Атам. Заман

Суреті жоқ атамның портреті 

Нағашы атам Әлтай 1890 жылы Жамбыл өңірінде, қазіргі Талас аулында дүниеге келіпті. Әлі ес жиып үлгермей ата-анадан айрылған. Олар қайтыс бола салысымен бұрын еншімізді алмап едік деп, ағайындары өзі азын-аулақ малын таратып әкетіпті. Өзі тұл жетім, қарасатын ешкімі жоқ он жеті жасар бозбала үй болып, тіршілік қылайын деп үйленген екен. Шамамен орыстың бірінші революциясы тұсында болса керек. Ол заманда сүзек деген жұт болған. Сол нәубет атамның әйелі мен бала-шағасын түгел жалмапты. Өзі де ұзақ ауырып, бір ажалдан қалған. Сүзекпен ауырғанға су ішуге болмайды деп, суға жолатпауға тырысқан екен. «Бір күні үйде ешкім қалмағанда еңбектеп барып шелек толы суды қотарып салдым. Қара тер бұрқ етіп, жаным кіріп қалды. Содан көп ұзамай сауығып кеттім» - деп еске алады екен өзі. Кім біледі, онсыз да оңып тұрған өмір жоқ. Одан да өлер алды бір рахаттанып шөлімді қандырсам деді ме екен. Әйтеуір, көрер жарығы болып,тірі қалыпты. Шаш пен тістен түгел айрылып, жаны қалғанын олжа санайды. Өзі сүзектен жаңа тұрған, айдарға малы, асырарға бала-шағасы жоқ, ағайын ішінде ілініп-салынып жүре береді. Үйленерге қолында не малы, не дүниесі жоқ. Қарасып, үйлендірсек дейтін ағайын көрінбейді. Оның үстіне орталықта революция болып, ондағылар ақ пен қызыл боп қырқысып, билік менікі деп жатқанда атекем жеке шаруасын реттеудің ретін келтіре алмай жүріп қалады. Сөйтіп жүріп жиырма сегіз жасында ауылының бір байының жас тоқалымен көңіл қосқанға ұқсайды. Ол әйел адам біткеннің сұлуы болған дейді көзін көргендер. Бұл махаббат дегенді қойсайшы. Ғашық боп, сөз байласып, ағайын рұқсат бермейтінін білген соң, қол ұстасып шалғайдағы немере әпкесінің ауылына қашып кетеді. Ол қазіргі Түркістан облысының Бәйдібек ауданында. Ауылдағы ағайын бір барса, сол әпкесіне барар. Одан басқа жақыны жоқ деп оңай тауып алады. Тауып келген соң, екеуін ортаға алып: «Қате кімде де болады. Қанымыз бір. Кешірерміз. Елге қайт, ағайынмен бол. Ал мынау енді қатын болып жарытпас. Мұны қайтару – намыс мәселесі. Қазір елге апарамыз да, бетімен қоя береміз. Ал сен елге жүр», - дейді. «Бақытсыз Жамал», «Қалың мал» ауадан түсті деймісіз? Адамның бақытынан жалған намысты жоғары қойған қазақ ол заманда да болыпты. Хош, сонымен жаушылар ары айтып, бері айтып атамды қайтуға көндіре алмапты. Көзін ашып ағайыннан көргені әділетсіздік пен әлімжеттік болған, ең болмағанда елден кетіп өз күнімді өзім көремін, бақытты ғұмыр кешем дегенде артынан қуып келіп, сүйгенінен айырып тұрғанына нала болды ма екен, өйтіп ағайын болғаныңды ұрайын деп, қайтуға келіспей әпкесінің қолында қалып қояды. Жездесі дәулетті, елге қайырымы бар, кедейліктен көтеріліп, еңбегімен байыған Бөрібек деген кісі екен. Оның байығаны өз алдына бір тарих. Жалғыз қайнысына қарасып, өз алдына үй болсын, ұрпақ өсірсін деп кейін тағы үйлендіреді. Жездесінің қолында қызмет қылып, отау көтеріп, енді ел болдым ба дегенде «отыздардың» ашаршылығы жетеді, қылышын сүйретіп. Нәубет бұл байғұсты аясын ба. Басқасы басқа, саған тимейінші деп жатсын ба. Әйелі мен әжептеуір қолы аузына жетіп қалған үш-төрт баласын тағы жалмайды. Осымен екінші рет әйел, бала-шағасын қара жерге тапсырып, жалғыз қалады. Жұт жеті атасымен келетіні бар. Жездесінің де шаруасы шайқалып, кеңестер қайта-қайта келіп, малын сұрап, өзін қыспаққа алып, тынышын кетірген. Елге қайырымы көп, кедейден өсіп бай болған кісі деп едім ғой. Қызылдар малыңды аламыз деп келгенде ауылдастары мұндай бай таппассың. Бәрімізді асырап отырған осы. Бұл кетсе, не күн көреміз деп бірнеше рет ұстап бермей қайтарған екен. «Бұл бай бұрынғы байдан өзгерек» - дегені ғой. Бірақ аңдыған жау алмай қойсын ба. Ақыры малын алып тынады. Артынан өзі де кетеді. Тұтас бір ауыл аштыққа ұрынып, шулап қалғанда ағайын ішінде Құрманбек, Қадірбек деген еті тірі екі жігіт елді көршілес Өзбекстанға асыруға кіріседі. Кемпірлерді арқалап тасып, өзі жүретінді жетекке алып, талай ағайынды пойызбен өзбек асырып, аштықтан аман алып қалған екен. Атам да сол топпен Өзбекстанға кетеді. Сол жақта шаруасын реттеп, әйтеуір өлместің күнін көріп біраз жыл тұрады. Кейін аштық өтіп, соңын ала келген қуғын-сүргінде сондағы ағайын елге қайтайық, ата қонысқа барайық деп бастама көтеріпті. Сол жақта жүргенде нағашы әжемнің әкесі «мен кетсем, мыналарға қарайтын ешкім жоқ. Бір өзбек қызымды алып қояды» - деп, сол кезде он сегіз жастағы қызы мен кішкене баласын атама аманаттайды. Әжем ол кезде он сегіз жасар жас қыз, атам болса жасы қырық сегізге келген жігіт ағасы болып қалған. Сонда да елге қайтсын, өзімізде болсын деп әкесі атама қосқан екен. Сөйтіп атам қырық сегізінде тағы отау көтереді. Сол кезде әйелінен отыз жас, енесінен он жас үлкен болған екен. Үйленіп, шаңырақ көтеріп, кейін елге қарай бар ағайынмен көш түзейді. Көшіп келе жатып, 1941 жылы жол ауырлығын көтере алмай үш айлық қызы шетінеп кетеді. Елге келіп, баяғы қонысына жайғасқан соң, 1944 жылы нағашы атам дүниеге келген. Кейін артынан алты қызы дүниеге келіп, жаны жай тауыпты.

1957 жылы Жамбылда қалған ағайындар тағы іздеп кепті. Олар келгенде атам қой сойып, көңілі көтеріліп, елдің жағдайын сұрап, бір жасап қалған екен. Ағайыны: «Өтер өтті, одан бері не болып, не көрмедік. Жалғызын қаңғытып жіберді деген елге абырой емес. Қанымызсың ғой. Елге жүр. Ағайынның ішінде отыр. Сенің қаңғып жүргенің сүйекке таңба болмасын», - деп қолқа салған көрінеді. Қан қойсын ба, басында әжептеуір ойланып, көңілі бұзылып, кетіп қалатындай-ақ болған екен. Кейін сонау жетім қалғаннан кейін көрген бар құқайы, бар қорлығы еске түсіп, ескі жарасы қайта ашылды ма, әйтеуір «кезінде қылмаған ағайындығың өзіңе. Ағайындық сол кезде керек еді. Енді абыройды ойлауға кеш» деп айнып қапты. Рас қой. Барыңды тартып алып, одан қашып құтылдым ба дегенде тағы келіп, қосағыңнан айырып кеткенде ағайынның, рудың абыройы деп бір соғады. Кейін келіп тағы сол рудың абыройын бұлдайды. Адам қайда? Адамының бақытынан жоғары тұратын не абырой ол деймін ғой мен де, жарты ғасырдан кейін атама болысып. 

Осылайша, орыс екі рет төңкеріліп, патшасын өлтіріп жатқанда, қазақ екі рет аштықтан қырылып, қуғын-сүргіннен босып, дүние екі рет соғысып жатқанда Әлтай атам жеке трагедиясымен алысып, тіршілік үшін күресумен күн кешіпті. Артында бір ұл, алты қыз қалдырып кетті. Қазір өзі де, кемпірі де дүние салған. Артында қалған ұрпағы төрт көзі түгел, бейбіт заманда жасап жатыр.

P.S. Өкінішке қарай, атамнан сурет қалмапты. Ескіше хат таныған, өте тақуа, діндар кісі болған екен. Тіпті бірде жалғыз ұлы (анамның ағасы) үйге фотограф ертіп келіп, естелік болсын деп сыртынан суретке түсіріп алғысы келген екен. Атам байқап қалып, "маған ойлаған жаулығың бар ма? Ана дүниеде жанымды сұрап, қор болсын дедің бе?!" деп қатты ашуланыпты. Содан кейін бір естелік сурет алып қалуға қайта әрекет те жасалмаған. Есесіне суретке бергісіз өмірі туралы естелік қалды. 

Комментарий

comments powered by HyperComments

Ұқсас материалдар

Әріптестер