Батыс Қазақстанның 6 киелі мекені

Кие тұнған Батыс Қазақстан

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы жариялаған киелі орындар тізіміне кіретін 100 нысанның қатарына Батыс Қазақстан облысынан қандай сакралды орындар кірді? Бір түгендеп көрейікші.

Бұл тізімге бастапқыда Батыс Қазақстан өңірінен небәрі екі нысан ғана енеді делінген болатын. Олар: ортағасырлық Жайық (Теке) қаласы мен «Бөкей Ордасы» тарихи музей-кешені еді. Алайда «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығының мамандары Ақжайық өңіріне арнайы іссапармен барып, бес күннің ішінде 2500 шақырым жолды артқа тастап, облыс аудандарын аралаған болатын. Талай тарихи тұлғалар жатқан, тарихи оқиғалар болған жерлерді аралап, ел мен жердің тарихын жатқа білетін шежіре қарттармен жүздескен еді. Осы сапардан кейін мамандар ақылдаса келе, Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары тізіміне Ақжайық өңірінен тағы 4 нысанды қосқан еді.

Орта ғасырлық Жайық қалашығы

Халық арасында Ысқырық тау аталып кеткен аумақта орналасқан орта ғасырлық Жайық (бұрын Теке) қалашығы Орал қаласының іргесінде орналасқан. 2013 жылы қалашықтың қорымы орналасқан Желтаудың үстінде №1 қазба жұмыстары жүргізілді.

Тарихи деректерге сенсек, қазба жұмыстары кезінде табылған нысандар ХІІІ-ХV ғасырларға тән болса да, қалашық туралы деректер ІХ ғасырдағы араб саяхатшысы Ибн Фадланның жазбасында ұшырасады. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қалашық аумағында бірнеші тұрғын, қоғамдық және шаруашылық нысандары болғаны анықталған. Бізге белгілісі – кірпіш және әктас күйдіретін пештер, монша, тұрғын үй-жайы және қалашық бейітіндегі кесенелер табылған. Алдағы уақытта көне шаһардың аумағы ашық аспан астындағы мұражайға айналады деген жоспар бар.

 

«Бөкей Ордасы» тарихи-музей кешені

Бөкей ордасы тарихи-музей кешені Орда ауылындағы Жәңгір хан көшесінде орналасқан. Музейдің тарихы ХІХ ғасырдан сыр шертеді. Тарихи деректерге сенсек, Жәңгір хан 1828 жылы өз үйінің бір бөлмесіне хан әулетінің атадан балаға ауысар мұрасы саналатын құнды жәдігер, ат әбзелдері мен жауынгер қару-жарағын жинастырып, алғаш рет қару-жарақ палатасын ұйымдастырған екен. Тарихта тіпті бұл – қазақ жерінде ашылған тұңғыш музей деп те жүр.

Тарихты парақтасақ, Бөкей ордасы тарихи-музей кешені 1962 жылы 15 желтоқсанда Қазан төңкерісінің 45 жылдығына орай қоғамдық негізде ашылған Орда тарихи-революциялық музейінен бастау алады. Музейді ұйымдастырған өлкетанушы А.Тажетдинов деген дерек кездеседі. Музей әуелі де Орда тарихи-революциялық музейі деп аталса керек. Музей мамандарының айтуынша, Қазақстан бойынша сол кезеңдегі мұндай саладағы ең алғашқы музей болыпты.  

Бөкей ордасы тарихи музей-кешеннің директоры Ғайса Мақымовтың айтуынша,  музей 1967 жылы мемлекеттік музейлер санатына енгізіліп, 1969 жылы ХІХ ғасырдың тарихи-архитектуралық ескерткіші – бұрынғы Казначейство мекемесінің ғимаратына көшірілген. 1986 жылы музей ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, музей қорын толықтыру жұмыстары қайта қолға алынған. 1997 жылы Орда тарихи-революциялық музейінің атауы – Орда  тарихы музейі болып өзгерген. Оның жанындағы  «Қыздар училищесі» ғимаратында «Бөкей ордасында халыққа білім беру музейі» ашылған екен.

Ғайса Мақымов музейге қарасты ғимараттардың көбеюіне байланысты Орда тарихы музейі 2002 жылы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені атанғанын айтады. Ал, 2003 жылы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені Халықаралық Музейлер Кеңесінің (ICOM) мүшесі болып қабылданып, Парижде тіркеліпті.

Бөкей ордасы тарихи-музей­ кешеніндегі Казначейство ғимаратында – Бөкей ордасының 200 жылдық тарихын баяндайтын «Бөкей ордасы тарихы», Хан мешітінде – «Тәуелсіздік», Хан сарайының шығыс бөлігінде – «Хан сарайындағы қару-жарақ палатасы» музейлері орналасқан.

Музейде 16 экспозициялық зал бар. Мұнда 16 мыңға жуық құнды жәдігер сақтаулы. Музей кешенінде ХІХ-ХХ ғасырларға тән 60-тан астам тарихи және мәдениет ескерткіштер бар. Жыл сайын Бөкей ордасы тарихи-музей кешенін тамашалауға 17 мыңдай адам келсе, 2 мыңға жуық экскурсия ұйымдастырылады. Олардың қатарында шетелдік азаматтар да аз емес.

Тақсай қорған кешені

Тақсай қорған кешені Теректі ауданына қарасты Долинный ауылы маңында орналасқан. 2011  жылы археологтар «Тақсай-1» қорған кешенінде жүргізген қазба жұмыстардың нәтижесінде ағаш бөренемен жабулы жерлеу орнын тапқан еді. 500-ге жуық әшекей бұйымға көмкерілген, жас шамасы 20 келетін әйел адамның мүрдесі табылған болатын. Қасынан  төрт аттың жүгені қазылып алынған болатын. Шығыс жақ қабырғасына қарай жерленген әйел адамның қабірі оңтүстікке қарай жерленіпті.

Аса қымбат әшекей бұйымдарына көмкерілген әйел адамның басында шошақ төбелі алтын бас киім болған. Оның жоғары жағында тау ешкінің бейнесі суреттелген екен. Мойынына екі салпыншақты және тұтас құйылған гривна (металдан жасалған әшекей) тағылған. Бұл ерте көшпелі дәуірдегі ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерленген орнынан сексеннен аса алтын бұйымдар табылып, салмағы үш келіге жуықтаса керек. «Тақсай ханшайымы» атанып кеткен  ескерткіш жәдігердің түпнұсқасы қазір Ұлттық музейде сақтаулы тұр. Сарматтар дәуіріне тән ауқатты әулеттің өкілі саналатын «Алтын ханшайым» отандық археология ғылымында теңдессіз жаңалық саналып отыр.

Жұмағазы хазірет

Орал қаласынан Жымпиты ауылына қарай 80 шақырымдай жерде әулие Жұмағазы хазірет қорымы бар. Халық арасында «Дәдем ата» атанып кеткен Жұмағазы хазірет Тәңкеұлы ХІХ ғасырда өмір сүрген дін ғұламасы. Таңатар Төлеуғалиев атты автор «Астана ақшамы» газетіне жазған «Дәдем ата – Жұмағазы хазірет зираты» атты мақаласында: «Жұмағазы хазіреттің қай жылы дүние есігін ашқаны туралы нақты деректер жоқ.  Ақиқаты – ол кісі Кіші жүздің Жетіруына кіретін Тама руынан екендігі. Енді бір мәліметтерде «Сырым ауданында жерленген Тәңкеұлы Жұмағазы хазіреттің аталары ХІХ ғасырдың басында Бөкей ханмен бірге Жайықтың Самар бетіне көшіп келіп, Сарыөзеннің екі бетіне, қазіргі Қазталов ауданының Ақкөл ауылы маңына қоныстанған. Бірақ, 1820-1825 жылдар шамасында қазіргі Жайықтың сол жағына (қазіргі БҚО, Сырым ауданының жері) кері көшкен» деп айтылады»,- деп жазады. Автор сондай-ақ мақалада Жұмағазы хазіреттің өмір сүрген уақытын болжауға нақты мүмкіндік беретін деректің бірі – әулиенің анасына өз қолымен қойған құлпытасы екенін жазды. Ел аузында тараған аңыздарға сенсек, Дәдем ата Ертүріктің бесігі болған Түркістан шаһарында білім алып, Қожа Ахмет Ясауидің қол астында имамдық қызмет атқарған. Кейіннен туған өлкесіне оралып, мешіт-медресе ашып, елге рухани білім таратқан.

Жұмағазы хазірет туралы бір аңызда: «Жұмағазы хазірет Түркістаннан оралған соң қазіргі Сырым мен Теректі аудандары аралығындағы жерді жайлап отырған қазақ руларының ақсақалдарына жолығып, қоныс сұрапты. Бірақ рубасылар Жұмағазының өтінішіне құлақ салмайды. Сол кезде бұрылып кетіп бара жатқан Жұмағазы хазіреттің арқасынан лаулап от көрінген екен. Мұны байқаған бір ақсақал: «Оу, жұртым, мына адам тегін кісі болмады, киесі ұрар, өтінішін орындап, жер бөліп бермесек болмас!» депті деседі. Қазіргі Тамасай, Үбінияз (Үбіш, Үбінияз – Жұмағазы хазіреттің баласы екен) жайлауы деген жерлер сол кезде Жұмағазы хазіреттің үлесіне берілген жер болса керек.

Ғұмар Қараш зираты

Алаш атты орда құрып шалқығанын,

Бақ – дәулеті туып, өсіп балқығанын,

Әрбір істе қазақ исі аңқығанын

Тірлікте көзімізбен көреміз бе?,- деп жырлаған Ғұмар Қараш – өткен ғасырдың 20-30 жылдары орын алған зорлық-зомбылықтың жазықсыз құрбаны ретінде жазаға ұшырап, кейін ақталған қазақ интеллигенциясы қайраткерлері қатарындағы ірі тұлғалардың бірі, қоғам және саясат қайраткері, шығармашылықтың ірі өкілі.

Ғұмар – көрнекті ақын, ойшыл, философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер, ағартушы. Араб, парсы , түрік, татар, башқұрт, тілдерін жетік білген ғұлама, өз дәуірінде мерзімді баспасөзге қазақ елінің көкейкесті мәселелері хақында үзбей ой толғаған қаламгер, «Қазақстан», «Дұрыстық жол» сияқты газеттер мен «Мұғалім» журналын шығару үшін қызу атсалысқан баспасөз жанашыры.

Тарихи деректерде Ғұмар Қараш 1875 жылы Ішкі Бөкейлікте Қырқұдық деген жерде дүниеге келгендігі айтылдаы. Әкеден жастай жетім қалса да, ағайын-туыстың қамқорлығымен әуелі ауыл молласынан хат танып, сауат ашқан. Кейін Ғұмар Жазықұлы, Ысмағұл Қашғари сияқты моллалардан, Жалпақтал қаласында (қазір ауыл) Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттен дәріс алып, сол кісі ұстаған медресені бітірді. Одан кейін 902-1910 жылдары өзі туып, өскен ауылында, Тіленшісай, Борсы мекендерінде жәдитше (жаңаша) бала оқытып қана қоймай, елдің саяси-әлеуметтік өміріне белсене атсалысты. Ол, әсіресе,  Шәңгерей Бөкеев, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Бақытжан Қаратаев сынды ұлт зиялыларымен бірге 1911-1913 жылдары әуелі Ордада, кейін Оралда «Қазақстан» газетін шығарып, Қазақстан атауын ресми қолданысқа тұңғыш енгізді. Ғұмар Қараш сегіз тіл білген ғұлама Ғ. Мұсағалиевпен бірге 1917 жылы қазіргі облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бастауы саналатын «Ұран» газетін де шығаруға атсалысқан.

Ғұмар 1917 жылғы ақпан төңкерісіне және «Алаш» партиясына үмітпен қарады. Оның 1918 жылы «Тұрымтай» жинағында жарияланған «Көреміз бе?», «Келер ме екен?», 1918 жылы 22 қаңтарда «Сарыарқада» жарық көрген «Алаштың азаматтарына» деген арман мен үмітке толы өлеңдері осы кезеңде жазылды. Ақын «Неден қорқам?» деген өлеңінде кеңестік дәуірдің қантөгіске толы  оқиғаларын алдын ала көрегендікпен сезе білсе, «Көреміз бе?» атты жырында Қазақстанның өз алдына ел болғанын көреміз бе деп, азаттықты аңсап кетті.

Ғұмар Қараш 1917 жылы мамырда Ордада өткен Бөкей қазақтарының жалпы съезіне қатысып, делегаттар ақынды Мәскеуде болатын Ресей мұсылмандары съезіне өкіл етіп жіберді. Ғұмар сол жылғы желтоқсанда Орынборда өткен жалпы қазақ съезіне шақырылып, сонда мазмұнды баяндама жасады.

Халыққа қызмет етуді өмірінің мақсат-мұраты санаған ақын 1918 жылы Ордадағы педтехникумда сабақ беріп, 1918 жылғы 24 қыркүйекте болған Бөкей губерниясы мұғалімдерінің I съезіне және 1918-1920 жылдарда өткен сол губерния кеңестерінің I, II, III, IV съездеріне делегат ретінде қатысты. Ғұмар Қараш Ордада ұйымдастырылған, айына екі рет шығатын «Мұғалім» атты тәлім-тәрбие, ғылыми-пән журналының шығарушылар алқасын басқарды. Бұл тұңғыш қазақ кеңес педагогикалық журналы болатын. Ғұмар Жазықұлы осы журналда «Педагогика» атты еңбегін  жариялады.

Ғұмар Қараштың 1920 жылы 21 маусымда II Бөкей губерниялық партия конференциясында губкомның пленум мүшесі болып сайлануы, сол жолғы I пленумда губкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып бекітілуі азамат ақынға халықтың үлкен сенім артқандығын көрсетеді. Алайда ақын 1921 жылы 12 сәуірде ақтардың қолымен Құнаншапқан  деген  жерде  азаппен  өлтірілді.

Оның  бейіті  атамекені  Борсы елді  мекені, Қараш  көлінің маңында, Жәнібек ауданы Талов  ауылдық  округі  аумағында  орналасқан.

Жымпиты – батыс Алашорданың орталығы

«Ойыл Уəлаятының Уақытша үкіметі» атты «Қазақ тарихы» басылымына шыққан мақалада: «Алашорда үкіметіне өте күрделі жағдайда қызмет атқаруына тура келді. 1918 жылдың көктеміне қарай Ресейде Азамат соғысы мен шетел интервенциясы басталды. Қазақ даласын да қамтыған Азамат соғысы салдарынан 1918 жылы Алашорда үкіметінің Батыс жəне Шығыс бөлімдері құрылады. Батыс Алашорданың орталығы Жымпиты ауылында (қазіргі Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының орталығы — С.Д.) орналасып, оған Жаһанша Досмұхамедов жетекшілік жасады.

Алаш орданың Шығыс бөлімі Семей қаласында орналасып оны Əлихан Бөкейханов басқарды» деген дерек кездеседі. Міне, сол Батыс Алашорданың орталығы болған Жымпиты ауылында қазір Алаш тарихымен тікелей байланысты бірнеше тарихи ғимарат бар.

Оның бірі – Күнбатыс Алашорданың кеңсесі болса, екіншісі – ХІХ ғасырға тиесілі мұсылмандар мешіті. Бұған қоса Жымпиты ауылында Алаш аллеясы, Алашорда музейі жұмыс істейді.

#рухани жаңғыру

Пікір

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер