Кейбір жікшілдер Есеней мен Тоқсан туралы қате ұғынады екен.  Нұралы керейді көшіргені үшін Тоқсан Есенейге қатты ренжісе де, кейін екеуі татуласыпты. Себебі, әкесімен дос Тоқсанды ренжіткен қателігін мойындаған Есеней одан кешірім сұрап, Жабайұлы Тоқсан биді қонаққа шақырып, оны қадірлі мейман етіп құрметтеп, иығына құндыз ішік жауып, астына жорға мінгізіп, сойыстық дөнен мен тайлақ жетектетіп жіберген екен.

1852 – тышқан жылы жазда Марал ишанның батасын алып келген Есеней Аманқарағай округіне аға сұлтан сайланыпты. Керей атаулы Шыңғысқа бұрынғысынша қарсы болып, өз адамы – Естемесұлын дуанбасы сайлатып, көңілдері шат болыпты. Есенейдің аға сұлтан болғанын естіп, тоқсан тоғыз жасқа келген Тоқсан би де қатты қуаныпты. Жүзге таяса да, есінен танбаған Жабайұлын күйме жіберіп, Есеней өз ордасына алдырып, қонақ етіп, тойға қағыстырып, одан бата алмақ болыпты. Қызылжар дуаны деп округтің  атын өзгертпек болған Есенейге Омбы ұлықтары көнбей, приказды Аманқарағай деп атамай, Құсмұрын деп атайтын болғанын елге Бектас заңгер Қырғыз хажыұлы хабарлапты. Тойға дайындықты Есенейдің бәйбішесі Қаныкей Зілғарақызы жүргізіпті. Тойды басқаруды Есеней Балта керейден шыққан талапкер жас жігіт Байұзаққа жүктепті. Байұзақ балуан тойды жақсы басқарып, той абыройлы түрде өтеді. Той тарқарда жұрт Тоқсан бидің Есенейге бата беруін тілейді. Сонда Тоқсан Есенейге:

Уа, мырза, жай қолыңды,

Алла ашсын жолыңды.

Ісіңді алға бастырып,

Бірдей етсін оңың менен солыңды.

Астыңнан тақ кетпесін,

Басыңнан бақ кетпесін!

Дегенің болып әрқашан,

Дұшпанның қолы жағаңа жетпесін!

Аллаһу Акбар! – деп, ақ батасын беріпті.

Тоқсан бидің батасы дөп келіп, Есеней өмірінің соңғы кезінде сегіз дуанның үстінен қараған генерал-губернатордың бас кеңесшісі болып, қызмет атқарыпты.

Тоқсан Итіке батырдың өмірінің ақырғы жылынан аз уақыт бұрын Көшебе керей Өтеміс байдың асында оған: «Батыр ренжіме, менің бір айтар сөзім бар. Керейдің бес діңгегінің* міндетін өз балаң – Ауылбайға жүктейін деп едім», - дейді. Сонда Итіке сардар Жабайұлына: «Би аға, Ауылбай оны атқара ала ма?» - депті. Тоқсан Итікеге: «Инше Алла, Ауылбай оны атқара алады, қасына көмекші қосамын!» - дейді де, Есенейді ортаға шақырып алып, қасына отырғызып, жұрттың алдында оған: «Мырза, Керейдің бес діңгегі қартайды. Ендігі діңгектердің: Ауылбай мен Тілен болады. Ол екеуінсіз қиын істі шешуші болма! Егер ол екеуінсіз қиын істі шешпек болсаң, бес діңгек ана дүниеде тыныш жатпайды. Ауылбай оң қолың болсын, Тілен сол қолың болсын! – депті. Сонда Есеней Тоқсанға: Би, Тарышы атадан біреуді атамадыңыз ғой», - деген екен. Жабайұлы би Есенейге: «Мырза, Тарышыдан шығар жақсыны Ауылбай мен Тілен өздері тәрбиелейді», - деп, сөзін қорытыпты. Ол сөзді ел түгел қостапты.

1833 жылы ашылған Үшбұлақ дуанына аға сұлтан боп Нұрмағанбет төре сайланып, той жасамақ боп жатыр дегенді Омбы аузында тұратын үшінші Тоқсан би атанған Айбатұлы шешен естиді де, дуанбасының атына мінездеме беріпті. Сол сөзді екінші Тоқсан биге теліп, оған Есенейді сынатып жүрген бір дүмшенің жалған дерегін «Жұлдыз» журналынан 1996 жылы оқып, жағамызды ұстадық. Шындығында Қызылжардың Тоқсан биі де Есенейге шын тілектес адамдар болыпты. Оған дәлеліміз де бар.

Есенейдің қартайып тұғырдан тайған кезінде оған сәлем бере келген Шоң Телғозыұлы* мырза  мейман боп отырып: «Ата, сізді жұрт әкеден жас бала кезінде қалыпты дейді. Сонда билікке қалай ерте араластыңыз?» - деп, сауал қойыпты. Сонда Естемесұлы оған бөгелметен: «Батаны Киікбай, Тіленші, Маманай берген, бақытты Тоқсан, Итіке, Қолдас берген, тақытты Шақшақ берген. Ендігісін өзің түсіне бер», - деп, жауап қайтарыпты. Осы жауаптағы Тоқсан – екінші Тоқсан би екен. Есеней жиырма жасқа келгенде, оны Тоқсан қасына ертіп жүріп, Керей ішіндегі бір үлкен асқа барғанда, ел алдында: Уа, жұртым, кешегі өткен бектеріміздің бірі – Естеместің өз орнын басқан баласы Есеней – осы. Мұны жас демей, алдын ала шақыртып алып, мән-жайды ұғындырып, бұдан былай Керей ішіндегі дүниеден өткен атақты кісілердің астарын Есенейге басқартыңдар!» -  деп, Керейге жататын үлкен-кішілі рулардың басты адамдарына ерекше ескертіпті. Жабайұлы шешеннің ескертпесін аста отырған әлеумет түгел мақұлдапты.

Тоқсан заманында үш жүзге есімі әйгілі би болыпты, оған Керейден Маманай Сардарбекұлы, Жаназар Жаңбыршыұлы, Жаңаберген Жаманшаұлы, Атығайдан Құрымсы Шалқарұлы билер шәкірт болып, одан үлгі-өнеге алыпты.

Есеней жас кезінен бастап, ел билеумен қатар, Керейдің әйгілі адамдарының астарын да басқарыпты. Есеней, Ауылбай, Тілен, Шөңке, Төбейлердің басшылығымен Қызылжар өңіріндегі Керейлердің басты адамдары ортадан мал шығарып, 1854- барыс жылы жаздың басында ел жайлауға шыққан соң, Тоқсан биге арнап, үлкен ас беріпті. Ас абыройлы өтіпті. Асты Есеней өзі басқарыпты. Керейдің бес діңгегі аталған атақты бес бидің де, Қолдас, Итіке батырлардың да астарын Есеней басқарыпты.

Тоқсан би Жабайұлының Мүсәпір есімді баласынан ұрпақ бар. Шежіре бойынша Мүсәпірден – 1 бала: Шөкібай, одан – 2 бала: Байнақ, Өткелбай. Байнақтан – 3 бала: Бердалы, Жандалы, Сердалы. Өткелбайдан 1 бала: Әбілмақы одан 1 бала: -Әнуар.

Әнуардың балалары Қызылжарда тұрады. Ал, Тоқсан бидің төртінші ұрпағы Ырыскелдінің отбасы Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Қараағаш ауылында тұрады. Тоқсан бидің басқа ұрпақтары Алматыда, Ресейге қарасты Түмен қаласы төңірегінде өмір сүруде.

Тоқсанның Мағыжан есімді ағасынан – 1 бала: Сексен. Тоқсаның Тоқжан деген ағасынан – 1 бала: Мыңжасар. Сексен мен Мыңжасардан да ұрпақтар бар. Олар да Солтүстік Қазақстан облысында тұрады.

Неге екені белгісіз Тоқсан би Жабайұлы жайында кейінгі жазып жүргендер шындықтан гөрі қиял ғажайып ертегіге бой ұрып жүр.  Біз соны айтуға міндеттіміз! Әрине, біз олардың Тоқсан би туралы жазғандарына қарсы емеспіз. Бірақ сол «айтқыштардың» шындықты бұрмалауымен келісуге болмайтынын ескертпекпіз. Даусыз, Тоқсан биді көрген жоқпыз. Алайда біз жас бала, жасөспірім, жас жігіт кездерімізде көрген қариялар Тоқсан шешенді көрмесе де, одан бата алған, оның әңгімесін жас жігіт кездерінде тыңдаған беделді ақсақалдарды көріп, Тоқсан туралы айтқандарын естіп, есте ұстаған адамдар еді. Жабайұлы шешеннен жас жігіт шақтарында бата алған қарттардың біразы ұзақ жасап, ХХ ғасырдың басында қайтыс болыпты. Мысалы, олардың санатына Сазанбай Маманайұлы, Сибанбай Өтемісұлы, Қожамжар Дауылұлы, Есенәлі Қожабайұлы, Балға Жәпіұлы, Күзембай Итемірұлы (1826-1919 ж.ж.), Аңдамас Есболұлы (1827-1913ж.ж.), Шабақ Қыдырбайұлы хажы (1827-1910ж.ж.) және басқалар жатады.

Тоқсан би қайтыс болған 1853 жылы жазда Күзембай жиырма жеті жаста екен. Күзембай мырза қартайып, 1919 жылдың аяқ шенінде тоқсан төртке қараған жасында дүниеден өтіпті. Оны бала жігіт кезінде көрген, әңгімесін естіген қариялардың соңы бертінге дейін өмір сүрді. Тоқсан би туралы көп білеміз деп айта алмаймыз. Бірақ аз да болса, естігенімізді пайдаланып, Жабайұлының өмірі мен қоғамдық қызметін жазып, баспасөзге ұсынуды жөн көрдік. Өйткені, Тоқсан бидің сөздері кейбір кітаптардан орын алғанмен, оның кім болғаны жазылмаған. Тоқсан би туралы ертегі іспеттес кітап та шықты. Алайда онда Жабайұлының өмірі жайында пәлендей ештеңе байқалмайды. Сондықтан Тоқсан би туралы өзгелердің жазбаған деректерін жазуды дұрыс деп білдік.

Жабайұлы туралы шежіре деректерін Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы (бұрынғыша Преснов ауданындағы) Ұзынкөл ауылының тұрғындары: Хұсайын Өтегенұлы, Нұрмағанбет Әкібайұлы, Айымжан ауылының тұрғындары: Нұрмұхаммед Мұсайынұлы (1874-1961ж.ж.), Мағауия Жәкімұлы, Ғабдолла Сатыұлы, Ортақшыл ауылының тұрғыны Қожахмет Жолкеұлы, Қызылой ауылының тұрғыны Қожахмет Дәрібайұлы (1891-1978ж.ж.), Аманкелді ауылының тұрғыны Айтбай Ізтілеуұлы, Тегісшіл ауылының тұрғыны Әбіл Жақаұлы (1873-1969ж.ж.), Ресейге қарасты Қорған облысының Макушин ауданындағы Кревень селосының тұрғыны Мырзай Тұяқұлы сынды шежіреші қарттардың айтқан әңгімелерінен бала, жасөспірім, жас  жігіт кездерімде жиі естіген едім. Соны қағаз бетіне түсіріп алған едім.

#аңыз

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер